Егін еккеннің еңбегі ақталады

Егін еккеннің еңбегі ақталады

Егін еккеннің еңбегі ақталады
ашық дереккөзі
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев 74 мыңнан астам халқы бар Арыс қаласында жұмыс сапарымен болып, жергілікті маңызы бар бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Әкiм алдымен жылыжай өсіруді 2011 жылы 25 сотық жер телімінен бастаған жеке кәсіпкер Рахымжан Кенжебаевтың шаруашылығында болып, жылыжайды аралап көрді. Ондағы жұмыс барысымен таныстырған кәсіпорын төрағасы 2,5 гектар болатын жылыжай көлемін күз айында 5 гектарға дейін ұлғайтатынын айтты. Елімізді жыл он екі ай көкөніспен қамтамасыз ету көктемі ерте келетін, егіншілікке ауа райы қолайлы оңтүстіктің еншісінде екенін айтқан әкім шаруашылық иесінің бұл жоспарын қолдап, қуаттады. Сондай-ақ, әкім жеке кәсіп иелеріне мемлекеттен тиісті көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті. Айта кетейік, өткен жылы жылыжайдан 50 тонна қызанақ, 25 тонна қияр жиналған болса, бүгінгі күнге дейін 2 гектар жерге егілген қызанақтан 85 тонна өнім жиналды. Ал мемлекеттен алған субсидия көлемі  2,6 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта жылыжайдың жалпы көлемiн 5 гектарға жеткiзу жоспарда бар. Мұнда қызанақтың «Атия» деп аталатын голландтық сорты егiлiптi. Әр гектарынан 80-90 тонна өнiм алынады. Қазiргi таңда шаруашылықта 25 адам жұмыс iстейді. Науқан кезiнде жұмысшылар саны қосымша 10-15 адамға көбейедi. Жиналған өнiмдi жергiлiктi сауда нүктелерiне өткiзумен қатар, Алматы қаласына да жiберуде. Кәсiпкер жылына 2 рет жылыжайдың әр гектарына мемлекеттен 1,5 млн теңге субсидия алып отыратынын жеткiздi. Өнiмнiң бастапқы бағасы – 250 теңге. Қыста және жазда 1 ай уақытша демалыстан өзге уақыттың бәрiнде де мұнда егу, күтiп-баптау, жиын-терiм жұмыстары қызып жатады. Мұнан соң аймақ басшысы  жаңа технологияны ендіріп, 600 гектар жерді жаңбырлату әдісімен суғарып отырған «Жаңа Ақдала» Агрофирмасы» ЖШС-нің егістік алқабымен танысты. Жаңа технологияны таныстырған серіктестік басшысы  бұл  әдіс арқылы ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнім көлемін де арттыруға болатынын жеткізді. Ақдала ауылдық округінде орналасқан серіктестік биыл өзіне қарасты егістік жерлерді игеру үшін Германияның BOUER компаниясынан шыққан жаңбырлатып суғару әдісін қолданып отыр. Оның әрқайсысы бір орында 60 гектар жерді суғаруға мүмкіндігі бар.  Шаруашылық құны 67 мың еуро тұратын құрылғының 7 данасын алып, іске қосқан. Жаңбырлатып суару әдісінің тиімділігі өте көп. Мәселен, ауқымды жерлерді суғаруға тиімді, екіншіден, су үнемделіп, жұмыс күші көп қажет етілмейді. Үшіншіден, бір мезгілде суғарылып, тегіс мол өнім алуға мүмкіндік туады. Облыс әкiмi жеке кәсiпкер Бауыржан Сарбасовтың ұн диiрменiне де ат басын тiредi. Кәсiпкер өңiр басшысын түркиялық технологиямен жабдықталған кешеннiң жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ, нысанды аралау барысында салаға қатысты мәселелер әңгiме өзегiне айналды. Бұрыннан жұмыс iстеп тұрған және жаңа ұн диiрменiнде тәулiгiне 200 тоннадан астам бидай тартылады. 10 адам осы кәсiпорында тұрақты жұмыс iстейдi. Орташа айлық жалақылары 50 мың теңге шамасында. Наубайханада күніне  3 мың дана бөлке нан пісіріп, оны өз дүкенінде арзан бағаға сатады. Ал қалада нан саудалайтын 2 дүкенi бар. Онда бiр бөлке нан 40 теңгеден сатылады. Кәсіпкердің ойынша, бұл облыс, тiптi республика бойынша ең төменгi баға. Ол осындай арзан бағадағы сауда нүктелерiн одан әрі көбейтпек ниетте екен.

