"Қатал көрінгенімен, жаны жұмсақ еді"

"Қатал көрінгенімен, жаны жұмсақ еді"

"Қатал көрінгенімен, жаны жұмсақ еді"
ашық дереккөзі
Өмірін жазу-сызуға арнаған, оның ішінде  иығында ауыр ел салмағы бар газеттің  ыстығына күйіп, суығына тоңған,  қылшылдаған жап-жас жігіт болып аттаған редакция табалдырығынан біртуар журналист атанып, зейнетке шыққан  ағаның көзін көргендер ол кісінің бойындағы бекзаттық мінезін әлі ұмыта қоймаған болар. Журналистердің төл мерекесі қарсаңында,  «Егемен Қазақстанның» ғана емес, осы салада қызмет атқарған, атқарып келе жатқан қалам ұстағандардың ұстазы саналатын Балғабек ағаның шаңырағына әдейі ат басын бұрғанымыз бар. – Сол жылдары ол кісінің қарамағында қызмет атқарған тілшілердің барлығы дерлік, редактордың үнемі ойға батып жүретін жанары мен сұсты жүзінен әжептәуір ығатын еді. Ал бала Балғабек, жігіт Балғабек қандай болды екен? – Шынтуайтына келгенде, ол кезең тәртіптің өте қатал кезі болғаны белгілі,  қоғамдағы осы қаталдық әрбір мекемені басқарып отырған басшыларға да  әсерін тигізгені рас.  Оның үстіне «Социалистік Қазақстан» газеті  Орталық комитеттің органы. Биліктегілердің уысынан  шыға алмай, газеттің де тұсалған тұстары бар ғой. Шығармашылық адамына еркін жаза алмауы, оқырманмен ашық-жарқын әңгіме-сұхбат жүргізе алмауы, ол енді, қолына қалам ұстағандардың ауыр трагедиясы дер едім. Балғабектің балалық дәурені  зобалаң жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, бал дәурен шақтың қызығынан гөрі шыжығы басым болғаны анық. Оның үстіне әкеден қалған жалғыз тұяқ еді.  Көзінің қарашығындай жалғызының аман-есен өскенін қалаған, атадан қалған ұлдың амандығын тілеген байғұс анасы бар тапқан-таянғанын баласының аузына тықпыштап, күн демей, түн демей дала қостарында еңбек ете жүріп жеткізеді ғой. Егіс басындағы таратылатын түскі астың өзін үнемдеп, үйдегі жалғызға тасығанын айтып, енем марқұм көз жасына талай мәрте ерік беріп еді. «Жастық шағымды, бұла шағымды, жан-тәнімді осы ұлымның жолына сарп еткен жалғыз мен емес едім, дегенмен осы жалғыздың өсіп-өнгені дәтке қуат», – дейтін біздің әр перзентіміз өмірге келген сайын қуаныштан егіле-езіле отырып. Балғабек те анасын қатты қадірледі, ол кісі өмірден өткенінше қарқарадай боп төрімізде отырып, ақыл-кеңесін айтып, ұлының шыққан биіктеріне үнемі шүкіршілік жасап отыратын. «Мені аштықтан да, қорлықтан да аман алып шыққан, маған мына жарық дүние сыйлап қана қоймай, осылай ержетуіме бар күшін арнаған, аналық махаббатпен қоса өмірден ертерек озған әке орнына әке бола білген асыл анашым, мен үшін не көрмеді? Мектепке бару үшін ауыл ішіндегі өзеннен мені арқалап өтетін», – деп жас балаша еркелей айтып отыратын-ды. Ана мен бала махаббатына, бір-бірінің қадір-қасиетіне ризашылықпен тәубәлап отыратын осы бір жарастығына қарап, іштей әрі қызығып, әрі қызғанып қараушы едім... Жалғызының таңдауы – маған да ерекше мейіріммен қарайтын, ақылын айтып, кеңесе отырып тәрбиеледі ғой. 34 жыл бірге тұрдым. Жарықтық жүзге келіп қайтыс болды, өз қолымызбен арулап аттандырдық. Мен де әке-шеше мейіріне шөлдеп өскенмін, әкені әу бастан білмеймін, төрт жасымда қайтыс болып кетті. Анам  оқымаған, үй шаруасындағы әйел болды. Ол да ертерек кетті. Сондықтан менікі, сенікі деген болмады, ортақ анамыз-енемді мен де жақсы көрдім, сыйладым. Тату болдық. Қай ана