Жолаушы Тұрдығұлов: Осы күнге дейін 2 мың домбыра жасадым

Жолаушы Тұрдығұлов: Осы күнге дейін 2 мың домбыра жасадым

Жолаушы Тұрдығұлов: Осы күнге дейін 2 мың домбыра жасадым
ашық дереккөзі
 Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне бір топ шәкірттерімен қатысатын шебер Жолаушы Тұрдығұловтың жөні бөлек.  Жолаушы Тұрдығұлов – қазіргі шеберлердің ішінде біліктілігі, білімділігі, кәсібилігі жағынан алғанда, оқ бойы озып тұрған өнер иесі. Бүгінгі таңдағы темірден түйін түйіп, ағаштан ою ойған бірден бір хас шебер десек қателеспейміз. Ағаш тани біледі. Аспаптың дыбысына ғана емес, оның сыртқы көрінісіне қатты мән береді. Бір қызығы, домбыра жасағанымен, жасап отырған домбырасын шерте білмейтін шеберлер бар. Домбыраның дыбысын ажырата білмеген адамнан, керемет шебер шығады деу қиын. Ал Абай атындағы ҚазҰПУ-дың көркемсурет-графика факультетінің сәндік қолөнер кафедрасының профессоры Жолаушы Тұрдығұлов әнді де, күйді де нақышына келтіріп орындайды.      – Сіз қаншама шәкірт тәрбиелеген ұстаз ретінде де сыйлысыз. Бойыңыздағы өнер кімнен берілді? Арғы ата-бабаларыңызда шеберлікпен, зергерлікпен айналысқандар болған ба? – Әкемнің серілігі, балуандығы бар еді. Әйткенмен, нағашы жағымның өнерпаздығы басым түсетін іспетті. Қазақ «жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деп жатады ғой. Нағашы жұртымда «сегіз қырлы, бір сырлы» Байжұма деген атамыз болыпты. Бірде ол кісі асау бураны дойыр қамшымен сұлатып түсіріп, басы дауға қалыпты. Аймаққа әйгілі байдың әлгі бурасы қамшы тиген жерінен қылышпен шапқандай қақ айырылып кесіліпті. Мұны көрген бай: «Байжұма бурамды қылышпен шауып тастады» деп биге шағымданады. Би болған жайдың анық-қанығына көз жеткізу үшін атамызға тері төсеп, қамшылатқан көрінеді. Тоғыз қабат өгіз терісі қамшы соққысынан қақ бөлініп, қамшы өрімі жерге әжептәуір кіріп кеткен деседі жұрт. Сол Байжұма бабамыз әйдік шебер де болыпты. Батырлығы, барымташылығы тағы бар екен. Бала кезімде қолымнан пышақ түспейтін. Түн әлетінде ұйқы құшағына кетіп бара жатып та бәкімнің сабын сипалап, кірпік ілуші едім. Мал баққан қазақтың баласымын. Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүреміз. Адамның қандай болуы кіндік шешеге байланысты деп бекер айтылмаса керек. Қазақ баланың кіндігін кім болса, соған кестіре бермеген. Шыр етіп дүние есігін ашқанымда кіндігімді Тоқан деген апай кескен екен. Ол кісі өзінің тоқыма жұмысына ою-өрнектің сан алуан түрін пайдаланушы еді. Өзім қолөнер шебері ғана емес, суретшімін. Осы күні ою-өрнекке қатысты жұмыстың айналасынан табылуым – сол Тоқан апайға тартқандығымнан болар. Бүгінге  дейін 2 мыңдай домбыра, 100-ге жуық қылқобыз және 20 жетіген, тағы басқа ұлттық саз аспаптарын жасадым. – Ал елімізде үш ай бойы өтетін ЭКСПО көрмесіне дайындықтарыңыз қалай? Шетелдік қонақтар назарына қандай ұлттық бұйымдар  ұсынасыздар?  – Жалпы, көрмеге Алматыдан 45 қол­өнер шеберлері аттанбақ. Бұл көрмеге еліміздің түкпір-түкпірінен қолөнершілер қатысады. Меніңше, іріктеліп алынған шеберлер – өз ісінің мамандары. Көрменің алғашқы онкүндігіне қатысу бақыты бізге де бұйырып тұр. Көрмеге дайындаған қол­өнер бұйымдарын арнайы көлікпен жөнелттік. ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру комитеті еліміздің әр өңірінен келген қолөнер шеберлерінің бұйымдарын байқап көреді, егер ел-жұртқа ұнап жатса, тағы да шақырту алуы мүмкін. Ал біз халықаралық көрме шеңберінде ашылатын қазақы этноауылға әртүрлі стильдегі, көркемдік дизайндегі домбыра, қобыз, жетіген аспабын, түрлі зергерлік бұйымдарды қоямыз. Сол жерде аспаптың жасалу жолы, безендірілуі жөнінде шеберлік сыныбын өткіземіз. Берілген мүмкіндікке байланысты қолдан келгеннің бәрін жасасақ деймін. Өзіммен бірге жеті-сегіз шәкіртім барады. Оның бірі үй жиһаздары – сандық, кебеже, жағлан, жүкаяқ, әбдіре, асадал, ағаш төсек, қол сандық, шай сандық, қобдишалар апарады. Қазақ халқы ертеде киіз үйде тұрған. Сондықтан үй мүліктері мен жиһаздары ұлттық қолөнер дәстүрі бойынша көшпелі тұрмысқа лайықталып жасалған. Түрлі материалдардан әзірленетін үй бұйымдары киіз үй кеңістігімен әдемі үйлескен. Енді бір шәкіртім ата-бабамыз пайдаланған ағаштан жасалған ыдыс-аяқтың әр түрлі сериясын көрсетеді. Одан бөлек зергерлік бұйымдар, көркемдік дүниелер жасайтын шәкірттерім бар. Олардың бәрі бар ынты-шынтысымен өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдарын паш етеді. – Сіздіңше, халықаралық көрменің қолөнер шеберлеріне берер пайдасы қандай? – Жақында ғана Қолөнершілердің одағы құрылды. «Алматы-Арена» спорт кешені жанынан бой көтерген Атлетикалық ауылдағы «Пирамида» қалашығынан Қол-өнер­шілердің орталығы ашылды. Бұл жерде болашақта шеберханалар, дүкендер көптеп тұсауын кеспек. Ал ЭКСПО-ға  баратын 45 адам қолөнердің әртүрлі саласын қамтиды. Оның ішінде біздің алдымызда зергерлік бұйымдар, керамика, ши, тоқыма, кесте, ат әбзелдері, үй жиһаздары, сондай-ақ ата-бабамыз көшпелі өмірінде пайдаланған дүниелерін қайта жаңғыртып, басқаша қырынан таныту тұр. Сол арқылы мәдениетімізді танытып, ескі мен жаңаны бір-бірімен жалғастыруды көздейміз. Сондай-ақ, көрменің сәнін келтіретін бұйымдардан бөлек, арнайы сатуға жасалған  ұлттық нақыштағы заттар да, кәдесый ретінде берілетін бұйымдар да бар. Әсіресе, шетелден келген қонақтар затымыздан айналып өтпейді. Қандай көрмеге барсақ та, қызықтап, сұрап жатады. Мәселен, домбыраның өзіндік дыбысына, үніне тәнті болып қана сатып алатындар бар. Дәстүрлі ұлттық материалдардан, экологиялық таза заттардан жасалған бұйымдар құндылығын жоймайды. Егер сапалы аспап, құнды дүние болса, жерде қалмайды. Мұндай көрмеде кәдесый заттары көбірек өтеді. Әсіресе, қамшыны көп алады. Алып жүруге ыңғайлы, жеңіл бұйымдар өтімді. Шетелдіктер ғана емес, отандық кәсіпкерлер, коллекционерлер де бағасына қарамай-ақ сатып алады. Яғни, кейбіреулер ЭКСПО көрмесіне талайдан ойында жүрген қолөнер бұйымын алуға арнайы келуі де мүмкін. – Ал шәкірттеріңіздің тіл білуі көңіл көншітерлік пе? – Ол жағынан ұяттымыз. Бұрын да шетелге көп шығып жүрдік. Бірақ жанымызда арнайы аудармашы жүретін. Ал өзіміз ағылшын тілін сөздікпен ғана білеміз. ЭКСПО көрмесінде де шетелдік қонақтармен сөйлесу керек, бұйымның жасалуы жөнінде түсіндіруіміз қажет. Осыны ескеріп, қолөнер саласынан хабары бар, тіл білетін аудармашы алатын шығармыз.  – Елімізде қолөнердің қарыштап дамуына қандай кедергілер бар? – Кез келген елді танытатын сол елдің мәдениеті, өнері. Алайда мемлекет тарапынан қазақ қолөнершілеріне деген жанашырлық ойдағыдай дей алмаймын. Бұған дейін қазақтың рухани мұрасын айшықтайтын дүниелер бағаланбай келді. Қолөнершілерді тек әншілер мен күйшілер ғана іздейді. «Өнер құрбандықты талап етеді» деген сөз бар. XVII ғасырда өмір сүрген Италияның скрипка жасаушысы Аматиден Антонио Страдивари 60 жасқа келгенше талмай тәлім алады. «Ұлы шебер» деген атқа лайық болуы үшін Антонио Страдивари 90-ға келгенше өзінің бүкіл саналы ғұмырын еңбекке арнайды. Аматидің келесі бір шәкірті Гварнеридің де маңдайға жазылған тағдыры сондай. Демек, еліміздегі ұста-шеберлерге ерекше қамқорлық керек. Екіншіден, шеберлерге жұмысқа қажетті материал табу қиынға соғады. Кейбір сапалы материалдар домбыра бағасынан асып түседі. Үндістан, Оңтүстік Америка, Африканың шалғайдағы жерлерінде ғана өсетін қара ағаштың оқтаудай бір бөлігі 5 мың теңгеден қымбат.  Жақсы бір домбыра жасап шығу үшін әлгіндей қара ағаштың үшеуі қажет. Ендеше ары қарай өзіңіз есептей бергейсіз. Үшіншіден, бүгінге дейін шеберлердің басы қосылатын орталық болмады. Әркім бет-бетімен жүр. Бір-бірін жөнді танымайды. Сондықтан, бәсекелеспейді де. Ал егер бәсекелестік өссе, сапа да артар еді. Қазақтың ұлттық аспаптары ешқашан өлмейтіндігін, өшпейтіндігін айтқым келеді. Саз аспаптарымыз әлем халықтарын мойындатып жатса, бұл оның кемелденгендігінің, деңгейінің шарықтап көтерілгендігінің белгісі. Соңғы жылдары ғана қол­өнер шеберлеріне там-тұмдап көңіл бөліне бастады. Бұл бәлкім, ЭКСПО көрмесінің арқасы шығар. Көрмеге баратын шеберлердің жол шығынын ұйымдастырушылар төлемек. Мұның өзі шеберлерге жасалған көмек. Шеберлер – бай халық емес. Нарық заманында жасаған бұйымын сатып, қанағат қылған жұрт қой. Көп шеберлердің жағдайы мәз емес. Ат әбзелдерін жасайтын ұсталардың тауары өте бермейді. ЭКСПО соларға да мүмкіндік беріп отыр. Бір айта кетерлігі, шетелде бюджетке 80 пайызға дейін пайда келтіретін қолөнершілер екен. Әсіресе, бұл үрдісті Үндістаннан байқадық. Егер шебер көбейсе, сапалы дүниелер жасалады. Бәсекелестік болған жерде бұйымды таңдау да көп. Шебер де өз затының сапасы жоғары болуын көздейді. Сонда ғана тауары сұранысқа ие. Демек, шебер ретінде біз дамып отыруымыз керек. Алдымызда жоспар да, мақсат та көп. Соған жететін күш-қуат пен ынта-жігер болса, біз аспайтын асу жоқ. – Ұлттық қолөнерді насихаттау жолында еңбектеріңіз жемісті болсын!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы