Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ. Жолйырықта тұрған көш

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ. Жолйырықта тұрған көш

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ. Жолйырықта тұрған көш
ашық дереккөзі

Бүгінгі таңда біз жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа біршама қадам бастық. Бұл жаңа ғасырда адамзат баласы мүлдем жаңа өзгерістерге түседі. Жаңа мемлекеттер құрылып, тіпті, жаңа халықтар пайда болуы да ғажап емес. Мұндай өзгерістер біздің елімізге де жетеді. Яғни, алдағы уақытта Қазақстанға дүниенің түкпір-түкпірінен алуан ұлттың, түрлі нәсілдің өкілдері қаптап келе бастайды. Мысалы, қазір мұнай, газ және басқа байлықтарды игереміз деп әлемнің алпауыт компаниялары көптеп келуде. Олармен бірге түрлі мамандық иелері де ағылуда. Оған қоса, өзінше келетін еңбек мигранттарына да барынша жеңілдік жасадық. Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолын салдық. Міне, осының бәрі Қазақстанға бүкіл әлемнің есігін айқара ашып қойды. Соған орай, болашақта Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны үздіксіз арта түседі. Қазір бұл жағдайды Еуропа елдері бастан кешуде. Бұрын ағылшындар, немістер, француздар таза бір ұлттан тұратын мемлекеттер еді. Бірақ осыдан елу-алпыс жыл бұрын бұл елдерге жұмыс іздеген мигранттар жан-жақтан ағылды. Соның салдарынан қазір олардың бәрі алуан түрлі нәсілден құралған мемлекетке айналған. Енді біраз жылдардан кейін Еуропа мигранттарға лық толып, сосын ағылған көштің беті ТМД мемлекеттеріне бұрылады. Бұл ретте миг­ранттар жері кең, халқы аз Ресей мен Қазақстанға көбірек бет алады. Сөйтіп, болашақта Қазақстан да Еуропаның қазіргі жағдайын бастан кешуі әбден мүмкін. Міне, осындай жағдайда жергілікті халық – қазақтар қандай күй кешеді?

Ел болашағы және этникалық көш

Бұл ретте, дәл осыған ұқсас жағдайды қазақтар сонау қырқыншы, елуінші жылдары бастан кешіргенін ешқашан ұмытпаған жөн. Яғни, Қазақстанға құрылыс салып, тың жерлерді игеру үшін көрші республикалардан түрлі ұлт өкілдері қаптап ағылды. Соның салдарынан Қазақстандағы қазақтар ана тілінен айрылып, ұлт ретінде жо­йы­лып кетуге сәл-ақ қалды. Енді сол жағдайды қайта бастан кешірмес үшін заманның қайда бара жатқанын осы бастан бағдарлағанымыз дұрыс. Яғни, алдан келетін жаңа сынақтан аман-есен өту үшін болашақта Қазақстан тұрғындарының кемінде 85-90 пайызы қазақтар болуы керек.

Мұндай ұлттық қауіпсіздікке жетудің тиімді жолдарының бірі – Қазақстанға шетелдердегі қазақтарды мүмкін болғанша көбірек әкелу.

Бірақ, өкінішке қарай, соңғы уақытта оралмандар көші көбеюдің орнына аза­йып барады. Енді әңгімені осыған қарай бұрайық.

Қазақ көші сиреді. Неге?..

Өткен тоқсаныншы жылдары Қазақстан халқының сырт жерлерге жыл сайын жүз мыңдап көшкені, сөйтіп республика тұрғындарының саны бірнеше миллионға азайғаны баршаға мәлім. Бірақ екі мыңыншы жылдардан бастап бұл жағдай біртіндеп бәсеңдеп, қалыпқа түскен. Соған орай, көші-қон сальдосы, яғни келушілер мен кетушілердің айырмашылығы жақсарып, біздің пайдамызға бет бұрды деп қуанып жүрген едік. Бұл ретте, келушілерді барынша көбейткен өзіміздің қандастарымыз, яғни оралмандар болатын. Бірақ қазір жағдай мүлдем өзгерген. Статистика жөніндегі комитеттің мәліметіне қарағанда, 2014 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстаннан сырт жерлерге 21 мыңнан астам адам кеткен. Ал көшіп келгендер 12 мыңнан сәл ғана асады. Бұлардың арасында қазақтар қырық па­йызды, яғни 4684 адамды құрайды. Бұл мәліметтер Қазақтанға келушілердің саны кетушілерден 9 мыңдай аз екендігін және қазақтар олардың жартысына да жетпейтінін анық көрсетеді. Бұған қоса, келушілердің тоқсан пайызы – ТМД елдерінен. Демек, Қытай, Моңғолия сияқты қазақтар көп тұратын алыс шетелдерден оралмандардың атажұртқа ат басын бұруы барынша азайған.

Ал сонда оралмандар көші неге азайды?.. Біздің байқауымызша, жұрт­тың басым көпшілігі көштің азаюын­ тұ­рақты тіркелу мен азаматтық алудың қиын­ды­ғымен байланыстырады. Соған орай, «Жақында көші-қон туралы жаңа заң қабылданады, сөйтіп кедергілердің бәрі жойылып, оралмандар қайта көбейеді» деген пікірлер де айтылуда. Бірақ бұған күмәнмен қараймыз, өйткені жаңа заң біз үшін үлкен жаңалық емес. Осыған дейін де Қазақстанда көші-қон туралы мұндай екі заң дүниеге келген. Кезінде ол екеуі де үлкен үміт, зор құлшыныспен дайындалып, жан-жақты талқылаудан өткен, оған өзіміз де қатысқанбыз. Бірақ ол заңдардың да­йындалуы мен қабылдануының дақпырты күшті болғанымен, кейінгі жағдайы, яғни орындалуы көңіл көншітпеді. Соған орай, кезінде «Қабылданған заң қайда қалды?» деген проблемалық мақала да жариялағанбыз. Жақында қабылданатын жаңа заңға да күмәнмен қарауымыздың басты себебі, міне, осында. Өйткені оралмандардың қазіргі қиындығы тек заңға ғана тіреліп тұрған жоқ; оның себептері әлдеқайда тереңде әрі біраз күрделі.

Жалпы, оралмандар көшінің азая­тыны осыдан төрт-бес жыл бұрын айқын аңғарылған. Соған орай, баспасөз бетінде әлденеше рет нақты мәселе де көтердік. Мысалы, 2010 жылдың тамыз айында республикалық бір басылымда «Елімізге келуші оралмандар қатары сиреп барады» деген тақырыппен арнайы сұхбат бердік. 2011 жылғы ақпан айында «Егемен Қазақстан» газетінде «Көш қайтсе көбейеді?» деген көлемді проблемалық мақала жарияладық. Қазір сол айтқандырымыз шындыққа айналды. Бірақ бұл біздің «керемет көрегендігіміз еді» деп мақтана алмаймыз. Көші-қонға жүйелі түрде талдау жасап, жан-жақты ой жүгірткен адамға оралмандар мәселесінің тұйыққа тірелетіні сол кезде-ақ анық аңғарылған болатын. Өкінішке қарай, көші-қон мәселесін жүйелі зерттейтін орталық бізде бұрын болған емес, қазірде де жоқ. Еліміздегі қаптаған ғылыми-зерттеу институттары мен сансыз аналитикалық-сараптау орталықтарының бұл салаға неге назар аудармайтыны бізге түсініксіз. Ал көші-қон және оралмандар туралы айтылып жүрген әңгімелердің көпшілігі ешқандай нақты зерттеуге негізделмеген, екпіндеткен қызыл сөзден, заңнамалық, қаржылық жағынан орындалуы мүмкін емес, бос ұсыныстардан тұрады.

Ал сонда оралман көші неліктен барынша азайып отыр? Мұның ең бірінші себебі – көші-қон жұмысын ұйымдастырудың бір жүйеге түскен айқын бағыт-бағдарының, нақты іс-шаралар жоспарының болмауынан. Қазіргі қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Заңның этникалық көшке байланысты баптарын қалай жүзеге асырамыз деген мәселе ешқашан толық қарастырылған емес. Мысалы, өз қандастарын атамекенге көшіретін өркениетті мемлекеттер бұл жұмысты ең алдымен шетелдерде бастайды. Яғни, репатрианттардың тізімін жасау­ды, олардың азаматтық алуға қажетті құжаттарын жинауды сол жақта жүзеге асырады. Репатрианттар шекарадан қашан өтеді, келген бетте қай жерге орналасады, баспананы қалай алып, не жұмыс істейді – осының бәрі алдын ала анықталады. Ал Қазақстанда мұндай жұмыстардың бір де бірі жүргізілмейді. «Халықтың көші-қон туралы» Заңда этникалық көші-қонды шетелдерде ұйымдастыру Қазақстан елшіліктеріне жүктелген. Бірақ оған не қаржы, не штат бөлінген емес.

Осының салдарынан біздің репат­риант-оралмандарымыз Қазақстанға өз аяғымен келеді; орналасатын жерді өздері тауып, тұрақты тіркелуді де өздері шешеді. Көші-қон мекемелері оралмандармен жұмысқа тек осы мәселелер реттелген соң ғана кіріседі. Этникалық көштегі келеңсіз мәселелердің басым көпшілігі осындай жағдайдан туындайды.

Оралман көшіне кедергі жасайтын екінші мәселе – көші-қонмен айналысатын мекемелердің жиі өзгеріске ұшырауы. Яғни, соңғы жиырма жылда көші-қон мекемелерінің атауы да, дәрежесі де сан «құбылды»: ол жеке комитет те болды, өз алдына агенттік те атанды, әртүрлі министрліктерге қосылып, сосын одан қайтадан бөлініп те шықты; ал қазір Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму комитетінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінде ешкімге үкімі жүрмейтін (өйткені облыстарда ешқандай бөлімшелері жоқ) шағын басқарма ғана болып отыр. Мұндай жағдайда болашақта оралмандардың келуіне жаңа жол ашылып, керемет алға басып кетеді дегенге сенудің өзі қиын.

Үшіншіден, көші-қон жұмыстарын республикалық деңгейде үйлестіріп, бағыт-бағдар беріп, басшылық жасап жасап отыру да ұмыт қалған. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені көші-қон жұмыстары Сыртқы істер, Ішкі істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым және басқа да министрліктерге қатысты. Бұған қоса, қазір көші-қон жұмыстарының ең ауыр салмағы жергілікті әкімшіліктерге жүктелген. Бірақ олар көші-қон жұмыстарын әрқайсысын өзінше жүргізуде. Бірінде не болып жатқандарын екіншілері білмейді. Осыған орай, Үкімет кеңсесінің бір бөлімі, ең құрығанда бір секторы көші-қон жұмыстарын үйлестіріп, Премьер-министрдің бір орынбасары осы жұмыстарға басшылық жасап отырса деген ұсыныстарды әлденеше рет айтып та, жазып та келеміз. Әзірше, ол мәселе ескерілмей тұр.

Көші-қонның аяғына тұсау болып отырған төртінші кемшілік – бұл саладағы ереже-тәртіптердің жиі өзгеруі және оларды жүзеге асырудың құқықтық-нормативтік негіздерін жасау мен қаржылық қаматамасыз етудің ойдағыдай ескерілмеуі. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын оралмандарды Қазақстанның теріскей және батыстағы жеті облыстарына орналас­тыру керек деген шешім шығарылды. Бірақ шетелдегі ағайындардың басым көпшілігі бұл облыстарға өздері бармақ түгілі, олардың қайда екендерін де білмейді. Ал сонда оралмандарды бұл жеті облысқа кім ұйымдастырып апарады? Бұған қандай мекеме жауапты болады, оны жүзеге асыруға қажетті қаржы қайдан бөлінеді? Бұл жөнінде ешқандай мәлімет жарияланған емес.

Көші-қондағы бесінші кемшілік – бұл саланы жетік білетін мамандар мен басшы кадрлардың жеткіліксіздігі. Бұл ретте, көші-қонның алғашқы бастауында Саят Бейсенов, Нұрлан Рахымжанов, Ғазиз Есмұханов, Памир Камалиев сияқты іскер, шынайы жанашыр азаматтар тұрғанын әрқашан да ұмытпағанымыз абзал. Көші-қон полициясын Өмірбай Мұсаев басқарған кезеңде оралмандар жөнінде айтарлықтай жақсы істер жүзеге асты. Көші-қон комитетін Қабылсаят Әбішев басқарған аз уақытта бұл саланың жұмысын бір жүйеге түсіруде әжептеуір шаруа тындырылды. Ал қазір мол тәжірибесі бар Марат Тоқсамбаев, облыстық, қалалық деңгейлерде жақсы ұсыныстарымен көзге түсіп жүрген Құрметбек Сансызбайұлы, Бейімбет Үсіпбек, Мұхит Жақсылық сынды бірен-саран азаматтар болмаса, бұл салада өз ісін жетік меңгерген білгір мамандар өте аз. Мұның басты себебі, бізде әлі күнге көші-қон жөнінде арнайы мамандар да­йындау қолға алынған емес.

Міне, оралмандар көшінің азаюына әкеліп соғып отырған, негізінен, жоғарыда айтылған осы бес мәселе. Егер осы мәселелер нақты шешілмесе, ағайындардың атажұртқа қоныс аударуының көбеюі екіталай.

Осыған орай, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан бұл мәселелерді реттеу жөніндегі өз ұсыныстарымызды жоғары орындарға әлденеше рет да­йындап бергенімізді де айта кеткіміз келеді. Мысалы, осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асыруға шетел қазақтарын қатыстырудың барлық мүмкіндіктері мен тиімді жолдарын бір жүйеге түсіріп, арнайы жоба жасап, тиісті мекемелерге жіберген болатынбыз.

Сондай-ақ, Премьер-министр Кәрім Мәсімов өткен жылы Тараз қаласында қазақ диаспорасы және оралмандармен кездесу өткізгенде шетелдегі ағайындармен байланыс жасау және этникалық көшті көбейту жөніндегі ой-пікірлерімізді ортаға салдық.

Қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтың атынан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа «Шетелдегі қазақ диаспорасы және оралмандарға қолдау көрсетудің өзекті мәселелері мен шешу жолдары» деген тақырыппен ұсыныстар да жолдадық.

Біз бұл ұсыныстарымыздың дәл бүгін болмаса да, келешекте жүзеге асатынына кәміл сенеміз. Дегенмен этникалық көштің бір жүйеге түсіп, реттелуі жоғарыда айтылған бес мәселемен ғана шектелмейтіні анық Керісінше, оралмандарға қатысты көпшілік болып қолға алатын басқа да мәселелер баршылық. Енді әңгіме сол жөнінде...

Өзіміз түсінбесек, оралманға қалай түсіндіреміз?..