Күнгейде қарбыз пісті

Оңтүстік Қазақстанда қарбыз пісті. Өңір шаруалары бүгіннің өзінде алғашқы өнім – 300 тонна қарбызды Ресей асырып үлгерді. Мәселен, сарыағаштық шаруалар аудандағы қарбыз өсіретін Бозай, Жамбыл ауылдық округтеріндегі 720 гектар егістіктен 170 тонна ерте пісетін қарбыз жинап, көрші мемлекеттің Магнитогорск және Белорецк қалаларына жөнелтті. Жергілікті қожалық иелері қарбыздың келесі партиясын саудалауға дайындалып жүр. Таяуда 200 тонна қарбыз тағы да еліміздің солтүстік аймақтарына жол тартпақшы. Жалпы, сарыағаштықтар бақшалықтан өткен жылы 105 мың тонна қауын-қарбыз жинаған болатын. Биылғы болжам 120 мың тоннаға жетеді дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ал Сары­ағашта бақша өнімдері 4,5 мың гектар алқапқа егілсе, оның 3,5 мың гектарында қауын-қарбыз бапталуда. Оның ішінде 720 гектар танап ерте пісетін қарбыз түріне арналған. Мақтааралдық қарбыз өсірушілер де көршілес аудандағы әріптестерінен қалысар емес. Онда 100 тонна қарбыз Ресейге экспортталып үлгерген. Аудандағы «Атамекен» ауылдық округінің диқандары қарбыздың әр келісін 150 теңгеден өткізіп жатыр. Ал биыл Мақтаарал ауданында 5700 гектарға қарбыз егілген. Шардаралық шаруалардың да бақша өнімдері баршылық. Ондағы Жаушықұм ауылдық округінде қарбыз егумен шұғылданып жатқан диқандар алғашқы 30 тонна өнімді Ресейдің Якутия автономиялық республикасына сатылымға жөнелтті. 2 гектар алқапқа ерте пісетін қарбыз тұқымын отырғызған «Бағдат» шаруа қожалығының диқандары целулоид жамылғыны қос қаптама түрінде жауып шыққан екен. Бірінші болып егістік алқаптан өнім артқан қожалық төрағасы Б.Шыназбаев әр гектарынан кем дегенде 40 тоннадан қарбыз алудан үмітті. Шардара ауданы бойынша жаушықұмдық шаруалар жамылғы астына өнім егуден алдыңғы орында тұр. Ауыл әкімі Серік Махамбетовтің мәліметінше, қазіргі таңда 3312 гектар аумаққа бақша дақылдары егілген. Мұның 100 пайызы жамылғы астына егіліп отыр. Көктем басталысымен қарбалас тірлікке көшетін диқандар қауымы жамылғы астына дақыл егудің шығыны әр гектарына 500 мың теңгені шамалайтынын айтады. Дегенмен, нарыққа ерте шығарып үлгерсе шыққан шығынның орны толады. Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсіп жатса, 21 мың гектары қарбыз алқабы. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының болжамынша, 1 шілдеге қауын дақылы да пісіп, өңір нарқына жол тартпақ. Алдын ала есеп бойынша, биыл аймақ диқандары 1 млн тоннаға жуық қауын-қарбыз жинап, көл-көсір өнімге қарық болады.

