Бұрынғы одақтастар Георгиев лентасынан бас тартуда

Бұрынғы одақтастар Георгиев лентасынан бас тартуда

Бұрынғы одақтастар Георгиев  лентасынан бас тартуда
ашық дереккөзі

ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ ЖАҚЫНДАҒАНДА...

 Нацистер насихатшысының мұрагері дәйексөз үшін ақы талап етуде

Екінші дүниежүзілік соғыс жайлы ойлағанда, есімізге сол кезде фашистік Германияны билеген, есімдері г-ден басталатын төрт адам: Гитлер, Гиммлер, Геринг, Геббелльс түседі. Бұлар – сол тұста неміс елін адамзатқа қарсы қойған саяси тұлғалар. Осылардың ішінде, мамандығы бойынша филолог-тарихшы, Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде гитлерлік Германияның насихат министрі болған Иозеф Геббельс бүкіл неміс халқынының бойына фашизм идеясын сіңіруге жанталасып, ұзақ жылдар бойы жағы сембей нацизмді дәріптеді. Алайда соғыс аяқталуға аз қалып, 1945 жылы мамыр айының басында Кеңес әскерлері рейхстагтың іргесінен 200 метрдей қашықтықта тұрғанда Адольф Гитлер өлген соң, өз елінің жеңілгенін мойындағысы келмеген ол алдымен алты баласын улап, соңынан СС солдатына өзін және әйелі Магданы атуды бұйырды. Сөйтіп, ол «Германияның сөзсіз тізе бүгуі туралы актке» қол қоймайтындығын дәлелдеп отбасын түгелімен өлімге қиып, адамшылыққа жат қатыгездік жасаған болатын.

Енді міне, Ұлы жеңістің 70 жылдығы қарсаңында оның аты шетелдік баспасөз беттерінде қайта атала бастады. Оның себебі: неміс тарихшысы, профессор Питер Лонгрич Гитлер тұсындағы нацистер насихат министрінің өмір жолы туралы кітап бастырып шығарып, америкалық Random House баспасынан шыққан бұл кітапта Й.Геббельстің күнделігінен көптеген дәйексөздер алынған болатын. Аталмыш кітапты шығарушылар биылғы жылдың соңына дейін авторлық құқыққа ие екен. Енді келіп гитлерлік Германия тұсындағы тағы бір нацистер министрі (Нюнберг процесінде сотталғандар қатарында болып, соңынан толық ақталған) Ялмара Шахттың қызы, Геббельстің күнделіктерінің иесі саналатын Кордула Шахт кітапты шығарушы Random House баспасынан өз меншігі саналатын жазбалардан көптеген дәйексөздер алынғандығы үшін баспадан қаламақы төлеуін талап етіп сотқа шағым түсірген. Random House баспасы басшылығы алғашында кітаптан түскен жалпы пайданың 1 пайызын төлеуге келіскенімен, соңынан моральдық тұрғыдан бұлай жасаудың дұрыс еместігін, сол себепті қандай бір төлем төлеуден бас тартатындығын мәлімдеді. Сонымен бірге кітап авторы Питер Лонгрич жеке адамдар маңызды тарихи құжаттарға жеке тұлғаның иелік етуіне болмайтынын айтты.

Дегенмен Берлиндегі БИ-би-си тілшісі Дэмиан Макгиннес айтуынша баспа мен кітап авторының мәлімдемесін юристер «моральдық тұрғыдан авторлық құқыққа нұқсан келтіру болуы мүмкін» деп санайды екен.

Алайда қазақтың «Өспейтін бала өнбейтін дауды даулайды» дегеніндей, Екінші дүниежүзілік соғыс қылмыскерінің жазбалары үшін ақы талап етіп отырған адамның әрекеті – соғыстың зардабын тартқан елдердің ашу-ызасын тудыруы әбден ықтимал.

Бұрынғы одақтастар Георгиев  лентасынан бас тартуда

Соңғы кезде қоғам тарапынан наразылыққа ұшыраған мәселенің бірі –еліміз аумағында Георгиев лентасының дәріптелуі болып отыр. Наразылықтың себебі – бұл лента өзге халықтарға 18-20 ғасырлар аралығында басқыншылық саясатын жүргізіп, көптеген елдерді жаулаған орыс империясының символы екендігінде.