болмасын келінге ұрпағының анасы, жалғастырушысы ретінде құрметпен қарайды, оны өзіміздің басымызға түскен соң да мойындап келеміз. – Қазақтың зиялы қауым өкілдері ғана емес, қарапайым  тұрғындарының да тағдыр талайына куә болған Алматыға қай өңірден, қай жылдары келдіңіз? – Біздің көптеген тағдырластарымыз сынды мен де оқу-білім іздеп сонау 50-жылдары әсем қала, мәдениет пен білім-ғылымның орталығы Алматыға келдім. Ол кезде елімізде қазіргідей жоғары оқу орындары көп емес, Алматы педагогика институты, бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-математика факультетінің студенті атандым. Студенттердің бір жиынында Балғабекпен танысып қалдым. Ол университеттің журналистика факультетінің студенті екен. Таныса сала бүгінгі жастар сияқты «жабысу» жоқ, анда-санда кездесіп қалып жүрдік. Екінші-үшінші курстарда жиі келіп жүрді де, төртінші курстың соңында отау құрдық. Сөйтіп, кеңестік кезеңнің жастар саясатымен комсомол тойын жасадық. Ұзақ Бағаев, Қаби аға Мыңжанов, Хайдар ағай, Әбен Сатыбалдиев ағайлар бар, батасын беріп, шағын отырыс өтті. Ақтөбе облысының Торғаймен ұштасып жататын Қаратал ауданы, қазіргі Әйтеке би ауданы болған. Осы екі аудан қыста қыстағы, жазда жайлауы бір, қыз алысып, қыз берген аралас-құралас аудан. Жүз шақырым ғана ара қашықтықтағы екі ауданның ауқатты адамдары бір-бірімен құдаласып, тамырын тереңге жайған жақсы бір қоныс. Әкем Сейдалы Оразалин тарихта аты аңызға айналған Ә.Бөкейхан бастаған ұлт зиялыларының қатарында, ұлт-азаттық қозғалысы басшыларының қатарында көтерілісті насихаттаушылардың бірі болған. Алашордашыларды Лениннің өзі қолдаған ғой. Патша өкіметі құлағаннан кейін ақтар мен қызылдардың шайқасында қызылдар жеңіп, ақтардан құтылғаннан кейінгі жау – Алаш­ордашылар партиясының Қазақстандағы беделі жайлы сыбыс Ленинге де жетеді. «Олардың беделі күшті, халық соңынан еріп кетеді» дегендей әңгімелер әр тұстан естіліп қалып жатады. Сондықтан алашордашылар партиясының өкілдерімен жақсы болу керек дегенді айтады. Сол тұста Ленин Бөкейханов пен Ақбаевты қабылдаған, өзіңіз білесіз, Бөкейханов та, Ленин де заңгер-юрист. Қазан университетін бітірген. Ал Ақбаев кезінде Петербургтің заң институтын алтын белгімен бітірген аса сауатты, оқымысты, мәдениетті кісі болған. Осындай азаматтардың бастауымен еліміздің шекарасы белгіленіп, тарихта қалды ғой. Қазақстанның  астанасы болып Орынбор қаласы бекітілген. Алашорда партиясының құрамында заңгер, дәрігер, мал дәрігері, мұғалім де, ақын-жазушылар да болған. Көбі оқыған адамдар. Бәрі де байлардың балалары. Бұрынғының байлары барын салып, үлкен қалаларда балаларын оқытқан. Сондықтан да, байлардың балалары болғандықтан ғана Алашорда партиясының мүшелерін кеңес өкіметі жақтыра қойған жоқ. Ал қазіргі байлар бар тапқандарын жер асырып, ел асырып шетел банктеріне салып, астарына басып отырады. Торғай жақтан алашордашылардың көбірек шығатын себебі, алғаш Алтынсарин мектебі ашылған ғой, ХІХ ғасырдың ортасында. Қостанай облысында, Торғайда, Ырғызда, Қарабұтақта салынған алғашқы мектептердің ғимараттары бертінге дейін тұрды. Тастан қалап салынған, төбесі қаңылтырмен жабылған мектеп еді. Сол Алтынсарин  мектебін бұзып, жер аударылып келген орыстарға мектеп салдырған-ды. Мен ол кезде жетінші сыныпта оқимын. Оқушыларға бұзылған мектептің тастарын, кірпіштерін тасытып, селоның шетінен жаңадан салды. Ол кезде баламыз, кейін ес білгеннен кейін естідім ғой,  ескі мектепті бұзғанда қабырғаларының арасынан ішінде жазылған қағаздары бар үш бөтелке табылады. Сындырып қағазды алғанда ішінде Ы.