"Жаңаталаптан" шыққан жампоз

"Жаңаталаптан" шыққан жампоз

"Жаңаталаптан" шыққан жампоз
ашық дереккөзі

Атақты өнертапқыш Жамбыл Балбыров жайында сөз

Республикамызға есімі белгілі комбайнер-жаткашы Жамбыл Балбыров естеліктерінде: «1936 жылдың 12 желтоқсанында  Бозарықта тудым және 1955 жылдан бастап механизатор болдым», – деп жазыпты. Қарапайым еңбек адамы, жетімдіктің ауыртпалығын басынан өткізген Жамбыл 10-12 жасынан колхоз ұстасы болған әкесі Балбырдың қасында пешке көмір салып, көрік басып жүріп, өзі де ұсталыққа бейімделіп кетеді. Балбырдың ұсталығы баласы Жамбылға, Жамбылдың ұсталық өнері балалары Бақыт, Қалтайға да дарып, жалғасын тапты. Белгілі журналист, ақын Зордан Салықбаев өзінің «Ұста дүкені» атты әңгімесінде: «...Екі жеңін қарына дейін түріп тастап, сылыңғыр қара кісі – ұста қолындағы ұзын қысқашпен дискіні қысып алып, қып-қызыл шоққа қақтады. Қапсағай қара кісі еді, қызарғаны да байқалар емес. – Бас, – деді ешкімге назар аудармастан. Он үш-он төрт жастар шамасындағы қара борбай қағілез бала – Жамбыл көріктің тұтқасын жіберіп, тартып жұмысына кірісті. Маңдайы жіпсіді. Таңдайы кепті. Қабырғасы қайысты, қары талды», – деп, Ж.Балбыровтың ұста дүкенінде алғашқы еңбектерін көркем тілмен көріктендіріпті». Әке ұстаханасы – Жамбылдың шын мәніндегі алтын ұясы. Оның Жаңаталап жеті жылдық мектепті бітірісімен әрі қарай оқуға мұршасы болмады. Он екі жасында анасынан, 17 жасында әкеден айырылған Жамбыл қарындасы Жібек пен Қаржауды жетілдіруі керек еді. Алғашқыда шопанға көмекші, жарты жылдай тракторшыға көмекші болды. Іле-шала Мәдениет МТС-ы жанынан ашылған 4 айлық курста Оспан Мүйтенов, Өмірзақ Ысқақов, тағы басқа бір топ жастармен бірге оқып шықты. Бұл 1955 жылы болатын. Жаңаталап колхозына келіп, байырғы тракторшылар: Зәбар Қожахметов, Ағзам Сарымбетовке көмекші бола жүріп, «Нати» тракторын тізгіндей бастады. 1959 жылы ауылдасы Еркебайқызы Орынкүлмен отбасын құрды. Олардың Бақыт, Қалтай, Мәнзура, Ертай, Ербол, Мәнсия атты ұл-қыздары, іні-қарындастары Қаржау, Жібек, Орынбек, Күлзаш – бәрі де өмірден өз орнын тапты. Колхоз тұсында жұрт қатарлы еңбек етіп, онша көзге түспеген оның бақ жұлдызы кейін жанды. 1963 жылдан бастап Қызылорда облысында күріш егуге айрықша мән беріле бастады. Осы тұста Ж.Балбыров комбайн жүргізіп, жатка тұтқасын ұстады. Көктем-күзде трактор айдап жер жыртса, енді бірде комбайн мен жатка руліне отырды. 1963 жылғы еңбек көрсеткіші жоғары бағаланып, Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің қола медалін алғаш рет омырауына тақты. Аудандық жарыста 1963 жылы жеңімпаз атанса, 1964 жылы облыс жеңімпазы атанып, «Құрмет белгісі» орденін алды. Өзінің естелігінде Жамбыл Балбыров былай деп жазыпты: «...1963 жылға дейін бұрынғы жылдары күріш орып, жинап алу өте ауыр болатын. Күріш ору мен жинауға алыстан студенттер, елдегі мектеп оқушылары көбірек қатысатын. Сол жылы ауылға батпақта жүруге арналған жалпақ табан «СКД-5» комбайны келді. Бұл тікелей күріш орап бастыратын комбайн болатын. Нәтижесінде шала піскен ылғал күріш орылып, бастырылғанда, иеленісіп бункерге күріш түспейтін. Ысырап көп болды. Мен соны бөлектеп оратын етіп жасауды ұсындым». Осындай машақаттан құтылудың жолдарын ойланып, қолы босаса тәжірибе жасап көріп жүрді. Бұл ойын совхоз директоры Алдаберген Бисеновпен, өндіріс басқармасының бас инженері Назарқұловтарға айтып мақұлдатқанымен, олар аудан басшыларының алдынан өту керек деп аудан орталығына жол тартады. Трактор, жатка мен комбайнның құлағында ойнаған Жамбыл комбайнның жатка бөлімінен жылжымалы транспортер мен өруші барабанды алып тастап, молотилка бөлімін мотордан ажыратады. Осы тұста бас бармағын шайнатып алғаны да бар. Сөйтіп, совхоз және өндіріс басқармасындағы инженер-механиктермен бірге алғашқы сынақты бастап, сол күні 12 гектар күрішті бөлектеп орады. Көп ұзамай Ж.Балбыров осы жаңалық жасаған техникасымен бір маусымда 170 гектар жердің күрішін орды. 1964 жылы аудан бойынша жеңімпаз атанды. 1965 жылы 150 гектар, 1966 жылы 200 гектар жердің егінін жинады. Сөйтіп Ж.Балбыров есімі 1964 жылдан 1980 жылдарға дейін дүркіреп, бүкіл республикаға кең танылды. Жағымды жаңалық «Жаңаталап», Жалағаштан асып, бүкіл облыс көлеміне тарады. Алғашында ауданда, кейіннен облыстық, республикалық семинар-кеңестер өткізілді. Өнертапқыш Ж.Балбыровтың бұл жаңалығы өндірісте 1968 жылға дейін қолданыста болды. Өнертапқыштың жобасы бір комбайнға қызмет ететін 6-7 адамды қысқартып және күріштің сапасының артуына жол ашты. Оның осындай жетістіктері жоғары бағаланып, 1966 жылы «Еңбек Қызыл Ту» ордені және Бүкілодақтық ауылшаруашылығы көрмесінің «Күміс» медалімен марапаттады. Ол 1968 жылы бір маусымда 280 гектар, 1969 жылы 300 гектар күрішті орнын бастырды. Осы жылы Жамбыл «ЖВН-6» жаткасының ағаш мотовиласын эксцентрикті мотовилаға ауыстырады. Бұл айқыш-ұйқыш жатып қалған күріштің сабақтарын ораққа іліп алып беруге қолайлы етіп жасалған. Бұл өнертапқыштық ретінде бағаланды. Сондай-ақ ол «ЖРК-5» жаткасы қайта жасақтап, жоңышқаны да орған. 1969 жылдан бастап аудан, облыстағы механизаторлар Ж.Балбыровқа хат жазып, оның үндеулерін әрдайым қолдап отырды. Сол жылдардағы Жақаевшылар қозғалысына үн қосқан, еңбекқор азаматтың бірі болды. Еңбек адамы, комбайнер, жаткист Жамбыл Балбыров жайлы Ұзақ Бағаев, Байжігіт Әбдіразақов, Ахметжан Нұрекеев, Ақберген Ержанов, Қалмахан Нұрғалиев, Зордан Салықбаев, Тынышбек Дайрабайлар мақала жазса, ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, Қомшабай Сүйінішев, Сағындық Баймаханов, Ұзақ Еспанов өлең арнаған-ды. «Еңбегіне қарай зейнеті» демекші, Ж.Балбыров «Жаңаталапта» алғашқы «Москвич 412» автокөлігін мінді. Ол кісінің өмірден өткеніне де үш жылдан асып барады. Бірақ оның еңбегі ұмытылмақ емес. Өйткені ел үшін жасалған еңбек қашанда ел есінде болмақ.  

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

жазушы-журналист