Арабия сырт айналған Катарға Қазақстан қалай қарайды?

Арабия сырт айналған Катарға Қазақстан қалай қарайды?

Арабия сырт айналған Катарға Қазақстан қалай қарайды?
ашық дереккөзі
Сауд Арабиясы сырт айналған Катарға Қазақстан қалай қарайды, қандай саясат ұстанады? ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Катар Республикасындағы жағдайға қатысты қазақстандық тараптың ұстанымын жариялады. "Бірнеше араб елінің Катар мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасты үзгені жайлы айтатын болсам, біздің мемлекет барлық тарап осы жағдайды ушықтырмай, келіссөздер арқылы дипломатиялық жолмен реттей алады деп сенеміз. Біз осы жағдайға қатысы барлық тараптан ұстамдылық танытуын және өзара келісілген шешім қабылдауын сұраймыз. Бұл барлығынан бұрын осы мемлекеттер үшін қажет. Дипломатиялық қарым-қатынастардың бұзылуынан осы елдер зардап шегіп, елдер арасындағы қарым-қатынас үзіледі", - деді СІМ басшысы. Дүйсенбіде Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн және Мысыр елдері Катармен дипломатиялық қарым-қатынасын үзгенін мәлімдеген болатын. Олар Доханы БАҚ-ты арандатушылық мақсатта қолданып, лаңкестік іс-әрекетті қолдауын тоқтатпады деп айыптады. Ал кейін Ливияның шығыс бөлігіндегі билік, Мальдив аралдары және Маврикий де Катармен байланысын үзгенін жариялаған еді. Катар мен араб елдері арасында жанжал Эр-Риядта өткен Парсы шығанағы елдері мен АҚШ саммиті кезінде катарлық агенттік әмір атынан Иранмен байланысты жақсарту туралы мәлімдеме жариялағанда туындады. Ал саммит кезінде Катар жиналған барлық елдің атынан Иранды жаугершілігі үшін айыптап, қарсы жауап болатындығын мәлімдеген еді. Кейін Катардың сыртқы істер министрінің ресми өкілі агенттік сайты бұзылғанын және әмір атынан айтылған сөзді хакерлер орналастырғанын хабарлаған еді.