Қоғам наразылығының себебін түсіну үшін алдымен бұл лентаның тарихын білуіміз керек. Георгиев лентасы 1769 жылдың 26 қарашасында дүниеге. Онымен орыс-түрік соғысы тұсында Ресей империясына шексіз берілгендіктің үлгісін көрсетіп, сол жолда батылдық танытып, ерлік жасағандарды марапаттаған. Үш қара, екі сары жолақтан тұратын, түтін мен отты бейнелейтін бұл лента қасиетті Георгиев ордені, ерекше әскери ордендер мен Георгиев крестінің орнына да жүрген. Сондай-ақ бұл лентаға 1854-1855 жылдардағы Севастополь қорғанысы мен Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерлік жасаған Ресей империясының сарбаздары мен офицерлері қол жеткізген.

Одан кейінгі дәуірде 1896 жылы 14 шілдеде ІІ Николай патшаның бұйрығымен осы лента пайдаланылған «За походы в Средней Азии 1853-1895» атты әскери медаль жасалып, ол Орыс патшалығының Орталық Азия елдеріне жасалған басқыншылық соғыстарында көзге түскендер марапатталған. Күмістен және қоладан бұл медальға Орталық Азия жорығына қатысқан 30 мыңнан аса адам ие болған. Сол сияқты осы пішінде  «За Хиванский поход», «За покорение Ханства Кокандского», «За взятие штурмом Геок-Тепе» деген медальдар жасалып, олар да бүгінгі Өзбекстан жеріндегі Хиуа, Қоқан хандықтарына, Түркменстан жерінде Гөк Тепе аймағына жасалған патшалық Ресей жорықтарының қатысушыларына берілген.

Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында 1943 жылы 8 қарашада СССР Қарулы күштері президиумының «І, ІІ, ІІІ Даңқ орденін жасау» туралы жарлығы шығып, ол орденмен жеке ерлік көрсеткен Қызыл армияның қатардағы әскерлері мен сержанттары, әскери авиацияның кіші лейтенант шеніндегі офицерлерін марапаттау көзделді. Сондықтан ол жауынгерлер тобына, тұтас әскери құрамаларға берілмеді. Сонымен бірге бұл орденнің үш дәрежесімен де марапатталған адамдардың дәрежесі – Кеңестер Одағының батыры дәрежесімен бірдей болды. Бұл орденнің толық дәрежесіне 2672 адам ие болды. Бірақ айбынды елдің белгілі ордендерінің жасалуында да Георгиев лентасына ұқсас түстер пайдаланылды. Яғни, Георгиев лентасы қоңырқай  сары және қара түстен құралса, «Даңқ» орденіне пайдаланылған лента екі түстен: сары және қара түстен тұрды, айырмашылығы – мұнда ашық сары түс қолданылған. Солайша бір кездегі империялық белгі ішінара «халықтар достығының отаны» болған социалистік мемлекетте де дәріптелді.

Міне, осы деректер мен дәйектерге қарап қазіргі Ресейден өзге елдердің Георгиев лентасының өз жерінде насихатталуына қарсылығын түсінуге болады.

Соңғы жылдарда біздің елімізде бұл ленталар Жеңіс күні қарсаңында таратылып, оны тағып жүрушілер пайда болғандықтан қоғам белсенділері бұл жайға алаңдап, БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде түсінік жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде елімізде басқыншылықты еске салып тұратын Георгиев лентасына тарихты құрметтеу белгісі ретінде қарау – тәуелсіз елдің саяси мүддесіне сай келмейтіндігін көпшілік түсіне бастады. Осыдан соң Ұлы жеңіске және Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен өз жерлестеріне құрмет белгісі ретінде Қазақстанның өз лентасы жасалып шықты. Ол лента мемлекеттің туымыз түрімен бірдей көк түсті. Ұлттық ою-өрнекпен безендірілген. Айта кету керек, бұдан алдын Георгиев лентасын таратуға және тағуға Қырғызстан, Өзбекстанда және Белоруссияда тиым салынған болатын. Өзбекстанда 9 мамыр – марқұмдарды еске алу күні ретінде белгіленіп, бұл күні олар өмірден жақындарының басына барып дұға оқытады, сондықтан олар үшін лента тағуды мәні жоқ. Ал қырғыздар мен белорустар Ұлы жеңістің символы ретінде өздерінің мемлекеттік туында қолданылған қызыл, сары жолақтан, қызыл және көк түстен құралған ленталарын шығарды.

Ал, бұл нені білдіреді? Бұл – орекеңдер тарапынан тықпаланған «ерліктің символы» – Георгиев лентасы Жеңістің 70 жылдығы  қарсаңында Белоруссия, Қырғызстан, Қазақстан сияқты елдердің Ресейге деген құрметіне сызат түскенін білдіреді. Сондықтан Ресей қаншама қуатты ел болса да өзгелерге деген өктем көзқарасынан арылуы керек. Себебі «Тең атаның баласы теңдікке көнсе де, кемдікке көнбейді».

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