Меценат Кеңес Рақышев "Мейірім" әлеуметтік үйін салып берді

Меценат Кеңес Рақышев "Мейірім" әлеуметтік үйін салып берді

Меценат Кеңес Рақышев "Мейірім" әлеуметтік үйін салып берді
ашық дереккөзі
Ақтөбеде «Мейірім» әлеуметтік үйі өз жұмысын бастады. Жаңа нысанның жұмысымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастар мемлекеттің дамуы үшін жұмыс істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ақтөбеде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Мейірім» әлеуметтік үйі ашылды. Мұнда ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жетім, мүгедек жастар паналап, жұмыс істеп, тәжірибе алып, табыс таба алады. «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен салынған мұндай үй еліміз бойынша жалғаз Ақтөбеде бой көтерген екен. Барлығы 110 орынды баспананы салуға меценат Кеңес Рақышевтың отбасы 4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. Әлеуметтік нысанның іске қосылу шарасына  Кеңес Рақышев пен «Сәби» қорының президенті Әсел Тасмағамбетова қатысты. «Елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан бұл жобаның маңызы өте зор. Бұл орталық жастарға тек баспана емес, олардың мамандық алып, жұмыс істеуіне септігін тигізетін болады», - деді Әсел Тасмағамбетова. Жастар үйінде 29 жасқа толмаған балалар үйінің тәрбиеленушілері тұра алады. Қазір мұнда 88 жас орналастырылды. Бәрі де «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, қаржы жинай алады. Айта кетейік, тәрбиеленушілер үшін мұнда бірнеше өндірістік цех ашылды. Енді олар шаштараз, бағбан, аяқ киім шебері, тігінші мамандықтарын еркін игере алады. «Қазақстанда мұндай әлеуметтік үй жоқ. Ата-анасыз қалған балалар мына жерде өз үйінде тұрғандай сезінуі керек. Әлеуметтік үйде сондай жағдай жасалған. Демалыс орны, спорт зал мен жатын орны қарастырылған. Жұмыс істеп, ақша табады. Қазіргі заманда жастар масыл болмауы керек. Олар ең бірінші мемлекетіне, екінші ұлтына қызмет жасап, көмектесуі керек»,- деді Бердібек Сапарбаев. Әлеуметтік үйде тірек қиылы зақымданған жастар да тәрбиеленеді. Олар денсаулықтарын нығайтып, сауықтыру үшін спорт залдарына барып жүр.  Ақтөбе облысы бойынша 490 бала патронаттық тәрбие алып жатыр. Жетім балалардың көбі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, қаржы жинауда. Таяуда ақшасын үнемдеп, баспана үшін тынымсыз еңбек еткен 12 жас банк арқылы пәтер алады. Әлеуметтік үйдің қарап шыққан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Сәби» қорына және Кеңес Рақышевқа жастар үшін орны ерекше жобаны жүзеге асыруға үлес қосқаны үшін ризашылығын білдірді.