Бүгінгі таңда еліміздегі барша халықты ерекше қызықтыратын әңгімелердің бірі – оралман мәселесі. Әсіресе, ел туралы, ұлт болашағы туралы сөз болса, оралмандарға соқпай кететіндер өте сирек. Ол азаматтардың басым көпшілігінің оралмандардың шынайы жанашырлары екендігі даусыз, дегенмен осы тақырыпты көтеру арқылы жеке басының атын шығарып, ұлтжанды болып көрінгісі келетіндер де кездеседі; тіпті, көші-қонды бизнестің бір түріне айналдырып, пайда табуды ойлайтындар да бар. Бұлардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, оны талдап, талқылау біздің міндетімізге жатпайды. Бірақ қалай болғанда да оралман мәселесінің үнемі әңгіме болып, жұрттың назарында жүруі қуанарлық жағдай. Өйткені ел аузына іліккен әңгіме жерде қалмайды. Сондықтан алдағы уақытта да бұл әңгімелер тоқтамай жалғаса берсе деп тілейміз.

Осыған орай, үнемі есте болатын кейбір жағдайларды айта кеткіміз келеді. Бұл ретте, көші-қон әңгімелері әрқашан халықаралық мәселелерге барып тірелетінін айрықша есте ұстаған жөн. Нақтырақ айтқанда, қазақ диаспорасы тұратын мемлекеттермен Қазақстанның қарым-қатынасы неғұрлым жақсы болса, ол елдегі қандастарымыздың атажұртпен байланыс жасап, келіп-кетуі де соғұрлым жеңіл болады. Сондықтан екі ел арасындағы көші-қонда кездесетін әртүрлі жағдайлар артық-ауыс әңгімелермен емес, майдан қыл суырғандай ақырын, дипломатиялық жолдармен шешілуі тиіс. Яғни, оралмандар жөніндегі түрлі ұсыныстар екі ел арасындағы келісім-шарттарға, түрлі заң-ережелерге негізделгені жөн. Бұл ретте, елге жаңадан келген оралмандар қаны қазақ болғанымен қолында шетел паспорты бар шетел азаматы екендігін, сондықтан да олардың мүддесін, құқын ең алдымен сол шет мемлекеттер қорғайтынын да ұмытпау керек. Бізде осы мәселе ескерілмейді; керісінше көші-қон жөнінде ешқандай заңға, халықаралық келісім-шарттарға сәйкес келмейтін әңгімелер айтылып, оның соңы айналып келіп оралмандарға зиянын тигізеді. Бұған нақты мысал келтірейік.

Осыдан бірер жыл бұрын оралман болып атажұртқа келіп, азаматтық алып, сосын қайта кері көшіп, Қазақстан азаматтығынан шығаруды талап еткен моңғолиялық 800 кісінің арыз-шағымы бізде кәдімгідей үлкен әңгіме болды. Бұл әңгіменің заңсыз екендігі бізге бірден-ақ түсінікті еді. Өйткені осыдан біраз жыл бұрын іссапармен Ұланбатыр қаласына барғанымызда, біздің де алдымыздан басқа бір 700 адамның осыған ұқсас арызы шыққан. Сөйлесе келе оларға бұл арыздарының негізсіз екендігін түсіндіріп, нақты жауабын берген едік. Мына 800 кісінің де әңгімесі осыған ұқсас еді. Және олар Қазақстанның азаматтығын қабылдаумен бірге, оралман ретінде айтарлықтай мөлшерде ақшалай жәрдемақы да алған. Яғни, мойындарында Қазақстанға біраз қарыздары бар. Сондықтан да бұл мәселе у-шусыз, заңды түрде және дипломатиялық жолдармен шешілгені жөн еді. Бірақ бізде керісінше болды. Бұл 800 адамның заңсыз талабы бүкіл елге жайылды; екі мемлекттің басшыларына дейін жетті. Осының салдарынан, қазір Моңғолия мен Қазақстан арасындағы көші-қон мәселесі біраз қиындады. Мысалы, жақында азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін бірлесіп шешу жөніндегі екі ел арасындағы 1993 жылы 22 қазанда жасалған үкіметаралық келісім-шарт өз күшін жойды. Мұның өзі Моңғолиядан көшіп келген ағайындардың зейнет демалысына шығуында біраз мәселені күрделендірді.

Болашақта осындай жағдайлар қайталанбаса екен дейміз. Яғни, көші-қон туралы мәселе көтергіміз келсе, ең алдымен бұл жөніндегі заңдар мен ереже-тәртіптерді өзіміз дұрыстап түсініп алып, оны оралмандарға да, басқаларға да дұрыстап түсіндіріп, ұсыныс-талаптарды соның негізінде айтсақ, әлдеқайда жақсы да, пайдалы болар еді.

 Он жыл бұрын келгендер де оралман ба?