Жаңғақ шаруашылығы жанданып келеді

Оңтүстік Қазақстан обылысы, Сарыағаш ауданы, Жемісті елді мекенінде «Оңтүстік Қазақстанда өнеркәсіптік жаңғақ шаруашылығының болашағы және даму жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға елімізден өзге Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан жаңғақ шаруашылығын зерттеп жүрген тәжірбиелі ғалымдар қатысты. «Оңтүстік Қазақстан облысы грек жаңғағын және миндаль өсіру үшін қолайлы орын болып табылады. 2020 жылға дейін жаңғақ жеміс дақылдарын дамыту бағдарламасына сәйкес, облыста жаңғақ жеміс бауларының санын арттыру, жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Сол кезде өңірімізде  жаңғақты экспорттау мүмкіндігі пайда болады», – деді семинарды ашқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асқар Қаныбеков. Облыста жаңғақты дақылдар негізінен тұрғындардың жеке  шаруашылықтарында 300  гектар алқапта өсіріледі. Шетел нарығында жаңғақтың 1 келісі  10 долларға пара-пар. Яғни жемістің бұл түрін экспорттау ел диқандары үшін мол табыс алып келеді.  Ағымдағы жылы өңірде жаңғақ дақылын 400 гектарға отырғызу межеленіп отыр. Жаңғақ баулары  негізінен  Қазығұрт, Төлеби, Сарыағаш және Түлкібас аудандарында  егіледі. Конференцияға қатысушылар алдымен «Сарыағаш  жер сыйы» шаруа қожалығын аралап,  жаңғақ көшеттерінің түрлерімен танысып, оны баптаудың айла-тәсілдері жайлы қажетті мағлұматтар алды. Ғалымдар әлемдегі жер көлемінің 7 пайызы ғана жаңғақ өсіруге жарамды екенін айтады. Қазақстан аймағында мұндай жерге тек оңтүстік өңірі кіреді. Еліміздегі жаңғақтың 85 пайызы Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында өсіріледі. Соған байланысты Қазақстан грек жаңғағын өндірістік өсіруге және экспортқа шығаруға бағыт алды, алдағы 2-3 жылда елімізде жаңғақ бауларының көлемін 5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Көршілес мемлекеттер арасында жаңғақ шаруашылығы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанда жақсы дамыған. Конференцияға келген аталған елдердің ғалымдары  жаңғақ өсірудің  құпиялары мен технологияларын түсіндіріп, тәжірбиелерімен бөлісті. Шет елдік ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда жаңғақ шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Тек оның тиімділігін шаруаларға кеңінен насихаттау қажет.

Қозапаядан – жиһаздық тақта

Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданындағы «Сапа Инвест Плюс» ЖШС-нің зауыты қозапаядан жиһаздық тақта дайындай бастады. Бүгінде 30 адам жұмыс істейтін зауыт өнімін Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз қалаларындағы ірі кәсіпорындар сатып алады.  Мақтааралдық өнімге Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Ресей мемлекеттері қызығушылық танытып отыр екен. «Қозапаяның тоннасын 12 000 теңгеге сатып аламыз, бұл мақтааралдық шаруаларға да өз пайдасын тигізуде. 1 тонна қозапаядан 1 куб жиһаздық тақта шығады. 1 куб дегеніміз – 24 дана  тақта», – дейді зауыттың бас инженері Бақытбек Үсенұлы. Зауыттың бірнеше тракторлары мен қозапаяны жинайтын техникалары да бар. Бұл шикізатты өздері де өндіре береді деген сөз. Сондықтан, шикізат мәселесі толықтай шешілген. Зауыттың жұмысшысы Құрманғазы Таңбергеновтің айтуынша, жұмысшылардың жалақысы 70 мың теңгеден кем емес. «Күнделікті жұмысымыз жүйелі. Күніне 8 сағат еңбек етеміз.  Зауыттағы жұмыстың еш қиындығы жоқ», – дейді Құрманғазы Тәңірбергенов. Айта кетейік, жақында ғана Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағында Қазақстандағы ерекше жобалардың бірі іске қосылды. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған «Мега Смарт» зауытының негізгі шикізаты – қозапая. Мақтааралдық «Сапа Инвест Плюс» қазіргі таңда осы зауытпен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. «Мега Смарт» зауытының бас директоры Сергей Хегайдың айтуынша, қозапая экологиялық таза өнім болғандықтан, ТМД елдерінде жоғары бағаланады. Осылайша, Мақтаралдағы зауыттан жеткізілген тақталар түрлі түстермен ламинатталып, жиһаз зауытына өтеді. Оңтүстік Корея және Италияның қондырғыларымен жұмыс жасайтын зауыт бұйымдарының сапасы жақсы, әсемдігі көз жауын алады.

