Мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсетті

Мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсетті

Мұқтаж отбасыларға қамқорлық көрсетті
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы көмекке мұқтаж көпбалалы және толық емес отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Жуырда нұротандықтар жұбайы мен 3 баласын алып 2015 жылы Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келген Шакен Романың отбасына қол ұшын берді. Арнайы мамандығы жоқ отағасы мен жұбайы тұрақты жұмыс таба алмаған. Қазіргі күні Өскемен қаласының шалғай ауданында баспана жалдап тұрады. – Партияға алғысымыз шексіз. Қиналған кезімізде көмек қолын созды. Енді бізге жұмыс тауып берсе деген тілегіміз бар, – деді Шакен Рома. Бусурмановтар отбасында да жағдай осыған ұқсас. 2 бала тәрбиелеп отырған ата-ана киім-кешектің жетпейтіндігін айтып партияға хабарласты. – Партия мұқтаж жандарды далада қалдырмайды. Қос отбасының да жағдайын зерттей келе отағаларын дәнекерлеуші, ал әйел адамдарды аспаз мамандығына оқуға жібереміз. 2 ай арнайы курстан кейін оларды жұмысқа орналастыратын боламыз, – деді «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова. Сондай-ақ, партия филиалы 3 жасар баласымен далада қалған Ирина Томиловаға көмек көрсетті. Қиын жағдайға тап болған Ирина жуырда ғана науқас баласымен ауруханадан шыққан. Барар жері болмаған жалғызбасты ана көмек сұрап партияға келді. Ирина мен ұлы партия көмегімен «Ульба» оңалту орталығына орналастырылды. Осы жерде бір жағынан ұлын емдеп сауықтырса, екінші жағынан қайта даярлау курстарынан өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. – Алғысым шексіз. Партия мені баламмен далада қалтырмады. Оңалту орталығына орналастырды. Аспаздың оқуын оқып, жұмысқа орналасатын болдым. Ертеңгі күнге деген аз да болса сенімім пайда болды, – дейді Ирина Томилова.