Көші-қон туралы әңгіме болғанда ерекше айта кететін және бір мәселе бар. Ол – «оралман» деген атауға қатысты. Бүгінгі таңда Қазақстанда не көп – оралман көп. «Телевизорды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да» аржағынан «мен оралман едім» деп біреу сайрап шыға келеді. Бір төтенше уақиға болса, ең аяғы біреулер ұрыс-керіс жасаса да, ішінде кемінде бір-екі «оралман» жүреді. Сосын бұқаралық ақпарат құралдары «оралман сөйтті, оралман бүйтті» деп жарыса айтып, жарыса жазады. Ал сонда біздің бұл айтып жүргендеріміз шынында оралман ба? Мұны анықтау үшін ең алдымен ол адамның қолындағы «оралман» куәлігіне қарау керек. Мұндай куәлік, біріншіден, тек ұлты қазақ адамға ғана беріледі. Екіншіден, оралман өле-өлгенше иемденетін мәңгілік мәртебе емес; куәлікте оның берілген және аяқталатын мерзімі тайға таңба басқандай анық көрсетіледі. Осы мерзім біткеннен кейін оның иесі ешқандай да оралман емес және «оралман едім» деп айтуға мүлдем құқы да жоқ, яғни, ол азаматтық алып үлгерсе – Қазақстан азаматы, үлгермесе – шетел азаматы, ал шетелдік паспортының мерзімі өтіп кетсе – азаматтығы жоқ тұлға. Бірақ кейбір ағайындарға бұл заң онша ұнамайтын сыңайлы. Яғни, олар оралман деген мәртебені өмір бойы пайдаланып жүргісі келеді. Соның салдарынан Қазақстанға келгендеріне бес, он, тіпті, жиырма жыл болса да өздерін оралманбыз деп есептейтіндер жиі кездеседі. Мұның аяғы неше түрлі у-шуға, дау-дамайға айналады. Мысалы, соңғы уақытта оралман мәселесі сөз болса, оған Астана қаласының іргесіндегі Қоянды ауылын да қосып айту әдетке айналды. Яғни, бұл ауылдың «даңқы» жерді заңсыз басып алып, рұқсатсыз үй салған деген мәселемен ерекше көтеріліп тұр. Және бұл рұқсатсыз үй салғандар кілең оралмандар сияқты көрсетіледі. Әрине, жерді заңсыз басып алып, үйді рұқсатсыз салу өз алдына бөлек әңгіме; оның дұрыс-бұрыстығын құқық қорғау орындары анықтау керек. Ал бірақ сол үйдің иелері оралмандар деген әңгіме қайдан шыққан, оны кім ойлап тапқан?!. Егер арнайы комиссия құрып, Қояндының тұрғындарын үй жағалап, жеке-жеке тексеретін болсақ, қолында заңды құжаты бар бір де бір оралман табылмауы бек мүмкін. Бәлкім олардың арасында шетелдерден бұдан бес жыл, он жыл бұрын келіп, Қазақстан азаматтығын алғандар, шынында, баршылық шығар, бірақ бұл олардың оралман екендігін дәлелдей алмайды. Егер Қазақстан азаматтығын алған болса, олардың құқы да, мәртебесі де, заң алдындағы жауапкершілігі де Астана қаласының төңірегіндегі Қоянды сияқты ауылдарға Қызылорда, Шымкент, Жамбыл және басқа өңірлерден көшіп келген қазақстандық азаматтардан ешқандай артық та, кем де емес, тепе-тең. Сондықтан Қояндыдағы жер басып, заңсыз үй салу әңгімесіне оралман мәселесінің ешқандай қатысы болмауға тиіс. Ал Қояндыдағы ағайындар «біз о баста шетелден келгендіктен өмір бойы оралман боламыз» десе, онда Қазақстандағы әр екі адамның біреуі оралман атануы ғажап емес. Мысалы, сонау алпысыншы жылдардың басында Қытайдан Қазақстанға 300 мыңдай қазақ өткен еді. Олдардың көпшілігі әлі күнге аман-есен жер басып жүр. Енді солар да өздерін оралманбыз деп есептеуі керек пе?

Сондай-ақ, бізде Қазақстанға бұрын келгендерді ғана емес, жаңадан келіп жатқандардың да бәрін бірдей «оралман» санайтын ұғым қалыптасқан. Бұл да дұрыс емес. Шетелдік қазақ Қазақстанға келіп, оралман атану үшін оның құжаттары осы мәртебені алуға сәйкес болуы керек. Бұл – бірінші кезекте, алыс шетелдерден виза алып келетін ағайындарға қатысты. Жасыратыны жоқ, шетелдік ағайындар Қазақстанға кез келген визамен келсек болды, оралман мәртебесін алып, тұрақты қаламыз деп ойлайды. Бұл қате әңгіме. Егер визасы дұрыс болмаса, Қазақстанда ешкім де оралман ретінде тұрақты қала алмайды. Осыған орай, визаның екі түрі болатынын атап көрсеткіміз келеді. Оның біріншісі – көшіп келу визасы; екіншісі – көші-қонға жатпайтын виза. Егер сіз көшіп келу визасымен келсеңіз, онда Қазақстанда қалып, оралман мәртебесін алуға толық құқылысыз. Ал көші-қонға жатпайтын визамен келсеңіз Қазақстанда қалуыңыз қиын, тіпті, мүмкін емес. Оралмандарға қатысты түсініспеушіліктің көпшілігі осыдан туындайды. Мысалы, Қытайдағы ағайындардың басым көпшілігі Қазақстанға жеке сапар визасымен келеді. «G» деген латын әрпімен таңбаланатын бұл жеке сапар визасы ұлты қазақ азаматтарға тегін беріледі, және оны алу да оңай, қосымша құжат талап етілмейді. Ағайындар тегіндігі мен оңайлығына қызыға ма, әйтеуір Қазақстанға көбіне осы жеке сапар визасымен келеді. Бірақ бұл жеке сапар визасы көші-қонға жатпайтын виза болып есептеледі. Бұл виза бойынша ағайындар Қазақстанда бір жылға дейін жүре алады, бірақ тұрақты қалуға рұқсат жоқ, сосын оралман мәртебесін ала алмай түрлі қиындықтарға ұшырайды. Мысалы, сотталмағаны, азаматтықтан шыққаны жөнінде анықтама әкелу керек деген мәселелер осыған байланысты.

Жалпы, виза мәселесі – өз алдына жеке әңгіме. Біз бұл жөнінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындың www.qazaq_alemi.kz сайтында «Қазақстанға қалай келесіз?» атты тақырыппен бірнеше рет арнайы әңгіме өткіздік. Бұл туралы кеңірек білгісі келетіндер осы сайтты қарап, жан-жақты танысуларына болады.

Оралман заңға бағына ма, заң оралманға бағына ма?

Дүниежүзінің барлық елінде этни­калық көші-қон нақты заң-ережелерге сәйкес, белгіленген жүйемен, қатаң тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл заң-ережелерді жергілікті үкімет те, келуші репатрианттар да бұлжытпай орындайды. Өкінішке қарай, бізде осы жағы жетіспейді. Мысалы, жақында Өзбекстаннан келген бір оралман әйелдің паспорт режимін бұзып, айыппұл төлеп, депортациялану қаупіне ұшырағаны туралы мақала оқыдық. Әрине, әйел кісінің бұл жағдайы жүректі ауыртады. Бірақ сонымен бірге бұл әңгіменің аржағынан біраз заң бұзушылық айқын аңғарылады. Яғни, әйел бүкіл отбасымен Қазақстанға сонау 2001 жылы келген. Содан бері олардың бәріне оралман мәртебесі берілген, арнайы квотаға ие болған. Күйеуі, бала-шағасы Қазақстан азаматтығына өткен, тек әйелдің өзі ғана азаматтық алмаған. Неге?.. Айтуына қарағанда, паспортында суреті жоқ болған. Сондай да сылтау бола ма; суретсіз паспорты бар адам Қазақстанда он жылдан аса уақыт қалай тұрақты тұра алады? Сөйтіп жүргенде шетелдік паспортының мерзімі өтіп кетіп, қиыншылыққа душар болып отыр.

Жалпы, мұндай жағдай біршама жиі кез­деседі. Нақтырақ айтқанда, атажұртқа қоныс аударып, оралман мәртебесіне ие болып, соған орай түрлі жәрдемақыға қол жеткізген отбасылардың бір мүшесінің Қазақстан азаматтығын алмай, шетелдік паспортпен жүре беруі жиі кездеседі. Бәлкім, бұл бұрынғы тұрған елдеріне барып-келуді оңайлататын шығар – ол жағы бізге белгісіз. Бірақ қалай болғанда да, атажұртқа оралған ағайындар шекарадан аттап өткеннен кейін Қазақстанның заң-ережелерін бұлжытпай орындаулары тиіс. Яғни, оралман мәртебесін алып, квота бойынша тиісті жеңілдіктер мен жәрдемақыға қол жеткізен бойда дереу азаматтыққа құжат өткізу керек. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда бұл жауапкершілік айқын көрсетілген. Ал біз ондай заңды бір емес, он жыл бойы керек етпей жүре береміз. Бұған кім кінәлі? Әлде, «оралман заңға емес, керісінше, заң оралманға бағынсын» деп есептейміз бе?

Бұл жөнінде тағы бір мысал келтірейік. Кез келген шетелдік қазақ Қазақстанға келіп, оралман мәртебесін алу үшін, ең алдымен тұрақты тіркелуі қажет. Бұл үшін ол бұрынғы тұрған еліндегі тұрақты тіркеуден шығып келуі тиіс. Бұл заң Қазақстандағы барлық азаматтарға ортақ. Мысалы, Алматы қаласында тұратын бір қазақстандық азамат Астанаға барып тұрақты тұрғысы келсе, онда ең алдымен Алматы қаласындағы тұрақты тіркеуден шығады. Әйтпесе, оны Астана қаласында ешкім де тұрақты тіркеуге алмайды. Мұндай талап оралмандарға да тікелей қатысты. Бірақ кейбір ағайындар тұрақты тіркеуден шықпай келіп, Қазақстанда қиыншылықтарға душар болады. Тұрақты тіркеуден шықпай келген оралмандардың арасынан Қазақстан азаматтығын қабылдап, Қазақ елінің көк паспорты мен жеке куәлігін иеленіп, сосын біраздан кейін бұрынғы тұрған еліне қайта кетіп, құжаттарымды жоғалтып алдым деген сылтаумен ол елдің азаматтығы мен паспортын қайта алып, сөйтіп, екі мемлекеттің де азаматы болып жүретіндер кездеседі. Ал бізде қос азаматтыққа заңмен тыйым салынған.

