Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. «Қазақстан» атауы қалай қойылған еді?

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. «Қазақстан» атауы қалай қойылған еді?

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. «Қазақстан» атауы қалай қойылған еді?
ашық дереккөзі

"Ұлттық республика құруға ұмтылу" атты мақаланың жалғасы.

5.

1925 жылғы қыркүйекте БК(б)П Қазақ өлкелік ұйымын басқаруға Ф.И. Голощекин жіберілді. Қазөлкеком басшылығының Бесінші құрылтайдан кейін ауыстырылуында, әрі бірінші басшының Орталықтан келуінде мән бар. Өйткені Қазақстан Кеңестерінің Бесінші құрылтайында ұлт қайраткерлері қазақтың мем­лекеттік мүдделерін еркін көтеріп, елеулі шешімдер шығартқан-ды. Оң-солын танитын, зерделі, ірі саяси қызметкерлер екендіктерін, мемлекетті өздері басқаруға қауқары жететіндіктерін көрсеткен. Алайда соған қарамастан, жетекші сырттан әкелінді. Демек, тарихи Бесінші съезд табиғаты орталыққа ұнаған жоқ. Бұған оның жергілікті халықты бірінші кезекте жерге орналастыру жайындағы маңызды шешімдерінің орындалмауы дәлел. Әрі, жіберген басшысы – патша отбасын өлтіру сынды құпия тапсырма орындауымен даңқы шыққан, шаш ал десе бас алатын кәнігі большевик болып шықты. Бұл екі арада астыртын байланыс болғаны күмәнсіз.

Әйтсе де, патша заманынан өзекті жер-су мәселесін қайткенде шешу үмітін үзбестен, қазақ сая­саткерлері Ф. Голощекин өткізген үлкен партия форумында да ұлттық мемлекеттіліктің осынау түйінді шартын батыл да дәйекті қорғады. Тиісті, заңды қарар қабылдатты. Бірақ большевизмнің қитұрқылығы алуан қырлы, соның бірі – ұнатпаған ісін сиырқұйымшақтатып созып барып құрдымға кетіру. Ал Ф. Голощекин ондай тәсілді жете меңгерген. Ол қазақтың ұлттық мемлекеттігінің жер-су орайындағы көрінісіне қарсылығын бірден сездірмей, бірақ, большевиктік қулықпен, өз дегенін тез-ақ жүзеге асырды.

1925 жылғы 1-7 желтоқсанда өткен БК(б)П Қазақ өлкелік ұйымының 5-ші конференциясы өткен белесті «тарихқа қазақ жерін жинау кезеңі және қазақ мемлекеттілігін ұйымдастыру саласындағы алғашқы қадамдар ретінде кіреді» деп атады. Сосын «жерге орналастыру саласында – бірінші кезекте тұрғылықты халыққа, әсіресе отырықшылыққа ауыса бастаған көшпенділерге қатысты міндет қою керек. Сонымен бір мезгілде ұлттық азшылықтың отырықшы еңбекшіл шаруа тұрғындарының, әсіресе оның кедей және орташа бөлігінің тілектері назардан шығарылмасын», – деген қаулы алды. Жеткілікті дәрежеде әділ, басқа халықтың да мүддесін кемсітпейтін осы қаулы Голощекиннің большевиктік айла-амалы салдарынан орындаусыз қалды. Ал бертінгі партия шежірешілері оны – 5-ші өлкелік партия конференциясы «жерге орналастыру ісін ұлтына қарай кезектестіріп жүргізу керек деген қате қаулы алды», – деп, ашықтан ашық бұрмалай бағалады.

«Қазақстанның барлық партия­лық-мемлекеттік механизмін басқа­руға Москва қойған Голоще­киннің» осы орайдағы бір ісін кеңес баспасөзі негізінде, алыс Францияда отырған М. Шоқай былай түсіндірді: «Қазақстан ЦИК-і өзінің көпшілігі қазақ боп табылатын «басшылығымен» 1926 жылы мынандай шешім шығарды: Қазақстанға 1925 жылғы 31 тамыздан кейін өз бетімен көшіп келген орыс­тар жерге орналастыру кезінде, осы шешімге сәйкес, жер алу құқынан айрылатын. Олар не кері оралуға тиіс, немесе жерді жалға алу хақына разы болуы керек-тін. Бұл ретте олар жерді Қазақстан үкіметінің өзінен жалға алу керек еді, сөйтіп осындай ретте құдды «жекеменшік-капиталистік қанау» мүмкіндігіне орын қалмайтын-ды. ЦИК шешімі Қазақстанның 5-ші партиялық конференциясының, яғни республиканың жоғарғы заң жасау­шы органының директиваларына негізделген болатын.

Голощекинге бұл шешім ұнамады. Бірақ, деп мойындайды Голощекин, «егер мен қарсы шыға қалсам, онда бір де бір қазақ дауысын ала алмаған болар едім». Енді сөзді Голощекиннің өзіне берейік: «Мен аздап қулық жасадым да, комиссия құру керек дедім. Келісті. Бірақ комиссия мәжілісіне барар алдында Әлібеков жолдасты, басқаларды шақырып алдым да, не мәселе екенін түсіндірулерін сұрадым. Мынандай жәйт анықталды: ЦИК-тің (өз бетімен көшіп келгендер жөніндегі) шешімін орындау барысында орыстардың 40–50 мың отбасына не кері көшуге, немесе жерді жалдап алуға тура келеді екен... Сосын, комиссия мәжілісіне келіп, мен былай мәлімдедім: «Жолдастар, бұларың өтпейді. Орыстардың 200 мың адамын кері көшіріп жіберерліктей – сендердің қарулы күштерің бар ма? Олардың қайтадан өз орындарына қайтарылу шығынын көтеретіндей – сендердің ақшалай қаржыларың бар ма?»

Голощекинге «қазақ еңбекшілері тағдырларының жетекшілері» қалай жауап берді дейсіз ғой? Голощекин арсыздықпен: «Олар ұялды... Менің дәйектеріммен келісті... Ұнамсыз шешімнің күшін жойды...» – деп әңгімелейді».

Ф.Голощекин Бесінші парткон­ференцияның жоғарыда мәтіні келті­рілген, тарихи әділдігі күмәнсіз, республикадағы басқа ұлт өкілдерін кемсітпейтін шешімін орындалмаған қалпы қалдырды. Ақыры Алтыншы конференцияда жаңа қарар арқылы бұзды. Ол жайлы М.Шоқай жасаған талдауға молырақ көңіл бөлуіміз – Еуропадағы саяси эмигрант-қайраткердің дер кезінде, сол шақта қолына түскен газет материалы негізінде, сыни көзқарасын дәл тұжырымдай алғандығын атау қажеттігінен туып отыр.

Сол да, одан да басқа саясаткерлер пікірлері де, ең бастысы, құжаттардың түпнұсқалары қолдарында бола тұра, өздеріне қажеттерін тарихи контекстен жұлмалап бөліп алып, өздерінше теріс мән беру, бұрмалап түсіндіру – өкінішке қарай, партия тарихшыларының үйреншікті әдеті болғанына осы орайда тағы бір назар аудару ләзім: «Күн тәртібіндегі мәселелердің бәрін партия саясаты рухында шешкен конференция, – деп жазды, мәселен, тоқырау заманының кеңестік ғалымдары «Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очерктерінде», – бірақ, жерге орналастыруды ұлттық белгі бойынша кезектестіру туралы қателігі аса терең, лениндік ұлт саясаты принциптеріне және жерге орналастырудағы таптық көзқарасқа қайшы нұсқауды қабылдады...»

Осы қорытындыны сол 5-ші конференциядан кейін әлденеше ондаған жылдар өткен бергі заманда-ақ жасап отырған Қазақстанның партия тарихы институты ғалымдарының мына шындықты білмеуі мүмкін емес: «Қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және кеңес үкіметінің күллі арсыздығын түсіну үшін мынаны білу керек – патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 млн. десятина шамасындағы ең жақсы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынған болатын, соған байланыс­ты кеңес үкіметі ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан былай деп уәде берген: құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді...» Алайда БК(б)П Орталық Комитеті өз эмиссары Голощекиннің қолымен ондай уәденің баршасын тәрк етті. Республиканың саяси басшылығы Қазаткомның жоғарыда аталған шешімін Ф.Голощекин айтқандай «ұялғанынан» өзгертті дей алмаған болар едік. «Жоқ, – дейді М. Шоқай да, – «қазақ еңбекшілерінің жетекшілерін» «ар-ұят» емес, қорқыныш биледі, өйткені оларда Голощекин айтқан басты аргумент: өзінің ұлттық қарулы күші жоқ болатын, ол әлі де жоқ...»

Әділет тұрғысынан айту керек – ұлттық мемлекеттік құрылым тетік­терінің бірі – республиканың қарулы күшін жасақтаудағы бірлі-жарым рабайсыз қадам Бесінші съезде сөз болған-ды.

Істелген аз шаруаның биік мағына­сын салыстырмалы түрде таныту мақсатында – тарихқа шолу жасалған: «Патша үкіметінің қазақтарды әскери қызметке шақырмағаны баршаға белгілі, – деді С.Меңдешев үкімет жұмысы туралы есебінде, – бірақ бұдан патша үкіметі қазақтарды қауіп-қатерге ұшыратқысы келмеді деп ойламау керек, ол қазақтарды қаруландырудан қорықты, содан, патша уақытында қазақтарды әскерге шақыру мәселесі көтерілген шақтың бәрінде, қазақтарды әскери қызметке алуға қарсылар әрдайым: егер қазақтың жас бұқарасын қаруландырар болсақ, ол қарудың кімге қарсы бағытталары белгісіз болар дейтін. Патша үкіметі... қазақтарды отар құлдары санатында ұстауға тырысатын».

