Елімізде жүрегі оң жақта орналасқан бала тұрады

Елімізде жүрегі оң жақта орналасқан бала тұрады

Елімізде жүрегі оң жақта орналасқан бала тұрады
ашық дереккөзі
Кейбір адамдардың жүрегі сол жақ кеудесінде емес, оң жақ кеудесінде орналасады. Мұндай сирек кездесетін құбылысты медицина тілінде «декстрокардия» (латынша dexter – оң жақ, грекше καρδία – жүрек), қарапайым тілмен жеткізгенде – оң жақтағы жүрек деп атайды. Күршім ауданы, Күршім ауылында жоғарыда айтып өткен сипаттағы, яғни жүрегі оң жақ кеудесінде орналасқан бала тұрып жатыр. Оның есімі – Эльдар Қабен, деп жазады buqara.kz. Дәрігерлер бүгінгі күнге дейін адам баласының бұлай туылу себебін дөп басып айта алмайды. Медициналық зерттеулер нәтижесінде жүректің өзінің әдеттегі орнында орналаспауы адам денсаулығына, өмір сүру қалпына кері әсерін тигізбейтіндігі ғана анықталған. Әдетте жүрегі оң жақ кеудесіндегі адамдар жүрегінің оң жақтан соғып тұрғанын бірден сезбейді, тіпті белгілі бір себептермен ауруханаға барып УЗИ, ЭКГ, рентгенге түспейінше ештеңе білмей жүре беруі мүмкін. Оныншы сыныптың оқушысы Эльдар да өзінің «қызық» жағдайы туралы шамамен он жасында ғана білген. Эльдардың апасы Нұрсағила Тоқбаева: – Төрт айлық кезінде немереме суық тиіп қалды. Ауруханаға апарған кезде дәрігер оның кеудесін тыңдап, жүрегі оң жақта екендігін айтты. Бірақ ел-жұрт таңырқамасын деп ол туралы ешкімге, тіпті Эльдардың өзіне де айтпаған едік. Эльдардың Әділхан есімді туған ағасы, Әлихан есімді бауыры бар. Олардың жүректегі ел қатарлы сол жақ кеуделерінде орналасқан. Бірақ Эльдардың жүрегі оң жағында орналасқанмен, денсаулық, мінез-құлық жағынан аға-бауыр, достарына қарағанда айтарлықтай айырмашылық бар деп айта алмаймын. Оқу үлгерімі жақсы, спортқа жаны жақын бала болып ер жетіп келеді, – дейді.  «Ең басында таң қалғандары болды, бірақ сыныпта ерекшеленбеймін. Құдайдың қалауымен болған нәрсемен ерекшеленгім де келмейді. Бұған өзім де, достарым да мән бермейміз. Қазір күреске қатысып, футбол ойнаймын. Болашақта күрестен бапкер болғым келеді», – дейді ол. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, мұндай құбылыс өте сирек кездеседі. Орташа есеппен әлем бойынша әрбір он мыңыншы адамның жүрегі оң жақ кеудесінде орналасады екен. Ең бастысы – жүректің бұлай орналасуы адамның денсаулығына кері әсерін тигізбейді, ал дертке шалдығып қалған жағдайдың өзінде басты себеп жүректің оң жақта орналасуы емес, тұқымқуалаушылық немесе денсаулыққа салғырт қарағандықтан болуы мүмкін екен. Ендеше табиғат ерекше жаратқан Эльдар бағана біз де зор денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілейміз!