Тіршілік нәріне тапшылық

Тіршілік нәріне тапшылық

Тіршілік нәріне тапшылық
ашық дереккөзі
Орта Азия республикалары мен Қазақстан аумағында КСРО тарқағаннан кейін жаңа геосаяси аймақ пайда болып, ол – Орталық Азия деп аталғаны мәлім. Орталық Азия атауы ресми түрде 1993 жылы 4 қаңтарда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан Республикалары президенттерінің Ташкент қаласында өткен саяси, экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне арналған басқосуында бекітілген-ді. Еуразияның ортасында орналасқан қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, тәжік елдерінің тарихы, тілі, салт-дәстүрлері, мәдениеті мен шаруашылығындағы ұқсастықтар – аталған жас, тәуелсіз мемлекеттерге Орталық Азия деген ортақ атау беруге негіз болды. Аумағы 4 млн шаршы шақырымнан асатын бұл елдердегі халықтың саны 60 млн-нан көп. Түбі бір, тарихы ортақ бұл мемлекеттерде басты мәселенің бірі – су тапшылығы. Жыл сайын көктем басталғанда алдан шығатын бұл түйткіл биыл да өзгеше болатын түрі бар. Өйткені биылдан бастап алдағы үш жыл бойы Арал теңізін құтқару қорын Түркіменстан басқарады. Ал оның өзгешелігіне келетін болсақ, Орталық Азия аймағындағы судың бөлісіне Арал теңізін құтқару қорының едәуір ықпалы бар және оны уақытша басқаратын ел өз мәселесінің шешілуін алға шығаратыны анық. Өткен жылға дейін Аралды құтқару қорына Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов басшылық жасаған еді. Соңғы ширек ғасырда аталған қорды Қазақстан мен Өзбекстан екі реттен, Тәжікстан мен Түркіменстан бір реттен басқарған болатын. Биылғы су бөлінісі ерекше болатыны екі жағдайға байланысты: біріншіден, Арал теңізіне құятын екі өзеннің бірі Сырдария – Түркіменстанның аумағынан өтпейді. Сондықтан бұл мәселеде түркімен елі өзгелерге жалтақтамай батыл шешім шығара алады. Екіншіден, Әмудария өзеніне қатысты мәселе болса – оған Қазақстанның қатысы аз, себебі бұл арадағы түйткіл тәжік, өзбек, түркімен елдерінің арасында туындауы мүмкін. Әмудария суына негізінен өзбек-тәжік арасында келіспеушілік бұрыннан бар. Себебі Тәжікстанның Рогун ГЭС-ін салуы – сол елдегі Памир тауынан бастауын алатын Орталық Азиядағы ең ірі өзен Әмударияның тынысын тарылтып, өзеннің төменгі ағысындағы Өзбекстанда су тапшылығын күшейте бастағаны жасырын емес. Көршілес елдермен салыстырғанда электр қуатына мұқтаждығы жоғары Тәжікстан бұдан құтылу үшін амалсыз Рогун ГЭС-ін салуға бел байлауының себебі осы. Алайда оған инвестиция салуды мойнына алған Ресей мемлекеті келісілген қаражатты аудармағандықтан бүгінде ГЭС құрылысы тоқтап тұр. Ал ГЭС-тің салынуына о бастан қарсы Өзбекстан билігі президент Ислам Кәрімов тұсында оған барынша кедргі болуға тырысқаны анық. Олар «егер Рогун ГЭС-іне жиналған су плотинаны бұзып кететін болса, Тәжікстан түгілі Өзбекстанның көптеген елді мекендерін жоғарыдан құлайтын жойқын су жермен жексен ететінін» айтып, көршілес елді құрылыстан бас тартуға шақырды. Тіпті, И.А.Кәрімов кезінде қауіп анық төнетін болса плотинаны бомбалаудан тайынбайтынын айтып, тәжік жағына күш көрсетуге дейін барған-ды. Бірақ ескерілер бір нәрсе бар, Тәжікстан мен Қырғызстанға электр  энергиясы жетпесе, Өзбекстан мен Қазақстанда су тапшылығы бар. Демек бұл арадағы мәселені шешу үшін «өзбек, қазақ елдері тәжік пен қырғыз елдеріне арзан электр энергиясын, ал олар Өзбекстан мен Қазақстанға су беріп», келісімге келу керек дейді мамандар. Олардың айтуынша, аймақтағы мәселе КСРО кезінде солай шешілген екен. Негізінде, су шаруашылығы мамандарының дәлелдеуінше Орталық Азияны тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп тұрған Әмудария мен Сырдария өзендері аймақтағы бес елді сапалы сумен толық қамтамасыз ете алмайды. Әрі Арал теңізін де сақтау мәселесі бар. Сондықтан кезінде егінге (әсіресе күріш егістігіне) пайдаланылған суды қашыратын арналар арқылы өзендерге бұрып, Арал теңізіне жіберіп отырған. Бүгінде ол жүйе де өзгеріске түскен сияқты. Мысалы, Қарақұм арнасы арқылы Әмудариядан едәуір мөлшердегі суды бұрып алып, өзендегі судың табиғи деңгейінің түсіп кетуіне әсер етіп отырған түркімен елі Қарақұм шөлінің ортасында (бұл аймақта судың булану өте жоғары деңгейде) «Алтын ғасыр» су қоймасын салмақшы. Яғни, пайдаланылған ащы суды Аралға бұрудың орнына өздерінде ұстап қалмақ ниетте. Бұл әрекет те Арал теңізін құтқару мәселесіне зиянын тигізбей тұрмайтыны белгілі. Кезінде Арал теңізіне Сырдария мен Әмудариядан жылына 110-115 млрд текше метр су түсіп тұрған. Бірақ бір қызығы, Аралдан да жыл сайын осынша мөлшерде су буға айналып тұрған екен. Демек, енді Әму мен Сырды толық бұрып қойса теңіздің қалпына келу мәселесі шешілмейтіні көрініп тұр. «Судың да сұрауы бар» демекші, бір жағынан егіншілікті дамыту керек болса, екінші жағынан Аралға баратын судың жолы кесіліп жатыр. Солайша экономика үшін экологиялық тепе теңдік бұзылып отыр... Сөзіміздің басында айтқандай 4 млн шаршы шақырым аумақта тірлік кешетін 60 миллионнан аса халықтың жыл сайын көбейіп келе жатқаны, соған сәйкес олардың азық-түлікке деген сұранысының жыл сайын арта түсетіні талассыз шындық. Жағдай бұлай жалғаса берсе, алдан шығатын қиындықтардың да көбейе түсетіні анық. Сондықтан болар, оқта-текте кейбір шетелдік сарапшылар «егер Орталық Азияда ұрыс-керіс бола қалса, онда ол тек суға таласудан шығады» деп сәуегейлік айтып қалады. Жалпы, Орталық Азиядағы су бөлісу мәселесінде көршілес мемлекеттер өзара белгілі бір ымыраға келгендей болғанмен, шын мәнінде тұрақты бір келісімге келіп, араларындағы дауға нүкте қойған емес және оның жуық арада солай боларына ешкім кепілдік бере алмайды. Шыны керек, Орталық Азия елдері аймақтағы суға қатысты дауды шешуге бірнеше рет талпынып, 1993 жылдан бері қарай бірнеше келісім жасаса да, оның ешқайсысы іс жүзінде орындалған жоқ. Жаңа ғасырдың басында Қазақстан, Қырғызстан мемлекеттері «су энергетикалық консорциумын құру» жөніндегі бастама көтергенде өзбек, тәжік, түркімен тараптары қолдағандай болған, алайда су мәселесін шешуге келгенде елдердің сол кездегі басшылары бәрібір ынталылық танытпады. Бұның себебін саяси көзқарастың әртүрлілігінен де көруге болады. Мәселен, Қазақстан әртүрлі интеграциялық құрылымдарды жүзеге асырып, мәселенің түйінін шешуге талпынғанымен, аймақта өзін салмақты мемлекетке санайтын Өзбекстан жағы оны өз мүддесіне нұқсан келтіретін іс ретінде қарап келісімге келуге асықпайды. Сол сияқты Қырғызстанда