Одан баяндамашы «ұлттық әскери құрамалар туралы» сөзін қазақтардың Қызыл Армия қатарына азын-аулақ өз еріктерімен кірген сәттері болған­дығымен сабақтады. Бірақ «Алашорда» Халық Кеңесі құрған іс жүзіндегі ұлттық құрамалар жайында жұмған аузын ашпады. Ол, әрине, мүмкін емес те жәйт еді. Себебі, «Алаштың Ойылдағы атты полкы» туының 5-ші съезд сахнасына ілінуін (мұны әйгілі «Өмір мектебінде» С. Мұқанов куәландырады) аңғарып қалған қазақ большевиктері құрылтай ашылардың алдында үлкен дүрбелең туғызған. Содан да болар, тек «қазақ ұлттық бөлімшелерінің Кеңес Одағы қарулы күштері құрылысының жалпы жүйесіне кіретінін» айтты. Сосын «18-ші жаяу әскер командалық құрамының мектебі өзгертіліп, Қызыл Армияның командалық құрамының КирЦИК атындағы 8-ші ұлттық мектебі» болғанын, оған 119 жас қазақ қабылданғанын, қазақ бөлімшелерін одан әрі де құра беру жөніндегі жұмыс жалғаса беретінін баян етті.

Бұл, жалпы Қызыл Армия құрылымы ішіндегі дербестігі жоқ әскери оқу орыны, шынында, болымсыз нәрсе еді. Голощекиннің оны шыбын шаққан құрлы көрмейтіні анық-тын. Сондықтан да М. Шоқайдың: «Қазақстандағы жер мәселесі «пролетар мемлекетінің» жоғарғы органдарының... тілегімен емес, «қарулы күшпен» қорқыту арқылы шешіледі... Голощекиннің сөздерін шұқшиып оқыңыз да айтыңыз: қазақ еңбекшілерінің тағдыры кімнің қолында? Арифметикалық саны көптің қолында ма, әлде пиғылын Мәскеу үкіметінің «қарулы күштерімен» дәйектейтін жалғыз Голощекиннің қолында ма?» – дегендері қазақ қасіретінің түп-тамырын, Қазақстан саяси басшылығы еркінің мүмкіндігі өте-мөте шектеулілігін танытады.

Дегенмен, ұлттық мемлекеттік үшін күрес бағытынан қазақ қайраткерлері халық шаруашылығын қалпына келтіру дәуірінің соңғы жылында, яғни 1925 жылғы Ф. Голощекин билікке келген кезде, бірден тая қойған жоқ. Ұлттық мүддені күйттеген күрестің тағы бірер әлсіз серпілістері Орталық эмиссары алдында да көрініс берді.

Қазөлкекомның 1925 жылғы 19 қазандағы Бюросында Қазақ Республикасы территориясынан Орынбор губерниясын бөлудің нақты жұмысы қаралды. Қызу талқылау үстінде бюро мүшелері ВЦИК комиссиясында жұмыс істеп қайтқан Өлкеком жауапты хатшысы Филипп Голощекин мен бюро мүшесі Смағұл Садуақасовтың іс нәтижелеріне наразылықтарын жасырмады. Сонда Қожанов, табанды түрде талап етуі нәтижесінде, өз пікірін «Айрықша қабылдатып», хаттамаға қоса тіркетті. Сол ерекше пікір мәтінімен танысайық:

«Қожанов жолдастың ұсынысы. ҚКСР-дің барлық шет аймақтарында байқалып отырған, ұлттық азшылық (орыс, өзбек және басқалар) тарапынан бөлінуге ұмтылу қозғалыстары шығуына және осы қозғалыстың экономикалық мәні жөнінен маңызы әртүрлі қалаларды қамтуына байланысты, сондай-ақ олардың талаптарын мәселенің артын ойламастан байқамай қанағаттандырудың – ҚКСР-дің барлық ұйыстырушы-экономикалық орталықтарынан айрылуына, әрі Қазақстанның өзінің мемлекеттік бірлік ретінде іс жүзінде тарауына әкеп соғуы ықтималдығын ескере отырып, Орталық Комитеттен мынаны ескеру сұралсын: Орынбор губерниясымен шекара мәселесі және басқа аудандардағы ұлттық азшылықты бөліп шығару мүмкіндігі, ең бастысы, ҚКСР-дің ұлттық республика ретінде мемлекеттік сипатпен өмір сүруін бекем қамтамасыз ету тұрғысынан қаралатын болсын».

 6.