Қазіргі кезде Қазақстанда 50 мың оралман Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр деген дерек бар. Бұл рас па, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ сол 50 мың адамның азаматтық ала алмауы құжаттарының дұрыс еместігінен болуы әбден мүмкін. Міне, осындай жағдайда не істеу керек; қолданыстағы заң-ережелерді жинап қойып, «шетелдік қазақ едім» дегендердің бәрін де ешқандай құжат, анықтама сұрамай, Қазақстан азаматтығына қабылдай беруіміз керек пе? Ал сонда мұның аяғы неге апарып соғады?..

Мысалы, қазір оралман мәртебесін алып, Қазақстан азаматтығына құжат өткізу үшін қазақ екенін дәлелдейтін анықтама керек. Кейбіреулер мұндай анықтама әкелу қиын, сондықтан оны сұрамау керек дейді. Жарайды, анықтама талап етпейік, сонда не болады? Онда дүниенің түкпір-түкпірінен кім көрінген бір-екі ауыз қазақша үйреніп алып, «мен қазақ едім» деп келіп тұрса не істейміз?! «Сен қазақ емессің, оралман мәртебесін бермейміз» деп қалай айтамыз?.. Мұндай жағдайда ол «құқымды бұзды» деп сотқа берсе де жеңеді. Тіпті, бір ауыз қазақша білмесе де оған ештеңе жасай алмаймыз, өйткені ана тілінен хабары жоқ қазақтар Қазақстанда да толып жүр...

Оралман мәртебесін алу үшін сотталмағаны туралы анықтама сұрауды жеңілдету керек деген ұсыныс та дұрыс емес. Бұл анықтаманы Қазақстанға көшкісі келетін кісі бұрынғы тұрған жерінен алдын ала алуына әбден болады.

Осыған орай, болашақта Қазақстанға тұрақты қоныс аударған ағайындар құжаттарды көшпес бұрын, алдын ала реттеп келсе дейміз.

Ақпарат құралдарына айтар тілек

Оралмандар көшінің көбеюінің біраз салмағы бұқаралық ақпарат құралдарына да түседі. Өйткені шетелдегі ағайындар Қазақстандағы көші-қон жаңалықтарына айрықша назар аударатыны анық. Олар Қазақстандағы оралмандардың жағдайы жақсы болса қуанады, өздерінің де атажұртқа жетсек деген арман-құлшыныстары артады. Ал оралмандардың жағдайы қиын дегенді естісе, көңілдеріне көлеңке түседі; «Қазақстан дұрыс қарсы алмайды екен, ендіше осы үйренген жерімізде отыра бергеніміз дұрыс» деген қорытынды жасайды. Осы тұрғыдан келгенде, ақпарат құралдарындағы оралман туралы хабарлардың басым көпшілігінің қара бояудан тұратыны еріксіз ойландырады. Мұндай хабарларды көріп, оқып отырсаңыз оралмандардың бәрі шетінен неше түрлі қиындыққа ұшырап, күнін көре алмай, азаматтыққа қолдары жетпей, қаңғып, босып жүрген сияқты.

Қазақстанның үкіметі, елдегі барлық басшы-қосшылар оралмандардың келуіне мүлдем қарсы секілді.

Осыған орай мынадай сұрақ туады: егер мемлекеттің этникалық көшке деген саясаты теріс болса, бұл саладағы үлкенді-кішілі басшылардың оралмандарға жаны ашымаса, онда бір миллионға жуық шетелдік қазақтар Қазақстанға қалай көшіп келген; күндерін көре алмай босып жүрсе, неге жаппай кері қайтпаған?

Әрине, біз көші-қон жөнінде сын материалдар жарияланбасын демейміз. Керісінше, ол өте қажет. Және өзіміз де ұзақ жылдардан бері көші-қонның өзекті мәселелерін үнемі айтып та, жазып та келеміз. Әйтсе де оралмандар туралы материалдар барынша нақты, шынайы әрі әділ болуға тиіс. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында оралмандардың басына түскен қиыншылықтармен қатар олардың жетістіктері де кең түрде көрсетілуге тиіс. Бұл ретте оралмандар өмірінің жақсы жақтары кемшіліктерден ондаған есе артық екендігі даусыз. Сенбесеңіз, кез келген ауылға барып көріңіз: егінді де жақсы егіп, малды да көп өсіріп, жұмысты да дұрыс істеп жатқандардың басым көпшілігі – шетелден оралған ағайындар.

Сонымен қатар мына мәселе де үнемі назарда болғаны жөн. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы шетелдегі қандастарын атажұртқа көшіріп алу жөнінен бүкіл әлем бойынша ең алдағы екі-үш мемлекеттің қатарында тұр. Бұл жөнінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Ал өзімізбен көрші респуб­ликалар сырт жерлердегі қандастарын көшіріп әкелуді ешқашан қолға алған емес. Тіпті, Ресейдің өзі бұл игі іске бізден әлдеқайда кейін кірісті. Бұл да біз үшін мақтанатын жағдай емес пе?

Егер шындықты көрсеткіміз келсе, онда көші-қондағы кемшіліктерді ғана емес, жетістіктер туралы шындықты да неге айтпаймыз?!.