438 кооператив құрылды

Оңтүстiк Қазақстан облысында 50 мың ұсақ шаруашылық мүшелерiнен құралған 438 ауыл шаруашылығы кооперативi құрылды. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Жансейiт Түймебаев әкiмдiкте өткен мәжiлiсте: «Елiмiздiң Ауыл шаруашылығы, Әлеуметтiк даму министрлiгi және Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгi арасындағы «Үш жақты» индикативтi көрсеткiштер жөнiнде бекiтiлген iс-шаралар шеңберiнде ағымдағы жылға тағы да 75 ауыл шаруашылығы кооперативiн құру жоспарлануда. Сондай-ақ, бұл мақсатқа 6,8 млрд теңге бөлiнiп отыр», – дедi. Өңiр басшысының айтуынша, фермерлердi несиелендiру үшiн «Нәтижелi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту» бағдаламасының екiншi бағытымен 3,2 млрд теңге,  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 1,9 млрд теңге, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 1,3 млрд теңге бөлiнетiн болады.  Қазiргi таңда  кооперативтер жанындағы 2 сүт қабылдау, 2 мал сою бекетi  285 млн теңгеге қаржыландырылған. Одан бөлек, 9 мал сою бекетi мен 12 сүт жинау бекетiн құруға  757 млн теңгеге құжаттар дайындалып, комиссия қарауына өткiзiлген. Айта кетейiк, кооперативтер мақсатына сәйкес iрi шаруашылық құрылымдары ретiнде бәсекеге қабiлеттi өнiм өндiрiп, қайта өңдеу кәсiп­орындарына шикiзат көзiн дайындау бағыттарында жұмыс атқарады. Биыл өңiрде осы жұмыстардың есебiнен ет және сүт өнiмдерiн қайта өңдеу кәсiпорындарының орташа жүктелiмiн 60 пайыздан 70 пайызға көтеру белгiленген.

Кентауға әр кірді

Кентау қаласының әкiмi Әбдiбақыт Мақұлбаев қаланың әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi бойынша брифинг өткізді. Өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда моноқаланың еңбек көрсеткiшiнде iлгерiлеушiлiк байқалады. Мәселен, жыл басынан берi жалпы өнiм көлемi 9,8 млрд теңгенi құрап, өткен жылдың тиiстi кезеңiмен салыстырғанда 27,2 пайызға артқан. Негiзгi капиталға тартылған инвестиция көлемi 734,9 млн теңгенi құраса, жеке тартылған инвестиция 533,5 млн теңгеге жетiп, көлемi 3,6 пайызға артқан. Қытай Халық Республикасынан келген жеке инвестор «Кентау полиметалл» ЖШС-нiң жалпы құны 650,0 млн теңге тұратын полиметалл концентраттарын өндiру және өңдеу зауытын екi айда iске қосатын болса 100 адам жұмыспен қамтылмақшы. Сол сияқты бұрынғы Ащысай түстi металл зауытының жұмысын қайта жаңғырту мақсатымен «ГМК Ащысай» ЖШС-мен келiссөз жүргiзiлiп, құны 12 млн АҚШ долларын құрайтын жоба бойынша меморандум түзiлген. Егер осы өндiрiс орны жұмысын бастаса – 150, толық iске қосылғанда 450-500 адамды жұмыспен қамтымақ. Қаладағы 2 iрi, 8 орта, 10 шағын кәсiпорын ағымдағы жылдың төрт айында 8 млрд 206 млн теңгенiң өнiмiн өндiрген. «Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы бойынша жалпы құны 10 млрд 115 млн теңгенi құрайтын 9 жобаны iске қосып, 869 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Байылдыр мен Ащысай кен орындарындағы тау-кен қалдықтарын қайта өңдеу жұмыстары қолға алынады. Индустриялық аймақта инфрақұрылым жүйелерi толығымен жүргiзiлiп, жоспарланған бес жобаның үшеуi ағымдағы жылы iске қосылады», – дедi қала әкімі Ә.Мақұлбаев. Сондай-ақ, жылыжай, ауыл шаруашылығы саласында да iлгерiлеу байқалады. «Исмет ата», «Ынтымақ», «Құсшы Ата», «ES-Marya» кооперативтерiндегi 35 мал бордақылау алаңында 94 адам жұмыспен қамтылған. Өзге де көрсеткiштер бойынша атқарылған iстердi баяндаған қала әкiмi кентаулықтардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту мақсатында жұмыстардың одан әрi жалғасын табатынын мәлiмдедi.