1925 жылғы 6 қаңтарда Компар­тияның Киробком бюросы ҚКСР-дің Өзбекстандағы өкілі етіп Санжар Аспандиаровты, оның орынбасары лауазымына Темірбек Жүр­геновті ұсынған болатын. Бірі кезінде Түркістан Республикасының көрнекті партия және мемлекет қайраткері болған, екіншісі бұдан бұрын сол Түркреспубликадағы Қазақ Республикасының өкілі болып істеген осы екі азамат Өкілдік қызметін жаңа жағдайда жолға қоюда едәуір еңбек сіңірді. Ақыры, сол жылғы 30 қарашада өткен Қазөлкеком бюросында, Т. Жүргенов Қазақ Республикасының Орта Азиядағы өкілдігі атынан баяндама жасап, экономикалық межелену нәтижелерін әңгімеледі. Сосын, жіктеу жүргізілгеннен кейін Қазақстан шекарасынан тыс қалған ортаазиялық қазақтар жөніне тоқталды.

Орта Азия республикалары аумағын­дағы қазақтардың көбі Өзбек­стан шегінде тұратын. Өкілдіктің өз тарапынан жүргізген статистикалық есептері бойынша: «Заравшан облысында 200 мыңдай және Ташкент облысында да 200 мыңдай қазақ бар. Заравшан облысындағылар – көшпенділер, ал Ташкент облысындағы қазақтар – отырықшы-жер өңдеушілер, өзбектермен бірдей интенсивті ша­руа­шылық жүргізіп, егіншілікпен шұ­ғылданады». Ташкент облысындағы қазақ қожалықтарының экономикалық үлес салмағын Өкілдік Заравшан облысындағы қазақ қожалықтарының экономикалық салмағынан гөрі құн­дырақ әрі жоғары деп есептейді.

«Заравшан облысында біздің қатысуымызбен автономиялық қазақ ауданы құрылды, – деп хабарлады Т.Жүргенов. – Ал Ташкент облысындағы қазақтардың құқықтық ахуалына келсек, оның (қазақ қожалықтарының экономикалық үлес салмағы елеулі бола тұра) дұрыс жағдайда емес екенін айтуға тиіспіз».

Сосын Орта Азия республикаларында тұратын қазақтардың өз тіршіліктерінде бой көрсеткен әр мәселе бойынша ҚКСР Өкілдігіне жүгіріп келуді әдетке айналдырғанын әңгімеледі. Соларын олар әлі жалғастыруда. Қызылордаға да барып жүр. Өздері үшін қолайсыз әртүрлі жағдайдан қорғану үшін солай етеді. Экономикалық және территориялық жіктеу өтсе де, сөйтіп олар бұрынғыдай, өмір сүріп тұрған күйі, өзге республика территориясында қалып қалса да, солай етуде. Өйткені ол жақтардағы қазақтарда күні бүгінге дейін мынандай өзгермейтін ой бар: ұлты қазақ екен, демек олар Қазақ Республикасының азаматы.

Бұл мәселеге өзбектер де солай қарайды. Өкілдіктің ойынша, осы мәселені реттеудің ең жақсы жолы ретінде – Өзбек КСР Ташкент үйезінің қазақтарын жеке әкімшілік единицаға бөлу дұрыс болар еді. Осы есеп беріп отырған кезеңде, яғни 1925 жыл бойына Өкілдік араласып шешкен шаруа – қазақтардың өздері өмір сүріп жатқан үйездеріндегі Өзбекстанның кеңес және партия органдарына пропорциялы түрде өкілдерін жіберулеріне мүмкіндік берілуі.

Қазақ Республикасы территориясында тұратын өзбектер туралы Жоспарлау комитетінің бастығы Абылай Серғазиев әңгімеледі, оларды экономикалық-аумақтық дербес единицаға бөлудің мүмкіндігі жоқтығын айтты. «Біздің территориядағы өзбектер шашыраңқы, – деді ол. – Мәселен, Әулие-Ата, Түркістан, және Шымкент аудандарының бір бөліктерінде шашырап, қазақ бұқарасының ара-арасына тамшылап себілген сықылды боп жатыр. Сондықтан оларды аумақтық және экономикалық тұрғыда біріктіру – іс жүзінде қиын».

Түркреспубликада жауапты қызмет­тер атқарған, ондағы жағдайды жақсы білетін, әрі Өкілдік міндеттерін жүзеге асыруға қатысқан А. Серғазиев одан әрі, Бюро мүшелері алдында Орта Азиядағы қазақтардың шоғыр-шоғыр боп тұрып жатқан бұқаралық топ екенін дәлелдеп айтты. Олар бір-бірімен тығыз байланысқан жағдайда өмір сүруде. Өзбек бұқарасы ішінде тарыдай шашылып жатқан жоқ. Солай дей келе, межелеу науқаны салдарынан Өзбекстан аумағында ата қоныс, жер-суымен бірге бөлініп қалып қалған қандастар жайын, Т. Жүргеновтің айтқандарына қосымша дәлел ретінде, былай сабақтады: «Қазақтар тұтастанып, орталыққа қарай сынаша сұғына қоныс тепкен. Әрі іс жүзінде Ташкент қаласын қоршап жатыр. Егер осы мәселеге ұлттық нышан тұрғысынан келсек, қала түбіндегі ауданның 70 мың халқы тек отырықшы боп отырған қазақтардан тұратынын көреміз. Және екінші жағынан, Ташкент маңында 120 мың көшпенді қазақ бар. Барлығы бір ауданда 200 мыңдай қазақ тұр. Сосын олармен қатар біздің қырғыздар мен қазаққа туыс құрамалар тұрады, олар өздерін біздің кейбір жа­уапты қызметкерлердің үгітімен өзбекпіз деп атаған. Қалай еткендерін, олар қырғыздардың бір бөлігін де өзбек деп жазғызды».

Большевиктер Орта Азияны жіктеу үшін қолдап туғызған ұлтшылдықты өзбек белсенділері өз тайпаластарының мөлшерін жасанды түрде өсіруге ұтымды пайдаланды. Сөйтіп, тар ұлтшылдыққа ұрынып, басқа түркі туыстарының да тең дәрежеде дамуына септесуді ойлай қоймады. Сол мәселе, міне, ресми түрде Өлкекомның жаңа басшысы, Орталық Комитеттің сенімді өкілі Ф. Голощекиннің алдында қозғалды. Іс жүзінде қазақтардың тарихи атамекені бөлшектенгеніне нұсқалды. Осы уақытқа дейін Қазақ өкіметінің Өзбекстандағы Өкілдігі қолынан келгенше назар аударып келеді: «Бұхарада көшпенді қазақтар бір аумақта шоғырланып тұрады. Өкілдік оларды дербес ауданға ұйымдастырып-біріктіруге қол жеткізе алды». Алдағы кезде «Ташкент облысында ұлттық белгісі бойынша екі дербес үйезді жеке әкімшілік бірлікке бөліп, тікелей Ташкент облаткомына бағындыруға болар еді». Ал бұған Қазақстан басшылығының қамқорлығы қажет.

Алайда бұл ұсыныстардың бәрі Орталық эмиссарының назарына ілікпеді. Оның мәселені шеше қояйыншы деген құлшынысын тудыра алмады. Қазақстанда қалауынша әрекет етуіне Орталық Комитет тарапынан пұрсат алған большевик Голощекин ұлттық қайраткерлермен санасуды қаперіне де алмаған деп санауға толық негіз бар. Ол қазақ қызметкерлерінің ұлттық мемлекеттілік үшін күресін өз мәнінде елеген емес. Қайта, есебін тауып, оған теріс сипат беріп жүрді. Өзі келерден бірнеше ай ғана бұрын өткен Қазақстан Кеңестерінің 5-ші Күлліқазақ съезі қарарларын орындау қажеттігін ешқашан көтерген жоқ. Керісінше, съезд қабылдаған жерге орналастыру хақындағы аса маңызды шешімді көпе-көрнеу жойғызумен шұғылданды.

7.

 Дегенмен орталықтағы партия-кеңес билігі мен оның эмиссары Голощекин қазақ жері мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаған тұңғыш құрылтайдың тәуелсіз ел мүддесін көздейтін көп шешімінің ішінен біреуін мойындады. Ол шын мәніндегі тарихи шешім болатын. Тарихи шешім ретінде құнын ешқашан жоймайтын құжат. Қабылдануы Сұлтанбек Қожанов есімімен тығыз байланысты сол қаулы өмірге төмендегідей жолмен келген еді...

Қазақ Өлкекомының екінші хатшысы, съезд делегаты С. Қожановтың Бесінші құрылтайдағы тарихи ұсы­ныстары қалай туғанын кеңестік құпия полиция жүргізген тергеу материалдары сыр шертеді: «Съезд аяқталуға тақалған, – деп көрсетті Ұлт театрының негізін салып, тұңғыш жетекшісі болған Дінмұхамед Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылдың соңында берген жауаптарында. – Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты, оның атын өзгерту мәселесі көтерілді. Ат ойластыра бастадық. Қызылорда деген атауды әуелі Қожықов (Қоңырқожа Қожықов, 1917 жылғы Түркістан-Қоқан автономиясы қайраткерлерінің бірі, сол шақтағы кеңес қызметкері, байырғы ағартушы, тарихшы-ғалым – Б.Қ.) ойлап тапты... қос есім, екі жақты да қанағаттандырады деді. «Қызыл»... большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Осылай атағанда екі жақтан да талас тумауға керек». Бұндай дәйектемеге бәріміз келістік... Содан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік. Қожанов президиумға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз (Қырғыз) Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақмешіт қаласының атын Қызылордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

