Кореяда соғысқан қазақ қыздары (Тың дерек)

Кореяда соғысқан қазақ қыздары (Тың дерек)

Кореяда соғысқан қазақ қыздары (Тың дерек)
ашық дереккөзі

Ұлы Отан соғысы милитаристік Жапонияны жеңумен аяқталды. КСРО мемлекеті одақтастық міндеттемелерін орындай отырып, 1945 жылы 9 тамызда Жапонияға қарсы соғыс ашқан. Кеңес әскерлерінің солтүстік–шығыс Қытайда, Моңғол халық республикасы әскерлерінің қолдауымен жасаған жойқын шабуылы Квантун армиясын тізе бүктіруге мәжбүр етті.

Солтүстік-шығыс Қытай, солтүстік Корея жапон басқыншыларынан азат етілді. Жолсыз, таулы-орманды жорықта Жапонияны тізе бүктіруге қатысқан қиыршығыстық кеңес жауынгерлерінің қатарында қазақстандықтар, соның ішінде Орал облысынан шыққан байланысшы, десантшы, барлаушы қазақ қыздары да болды. Оларды атап айтсақ, Ермекова Қаламсия, Ниязғалиева Әзима, Үмбетова Мүслима, Ахметова Қалампыр. Ал Оралдан Қиыр Шығыс майданына осы қыздармен бірге аттанған Әлмағамбетова Қаным мен Есқалиева Үмітай соғысты солтүстік Корея жерінде аяқтап, елге жеңіспен оралған еді.

Қыз-келіншектерден құралған аэродром қызметін қамсыздандыру батальоны (Батальон аэродромного обслуживания – БАО) құрамында болған Қаным Әлмағамбетова мен Үмітай Есқалиева соғысты Кореяның Хедзио қаласында аяқтайды. Оны майдангер аналардың өз қолдарымен жазған ғұмырбаяндары мен әскери құжаттар, сурет деректері дәлелдейді. Корей халқының алдындағы интернационалдық парызын абыроймен орындауға қатысқан майдангер аналар өздерінің бұл әрекетін ерлік деп санамаған. Мұны олар тек Отан алдындағы міндетіміз деп түсінген. Бір өкініштісі жергілікті мерзімді басылым беттерінде де олар жайлы жариялана бермеген. Бұл жалпы майдангер қазақ қыздарының барлығына тән қасиет. Екі майдангер ананың соғысты Корей елінде аяқтағанын Қиыр Шығыс майданына қатысқан жауынгер Қаламсия Ермекованың әңгімесінен ғана біліп, іздестіргенімізде олар туралы ұзақ уақыт ешбір дерек таппай қойдық. Бұл ізденісімізді естіп, хабарласқан Ақжайық аудандық орталықтандырылған кітапхана әдіскері ақын Сағынтай Орынғалиұлының көмегі арқасында ғана Қаным Әлмағамбетова мен Үмітай Есқалиеваның ұрпақтарын тауып, олардың қолында сақталған дерек құжаттарға қол жеткіздік.

Сөйтіп ұрпақтары арқылы бізге жеткен деректердің арасында Оралдан Корей еліне дейін барған екі майдангер ананың өз қолдарымен жазған ғұмырбаяндары сақталған. Қағаз бетіне түсірілген тасқа басқандай анық та, әдемі жазу үлгісі, сондай-ақ ғұмырбаян соңындағы иірімді қойылған қолға қарап, олардың сол уақытта жоғары деңгейдегі сауатты болғандығын анық аңғаруға болады.

Осындай өз қолымен жазған ғұмырбая­нын­да Қаным Әлмағамбетова 1921 жылы Орал облысы, Тайпақ ауданы Базартөбе ауылында дүниеге келгенін көрсетеді. Бір жасында әкеден, жеті жасында анасынан айрылған ол ағасы Мұхамбетжан екеуі туыстарының қамқорлығы арқасында ержетеді.