болған бірнеше төңкеріс те ортақ шаруаны бірыңғайлауға қолбайлау болды. Мәселенің осылай шиеленісіп кеткенінен болар, бұған үшінші тараптың араласу қажеттігі туындап, АҚШ пен Еуроодақ арағайынға келетін сыңай танытты. Мысалы, АҚШ тарапы трансшекаралық өзендерге автоматты су реттегіштерді қою арқылы су бөлінісінде кімнің қанша су алып жатқанын реалды түрде бақылауға мүмкіндік беретін құрылғыларды (олар судың мөлшерін, шығынды есептеп, деректер компьютерге жіберіліп отырады) ұсынған-ды. Ол құрылғы кейбір жерлерде қолданылып та жатыр. Жалпы Орталық Азия елдері су мәселесі бойынша белгілі бір келісімге келмесе біріне электр энергиясы, енді біріне су жетпей үнемі қиыншылықпен бетпе-бет өмір сүруіне тура келеді. Судың бастауында Қырғызстан (Орталық Азиядағы судың 20 пайызына ие) мен Тәжікстан (Орталық Азиядағы судың 60 пайызына ие) тұрса, төменгі жағында Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан елдері орналасқан. Осы жағдайды өз пайдаларына жаратқысы келген Қырғызстан мен Тәжікстан өз аймақтарында су электр стансаларын құрып, мол электр қуат өндіру арқылы пайда тапқысы келеді. Ол үшін олар өз жерлерінен бастау алатын өзендердің суын жазда тоғанға жинап, қыста электр қуатын өндіруге пайдалануды ойлайды. Тәжікстандағы Рогун су электр стансасы мен Қырғызстандағы Қамбар Ата – 2 су электр стансасы осындай жобалар. Алайда аталған елдер Рогун мен Қамбар Ата – 2-нің құрылысын аяқтауға өздерінің шамасы жетпейді. Мысалы Рогун су электр стансасына 4,5 миллиард доллардай қаржы керек. Бұл екеуі де Ресейдің араласуынсыз жүзеге аспайды. Мысалы, болуы мүмкін. Ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына теңесетін бұндай қаржыны Тәжікстанның табуы неғайбыл. Кезінде бұл жобаларды қаржыландырмақ болған Ресей тарапы уәдесінен шықпағаны себепті екі алып су электр стансасының құрылысы бүгінде тоқтап қалған. Сөздің тоқетерін айтқанда, Орталық Азиядағы су тапшылығы бұл елдердің экологиясына да, экономикасына да үлкен салмақ салып отыр. Сондықтан аталған қиындықты еңсеру – судың сағасындағы елдерді (Тәжікстан мен Қырғызстанды) өзеннің табиғи ағысына кедергі келтірмеуге, судың төменгі ағысындағы елдерді (Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанды) жоғарыда отырған елдерге арзан электр қуатымен қамтамасыз етуге міндеттеумен ғана шешілетін сияқты. Аралды қорғау үшін халықаралық ұйымдардан, бай мемлекеттерден мол қаржы бөлінгенімен оның қалай жұмсалатынын Орталық Азия елдері  жеткілікті бақылай алмауда. Сол себепті сырттан келген қаржының орнымен жұмсалмай, ысырап болу қаупі де жоқ емес. Бұл өз кезегінде Аралды қорғау ұйымының жұмысына да жағымсыз әсер ететіні анық. Жалпы Орталық Азиядағы су тапшылығын шешу үшін аймақтағы бес ел өзара ортақ келісімге келіп, су, электр энергиясы және қаржы мәселесін шеше алса – 60 миллионнан аса халықтың бақуат өмір сүріп, экологиялық апаттардың зардабын жоюға мүмкіндігі болар еді. P.S. 30-31 мамыр күндері Қызылорда қаласында Арал теңізін тұрақты дамытуға арналған халықаралық форум өтті. Оған Орталық Азия, БҰҰ, ЕҚЫҰ,  Дүниежүзілік банк өкілдері қатысты. Бұл жиында Орталық Азия елдеріне қатысты түйткілдерді шешуге оң қадам жасалғаны көңілге үміт ұялатады.