Бесінші съездің стенографиялық есебіне қарағанда, Сұлтанбек Қожанов шынында да ұсыныстарын «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен. Құрылтай тиісті органдарды сайлау мәселесіне көшер алдында, төралқа ұсынысы бойынша, Қазақияның барлық еңбекшілеріне съездің үндеуін қабылдамақ болады. Төрағалық етуші үндеу мәтінін оқып шығады. Делегаттар оны қызу қол шапалақтап қуаттайды. Осы кезде Қожанов сөз алады да былай дейді:

«Бізде осы уақытқа дейін бір түсінбестік боп тұр. Киргиздер өздерін қазақпыз деп атайды. Мұны олар орыс казактарынан көшіріп алған жоқ, бағзы заманнан қазақ деп аталатын. Көшпенділердің алғашқы одағы қазақ делінетін, сондықтан орыс казактары осы атауды өздеріне бізден көшіріп алған деп ойлауға болады. Енді қазақ – «қазақ» деген сөздің орысшасы «киргиз» болар деп ойлайды. Декларацияда «Киргиз Республикасы» деп айтылған, ал Тоқжігітов жолдас оны оқығанында «Қазақ Республикасы» деп атады, яғни бұл – аударма. Бұл ескіліктің қалдығы екенін білетіндігімізден, мұны зерттеу керек. Бәлкім тәржімашылар, отаршыл күштерге жағынып, қазақтарды осылай атаған болар. (Зал күліп жібереді).

Айтпақшы тағы – киргизді (яғни нағыз қырғызды) қара-киргиз (қара-қырғыз) деп те атайды. Бірақ бұл қара-киргиз емес, оларды орыстар солай атаған. Біз жәй ғана қазақтармыз, ал қырғыздарды қазақтардан ажырату үшін оларды қара-киргиз деп атаған. Енді, болашақта киргизді қазақ деп, ал республиканы Қазақтікі, яғни Қазақстан деп атауды заңдастыру керек.

Мен осы атауды бекітіп, сон­шалық­ты әдемі емес таңбаны жуып тастау­ды ұсынамын. Кеңестердің Бесінші Бүкілкиргиз съезі «қазақ» атауын кир­­гиз халқының аталымына және «Қазақстан» атауын Киргиз Республикасына беруді заңдастырсын».

Ұсыныс қол шапалақтаумен қар­сы алынды. Қолшапалақ дыбысы ба­сыл­ғанда, құрылтай төрағасы алдымен Қожанов сөйлердің алдында жария етілген құжат жобасын – Съездің үндеуін дауысқа қояды. Үндеу бір ауыздан қабылданады. Сосын: «Келесі ұсыныс: Киргиз Республикасына – Қазақ Социалистік Кеңестік Респуб­ликасы деп қайта ат қою», – дей бергенінде жұрт ду ете түсіп, қол соғып жібереді. «Мен бұл қол шапалақтауды осы ұсыныстың бірауыздан қабылдануы ретінде ұғамын», – дейді де, төрағалық етуші келесі мәселеге көшеді. «Қазақ ССР-інің орталығын Ақмешіт қаласына көшіруге байланысты, кезінде респуб­лика ЦИК-і Ақмешіт қаласында жолдас Ленин атындағы халық үйін салу туралы шешім қабылдаған еді», – дей келіп, соған байланысты атқарылмақ жұмыстарды жария етті. «Осы үйдің құрылысына бір кірпіш қаламаған бір де бір еңбекші болмауға тиіс», – деген ойымен бірге съездің төралқасы атынан тиісті ұсыныс білдірді.

Сол қабылданып болысымен, С.Қо­жанов тағы да сөз алды. Өз ұсы­нысын айту үшін. «Ақмешіт қаласы патша үкіметі жаулап алғанға дейін Ақмешіт аталатын, – деп бастады ол жаңа ұсыныс білдірер сөзін. – Патша өкіметі кезінде граф Перовскийдің құрметіне Перовск боп өзгертілді. Революция оған қайтадан ескі атауын берді. Бұрын қалай аталса да, ол артта қалған, қатардағы жұпыны қала болатын. Кеңестердің Бесінші съезін біз Қазақ Республикасы ғұмырындағы күрт бетбұрыс деп санаймыз. Бұл съезді біз бірінші Съезд деп атаймыз. Бұл съездің Қазақ Республикасының жаңа орталығы Ақмешітте өтуі де оның мәнін арттыра түседі. Сөйтіп жұпыны Ақмешіт қалашығы Қазақ Республикасының орталығына айналып отыр.

Қаланың мән-мағынасы ауысуына байланысты, мен осы қаланың атын таза қазақы атауға өзгертсек деген ұсыныс енгіземін. Бұрын хандық құрылымдардың орталықтары болатын, мысалы – Ақ Орда дейтін. Атақты хан өз орталығын Көк Орда деп атаған. Ал біз өз орталығымызды Қызыл Орда деп атай аламыз. Мен орталығымыз Ақмешітті (Перовскіні) бұдан былай – Қызыл Орда деп атауды ұсынамын».