Алтынсариннің басқаруымен мектептің қай жылы іргетасы қаланды, жылдары, төрт орыс, үш қазақтың аты жазылған екен. Қандай ақылды азаматтар десеңші?! Солай, менің әкем де сол зиялы-сауатты азаматтардың қатарынан. Жиырма сегізінші жылы Ақтөбеде ұсталған бес адамның бірі менің әкем. Он бір айдан соң сот болып,  халық жауы деп кете барған. Колхоздастыруға қарсы болған, Алашорда партиясының жақтаушысы деген сылтаумен сотталып кеткен. Ресейдің Владимир облысында түрмеде отырған, содан денсаулығына байланысты Ресейдің оңтүстік облыстарына ауыстыру жайлы арызданып жүріп, ауыстырылады да, отбасымен бірге тұруға рұқсат алады.  Сол жақта, 1932 жылы мен дүниеге келіппін. Кейін Орынбор облысының Орск деген өндірістік қаласына қоныс аударылып, 1936 жылы қайтыс болады. Ол кезде мен төрт жастамын. Солай, кімнің баласы екенімізді де, әкеміздің кім екенін де өзгелер түгілі өзіміз ауызға ала алмайтын заман болды... Әкемнің денесін нағашы ағасы елге әкеліп, ата-бабалар қорымына қайта қояды. Үш айдан кейін әлгі ешкімге зияны жоқ, шала сауатты шалды «халық жауының денесін» әкелді деген желеумен ұстап әкетеді. Жалғыз әкемнің кесірінен он адам ұсталып, оның төртеуі атылады. Құдасы, балдызы, нағашысы және молда. «Шаш ал десе бас алатын», қырғидай тиген зобалаң кез  еді ол. Сапура апайымыздың көңіл ауаны Алматының ауа райындай құбыла бастағанын үзіліп шыққан үнінен байқадық та, әңгімені басқа арнаға бұруды жөн санадық. –  Сонымен... Алматыға келдіңіз, тұрмыс құрдыңыз? – Институт бітті, диплом қолда. Өзіміз жас отбасымыз. Мектепке жұмысқа орналастым. Хрущевтің тұсында  білім саласына жаңа үрдістер еніп, бірнеше облыста физика-математика кластары ашыла бастады.  Жапондар сынды балаларды ерте оқытайық, талантты балаларды іріктеп, арнайы пән бойынша тереңдетіп оқытайық дегенді алға тартып, институт-университетте бір факультеттің есебінен қаржыландыратын  физика-математика мектеп-интернаттары, Москва университеті, Киев, Новосибирск және Ленинград университеті жанынан, яғни Кеңестер Одағында төрт қаладан  жаңа типті мектеп-интернат ашылды. Бізден түскен өтінішке Новосибирск қаласы жақын, талантты балаларың сонда барып оқысын деген жауап келеді. Қаныш Сәтбаевтың ізденуінің арқасында, табандылығының арқасында, неге Қазақстанда ашылмасқа деген арыз-шағымдарының нәтижесінде, математик-академик О.Жәутіков қолдап, орта мектеп жанынан математика кластарын ашуды қолға алады. Сол тұста №56 мектепте факультативті сабақ өткізу деген желеумен оқушылар топтай бастады. Қалада жалғыз қазақ мектебі болды. Енді не істеу керек? Республика бойынша физика-математикаға бейім, талантты деген 25 оқушы жинап, қазақ класын ашқанымен, қазақтілді мұғалім тапшы. Институттан сабақ берген ұстазым Жәутіков ағай осы мектепке қызметке  шақырды. Екі тілде сабақ бересің деп, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп қойды. Бірте-бірте қазақ кластарын көбейтіп, 1972 жылы өкіметтің қаулысымен арнайы физика-математика және арнайы музыка, спорт  мектептері ашыла бастады.   Ғылым академиясының президенті Сәтбаевтың идеясы болғанымен, оны жүзеге асыруға Жәутіковтің еңбегі зор, сондықтан да бүгінде ол мектеп сол академиктің атымен аталады. Кімге барып, кімнің есігін қақпады?! Қалалық билікте отырғандардың өзі жоғары жақтан ығып, отырған орынтағынан, жеп отырған нәпақасынан айырылып қалмаудың амалын ойлап, ләм-мим демейді. Шенеуніктер қорқақ келеді емес пе,  сондай бір басшының қабылдауына барғанда Жәутіковтің қасында мен де болдым. Сонда анау-мынау ғой деп қисық сөйлеп отырған әлгі бастыққа: « Айналайын-ау, ол мектепте менің, сенің ғана емес, қазақ балалары оқиды ғой» деп жер-жебіріне жетіп, ашуға басқаны бар. Табанды,  бірбеткей, көзі ашық, көкірегі ояу азамат қазақ балалары үшін, әсіресе,  еліміздің түкпір-түкпіріндегі алыс ауылдардан шығатын болашақ сауатты ұрпақ үшін осылай талайлармен күресіп бақты.  Сол №56 орта мектепте он жылдай директор болып қызмет атқардым. Зейнетке де сол оқу ордасынан шықтым. Сол ұстазымның маңдай тері бұршақтап жүріп ашқан физика-математика мектебі бүгінде жекешеленіп кетіпті, бұл да жанымды сыздатып қояды. Жекеленді деген сөз, кез келген қазақ ауылдарынан шыққан бала қанша қабілетті болса да, көпшілігінің қолы жете бермейді деген сөз! – Балғабек ағамыз өте сұсты, бір қарағанда қатал басшы болды деседі. Жүрісі, киім киісі де басқаларға ұқсамайтын, жауапкершілігімен қоса ұқыптылығы да талайларға үлгі-өнеге... – Иә, жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайтын. Мазасыздау, әрине, жұмыс бабында күйгелектеніп кететіні де бар. Әсіресе, өзі жап-жас кезінде келіп, тілші, орынбасар, одан кейін талай жылдар бас редакторы болған газет жұмысына немқұрайлы қарай алмайтын. Ол кез Орталық комитеттің қаулы-қарарлары ағылып бірінен кейін бірі шығып жататын кез. Газетті өте сауатты шығару басты мақсат, біз   баспаға кетіп бара жатқан  нөмірді қол қойдыруға әкелгенде бала-шағамызбен жаппай күтетінбіз. Бәкең жұмыс кабинетіне кіріп кетеді, мен газетті әкелген кезекші мен шопыр балаға шай-суын дайындап отырамын. Тіпті балаларға да оқытып қоятын, қателерін түзеткізетін. Бір қатеге бір балмұздақ! Бүгінде бәрі бір-бір үйдің қожайыны болып отырған ұлдарым: «Социалистік Қазақстанның» арқасында қазақ болып қалдық» деп еске алып отырады. «Жеп отырған нандарың қазақ тілінің наны, сондықтан ішіп-жегендеріңе адал болыңдар, ана тілдеріңді сыйлаңдар, қазақ тілінде сөйлеп-оқыңдар», – деп отырушы еді. – Балалар демекші, үйдегі тәрбиеге, отбасына, балаларына қатал әке болды ма? – Ағаларың бір көргенде тым қатал көрінгенімен, өмірде өте жайлы, мейірімді болды. Қарапайым еді. Ол кезде қаладағы жалғыз мектепке қолымыз жете бермеді, балаларымыз орыс мектептерінде оқыса да, қолымыздағы анамыз, қала берді Бәкеңнің өзі де қазақи тәлім-тәрбие беруге аянбадық. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, қазақтың дәстүрлі ән-жырлары, ұлттық музыка аспаптары жайлы үнемі дастарқан басында болсын, бос уақытында болсын  әңгіме-дүкен құратын-ды. Өзі де домбыра шертіп, ән салғанды жақсы көрді. Әсіресе, Әсеттің, Естайдың әндерін, бүгінде ұмытыла бастаған қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындайтын. Биді керемет жақсы көрді. Икемді еді. Өзі де  ширақ еді ғой. Ешқашан артық салмақ қосқан емес, не болмаса артық ас-су ішіп көрмепті, бей-берекеттікті жаны сүймеді. Жұмыстан қанша шаршап келсе де отбасында өзін сабырлы ұстайтын. Сырттағы ашу сыртта қалушы еді. Дегенмен, үйдегі береке-бірлік әйелдің қас-қабағымен өлшенеді емес пе, ол кісінің бабын тауып, ығына жығылып, табалдырықтан  енгенде-ақ көңіл-күйін сезіп қоятынмын. «Ер азаматтың бақыты – отбасында ғой, қызмет деген бүгін бар, ертең жоқ нәрсе» деген ұстаныммен тату-тәтті ғұмыр кештік. Балалардың жастығына қарамай отбасындағы қарапайым ғана қонақ күтуден бастап, шығарып салу сынды кәделерге дейін айтып, түсіндіріп, ақылдасып отыратын-ды. Олардың пікірлерімен санасып отыратын. Балажан болды. Өзі атадан жалғыз болғандықтан ба, көпшіл болды. Сондықтан болар, жұптасқан ғұмырымызда бес перзент сүйдік. – Байқап отырсам, Балнұрдың музыкаға бейімділігі әкесінің бойындағы өнерге деген махаббатынан басталған сынды? – Мүмкін. Балнұр – тұңғышымыз. Музыка саласының білікті маманы, бүгінде танымал композитор, үлкен ұл – экономика ғылымдарының докторы, колледж директоры, одан кейінгі  қызым да музыканы таңдаған болатын, пианист еді, ертерек қайтыс болып кетті. Одан кейінгі ұл математика ғылымдарының докторы, университетте сабақ береді. Кенже ұл – саясаттанушы, университетте дәріс оқиды.  Балнұр ес білгеннен музыкаға әуес болды. Шаршаған сәттерінде қазақтың қара домбырасын шертіп, әуезді  әнге басатын әкелерінен дарыған болар, әрине. Өнер адам жанын тазартады, адалдыққа, әділдікке жетелейді. Әсіресе, қазақтың халық әндері бірінен бірі өткен әсерлі, жан толқытып қана қоймай, жүрегіңе шуақ ұялатады деп отыратын. Бірақ ешқайсысына сен мына мамандықты таңда деп айтқан емес,  қайсысының бойында қандай салаға бейімділік бар, соны дер шағында аңғара алған әке дер едім. Оның нәтижесін көрген сайын іштей шүкіршілік жасап отырамын. Көрегендігіне тәнтімін, ұрпағының болашағына, тірлігіне дұрыс бағыт берген бағдаршам болды деп ойлаймын. – Газетті басқарып тұрған жылдары қазақтың талай қалам ұстағандарының  пәтер мәселесін шешуге көмектескені де аңыз-әңгіме. Өзі пәтер қиындығын көрді ме? – Ол, әрине, қазақ зиялыларының бәрінің басынан өткен қиындық қой. Қаланың төрт бұрышынан пәтер іздеп, аяғымыздан тозған жылдар ұмытылмайды ғой. Өзіміз енді ғана шаңырақ көтерген жас отаумыз. Осы күнгі Арбат деп айшықтап ат қойып алған шағын сквердің бойында, қазіргі «Алматытелекомның» жанында  ескі қонақүй типтес екі қабатты үй болды. Бір жағы бір-бір бөлмелі пәтер де, екінші жағы қонақүй. Аядай ғана тап-тар бөлме. Мәдениет саласының қызметкерлері, бірен-саран жазушылар сонда тұрды. Жазушы Кемел Тоқаев та сол үйде тұрды, балалары сол үйдің ауласында өсті. «Қазақстан пионері» газетінің редакторы еді. Кейін «Социалистік Қазақстанға» келді. 1945 жылы С.М.Киров атындағы университетке түсіп, 1950 жылы үздік бітірген ағаларың жап-жас жігіт болып газет табалдырығын аттап, сол газеттен қартайып шықты ғой.   Он бір жыл редактордың орынбасары, сосын бас редактор болды. Табандылығы сонша, осы газетпен өсті, өнді, көркейді. Қаламы ұшталды. Жазары көбейді. – Жазары демекші,  кітапханасын көріп, көзіміз де, көңіліміз де толып отырғаны. Қолжазбалары, жұмыс үстелі, бәрі-бәрі өз орнында тұрғандай... – Еңбекқор еді. Шешен еді. Өзі де қызыл сөздің шырайын кіргізген аймақ – Жамбыл ауданының тумасы ғой. Жүзге келсе де қолынан қазақтың қоңыр домбырасы түспеген Жамбыл көкеміз туған топырақтан жаратылған соң ба, бойындағы көркемсөзге, көркем әдебиетке деген құштарлығы тым ерте кезден, бала қиялмен қанына сіңсе керек. Жазу-сызуға әуестігі де ерте басталған. Туған табиғаттан алыс кете алмайды екен ғой пендеңіз. Сол сияқты Бәкең де табиғаты көркем Алматы облысының әсем көрінісінен нәр алып, суреткерлікті таңдаса керек. Бүгінде өзі туып-өскен Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш селосынан 15 шақырым жерде Ақсеңгір өзенінің жағалауында орналасқан үлкен шаруашылық Б.Қыдырбекұлының атымен аталады. Халқына адал еңбек еткен талай жылдарының қайтарымы болар бұл. Еліне, жерлестеріне алғысымыз шексіз. Оның қаламынан туған талай туындылары бүгінде оқырмандарының есінде болар. 1962 жылы шыққан тұңғышы – «Ешкімге айтпа» фельетондар жинағынан бастап, «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Ақымақтың миы», «Түгел сөздің түбі бір», «Қым-қиғаш жылдар» кітаптары кезінде өзінің лайықты бағасын алған туындылар. Әсіресе, екі кітаптан тұратын «Алатау» романы – қазақ халқының басынан өткен тұтас тарихи кезеңді қамтиды. Ел басына түскен ауыр нәубет-кәмпеске, зорлық-зомбылық, ұжымдастыру мен ашаршылық тақырыбы жазушы қаламымен әдемі өрнектелген. Жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап, елуінші жылдардың соңына дейінгі аралықты, яғни жарты ғасырды қамтиды. Яғни патшалық Ресей тұсындағы қазақ елінің тыныс-тіршілігі, патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар, он алтыншы жылғы Жетісу өңіріндегі көтеріліс, Қазан революциясының әсері, азамат соғысының ауыр жылдары, кеңес өкіметінің тұсындағы таптық тартыстар, кәмпеске, отырықшыландыру, ұжымдастыру оқиғалары, ашаршылық нәубеті, оған ел ішіндегі наразылықтар, отыз жетінші  жылғы репрессия, Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі ел ішіндегі әлеуметтік-психологиялық ахуалдар түгелімен роман желісінде кезең-кезеңімен қамтылған. Оның бойындағы ұқыптылық, жауапкершілік осы жазған дүниелерінен де анық байқалып тұрады. Кезінде лайықты бағасын да алып жатты. – Бес немере, шөбере сүйіп отырған бақытты әжесіз. Балаларыңыз кеңестік идеологияның күшейіп тұрған кезінде мектеп қабырғасында болды делік. Немерелер қай тілде сөйлеп, қай тілде тәлім алды? – Оның рас, өз балаларымызды сол кезеңнің ығына жығылып, оның үстіне өзім де мектепте мұғалім болғандықтан, қасымда болсын дедік пе, бәрі дерлік орыс мектебін бітірді дедім ғой. Бірақ өздерінің ана тілдеріне құрмет, сүйіспеншілігін жоғалтқан жоқ. Оған бір жағынан әкелерінің, екінші жағынан әжесінің де ықпалы зор болды. Ал қазір, Құдайға шүкір, тәуелсіздігіміз орнығып, егемендігіміздің еңсесі биіктеген заманда, әрине, немерелерімнің таза ұлттық тәлім-тәрбие алып, салт-дәстүрге бай қазақтың балқаймағындай жып-жылы, жұмыр ана тілінде оқып, білім алуына мүмкіндік баршылық. Тілдері қазақша шыққан олар балабақшадан бастап, мектеп табалдырығын да қазақша аттады. Бес немерем де қаладағы  ең мықты, тарихы тереңде жатқан №59 мектеп-гимназиясын бітірді. Тарихи деп жатқаным, бұл оқу орны Тәуелсіздіктің құрдасы ғой. Өзің айтпақшы, кеңестік идеологияның «орыс тілін жетік білмесең, адам болудан қаласың» деген сынды қағидасын осылай жоққа шығарып, алды шетелдерде білімін жалғастырып жүріп-ақ, өз ана тілдерінде сайрап тұр.  Диплом алып қана қоймай,  ғылымға бет бұрып, кандидаттық, докторлық та қорғап жатыр. – Қарап отырсақ, екі буынның өкілдерімен бірге өмір сүріп жатырсыз. Алғашқысы кеңестік дәуірдің ұрпағы, екіншісі тәуелсіздік алған заманның жастары. Осы екі буын отбасында қай тілде сөйлеседі? – Қай кезеңде, қай заманда, қай қоғамда болмасын қажеттілік деген ұғыммен санасып отыру қажет.  Сондықтан, керек жерінде, түсіндіре алмай жатқан жерінде, әрине, ортақ мәмілеге келіп жатады. Ал, негізінен отбасындағы әңгіме, тіршілік тек қана таза ана тіліміздің еншісінде. Мына әкелерінен қалған баға жетпес байлық – төрт қабырғаға сыймай тұрған том-том кітаптардың бәрін балалар түгел оқыды десем, мүмкін сенбессіз. Ақиқаты солай!  Ол біздің отбасымызда үзілмейтін, жалғасын таба беретін үрдіс, өнеге! Шаңырақтың іргетасы осылай қалыптасқан. – Отағасынан көңіліңіз қалған кез болды ма? – Жоқ, ол кісі өте мәдениетті, салмақты. Айтқан сөзінде тұратын, уәде берсе орындайтын, біреудің қуаныш-жақсылығына, қайғы-қасіретіне жаны ауырып отыратын. Құдай бұйыртса,  Балғабек әулетінің үшінші буыны өсіп келе жатыр,  осы уақытқа дейін не ішімдік, не темекі дегенді білмейді. Салауатты өмір салтын ұстанып, ғылым мен білімнен ғана сусындап келе жатқанына да осы әке бойындағы тазалық, салауаттылық сіңгені ғой. Отбасындағы ұрыс-керістің көпшілігі осындай жаман әдеттерден басталатынын ескерсек, ол жағынан отанасы болып кикілжіңге барған сәттерім есімде жоқ. Балаларының анасы, өзінің таңдаған жары ретінде маған үлкен құрметпен, сыйластықпен қарады. Кейде: «Өмірде байдан таяқ жемей өтетін бір ғана әйел болса, сен шығарсың» дейтін әзілдеп. «Арманда кетпе, тартып-тартып жіберсеңші» деп мен де қалжыңдаушы едім. Бір-бірімізді үнемі қолдап, қолпаштап, ойын көзқарасынан-ақ байқап отыратынбыз. Ортақ мәміле, қарым-қатынас болған жерде, тазалық-адалдық орныққан жерде ғана береке-бірлік, ынтымақ болады. Бақыт та сол отбасының босағасынан кетпейді.  «Бір күнгі жанжал қырық күнге дейін сол босағадан арылмайтын қырсықтық» дегенді айтқан халықтық пәлсафа қайдан шықты дейсің?! – Мереке, туған күндері не сыйлаушы еді? – Әйелдің әдемі киініп, ұқыпты жүргенін жақсы көретін. Үйде де, түзде де жинақы, көркем тірлікті талап ететін. Үнемі қымбат иіссулар әперетін, менің ыдыс-аяқты жақсы көретінімді білуші еді, көбіне осындай сыйлықтар әкелетін. Талғамы да күшті болды. Сосын сыйлық беріп қана қоймай, балаларын ән-өлең айтқызып, кішігірім той дастарқанына айналдырып, қыздарымен билеп, жақсы көңіл-күй сыйлайтын-ды. Дастарқан басында ешқашан үнсіз, не болмаса томаға тұйық көңілсіз отырғаны да есімде жоқ. Туған күн, мереке кезінде ғана емес, жалпы түскі ас, кешкі ас дегеніңіз қызу пікірталасқа ұласатын, балаларымен ортақ әңгіме тауып алушы еді. Көңілді адамдар ұзақ жасайды деуші еді, аяқ астынан мәңгілікке кете барды... Желтоқсан оқиғасы кезінде жүрек ұстамасымен құлады ғой. Жастар тағдыры, ел тағдырына қатты алаңдайтын. Екінші мәрте ұстағанда жүріп кетті. Бүгінде сексеннің бел ортасынан асып бара жатса да жүріс-тұрысынан жаңылмай,  жар-ана-ене-әже бейнесінің көркем образын, шынайы образын жасап отырған осынау кейуанаға қарап отырып, іштей сүйсіндік. Ата-анасы кешегі зобалаң жылдардың құрбанына айналған бойжеткеннің қазақтың игі жақсы азаматымен тағдырын қосып, үбірлі-шүбірлі бақытты ғұмыр кешкені жанымызды елжіретіп, жүрегімізге сыйластықтың сырлы сезімін ұялатқандай....

Әңгімелескен

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