Мүсілім Базарбаев мұрасы және ұлттық құндылықтар

Мүсілім Базарбаев мұрасы және ұлттық құндылықтар

Мүсілім Базарбаев мұрасы және ұлттық құндылықтар
ашық дереккөзі
Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Қазақстан Жазушылар одағы және Алматыдағы М.Базарбаев атындағы №38 гимназиясы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мүсілім Базарбаевтың 90 жылдығына орай «Мүсілім Базарбаев мұрасы және және ұлттық құндылықтар» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Конференцияда алғаш сөз сөйлеген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті Уалихан Қалижан конференция жұмысына табыс тілеп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің конференция қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді. Одан кейін Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек, академик Серік Қирабаев, филология ғылымдарының кандидаты, ақын-әдебиетші Шөмішбай Сариев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректорының кеңесшісі, ақын, журналист Бауыржан Жақып және Мүсілім Базарбаевтың зайыбы, филология ғылымының кандидаты Гүлбараш Байтоғаева қысқаша баяндамалар жасап, Мүсілім Базарбаевтың қазақ әдебиеттану ғылымын дамытуға қосқан үлесі, ұйымдастырушылық қабілеті және оның  оқулық жазу мен ғылыми ізденістерінің маңызы жөнінде пікірлерін айтты. Сондай-ақ конференцияда «Қазақ университеті» баспасынан Мүсілім Базарбаевтың «Өнегелі өмір» сериясымен басылып шыққан кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мүсілім Базарбайұлы Базарбаев (1927-1995) Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Кекірелі ауылында дүниеге келген. Әдебиет зерттеуші ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері. Филология ғылымының докторы (1974), профессор (1982). Қазақ мемлекеттік университетін (1948), КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген (1956). Біраз жыл әкімшілікте, баспасөзде түрлі лауазымда қызмет атқарып, одан кейінгі дәуірде Ұлттық Ғылым  академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының орынбасары, директоры (1956-1970), Қазақстанның Мәдениет министрі,  Сыртқы істер министрі (1970-1980), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының директоры, жетекші ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі (1981-1995) болған. 1971 жылы Мәскеудегі Шығыстану институтының мамандандырылған ғылыми кеңесінде «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта докторлық диссертациясын табысты қорғаған Мүсілім Базарбаев ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ поэзиясының дамуы жолындағы өзекті мәселелерді талдап, ұлттық өлең өнерінің сыны мен сипатын заманауи тұрғыда жаңаша пайымдайды. Тәуелсіздік жылдарында жаңғыру, жаңару жолына түскен әдеби үрдіске үн қосып, «Шәкәрім Құдайбердиев», «Мағжан Жұмабаев», «Жұбан Молдағалиев» секілді іргелі зерттеу еңбектерін жариялады. Бұл бұрын әдеби үрдісте шет қалып келе жатқан әдеби қазынаның маңызын түсінуде әдебиетші қауым үшін де, оқырмандар үшін де жолбасшы еңбек болғаны даусыз. Ол ұлттық әдебиетіміздің түрлі дәуірлердегі даму, қалыптасу кезеңдерін зерттеу барысында 300-ден аса ғылыми мақала жазып, орыс және қазақ тілдерінде «Живые традиции» (1962), «Әдебиет және дәуір» (1966), «Қаһарлы жылдар жыры» (1968), «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» (1973), «Эстетическое богатство нашей литературы» (1976), «Советтік Шығыс халықтары əдебиетінің шет елдік сарапшыларына сын» (1984), «Көрікті ойдан – көркем сөз» (1994), «Казахская поэзия: художественные искания» (к традициям Абая (1995), «Замана тудырған әдебиет» (1997, 2009) деген іргелі зерттеу еңбектерін жариялады. Бұның бәрі қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына зор әсер еткен салмақты ғылыми туындылар болатын. Сондықтанда қазақ әдебиеттану ғылымы үшін Мүсілім Базарбаев есімі ғасырлар өтсе де өз маңызын жоғалтпайтын есім болып қала бермек.