Қызу қол шапалақтаудан кейін «Қожанов жолдастың ұсынысы бірауыздан қабылданады».

Сонымен, барлық құжаттарда «Киргизия» дейтін ел бұдан былай «Қазақстан» деп аталатын болды. «Киргиз» делініп келген халықтың дұрыс атауы да өзіне қайтарылды. Әдетте оны қазақ тіліндегі тарихи әдебиетте «қырғыз» деп атап-жазып жүргенмен, біз мұның соншалықты дұрыс болмайтынын ескеріп, түп мағынасын сақтауды қаладық та, мақаламызда орысша аталуын қалдырып отырдық. Әрі сол Бесінші құрылтайға дейінгі мезгілде де қатынас қағаздарының орысша кеңселік жазуларының төменгі жағына бұлар араб әрпімен мүлдем қазақша жазылатын-ды. Мәселен «К.С.С.Р. (Киргизская Советская Социалистическая Республика) Российской Федерации... – деп басталатын 1924 жылғы кеңсе бланкінің қазақшасы сол маңдайша-жарнама астына араб әрпімен былай: «Русия құрамасы Тегістік негізде құрылған Кеңестік Қазағыстан республикасының...» – деп жазылған. Міне осы «киргиз» деген бұрмалау бұдан бұлай дұрысталып, «қазақ» деген тарихи дұрыс атаумен алмастырылды. Және аталған тарихи аталымдардың өз иесіне қайтарылуын заңдастыру Үлкен Қазақстанның өкілдік жиналысына жүзеге асырылды. Тұңғыш рет ресми түрде осынау Бесінші құрылтайда ұсынылып, бір ауыздан қабылданды. Қазақ Елінің біртұтастануын көрсеткен, мемлекетінің «Ұлттық Республика» ретінде рәсімделуін атап өткен Кеңестердің Бесінші съезі – Қазақ Республикасы ғұмырындағы «күрт бетбұрыс» санатында бағаланатыны және оның «Бірінші Съезд» болып есептелетіні тұтас еліміздің шартарабынан жиналған делегаттардың қатысуымен өткен сол құрылтайдың өзінде ауызға алынды.

Бесінші Кеңестер съезі барлық Қазақстан еңбекшілеріне Үндеуінде былай деп атап көрсетті: «Кеңестердің 5-ші Бүкілқазақ съезі – ҚАКСР еңбекшілері тарихына Қазақстан еңбекшілері тұратын облыстардың бәрін жинау кезеңін аяқтаған және ҚАКСР-дің ұлттық-мемлекеттік рәсімделуі қорытылған бірінші съезд ретінде енеді».

Алайда сонау әділ де дәл тарихи баға ізінше ұмыттырылды, бүгінгі әдебиет оған соншалықты зор мән бермейді. Мәселен, көп томдық «Қазақ ССР тарихы» 5-ші съездің халық атын түзеп, республика мен астана атауларын өзгерткенін, соған байланысты БРОАК-тің съезд шешімін бекіткенін ғана хабарлайды. Бұл сараң хабар мемлекеттік тәуелсіздік дәуірінде шыққан «Қазақстан тарихы» беттерінде де өзгеріссіз қалды. Ал бұл құрылтай – Қазақстан саяси басшылығының ұлттық мемлекеттілік үшін күресінің жемісі, Ресей Компартиясының Орталық Комитеті мүмкіндік берген ауқымда шыға алған ең биік шыңының көрінісі болатын.

Сол тарихи құрылтайдан кейін-ақ республикамыздың саяси басшылығы арасындағы ала-құлалық арта түседі. Ұлттық мемлекеттік үшін күрес басты бағытынан адасып, жеткен шыңынан төмен сырғи бастайды. Осынау әділетті күрестің қозғаушы күші болуға тиіс азаматтар БК(б)П-ның «большевиктік рухтағы» тәрбиесі салдарынан, бағдарын жоғалтады. Таптық көзқарасты игерулерімен бірге, ұлттық мемлекеттілікке қол жеткізу жолында жүргізілетін күрес майданын тастайды. Большевизм тұрғысынан биіктеп, ұлт мүддесі тұрғысынан азғындайды. Оған, әрине, шешуші әсерін республиканы билеуші Голощекин тигізеді.

