Таяқ жеген тәртіп сақшыларына кім араша?

Таяқ жеген тәртіп сақшыларына кім араша?

Таяқ жеген тәртіп сақшыларына кім араша?
ашық дереккөзі
Тәртіп сақшыларының қызметі мен абыройына шәк келтіруден аулақпыз. Дегенмен көптің алдында әжуа болған полицейлер туралы газетімізде бұған дейін жазған едік. Онда да көңілге ой түйіп, еске салу ғана. Бұл жолы да әлеуметтік желіде жиі таралған видеолар қолға қалам алғызды. Күні кеше полиция абыройына тағы бір нұқсан келді. Көпе-көрінеу көшедегі есерсоқтан таяқ жеген полиция қызға жаны ашығандар көп-ақ. Әлеуметтік желіге жылдам тарап үлгерген осы видеода мектеп инспекторын ер адам тепкінің астына алады. Маңайында жоғарғы сыныптың оқушылары толып жүр, тіпті дене шынықтыру пәнінің мұғалімі де сол маңайда. Халықтың шамына тиген бұл видеожазбада маңайдағы зіңгіттей жігіттер мен ер адамдардың ажыратпай енжар қарап тұрғаны. «Қыз балаға қол көтертіп, қарап тұр» деген сыңайлы пікірлер көптеп айтылды. Ең өкініштісі, инспектордың қауқарсыздығы. Әуелде баланы қорғауға келген сақшының өзге тұрмақ өзін қорғай алмауы жанға батты. Бұл оқиғадан түйгеніміз, физикалық дайындығы бар полиция қызметкері кім көрінгеннен таяқ жесе, басқаларды күні не болмақ? https://www.youtube.com/watch?v=mla1Eo-vVBU Бұл жазбаға қатысты жазылған пікірлердің дені мынадай. «Полиция қызға көмектеспей қарап тұрғандарға не жорық?», «Желтоқсан көтерілісінде қару кезенгендерге жалаңаяқ қарсы шыққан жастар небәрі он алты, он жетіде еді ғой», «АҚШ-та болса мынадай айуанды қақ маңдайдан ата салар еді». Негізі тәртіп сақшылары физикалық дайындықты үнемі жасап тұруы тиіс, арнайы норматив те тапсырады. Олай болса бір адамға әлі келмеген полицейге не деуге болады? Ең сорақысы да осы, бұл бүкіл полицейлердің дайындығын күмән келтіреді. Жазбаға пікір білдіргендердің бірі гендерлік саясатты да алға тартыпты. «Жұмысқа тұрғанда еркек істегенді, әйел де істей алады. Нәзік жандылар да қалаған мамандығын таңдай алады деп ұрандатады. Ендеше қыз не еркек полиция деп бөлудің қажет жоқ. Таяқ жеген қыз емес, тәртіп сақшысы». Шындығында, бұл еліміздің барлық полиция қызметкерлерінің дайындығына сын. Әлеуметтік желі қолданушысы жалпы полицияға қарата былай дейді. «Өкінішке орай, полиция қызметкерлерінің физикалық дайындығы бүгінде көңілден шыға қоймайды. Мектепте инспектор болып істейтін офицер әйел ме, ер адам ба бәрібір, ол физикалық жағынын жақсы дайындықта болуы тиіс. Қазір боксер қыздар, каретист, ушуист қыздар жетіп артылады. Егер әлгі келіншектің мықты дайындығы болса есірген есерсоқ содырды жедел сабасына түсірер еді. Бұл енді шынында да ішкі істер саласының үлкен проблемасы» деп аяқтайды ойын. https://www.youtube.com/watch?v=pzgu3C8aaeg Жақында Алматыда тағы бір ер адамның полицейге шабуыл жасаған сәті түсірілген видео пайды болды, - Видео кадрларынан ер адамның полицейге жақындап келіп, шірене соққы жасағаны көрінеді. Алайда тәртіп сақшысы қарап тұрмай, оған қайтара жұдырықпен соққы жасайды. Кейін ер адам "Кім сені ұрды?" деп сұрайды. Осыдан кейін полицейлер жүргізушіні ұстайды. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, бұл оқиға 1 мамырда, дүйсенбіде болған. "Оқиға таңғы 5.50-де болды. "Полицейлер Бостандық ауданында қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген. Жароков көшесінде экипаж сұр түсті Toyota Camry маркалы көлікті байқайды. Көлік осы көшемен солтүстікке қарай жүріп бара жатқан. Шектен тыс жылдамдық асырған. Сосын полицейлер көлікті тоқтатқан. Алайда жүргізуші жасырынбақ болған. Жол полицейлері көлікті Жароков-Шевченко қиылысына дейін қуып барды. Жүргізуші осы жерде тоқтап тұрған Mitsubishi Montero көлігін соққан. Сәйкесінше, полицейлер оны ұстауға тырысты. Бірақ жүргізуші ашуға булығып, былапыт сөз айтып, қарсыласқан", - деді Салтанат Әзірбек. Сондай-ақ, оның айтуынша, жүргізуші полицейді жұмыстан шығартамын деп қорқытып, "байланысы бар" екенін айтумен болған. Тізе берсең мұндай жайттар көп-ақ. Тағы бір мысал. Facebook желісінде Бекболат Смағұлов есімді қолданушы жариялаған видеода екі жігіт екі полиция қызметкерімен төбелесіп жатқаны анық түсірілген. Қолданушы оқиға Астана қаласындағы «Артем» сауда орталығы жанында болғанын жазады. Екі жігіт полиция қызметкерлеріне бой бермей, өздеріне қол көтеріп, соққыға жығады. Полицейлерге жандарынан өтіп бара жатқан адамдар араша түскен. «Осындай жағдай АҚШ-та болса, шабуыл жасағандар басынан жараланып жатар еді», – деген пікір қалдырған қолданушы. Негізі, мақсат полиция қызметкерлерін қаралау емес. Керісінше, серпілтіп, дайындықтың не үшін керектігін еске салу. Егер полиция таяқ жеп жүрсе, есерсоқтарға әлі келмесе, қарапайым жұрт қайтпек? Былтыр ғана жалғыз қылмыскердің қолынан 6 полицей ажал құшты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, билік өкілдеріне күш қолдану деректері бойынша былтырғы жылы 600 қылмыстық іс қозғалса, 2015 жылы – 500, ал 2014 жылы 300-ден асқан. «Сол себепті мемлекеттік органдардың барлық қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғауды күшейту мақсатында ҚК 380 бабы 1 бөлігінде қарастырылған жазаны қатаңдату, яғни 2 мың АЕК-ден 5 мың АЕК-ге дейін айыппұл салып, 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру ұсынылды. Осылайша, бұл әрекет қылмыстың орташа түріне жатқызылады», – деп мәлімдеме жасаған еді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Бұл мәселе де қоғамда қызу талқыға түсіп, көпшіліктің наразылығын тудырды, жақтаушылар да табылды. Алайда, бұл мәселе әлі күнге дейін нақты түйінделген жоқ. Министрдің айтуынша, бұрын полицейге бағынбағандарға 4 жарым миллион теңге айыппұл салынатын. Бірақ осы күнге дейін полицейге бағынбаушылық бойынша көтерілген іс туралы естігеніміз жоқ. Оған себеп, тәртіп сақшылары айыппұл төлеткенше, өз қолына тиын-тебен ұстап кеткенді жөн көретін сияқты. Жыл басынан бері полицейлер қызметіне түрлі өзгертулер енгізілді. Тәртіп сақшылары алатаяқтан айрылды. Онымен қоймай ІІМ министрінің өзі видеотіркеуіші жоқ жол полицейлеріне тоқтамауға болады деп ескертті. Естеріңізде болса, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Нью-Йорк полицейлерінен үлгі алуды ұсынған еді. Олардың алдында кез келген азамат, қылмыскер, қашқын да тізе бүгеді. Өйткені олардың дайындығы мығым, құқықтары мен қимылдарын жатқа біледі. Қит етсе, тырп еткізбей ұстап әкетеді немесе оқ жұмсайды. Сондықтан болар полиция қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіліп, арнайы «офицер» деп қана тілдеседі. Осындай көрініс елімізде қашан орнайды? Полицияны құрметтейтін қоғам қалыптастырудың аулы алыс емес деп сенейік. Бірде Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов ашуға мініп, тиын-тебен жинайтын полицейлерді жұмыстан босатуға дайын екенін ескерткен. Олай болса дайындығы жоқ полицейлерге қатысты не істеуге болады?