Смағұл Елубай: Ата-бабаларымыз ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды

Смағұл Елубай: Ата-бабаларымыз ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды

Смағұл Елубай: Ата-бабаларымыз ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды
ашық дереккөзі
Кеше жазушы, драматург Смағұл Елубай Президентпен кездесуде айтылған мәселелерді айтып берген еді. Толық мәтінді "Түркістан" газетінің бейсенбідегі (27.04.2017) номеріне оқи аласыздар. Смағұл Елубай: Бұл әңгіменің негізін көрдіңіздер, көп бөлігі телеэфирге сыймай қалды. Әңгіме жақсы басталды. Біздің әңгімемізді өте жақсы тыңдады. Эфирге не сыймай қалды? Сол жайлы айтайын. Мақаладағы Эволюциялық даму деген бапта сіз фашизм, либерализм, коммунизмді қатар қойыпсыз, екеуі де күйреді депсіз. Жарайды фашизм түсінікті, коммунизм де түсінікті, ал либерализм дау тудырып жатыр. Күйреді ме, әлде күйретіп жатыр ма? Ол жағы әлі белгісіз. Бір жағынан қараған либерализм прогрестің бір туына айналған идея болды. Еркіндік, бостандық, либерализм деген ұғым сонау француз революциясынан бастап батыстың идеологиялық туына айналды. Өкінішке қарай, осы ұғым ХХ ғасырда басқа бір апаттарды тудырды. Кейбір саяси топтар еркіндік, бостандық дегенді жүгенсіздік деп ұғып кетсе керек, шамасы. Соның нәтижесінде фашизм мен коммунизм пайда болды. Әрқайсысы ондаған, жүздеген, миллиондаған адамды қырып тынды. Ал енді батыстың идеализмі бізде әлі көп сыналмаған идея. Сіздің мақалаңызда «идеализм» күйреді деген сөзді көріп отырмын. Мысалы, ХХ ғасырдың басында неміс ойшылы Освальд Шпенглер «Батыстың ажалы» деген кітап жазып, бүкіл әлемді дүрліктірді. Қалай сонда батыстың ажалы тақап қалды ма? Одан кейін осы ойды тағы екі ойшыл дамыта берді. Бірі америкалық Патрик Бьюкенен. Бұлардың екеуі де дабыл қағып келе жатыр. Батыстың күні батуға таяу, батыс тұйыққа тірелді деп, соны дәлелдейді. Бьюкененнің айтуынша,  ғасырдың аяғына дейін батыстың адамдары өздерінің пиғылына, жүргізген демографиялық саясатына, гендерлік саясатына сүріне берді. Бала туылмай қалды, әйел мен еркек қосылмай қалды, Еуропаның 22 мемлекеті біржынысты некеге рұқсат берді. Өз пиғылдарына сүрініп, өз көрлерін қазып, жаназасын шығара бастады. Шынында, мұны либерализмның күйреуі деп айтуға болады. Өкінішке қарай, 90 жылдары империя құлаған кезде біз батыстың озығын алудың орнына, тозығына жармаса кеттік. Әсіресе, жастарымыз. Экран арқылы бізге батыстың былығы құйылды ма? Құйылды. Жертөлелерде балалар порнография көріп отыратын. Соның нәтижесі не болды? Суицид, жаппай ажырасу, гомосексуализм, алкоголизм, нашақорлық, жезөкшелік бізге келді. Қазір осылар жастарымызды аздырып жатыр. Осынау қылмыстар кешегі полиция жоқ, түрме жоқ, прокуратура жоқ, театр жоқ ұлы далада болып па еді, Нұреке? Жоқ, болған жоқ. Қалай болмады? Қазақтың үйіне қол салмайтын, есік ешқашан құлыпталмайтын. Ол ненің арқасы? Қазақтың жүрегіндегі иманның арқасы. Тек қана иманның арқасында осынау Ұлы дала халқында жария еткен қылмыстардың біреуі де жоқ, ұждани-моралдық тұрғыда батыстан он есе жоғары, он есе таза ұлт болды. Неге біз батыс салған жолмен жүруіміз керек? Бұл өзімізді тұйыққа тіреу емес пе? Батыс азғындығына ұрыну емес пе? Олардың технологиясы дұрыс, киімді жақсы тігеді. Оны алайық. Ал бірақ осылардың моралдық ұстанымының бізге бір тиынға қажет жоқ, ағайын. Яғни, Қазақстан батысқа да еліктемей, шығысқа да еліктемей өзінің ата-бабалары салған жолмен жүруі керек. Ата-бабаларымыз мыңдаған жыл бойы ұлы далада ғажайып социум ұйымдастырды. Батысты былыққа батырған сегіз қылмыстың бірі де ұлы далада болмаған. Ол өзіміздің дәстүрлі салт-санамыз, дәстүрлі дініміз, одан кейін Ясауи салған діни жол. Сол жолдың арқасында біз ерекше халық болып қалыптастық. Сондықтан да сонау 40 жылдары өзіміз нанға жарымай отырып, бала-шағамызды баға алмай отырып, екінші бөлмесіне не орыстың бала-шағасын, не кәрістің бала-шағасын, немісті бала-шағасымен орналастырды ғой. Бүгінгі миллионерлер бір оралманға қолын созды ма? Оралман тұрмақ ағайынын үйге кіргізбейтін жағдайға жетті. Бұл да батыстың бізге жұқтырған индивидуализм деген кеселі. Ол эгоизмнен туады. Адамға берілген азаттықты батыс абсурдқа айналдырды. Ядролық қарумен қыру ғана қалды, басқасының бәрін бастан кешті бұлар. Ұятты жинап қойды, дәстүрлі отбасын құртты. Ол бізге де келіп жатыр. Кеше ғана 8-наурызда не болды? «Ни бога, ни мужа, ни господина» деген гендерлік саясаттың туын көтеріп, Жібек жолына шыққан әйелдер болды. Ол батыстың баяғыда көтерген туы. Дәстүрлі отбасын құрту үшін гендерлік саясат, әйел теңдігі деген әдемі ұран ойлап табылды. Ал осының ар жағында біз сияқты ұйып отырған ұлттың берекесін алып, дәстүрлі отбасын жою. Батыста жойып болды, енді бізде жою керек болды. Мінекей, бізге келіп жатқан мәселелердің жаман-жақсысын ажыратпай аузымызды ашып, қылғыта береміз. Бұл бізді апатқа алып барады дегендей ой айтылды. Ең ғажабы, Президент осының бәрін жақсы қабылдап, жақсы тыңдады. Екі жарым сағаттық әңгіме біткеннен кейін «Бір марқайып қалдым» деп жібермей, тағы бір он бес минуттай әңгімелесіп тұрдық. Қысқаша айтқанда тамаша әңгіме болды. Президент өз ұлтының болашағын ойлап, сол жолда шаш ағартатын Президент деп білемін. Неге бұл мәселе 25 жылда көтерілді? Меніңше, бұл жерде мойындау бар. Біз сәл уақытта бастамасақ, шынын айтқанда кемені шайқап алуымыз мүмкін. Кездесуде Ясауи деген фильмнің сценариін Президентке беріп, әділін өзіңіз айтыңыз дедім. Осы күнге дейін кинематографистер мен министрлік бұлтақтап, бір шешімге келе алмай жүрген еді.