Біз үшін Түркияның орны бөлек

Біз үшін Түркияның орны бөлек

Біз үшін Түркияның орны бөлек
ашық дереккөзі

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда ең алғаш егемен ретінде таныған, қазақтардың КСРО-дан іргесін аулақ салғанына қуаған – Түркия. Жанашырлық танытып, әрдайым бірігуге, қолдауға дайын тұратын да – түрік бауырларымыз. Түбі мен тарихы, тамыры мен тілі, діні, ділі бір Түрки Қазақстанның гүлденуіне, болашағының жарқын болуына, саяси және экономикалық тұрғыда тұрақтылық орнауына мүдделі. Әлбетте, Түркимен бауырлас ел ретінде байланыс орнатқан Қазақстан да түріктерге тілектес. Ұазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісін қабылдаған Елбасы екі мемлекет арасындағы қатынасты одан ары нығайтуды тапсырды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаевты қабылдады. Кездес барысында елші мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастың ахуалы мен даму келешегі туралы баяндап, сауда-экономика саласындағы өзара іс-қимыл көрсеткіштерінің жоғары екенін атап өтті. Қазір Астана ресми ісппарме келетін Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоғанды күтіп алуға дайындалуда. Ердоғанның сапары қазақ-түрік ынтымақтастығын одан әрі нығайту және оның аясын кеңейту ісіне қосымша серпін беретінін айтқан Жансейіт Түймебаев мырза болашақ жоспарларға да тоқталды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев елшіге бірқатар нақты тапсырма берді.

Кез келген елдің белсенділігін білдіретін – арадағы сауда айналымы. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан мен Түркия 2015 жылға қарай екі ел  арасындағы тауар айналымын 10 млрд. долларға дейін жеткізу жоспарлаған болатын. Елбасы Анкарадағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алғашқы отырысында: «Өткен 20 жылда біздің елдеріміз айтарлықтай даму кезеңінен бірге өтті. Осы уақыт ішінде біз бір-бірімізден көп нәрсені үйрендік, зор табысқа қол жеткіздік. Менің 2009 жылы Анкараға сапарым кезінде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы Шарт біздің бірлескен жұмысымыздың базалық негізі саналады. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда. Әртүрлі халықаралық және өңіраралық ұйымдар аясында біздің байланысымыз кеңеюде», – деп мәлімдеген. Түркия Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестерінің бірі екенін баса айтқан Нұрсұлтан Әбішұлы екі елдің арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл жоғары қарқынмен даму үстінде екенін, Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында Түркияның біздің елге салған инвестициясы 2 миллиард АҚШ долларына жуықтағанын, 2015 жылға қарай екі елдің арасындағы тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын ескертті.

Сонымен қатар бүгінде туризм саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту да аса маңызды. Қазақ жеріндегі туризмді дамытуға түрік инвесторлары белсене қатысады деген үміт бар. Азия мен Еуропаны жалғастырып жатқан екі елдің геостратегиялық орналасуы көлік-транзит саласындағы екіжақты серіктестікті одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық та жоғары деңгейде дамып келеді. Қыркүйекте Анкарада өткен Астана мәдениетінің күндері екі елдің арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті. Қазақстан азаматтарының Түркияда білім беру бағдарламалары бойынша тәжірибе алмасу және тағылымдамадан өту жөніндегі ынтымақтастығы қарқынды даму үстінде.

Бүгінде түбі бір түркі елдерінің арасындағы байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі арқылы нығайту көзделуде. Мәселен, былтыр Бодрум қаласында өткен Түркі Кеңесінің IV саммитінде Қазақстан Президенті түркі мемлекеттеріне ортақ телеарна ашу туралы бастама көтерген еді. «Әл-Жазира, ВВС сияқты ол телеарна түркі дүниесін әлемге насихаттауда оң роль атқаратынын», – деген Нұрсұлтан Әбішұлы түрік, ағылшын және орыс тілдерінде хабар таратуды ұсынған. Жуырда Стамбұл қаласында жиналған Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан мен Қырғызстан халықаралық телеарналары мен ақпарат агенттіктерінің басшылары ортақ телеарнаның ұстанатын бағыты, қаржылық демеушілері мен бюджеті туралы кеңесті. Түркі Кеңесінің шеңберінде ашылатын бұл телеарна түбі бір түркінің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі, рухани мәселелері жайлы ақпараттық-танымдық бағдарламалар дайындайды. Бүгінде арнайы құрылған жұмыс тобы құқықтық-норматитік құжаттарын дайындап жатыр. Телеарнаны ашу туралы келісімге биыл Астана қаласында өтетін Түркі кеңесінің V саммитінде қол қойылатын ортақ телеарна Жер шарының түкпір-түкпіріне тарап кеткен түркінің бүгінгі ұрпақтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға  күш салады.

.