Жұрт сүйсінген "Ғарыш мінезді жырлар"

Жұрт сүйсінген "Ғарыш мінезді жырлар"

Жұрт сүйсінген "Ғарыш мінезді жырлар"
ашық дереккөзі
Қазақ әдебиеті мен ғылымның дамуына орасан зор үлес қосып келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы әрдайым жаңалықтың жаршысы болып, елімізде жарық көріп жатқан толымды еңбектерді қалың оқырман қауымға кең түрде таныстыруды озық дәстүрге айналдырған. Өткен аптада өткен сондай екі іс-шара сөзіміздің айғағы болса керек. Ұлттық кітапхананың Е.Тұрсынов киноклубында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Нұрлан Оразалиннің «Ан Арыс» баспасынан жарық көрген 10 томдық шығармалар жинағының және Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасынан шыққан «Избранное» кітабының тұсаукесері «Ғарыш мінезді жырлар» деген тақырыппен өтті. 10 томдық шығармалар жинағына көрнекті ақынның поэзиялық, драматургиялық шығармалары мен сұхбаттары топтастырылса, оның 6 томы ақынның өлеңдері мен поэмаларынан тұрады екен. Ал орыс тіліндегі «Избранное» жинағына ақынның орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері енгізілген. Н.Оразалиннің Мәскеуден шыққан жыр кітабына атақты ақын Олжас Сүлеймен алғысөз жазса, кітапқа кірген өлеңдерді орыс тіліне С.Мнацаканян, В.Антонов, Н.Чернова, Л.Шашкова, А.Матвеев, Б.Жылқыбаев, О.Жанайдаров, Т.Васильченко, Қ.Бақбергенов секілді танымал қаламгерлер аударған. Жалпы, Н.Оразалин шығармалары бұдан бұрын да өзге тілдерде жарық көрген. Мысалы, пьесалары орыс, қырғыз тілдеріне тәржімеленсе, өлеңдері орыс, украин, болгар, түрік, молдован, қырғыз, өзбек, қарақалпақ тілдерінде аударылып басылған. Ақынға арналған кеш болғандықтан поэзиялық сипаты болған кешті ең алдымен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері ақын Нұрлан Оразалин өлеңдерінен үзінді оқып ашты. Одан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай кіріспе сөз сөйлеп, кешті Жанарбек Әшімжан жүргізіп отырды. Одан соң мінбеге көтерілген Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, қаламгер Мұрат Әуезов, мемлекет және қоғам қайраткері Кеңес Аухадиев, жазушы Сәбит Досанов, Смағұл Елубай, ақын Шөмішбай Сариев ақын шығармашылығы жайында пікірлерін айтып, Нұрлан Оразалиннің он томдығының тұсаукесер рәсімін жасады. Жиында сондай-ақ, мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысы мен Алматы қаласының құрметті азаматы Кеңес Аухадиев, Марал Ысқақбай, Бексұлтан Нұржекеев, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Нұртілеу Иманғалиұлы секілді белгілі қаламгерлер сөзге шығып, Нұрлан Оразалиннің шығармашылығы мен қайраткерлігі туралы ойларын айтып, кеш иесіне игі тілектерін білдірді. Жас ақындар арнау өлеңдерін оқыды. Кеш соңында ақын Нұрлан Оразалин қазақ және орыс тілдерінде өз өлеңдерін оқып, жиын қатысушыларына ризашылығын білдірді және жиында сөз алған тұлғалар мен өз өлеңін оқыған өнерпаз жастарға он томдық шығармалар жинағын сыйға тартты. Тұсаукесер аясында Нұрлан Оразалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған Ұлттық кітапхананың қорынан кітап көрмесі жиын қатысушыларының назарына ұсынылды. Онда ақынның кітаптарымен бірге жарты ғасырдай уақыт ішінде ақын жайында жазылып, жарық көрген материалдар мол қамтылған.