12354Тоғыз жасында Тайпақ ауданы Қызылжар орта мектебінің бірінші класына оқуға қабылданған Қаным 1937 жылы 7 кластық білім алып шығады. Сөйтіп, 16 жасынан еңбекке араласқан жас қыз аудандық қаржы бөлімінің хатшы қызметін атқарады. Қандай істен де қорықпайтын еңбексүйгіштігімен ерекшеленген ол 1939 жылы қаңтарда БЛКЖО ОК-нің жанындағы республикалық мектепке пионерлер жетекшісін (вожатый) дайындайтын 8 айлық курсқа жіберілді. Бұл курсты 1939 жылы тамыз айында тәмамдап келген соң, Калмыков ауылындағы орта мектепте аға пионер жетекші болып жұмысқа орналасады. Алдына биік мақсат қоя білген Қаным мұнымен қанағаттанбады. 1940 жылы наурызда Каргалинка ауылында Қазақ тұтынушылар одағы жанынан ашылған есепшілер дайындайтын 10 айлық курсты оқып бітіреді. Сөйтіп 1941 жылдың қаңтар айынан 1942 жылдың тамызы, яғни соғысқа аттанғанға дейінгі аралықта ол Калмыков ауылында аудандық ауылшаруашылық тұтынушылар қоғамында бас есепші болып еңбек еткен.

Осылайша биік белестерге өз бетінше ұмтылған Қаным ел басына күн туғанда көп ойланбастан майданға сұранып, әскери комиссариатқа өтініш жазды. Бұл жазған өтініші қабылданып, майданға аттанған жауынгер қазақ қызының Қаратөбе аудандық мұрағат қорында сақталған ғұмырбаянында: «1942 жылдың август айында өз еркімізбен соғысқа сұрандық. Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. Оралдан 1 эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті. Лесозаводск деген жерде, кейін Киров ауданы территориясындағы орман ішінде 3 жыл бойы аэродром қызметін қамтамасыз ету әйелдер батальонында (БАО) болдық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Есқалиева Үмітай екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік. Аэродром күзеттік. Ұшқыш истребительдердің ұшып келгеннен кейінгі қызметін атқардық», – деген құнды деректер береді.

Жалпы Қиыр Шығыс майданына Оралдан аттанған жауынгер қыздардың саны деректерде әр түрлі айтылады. Қиыршығыстық жауынгер қыздар арасында қазір көзі тірі Қаламсия ана: «1942 жылы соғысқа Оралдан 200 қыз аттандық», – десе, жоғарыда Қаным Әлмағамбетованың ғұмырбаянында: «Оралдан 1 эшелон қызды тиеп, Қиыр Шығысқа алып кетті», – дейді. Ал осы эшелондағы қыздар арасында болған жауынгер Суворова Валентина Петровнаның естелігінде: «В июле 1942 года призвана в числе 300 девушек из Уральск и районов в армию. Из Уральск эшелон был направлен на Дальний Восток. К трем вагонам на каждой большой станции прицепляли по 2-3 вагона с девушками, так что в Хабаровск прибыло уже 52 вагона. Девушек распределили по частям зенитчиков, летчиков, пулеметчиков, пехотинцев, связистов и поваров» , – деп жазады. Демек, 1942 жылы жазда Қиыр Шығыс майданына аттанған жауынгер қыздардың аты-жөні, жалпы саны, ұлттық құрамы, олардың кейінгі тағдырын анықтау тың ізденістерді күтеді.

Майдангер Қаным ана жауынгерлік өмір жолдарын еске ала отырып: «Қиыр Шығыстағы жауынгерлік қызмет пен әскери жаттығулар оңай болған жоқ. Таңғы сағат 6-дан кешкі 11-ге дейін жаңбыр, қар, суық күндері мылтық ату, қанжар сұғу, жер бауырлап еңбектеу, өзеннен соғысып өту жаттығуларын жасадық. Байланыс аппаратын меңгеру сабақтарын үйрендік. Аптасына 2 рет 20-40 шақырымға жүгіріп, әскери толық жаттығу міндетін орындадық», – деп жазады. Сондай-ақ ол: «1945 жылы сентябрьде Жапон милитаристеріне қарсы соғыс басталып кеткенде біздің баталонды Кореяның Хедзио деген қаласындағы аэродромның күзеті мен қызметіне ауыстырды», – дейді. Дерек бойынша, Корей елінің Хедзио қаласында 40 мың жапон тұтқындары қамауда отырған.