Жоғарыда көрсетілгендей, делегаттар «Киргиз Республикасын – Қазақ Социалистік Советтік Респуб­ликасы» деп, яғни «Автономиялық» деген айқындауышты қоспай атауға дауыс бергенмен, мазмұны «Ресей құрамасындағы» автономия екеніне ешкім күдіктенбейтін. Қорытынды сөзінде Қазаткомның жаңа төрағасы Жалау Мыңбаев: «Автономияны біз Ресей пролетариатының жәрдемімен және басшылығы арқасында жеңіп алдық», – деді. Одақтық республика болу үшін, Ж. Мыңбаев сөзінен аңғарылатындай, әлі де сол көмекті пайдалана отырып, алдымен «нағыз автономия жасау керек». Яғни қазақ еңбекшілерінің әл-ауқатын арттыру, саяси, экономикалық, мәдени жағдайын жақсарту жолында алда талай-талай жұмыстар атқарылуға тиіс болатын.

Алайда Ресей Компартиясы Орталық Комитетінің Қазақстанға ұдайы жасап тұрған кадр жөніндегі «қамқорлығы» салдарынан бірінші басшылыққа келген Ф.И. Голощекин мұнда жаңа отаршылдық тұрғыда ғана сыпаттала алатын тарихи тәжірибелерді емін-еркін жасады. Ұлттың бетке ұстарларын да, өзін де аздырды. Сталиннің аузынан әзірге шыға қоймаған «Бәрін кадрлар шешеді» қағидасын большевиктік түйсігімен сезініп, кадрмен жұмысқа зор сенім артты. Кадрлардың сана-сезім, түйсіктерін «қырнап, тегістеп» («нивелировка жасап»), тек қана партияның шешімдерін, оның ішінде өзінің айтқандарын бұлжытпай орындайтын қызметкерлер буынын қалыптастыруға бірінші кезекте назар аударды. Қалған жұмыстың бәрі соларға – «ұлтшылдармен» ымырасыз күресетін тапшыл, большевик, нағыз солшыл кадрларға тәуелді еді.

Тарих көрсеткендей, «орыс проле­тариатының жәрдемі және басшылығы арқасында» құрылу үстіндегі «нағыз автономия» голощекиндік жаңа революция жасау әдісімен халықты есеңгіретіп, айтып жеткізгісіз ұлт­тық апатқа ұшыратты. Содан кейін барып, «маркстік тұрғыда әлсіз элементтердің» басым көпшілігінен біржола құтылып алудың өтеуі (іс жүзінде – көшпенді халыққа жасалған мемлекеттік қылмысты жасырып, біржолата ұмыттыру шарасы) ретінде, қазақтың қатты күйзеліске ұшыраған автономиялық республикасының мәртебесін одақтық дәрежеге орталық­тың өзі-ақ ың-шыңсыз көтеріп береді. Партия-кеңес басшылығы мұны ешқандай да ұлттық мемлекеттілік үшін жаңа күреске қайта жол бермей-ақ жүзеге асырды. Ал сонау қайғы-қасіретке тұнған салтанаттың бастауында – Ф.Голощекиннің ұлттың басқарушы элитасы арасындағы пікір өзгешеліктерін жікшілдік ретінде дабырайтып, білікті қайраткерлердің бастамашылдығын тұншықтыруын кең жолға қойған саяси қатерлі әрекеті жатқан еді.

Бесінші Кеңестер құрылтайы Қазақстан еңбекшілері атынан Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясын: «Езілген ұлттарды – жұмысшы табының шаруамен одағына сүйене отырып азат ету жөніндегі Лениннің ұлы өсиеті Қазақ республикасының саяси және шаруашылық қызметіне ұдайы жетекшілік ететін болады», – деп сендірді. Ал республика халқына жолдаған үндеуін: «Алдымызда – Қазақ республикасын экономикалық жаңғырту кезеңі, еліміздің өндіргіш күштерін көтеру үшін, ҚАКСР-ді мекендейтін бүткіл еңбекшілердің материалдық әл-ауқаты мен мәдени деңгейін көтеру үшін күрес кезеңі тұр», – деген шабытты сөздермен түйіндеп, халықты жасампаз істер даңғылына бағыттады.

Алайда тарих көрсеткендей, ол даңғыл бірден бастала қоймады. Аңсаған даңғылға 1932 жылдың ұлттық апаты душар еткен көл-көсір қайғы-қасірет, есеңгіреген халқымыздың еңсесін көтерген мәдени революция, «үлкен террор», екінші дүниежүзілік соғыс, елімізді жаңаша отарлаған тың дастаны, индустриялық өркендеу арқылы шығу бұйырған еді.

Шынтуайтқа келгенде, ұлттық дамудың шынайы даңғылына беттеуді бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз ғана мүмкін етіп отыр. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланған аумақ­ты тұңғыш рет бір шаңыраққа жинастырған оқиғалардың түйіні іспетті 1925 жылғы алғашқы өкілетті құрылтай – Қазақстан Кеңестерінің Қызылордадағы Бірінші съезі – ұлттық-мемлекеттік дамуымыздың ерекше белесі болып тұрары анық. 90 жыл ілгергі тағлымды белес. Оны ұмытуға болмайды. Одан сабақ алу ләзім.