Оралмандар туралы хабарлардың көпші­лігінде жан-жақты зерттеу­ жетіс­пейді. Тіпті, басқаны былай қой­ғанда өзін «оралманмын» деп таныстырған адамның сөзі рас па, бұл жөнінде қандай құжаттары бар дегенді анықтау да ескерілмейді.

Сондай-ақ, оралмандар жөніндегі жалған ақпарларды біреулер әдейі ұйымдастыратын да сияқты. Мысалы, жақында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына Алматыдағы төрт-бес телеарналардың журналистері камераларын көтеріп, жан-жақтан шапқылап жетіп келді. Айтуларына қарағанда, оларға Қауымдастық ғимаратының алдында оралмандар ереуіл жасайды деген хабар түскен. Бірақ ондай ниеті бар оралмандар байқалмады; тек жеке сапармен жүрген екі-үш шетелдік қазақ төбе көрсетті. Және оларға да біреулер Қауымдастыққа барыңдар деп хабар жіберген.

Мұндай жалған ақпарды кім, не үшін таратады?!. Бұл біз үшін жұмбақ. Дегенмен оралмандарға байланысты жалған ақпараттар таратуға тырысатын уақиғалардың әрегідік бой көрсететіні рас. Соған орай, бұқаралық ақпарат құралдары оралмандар жөніндегі әрбір жағдайдың анық-қанығын әбден зерттеп, жұртшылыққа әрқашан да шынайы хабар жеткізсе дейміз.

Бұл ретте, журналист ағайындардың Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы туралы да дұрыс мәлімет таратқандары жөн. Қауымдастық – шетелдегі қазақ диаспорасымен мәдени-рухани салада байланыс жасайтын қоғамдық ұйым. Оның этникалық көшті ұйымдастыруға, оралмандар мәселесін шешуге ешқандай заңдық құқы да, қаржылық мүмкіндігі де жоқ; көші-қон мәселесі тікелей мемлекеттік органдардың айналысатын шаруасы. Бірақ соған қарамастан оралмандар туралы сөз болса, оған міндетті түрде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын қосып қою «сәнге» айналған.

Сондай-ақ, ақпарат құралдарындағы оралмандар тақырыбы арзан сенсацияға, ұсақ-түйек алыпқашты әңгімеге емес, барынша салмақты, ең өзекті проблемаларға арналса дейміз. Ал мұндай күрделі мәселелер өте көп әрі жан-жақты. Олардың біразын әңгімеміздің басында атап көрсеттік. Бұлардан да басқа ойласатын мәселелер толып жатыр.

Мысалы, бұрын оралмандар Қазақ­станғ­а келген бойда азаматтық алуға құжаттарын бірден өткізетін. Қазір оралмандар ең алдымен ықтияр хат алу керек деген ереже шықты. Жаңа заңда да осындай бап болатын сыңайлы. Бұл ережені кім ойлап тапқаны бізге белісіз; бірақ болашақта оралмандар көшіне бөгет жасайтын ең үлкен кедергі осыдан туындайды. Оның себептері өз алдына айтатын үлкен әңгіме. Ал қысқаша түсіндірсек, ықтияр хатты ұлтына қарамай кез-келген шетелдік азаматтың алуына мүмкіндік бар. Соның негізінде кейін олар да Қазақстан азаматтығына өте алады. Міне, осындай жағдайда атажұртқа келген ұлты қазақ азаматтар өзге шетелдіктермен бірдей неге ықтияр хат алуы керек? Егер азаматтық беруде ұлтына қарамай жұрттың бәріне бір талап қоятын болсақ, шетелдік қазақтарды жеңілдік жасап көшіріп әкелеміз дегенді несіне айтып жүрміз?

Оның үстіне, ықтияр хат алған оралман кей жағдайда Қазақстан азаматтығын керек етпей, куәлігінің мерзімі біткенше біраз жыл Қазақстан мен бұрынғы елінің екі ортасында барып-келіп, қыдырып жүре беруі де мүмкін. Бұл үшін «Қазақстан азаматтығын неге алмайсың?» деп оны ешкім кінәлай алмайды. Этникалық көші-қондағы ауа жайылып, бетімен кетушіліктің нағыз асқынған түрі, міне, сол кезде басталады.

Қазіргі ресми орындардың этникалық көшті шетелден ұйымдастырып әкелуі қиын екендігі айқын аңғарылып отыр. Соған орай, бұл жұмысты көші-қон жөніндегі қоғамдық қор құру арқылы жүзеге асыру керек деген ұсыныстар жиі айтылады. Болашақта бұл мәселе нақты қолға алынуы керек.

Бүгінгі таңда облыстардың бәрінде дерлік оралмандарға арналған бейімдеу орталықтары бар. Бірақ олардың басым көпшілігінің жұмысы ешқандай сын көтермейді. Мысалы, соңғы уақытта шетелден келген қазақтардың қолындағы құжаттары дұрыс па, жоқ па, оған қара­май оралман куәлігін бере беретін әдет шықты. Оралмандардың түрлі әуре-сарсаңға түсуінің бір себебі осыдан туындап отыр. Яғни, бейімдеу орталықтары олардың құжаттарын алдын ала мұқи