Сөйтіп жауынгер Қаным Әлмағамбетова соғысты Корея жерінде аяқтап, 1945 жылы желтоқсанда елге оралады. Жауынгерлік ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені және Жоғарғы Бас қолбасшының Алғыс хатымен марапатталды.

Соғыстан кейін бейбіт өмірге араласқан майдангер Қаным Әлмағамбетова өзінің 7 жылға бас бостандығынан айрылғаны жөнінде ғұмырбаянында былай деп жазады: «1946 жылдың июлінен 1948 жылдың январына дейін Қаратөбе ауылында бас бухгалтер болып жұмыс жасадым. 1947 жылғы 14 декабрьдегі ақша реформасы кезінде жіберген қателіктерім үшін сотталдым. 1955 жылдың февралында 1953 жылғы марттағы указ бойынша құтқарылдым. Сотталуыма байланысты 1948 жылы партия қатарынан шығарылдым», – дейді (Ол майданда жүргенде, 1943 жылы партия қатарына алынған еді – Б.Б.) Осылайша тағдыр тәлкегіне түсіп, жазасын өтеп келген кешегі майдангер  Қаным енді Жымпиты ауданының Ақоба ауылына есепші қызметіне жіберіледі. Кейін, 1958-1960 жылдар аралығында Алматы қаласындағы кеңшар есепшілерін дайындайтын 2 жылдық курсты сырттай оқып, тәмәмдаған ол зейнет демалысына шыққанға дейін Қаратөбе аудандық мәдениет бөлімінің бас есепшісі болып еңбек етті.

Осылайша өмір қиындығын көп көрген майдангер ана 1995 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығына арналған мерекелік шарада сөйлеген сөзінде: «Біреу жетіп, біреу жете алмаған бұл қуанышты күнді біз, майдангерлер, көңіліміз толқып қарсы аламыз. Біз көрген қасіретті, кейінгі ұрпақ көрмесін», – деген аналық тілегін жолдаған еді.

Жоғарыда айтылғандай Қаным ананың өз қолымен жазған ғұмырбаянында: «Тайпақ ауданынан менімен бірге 10 қыз аттандық. 4 жыл бойы өзіммен бірге болған Есқалиева Үмітай екеуміз өмір соқпағын бірдей көрдік», – деп жазған еді. Енді осы дерек бойынша біз Қаным Әлмағамбетованың майдандас құрбысы Үмітай Есқалиеваны іздестіріп, ешбір дерек таппай жүргенімізде, бізге тағы қол ұшын берген жоғарыда айтылған Сағынтай Орынғалиұлы болды. Ол Орал қаласында майдангер ананың ұрпақтары тұратындығын айтты. Осылайша Орал облысының алыс түкпіріндегі ауылдан 1942 жылы майданға бірге аттанып, соғысты Солтүстік Корея елінде аяқтап, елге аман сау оралған тағы бір қазақ қызының ұрпағына жолықтық.

Сөйтіп, Орал қалалық №3 емхананың рентгенолог дәрігері Мәжит Халықбергенұлы анасы Үмітай Есқалиеваның жауынгерлік құжаттарымен бірге бізге екі құнды деректі табыс етті. Оның бірі Үмітай Есқалиеваның майданда жүріп, 1943 жылдың 2 тамыз күні орыс тілінде жазған ғұмырбаяны. Екіншісі, 1945 жылы 10 қазанда Кореяның Хедзио қаласында бір топ майдандастарымен бірге түскен суреті. Біз бұл дерек суретті қазіргі кезде Орал қаласында тұратын, Қиыр Шығыс майданына қатысқан жауынгер ана Қаламсия Ермековаға апарып көрсеткен едік. 95 жастағы жады мықты майдангер ана 40 шамалы орыс ұлт өкілдерінің арасында тұрған үш қазақ қызы Әлмағамбетова Қаным мен Есқалиева Үмітайды және шығысқазақстандық (балалар үйінде тәрбиеленіп өскен) Ерғазиева Сәбиланы көрсетіп, аты-жөндерін мүдірмей айтып берді.

