Аутизммен ауыратын балаларды емдеу үшін Алматыға шетелдік мамандар келді

Аутизммен ауыратын балаларды емдеу үшін Алматыға шетелдік мамандар келді

Аутизммен ауыратын балаларды емдеу үшін Алматыға шетелдік мамандар келді
ашық дереккөзі
Шетелдік мамандар Алматыдағы аутизм диагнозы қойылған балаларды емдемек.  Бұл шетелде талай жылдан бері қолданысқа енгізілген бірегей әдіс арқылы жүзеге асырылады. Әлемнің талай елінде жүзеге асырылған жоба оң нәтиже көрсеткен. Жаңа әдіс арқылы оқытылған аутист балалардың 80 пайызы сөйлей бастаған, деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.  Гүлдана Қалдыбаеваның бір емес, 3 баласына аутизм диагнозы қойылған. Көпбалалы ана сәбилерін емдету үшін Оңтүстік Қазақстан облысынан Алматыға келген. Қазір қаладағы оңалту орталығында ұл-қыздарының ем қабылдап жүргеніне 1 жылға жуықтаған. Қиын жағдайға тап болған жалғызбасты ана жайлы бұған дейін біздің арнамызда материал көрсетілген болатын. Алматы облысында тұрып жатқан Гүлдана Қалдыбаеваға бұдан кейін қаланың орталығына көшуге жомарт жандар қол ұшын берген. «Тіркеу мәселеміз шешілді. Мекен-жай мәселеміз шешілді. Қалаға тіркеуге тұрғаннан кейін бізге тағы қосымша түзету кабинеттер бөлінді. 3 баланы ақылы жерлерге апара алмаймын ғой. Сол Бостандық ауданы мемлекеттік сауықтыру орталығын бөліп берді. Сол жерге барамыз 4 сағат. Ол жерде дефектолог, логопед, барлығы өте жақсы жандар», - деді қала тұрғыны Гүлдана ҚАЛДЫБАЕВА. Орталықта ем қабылдаудың арқасында ең кенжесі сөйлеуге әрекеттеніп, қазір жақсы нәтиже көрсетіп жатыр дейді ана. Алдағы уақытта өзге балаларының да сөйлеп кетуі ықтимал. Себебі қазір ем қабылдап жатқан оңалту орны жаңаша бағдарламаны енгізбек. Осы мақсатта шетелден арнайы мамандар шеберлік сабағын өткізуге келген. Бірнеше күн аралығында ол әдіс жан-жақты түсіндірілмек. «Орталықта қазіргі таңда 6 бағдарлама іске асырылуда. Ал қолданысқа енгізілгелі жатқан жаңа әдіске көп үміт артамыз. Себебі бұған дейін оған қатысқан аутист балалардың 80 пайызы сөйлеп кеткен», - деді бағдарлама менеджері Жаңыл МҰҚАШОВА. «Джаспер бағдарламасы 15 жыл сыналған. Қазіргі таңда әлемнің бірнеше мемлекетінде тәжірибеленуде. Қазақстанда тұңғыш рет қолданысқа енгізілмекші. Бұған дейін 500 бала қатысып, жан-жақты зерттелген. Курс уақыты 3 ай», - деді Орегон университеті профессорының ассистенті Стефани ШАИР (АҚШ). Қазір орталықта 120 аутизммен ауыратын бала ем қабылдап жатыр. Туылғаннан бастап, 15 жасқа дейінгі жеткіншектер бар. Мұндай орталық еліміздің тағы 3 қаласында жұмыс істейді. Шетелдік мамандар өткізіп жатқан шеберлік сабаққа өзге қаланың мамандары да келді.