«Алтын сапа» сыйлығы компанияларды түрлі тексеруден босата алады

«Алтын сапа» сыйлығы компанияларды түрлі тексеруден босата алады

«Алтын сапа» сыйлығы компанияларды түрлі тексеруден босата алады
ашық дереккөзі

Еліміздегі өнім сапасын арттыруға ерекше ықыласты Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдан бастап «Алтын сапа» сыйлығын тағайындаған. Қазақстанда өндірілетін өнім­дердің, көрсетілетін қызмет­тердің сапасын арттырып, Қазақ­стан нарығын бәсекеге қабілетті етуді көздейтін байқауға биыл біршама өзгерістер енгізілді.

Биыл тұңғыш рет «Алтын сапа» сыйлығынан жеке кәсіпкерлер де үмітті бола алады. Ең басты жаңалық – биылдан бастап «Алтын сапа» жүлдесін иеленген компаниялар түрлі тексерулерден босатылады және сыйлықты иеленген компаниялар мемлекеттік сатып алуда ұзақмерзімді шартқа қол қоюға мүмкіндік алады. «Алтын сапа» иегерлерінің мемлекеттік қамқорлыққа ие болатындығы туралы Қазақстанның Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы төра­ғасының орынбасары Нұржан Әлтаев мәлім етті. 2015 жылдан бастап Президенттік «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақ­с­­­­­­­­танның үздік тауары» көрмесін ұйымдастыру Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүктелді. «Шетелде осындай байқауларды кәсiпкерлер өздерi өткiзедi. Биылдан бас­тап, сыйлық иегерлерiн анықтау комиссиясының құрамы да өзге­редi. Ендi үкiметтiк органдар емес, комиссия мүшелерiнiң 80 пайызы әр салада қызмет ететiн кәсiпкерлерден құралмақ. Қазақстанның тұтынушылар лигасы қоғамдық ұйымы да осы комиссияға мүшелiк етедi, себебi тауар тұтынушыларының пiкiрiн де ескеру қажет», – деді Нұржан Әлтаев.

Сонымен қатар, сапа стандар­тының жоғары деңгейін алған кәсіпкерлер мемлекет тарапынан біршама ынталандырушы жеңілдіктер мен басымдықтарға ие болмақ. Қазір олар тек «Алтын сапа» белгісін төрт жылға жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына ие. Сондықтан, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзге де ұсыныстар енгізбек. «Бiз одан басқа бiраз ұсыныстарды енгiзiп отырмыз. Оның iшiнде 3-4 жылға оларды тексерiстерден босату мәселесi де бар. Сондай-ақ оларға мемлекеттiк сатып алуларда және ұлттық компаниялардың сатып алуларында ұзақмерзiмдi келiсiмшарт жасау құқықтарына ие болу мүмкiндiгiн қарастырамыз. Бiздiң мемлекетiмiзде жыл сайын 9,5 триллион теңгеге сатып алу конкурстары өткiзiледi. «Алтын сапа» белгiсiне лайық болған ең сапалы тауар өндiрушiмен бiз неге ұзақмерзiмдi келiсiмшартқа отырмаймыз?! Оны жасау үшiн бiз заңдарға бiраз өзгерiс енгiзуiмiз керек. Ал бұл жеңілдіктер келесі жылдан бастап күшіне енуі мүмкін», – дейді Нұржан Бауыржанұлы.

«Алтын сапа» президенттік байқауының үздіктері биылғы жылы үш аталым бойынша анықталмақ. Олар: «Өндірістік бағыттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіп­орын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын». Байқауға қатысушылар 2015 жылдың 1 шілдесіне дейін қатысу туралы өтініш беруі керек. Аталмыш сыйлық тиімділігі жоғары сапа менеджментін сәтті енгізген және сапалы тауар, қызмет көрсету саласында табысқа жет­кен кәсіпорындарға ғана бұйырады. Ал дипломанттар «Алтын сапа» сыйлығының эмблемасын төрт жыл бойы жарнамалық мақсаттарға пайдалана алады.