Оңтүстікте өрік түйін салғанда

Оңтүстікте өрік түйін салғанда

Оңтүстікте өрік түйін салғанда
ашық дереккөзі
Жақында, сәуірдің саумал самалы елбірей есіп, өрік түйіндеген, алма мен шие гүлдеген шақта ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ атанған Оңтүстік өңіріне Елбасы келді. Тәуелсіздіктің әуелгі жылдарында жылы жаққа жасаған бір сапарында тұңғыш Президентіміз: «Осы Оңтүстікте бақ-береке мен бірлік-ынтымақ болса, бүкіл байтағымызда бақ-береке мен бірлік-ынтымақ болады», – деген еді. Өзі өзгешелеу бағалайтын бұл өңірге сәуір сайын сапарлап қайтуды дәстүрге айналдырған Мемлекет басшысы шырайлы Шымкент шаһарындағы бүгінде бизнесіңізді шыр айналдырып жүрген Жеңісбай Сұлтанов ашқан аллюминий зауытының тынысымен танысты. Негізгі «сүйегінен» басқасының бәрі түгелдей қайта қалыптасып, түбегейлі түрде түлеген, тұтас жаңарған бұрынғы «Қазақстан» кинотеатрының «Қазақстан халқы Ассам­­­блеясы» үйіне, ғажайып ғимаратқа айналғанын көрді. Риза болды. Кәнігі кәсіпкер, нағыз іскер Нәжімеддинұлы Болатбек мырзаңыздың құлазыңқырап жататын, жүздеген гектар бетегелі беткейді адам қайран каларлықтай алма бағына  айналдырғанына тәнтілік танытты. Жапырақтары бүрлеп, болашақ жемістері гүлдеп, билеп тұрған тату-тізбек алма ағаштарының арасында әңгіме-дүкен құрып, одан кейін мыңдаған тонна жеміс сақталатын заманауи заңғар қойманың ішкі алаңында, арнайы жабдықталған мүйісінде облыс жұртшылығы  өкілдерімен сұхбат құрды. Қазақстаныңызда, оның ішінде осы Оңтүстігіңізде атқарылып жатқан алуан  шаруалар, стратегиялық бағдарламалардың, Ұлт жоспарларының, инновациялық, инвестициялық, индустриалдық, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық бағдарлардың жүзеленуі жөнінде шолу жасады. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың талдау мағлұмдамасы тыңдалды. Әрине, әңгіменің басты бастауы, алтын арқауы рухани жаңғыру болғаны белгілі. Құдайға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе, бүкіл байтағымыз сияқты  жылы жағыңызда да қуаныштар көп. Қуаныштың ең үлкені – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» дейтін бағдарламалық мақаласы. Көзі қарақты қауымыңыз бұл мақаланы жыл басындағы Жолдаудың егіз-қатар өрілген жарасымды жалғасы, рухани сыңары деп санайды. Айтылып та, жазылып та жүр, қоғамымызда рухани сілкініске, рухани серпіліске, сайып келгенде, рухани жаңғыруға сусаған сұраныс, қат-қабат қажеттілік қалыңдап қалған еді. Үлкен бастамалар, ұлттық ұмтылыстар жөнінде асыққан да зиян, кешіккен де зиян. Президентіміз асыққан да жоқ, кешіккен де жоқ. Тағы да Тәуелсіздіктің тереңі, егемендіктің ерені, екендігін танытып, ұлы бастаманы дер кезінде, дәл шағында көтерді. Күні ертең мыңдаған тонна  мәуе сақталып, жан-жаққа жөнелтілер алып қойманың мәністі мүйісіндегі мәслихат екі сағатқа созылды. Сырласу сұхбатындай сапада өткен, айрықша әсер еткен, тебіреністі толғамдар қысқа да нұсқа нақышталған, нақты пікірлер мен ұсыныстар, ұтырлы ойлар ортаға салынған, салиқалы бас қосу еді бұл. Президентіміз парасат биігінен байыптай түйіндеп, рухани жаңғырудың жеңіл болмайтынын да ескертіп, қиындықтарды жеңудің  жолдарын да тереңдете меңзей мәністеді. Бас қосудың соңынан да  Елбасы емен-жарқын көңіл-күйде әңгіме  әдіптеген. Әлемге әйгілі кәсіпкер, бірегей бизнесмен Серік Сейтжановқа әзілдеген. Басқа да біраз біліс-таныстарына ықылас білдірген. Сәл былайырақ, әдеп сақтай тежеліңкіреп тұрған облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловқа  көзі түскен. Жымия күлген. Хал-жағдайын сұраған. Ең ақырында  ардагерлер кеңесі төрағасының алаулай қызарыңқыраған теп-тегіс бетіне қарап: «Жақсысың, Жеңісбек», – деген. Жиналып тыңдап тұрғандар елең еткен. Содан бері талайлар әзіл-шынын араластырып: «Жақсысың, Жеңісбек», – дейтін болды. Екі жылдай уақыт бұрын Асқар Мырзахметов жоғарылап, облысқа Бейбіт Атамқұловты әкімдікке тағайындағалы келген Елбасы жаңа басшыны таныстырып, Асқар Исабекұлына алғыс айтып болған соң: «Ал, пікір айтасыңдар ма?» – деген. Мәуленқұлов мырза қол көтерген. «Ал Жеңісбек, сөйле. Сен сөйлемегенде, кім сөйлейді», – деп пікір үстеген. Төрт-бес жыл бұрынырақта да шырайлы Шымқалада зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп болып, қоштаса бастаған Президент: «Жеңісбек, сен не шаруадасың қазір?»  – деп сұраған. Мәуленқұловыңыз сәл кідіріңкіреген. Жақындау тұрған  мына біз: «Бұл кісі – облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ғой. Шаруасын дөңгелетіп әкетті», – дедік. «А, солай ма? Ардагерлікке әлі ертерек емес пе?»  – деп, сәл-пәл таңырқай қараған. Елбасымыз – сәби күлкісі ғажап сақталған кісі. Біздің анамыз айтатын: «Сәби күлкісі, сүт күлкісі сақталған кісіде қасиет көп болады», – деп. Президент өзіне ғана тән керемет сәби күлкісімен жымия көз тастаған Жеңісбекке. Мінекиіңіз, Мәуленқұловыңызды Мемлекет басшысы жыға таниды. Қалай? Қай жағынан?  Дейтіндейін  сұрақтар туындауы бек бәлкім.  Жан-жақты, жап-жақсы біледі біздің кейіпкерімізді. Жеңісбек Мәуленқұлов жеті жылдан астам уақыттан бермен қарата Оңтүстік Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің  төрағасы. Үш миллион тұрғыны бар түстік өңіріңіздің ардагерлер ұйымы есебінде 227 мыңға жуық адам тұрады. Бұл бүкіл республика бойынша бірінші орында деген гәп. Өкінішке қарай, соғыс ардагерлері күн санап азайып барады. Биылғы Ұлы Жеңіс мерекесі алдындағы есеп бойынша 235 майдангер қалған. Бүгінде Жеңісбек Мәуленқұлов басқаратын ОҚО ардагерлер кеңесінің үлгілі істері мен өнегелі тірліктері туралы бүкіл республикаңыздың облыстары мен қалалары жақсы біледі. Сондықтан да шығар,  шырайлы Шымкент қаласында  әрбір екі-үш жыл сайын дерлік республикалық деңгейдегі бәтуалы басқарулар, санаға сапа дарытар семинарлар  өтіп тұрады. Мәуленқұлов мәнерлері мәністерін үйренуге келетіндер, хабарласатындар, жөн-жосық сұрайтындар,  интернет арқылы да тәжірибе алмаспаққа тәнтілік танытатындар тіпті де аз емес. Жасыратыны жоқ, биыл құрылғанына отыз жыл толып отырған ардагерлер ұйымдары арасында Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесі  кенжелеп,  кейіншектеп қалғандардың қатарында саналатын. Мәуленқұлов тізгінді қолға алғалы алдыңғы сапқа суырылып шықты. Мәуленқұлов мәнерлерінің мән-мәнісі неде?  Ең алдымен еңбексүйгіштікте. Жоғары жауапкершілікте. Талапшылдықта. Талғампаздықта. Тәртіптілікте. Жеті жыл бұрын Жеңісбек мырза облыстық ардагерлер кеңесіне  төрағалыққа сайланғанда  жұртшылық «Бәрекелді!» дескен: Кейбіреулер «Енді қиын болады, бұл тыныштық бермейді», – деп күңкілдескен.  Екі жақтың пікірі де  дұрыс екен. «Бәрекелді!» дегізетін берекелі тірліктер көбейді. Жаңа төраға өзіне де, өзгеге де тыныштық бермейтінге айналды. Аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің  тыныс-тіршілігіне талдаулар жасалды. Ұйықтап жүретін кадрларға «Оян, қазақ» делінді. Кеңестер төрағалығына салыстырмалы түрде алғанда неғұрлым жасырақ, ұйымдастырушылық қабілеті жоғарырақ, абырой-беделдері  мойындалған, ізденімпаз ардагерлер ұсынылды. Алғашқы жылдың өзінде өңірде «Ардагеріміз – ардақтыларымыз!» деген ұран көтерілді. Барлық аудандар мен қалаларда ардагерлердің бастауыш ұйымдары қатарын көбейту талап етіле бастады. Бірде-бір ардагер, соғысқа  қатысқан аға мен апа, сұрапылда  опат болғандардың жесірлері, тыл еңбеккерлері, үлкенді-кішілі зейнеткер назардан тыс қалмасын, бастауыш ұйымдардың есебіне тіркелсін деген міндет алға қойылды. Әкімдіктермен және мәслихаттармен, өзге де алуан түрлі құрылымдармен, ұйымдармен байланыс  барған сайын нығайтыла