Астанаға аттанған құлпынай

Оңтүстікқазақстандық бағбан құлпынай алқабының әр гектарынан 2 млн табыс тауып отыр. Манкент ауылының тұрғыны «Зебо-1» шаруа қожалығының төрағасы Шавкат Хакимбаев 4 тонна құлпынайын Астанаға жөнелтті. Бау-бақша ісімен 17 жылдан бері айналысып келе жатқан бағбан 2 гектар жерден  жылына 13-14 тоннаға жуық өнім алып келеді. Ерекше атап өтер жайт, биыл бағбан өсірген құлпынайдың дәмін  «ЭКСПО-2017»  халық­аралық көрмесіне келген қонақтар да татады. «Құлпынайға сұраныс өте жоғары болып тұр. Біз Оңтүстік Қазақстан облысының аумағынан шығып, Алматы, Астана қалаларының нарығын бағындыра бастадық. Дәл қазір 40 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.  Құлпынайды теретін, тазалайтын адамдарға күніне қолма-қол 1700 теңге төлейміз. Ал бір келі құлпынайды 350 теңгеден сатамыз», – дейді Шавкат Хакимбаев. Ол ең әуелі өзіне тиесілі 2 гектар жерді мал аяғы баспайтындай етіп қоршап алған. Содан кейін құлпынайды суару жүйесіне ерекше көңіл бөлген. Қазір оның бақшасында су үздіксіз ағып тұрады. Құлпынай 3 күнде 1 рет суарылады. «Өнімді мол алу үшін алқаптың топырағын құнарландыруға көп көңіл бөлеміз. Құлпынайды ылғалды топыраққа егеміз, ағын судан тарықтырмаймыз.  Топырақтың ылғалдылығын сақтау үшін оған көң  төгіп отырамыз», – дейді бағбан. Оның айтуынша, құлпынай егілген алқаптың әр гектарынан 2-3 млн теңге таза табыс табуға болады. Шавкат Хакимбаев құлпынай өсіру ісіне мемлекеттен демеу қаржы бөлінсе нұр үстіне нұр болатынын айтады. «Үкімет құлпынай өсіру ісін субсидияландырса, агробизнестің дәл осы бағыты қазіргіден де күшті қарқын алар еді. Мемлекет қолдау көрсетсе кәсібімді кеңейтіп, құлпынайды 20 гектар жерге егер едім», – дейді бағбан. Бүгінде Сайрам ауданына қарасты Манкент ауылдық округінде  1200 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олардың егістік алқабындағы құлпынай 100 гектар жерді алып жатыр. «Ауыл округіндегі барлық шаруа қожалықтары «Манкент Агро» өндірістік кооперативіне біріккен. Өзімізге тиесілі алқаптың барлығы суармалы. Шаруалар маңдай терлерінің арқасында мол табыс тауып,  өздерінің әлеуметтік жағдайларын  жақсартып жатыр», – дейді «Манкент Агро» ӨК төрағасы Батырбек Анарметов.