Есқалиева Үмітай 1943 жылғы 2 тамыз­ күнгі оқушы дәптерінің 2 бетіне жазған ғұмырбаянында туған жылы, туған жері, білімі, соғысқа дейін атқарған қызметін қағазға толық түсірген. Сондай-ақ ол 1942 жылы Қиыр Шығыстағы әскери бөлімге келген уақытын көрсетіп және өзінің командир мен комсомол ұйымы тарапынан ешбір сөгіс алмағандығын, әлеуметтік тегі кедей екенін, өзінің және ата-анасының да бұрын соңды істі болмағандығын айтып, шет елмен де байланысының жоқ екенін жазған. Соған қарағанда ол бұл ғұмырбаянды штабтың әскери қажетті талабы бойынша жазған деп болжам жасаймыз.

Демек, осы дерек бойынша Есқалиева Үмітай 1921 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Калмыков ауылында дүниеге келген. Бір жасында әкесінен, ал 1934 жылы он үш жасқа қараған шағында анасынан айрылып, ағасы Ораздың қамқорлығында өседі. 1930 жылы Калмыков ауылындағы мектептің бірінші класына барған ол 1937 жылы осы мектептен 7 кластық білім алып шығады. 1940 жылы Орал қаласындағы 3 жылдық педагогикалық техникум бітіріп, ауылға келген Үмітай аудандық тұтынушылар одағында есепші болып еңбек етеді. 1941 жылдың тамызынан бастап, 1942 жылы мамыр айында майданға аттанғанша аудандағы Осоавиахимда нұсқаушы болып, ауыл адамдарына әуе шабуылы мен химиялық қару түрлерінен қорғанудың әдіс-амалдарын үйрету жұмыстарымен айналысады. 1942 жылы 24 шілдеде Қызыл Армия қатарына алынады. Мәжит Халықбергенұлының айтуынша, Үмітай Ораздың кегін аламын деп өз еркімен майданға аттанады. 1941 жылы соғыс басталғанда алдыңғылардың бірі болып майданға аттанған ағасы Ораз госпитальда жатқаны жөніндегі хатынан соң хабар-ошарсыз кеткен еді...

Міне, сөйтіп Қиыр Шығыс майданына аттанған Үмітай 35-армия құрамындағы 120 – аэродром қызметін қамтамасыз ету әйелдер батальонында (БАО) автоматшылар ротасында байланысшы болады. 1945 жылы қыркүйек айында Солтүстік Кореяның Хедзио қаласына ауыстырылып, 1945 жылы желтоқсанда құрбысы Қаным Әлмағамбетова екеуі аман-сау елге оралады.

25589Жауынгерлік ерлігі үшін сержант Есқалиева Үмітай Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің атынан мына мазмұнда жазылған: «Приказом Верховного Главнокомандующего Генералис­симуса Советского Союза товарища Сталина от 23 августа 1945 года № 372, за отличные бое­вые действия в боях с японцами на Дальнем Востоке, всему личному составу нашего соединения, в том числе и Вам, принимавшему участие в боях обявлена Благодарность. Командир войсковой части Полевая почта № 78751. 30 августа 1945 г.» деп жазылған Алғыс хатына ие болды.

Соғыстан кейін бейбіт өмір тірлігіне араласқан майдангер ана Калмыков ауылында ұзақ жылдар бойы сауда саласында еңбек етті. Соғыс ардагері, сержант Құлшықов Халық­бергенмен отау құрып, 1 қыз, 2 ұл тәрбие­леп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білімді. Қызы Светлана мен ұлы Мәжит Ақтөбе медициналық институтын бітірген дәрігерлер.

Демек, Ұлы Отан соғысына қатысқан, тағдырлары бірі-біріне ұқсас осы екі майдангер ананың өмірі бүгінгі жас ұрпақты адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызды құрал, үлгі-өнеге болып табылса дейміз.

 Бақтылы Боранбаева, тарих ғылымдарының кандидаты.

Орал қаласы