түсті. Облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан бірнеше комиссия құрылып, жоспары, жүйелі түрде  жұмыс істейтін болды. Олар ардагерлердің мұң-мұқтажына, медициналық көмек ұйымдастыруға, денсаулық нығайту орындарына жіберуге септесу, жас ұрпақ тәрбиесімен айналысу сияқты мәселелерге жан-жақты назар аударады. «Денсаулық»  акциясының тұсауы кесіліп, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін тегін диагностикадан өткізу қолға алынды. «Ерлік» музейімен бірлесіп, туған елден жырақта, майдан даласында қалған боздақтардың деректерін іздестіру үшін «Іздестіру тобы» құрылды. «Желбірейді Жеңіс жалауы» байқауы өткізілді. Мәуленқұловыңыз төраға болғалы облыстық ардагер кеңесі жанынан «Қызыр қыдырған күн», «Батамен бағың ашылсын», «Ғұмырдария», «Ерлік – елге мұра» сияқты көлемді кітаптар, ондаған кітапшалар шығарылды. Айта берсек, осындай игілікті істер аз емес. Жеңісбектің есіміне қарата түрлі пікірлер де айтылмай қалмайды. Жеңіс жылы туған-ау дейтіндер баршылық. Бірақ  қырық жетінші жылғы екенін білетіндер сәл ойланып та қалады. Балалық шағы оңай болмаған. Сол сұрапыл соғыстан сыңар аяқ оралған әкесі Мәуленқұл  отыз сегіз жасында қайтыс болған. «Жұмыскер» қалқозына диқан, егіс бригадирі ретінде ерен еңбек сіңірген. Озат бригадир Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне барып қайтқан. Аяулы анасы Қызбала қайран жиырма бесінде жесір қалған. Үлкен ұлы Әлішер үш жаста, екіншісі Жеңісбек бір жаста жетімдік тағдырдың тақсіретін тарта бастаған, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен...» деген сөз бекер айтылмайды ғой қазақта. Қоржын тамдағы төсеніш етіп жүрген текемет пен алашаны да тәркілеп алып кеткен кезең болған. Салық төлеуге жағдайлары жоқ жесір әйел мен жетім балаларға қоқан-лоққы жасап, күш көрсеткен, әлсіздерді қорлаған «селсебеттегі» жандайшаптардың тірлігі, сол кездегі саясаттың ірілігі осындай-тұғын. Текемет пен алашаның орнына сабан төсеп, кеуделерін күрсін кернеп күнелткен жылдарды да бастан кешкен бұлар. «Кейін Түлкібас ауданына әкім болып келген тұста тағдыр сол  «фин­­­­агентпен» бетпе-бет жолықтырды да. Ағасы екеуі төсенетін жалғыз текеметті тартып алып кеткенде кішкене жұдырығын тас түйіп, көмейіне жас тығылғаны есіне түсті. Көңілі құлазып, бір кездегі дүлей адамның қазіргі мүсәпір күйіне есіркей қарады. Бірақ ешкімге кек сақтамайтын тектілігімен жанының тазалығын, пейілінің кеңдігін танытты», – деп жазады журналист Слам Нұрмағамбетов Жеңісбегіңіз жайында. Сабан төсеп ұйықтаған сол бала  аудан орталығындағы Абай мектебінің жанындағы интернатта аса талғамшыл,  талапшыл да тәртіпті бола білген. Бірге оқығандар, интернатта қатар жатқандар, интернат нанын бөліп жескендер Жеңісбегіңіздің жас жеткіншектерден гөрі өте-мөте салмақты, өте-мөте байыпты, ересек адамдарға көбірек ұқсайтыны таңғалдырғанын тәптіштейді. Сол себептен болса керек, ол орта мектептің өзінде небір-небір жетекшілік жұмыстарды, ұйымдастырушылық жүктемелерді жоғары жауапкершілікпен атқарып, айрықша көзге түскен. Ауыл шаруашылығы институтында да курстастарына көшбасшы болып, алдыңғы қатардан табылған. Жеңісбекті тіпті жоғарырақ сатылардағы студенттер де жақсы білген. Бағалаған. Мойындаған. «Бізден бірер курс төмен оқыған. Бірақ, беделі биік-тұғын», – деседі қазіргі Мәуленқұовтың студенттік шағына, Алматыдағы жылдарына куә болған кейбір ардагерлеріңіз. Қазір облыстық ардагерлер  кеңесінің төрағасы  ғой. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, ОҚО Құрметті азаматы. Зайыбы Дариға  екеуі бақытты отбасы иелері. Перзенттері мен немерелерінің ортасында. Әнекиіңіз, Жеңісбек Мәуленқұлов сондай. Елбасымыздың келген сайын назар аударатыны, сәби күлкісімен жымиып қарайтыны, «Жақсысың, Жеңісбек» дейтіні қандай жарасады десеңізші!  

Мархабат БАЙҒҰТ