12 Сәуір 2017, 10:50 1132 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Грекиялықтардың 40 пайызы коммуналдық қызмет ақысын төлей алмай отыр

Грекияның әрбір үшінші тұрғыны былтыр мемлекетке салық төлеуден жалтарған деп хабарлайды 24.kz. 

Бәріне қыспаққа алған экономикалық дағдарыс себеп. Күрделі жағдайдың салдарынан бүгінде ел тұрғындарының 40 пайызы коммуналдық қызмет үшін де ақы төлеуге қауқарсыз. Мәселен, Костас Аргиростың отбасы Грекияның мемлекеттік энергетикалық корпорациясына 850 еуро қарыз. Сондықтан әйелі шағын газ плитасына тамақ әзірлеуге мәжбүр. Өйткені отбасының тұрақты табысы жоқ.Бүгінде Эллада елінде Костас секілді жұмыссыз сенделіп, бала-шағасын асырай алмай жүрген жандар аз емес.

Костас Аргирос, жергілікті тұрғын:

- Біз бөлмені жарықтандыру үшін қуаты 2 не 5 ваттық шамдарды қолдануға мәжбүрміз. Мына түрімізбен көру қабілетінен айырылатын шығармыз. Суды жылыту құрылғыларын көп болса, 5 минутқа қосып аламыз. Өкініштісі сол, балаларымыз да осыған үйреніп қалған.

Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді қайырымдылық ұйымдары азық-түлікмен қамтамасыз етіп, қолдан келгенше көмек көрсетіп-ақ жатыр. Кейде тіпті электр энергиясын тұтыну бойынша кететін шығындарды төлеуге дейін барады.

Яннис Нафплиотис, «Теофилос» ұйымының негізін қалаушы:

- Бұл – күрделі мәселе. Тұрғындар бізге күнде көмек сұрап келіп жатады. Бәріне жәрдемдескіміз келеді. Алайда бұл мүмкін емес екені айтпаса да түсінікті.

Күн сайын мемлекеттік энергетикалық корпорацияның кассасы алдында ұзын-сонар кезек пайда болады. Мұнда зейнеткерлер де, жұмыссыздар да бар. Олар берешектерін кешіріп, өсімақыларды алып тастауды сұрап келеді.

Гректердің мемлекеттік энергетикалық корпорацияға берешегі 2 жарым миллиард еуродан асып жығалады. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар электр энергиясын ұрлауға дейін барады. Солардың кесірінен корпорация жыл сайын 500-600 миллион еуро шығынға батады. Сондықтан өткен айда оның өкілдері қарызы бар тұрғындарға қатысты ешқандай да жеңілдіктер жасалмайтынын айтып, халықтан бар берешегін қайтарып алуға ниетті екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар