БАР ҚАЗАҚ ҚҰШАҚ ЖАЯР КҮН

БАР ҚАЗАҚ ҚҰШАҚ ЖАЯР КҮН

БАР ҚАЗАҚ ҚҰШАҚ ЖАЯР КҮН
ашық дереккөзі
Наурыз мейрамы – Орталық Азия халықтарының Жаңа жылы. Парсыша «наурыз» бірінші айдың бірінші күні дегенді білдіреді. Бұл айды соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған. Ал наурызды қазақ халқының ықылым заманнан тойлап, «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше атағаны баршаға аян. 2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал ЮНЕСКО болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізгені белгілі. Ал Ұлыстың ұлы күнін әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қандас-бауырлар қалай қарсы алады? Наурыз мейрамын қандай деңгейде атап өтеді? Біз бұл сұрақты шетелдегі қазақтардың өзіне қойған едік.   Абдулсәмет  Алтай,  Париж қаласының тұрғыны:                                            width=Салт- дәстүрден  айныған емеспіз

– 1950 жылы Пәкістан елінің Пешавр қаласында діни ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Халифа Алтай ақсақалдың отбасында дүниеге келдім. 1953 жылы Түркияға қоныс аударып, Салихлы қаласында орта мектепте білім алдым. Ал 1989 жылдан Франция мемлекетінде өмір сүріп келемін. Франциядағы ақсақалдар алқасының төрағасымын.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі атажұртпен байланыс жақсара түсті. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылды. Құрылтайлар өткізілді. Одан басқа да мәдени шаралар жүзеге асты. Абай бабамыздың 150 жылдығы Францияда ЮНЕСКО ұйымы көлемінде тойланды. Біз тілімізді дұрыс сақтай алмасақ та, дінімізді сақтап келеміз. Салт-дәстүрден айныған емеспіз. Әкемнің айтып кеткен өсиеті – ағайынмен, әр адаммен тату болу еді. Ұлыс күні әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киіп, ер адамдар бір-бірімен қос қолдасып төс қағыстырады. Ал әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады.  Әдетте осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңдерінде шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, тоқтатылды. Құдайға шүкір, қазір бұл мейрамды бүкіл түркі әлемі тойлайды. Париждегі қазақтар Ұлыстың ұлы күнін асыға күтеді. Тіпті, бұл тойымызға осы елде жүрген түркітілдес ұлттардың өкілдері де келіп қатысады. Қырғызстан, Түркия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Пәкістан, т.б. елдердің азаматтары Наурыз мейрамымен құттықтап, кіріп шығады. Әсіресе, 2013 жылы Париждің іргесіндегі Goussainville қалашығында өткен Наурыз мерекесі есімде қалыпты. 22-23 наурыз күндері той тойлап, жергілікті қазақтар бар өнерін ортаға салды. Сол шараға арнайы қатысқан Қазақстанның Франциядағы елшісі, қала әкімі ерекше ризашылық білдірген болатын. Себебі киіз үй тігіп, Наурыз дастарқаны жайылды. Әр ұлт өз тағамдарын дайындап, дәм татқызды. Соңынан түркітілдес ұлт өкілдері ұлттық өнерін ортаға салып, әннен шашу шашты. Ұлттық киім киінген олар елге деген сағынышын осылай басып, арқа-жарқа болды. Тіпті, ұлттық қолөнер бұйымдарынан кішігірім көрме ұйымдастырды. Әз-Наурыз мейрамы дегенде, ең бірінші дәм – наурыз көже ойға оралмай ма?! Жиналған қауым наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болады. Ал ең қызығы, бұл мерекелік шараны қатысушылардан, қазақ диаспорасынан бөлек, жергілікті тұрғындар да қызыға тамашалады. Біз мейрам кезінде ұлттық ойындарды да сағына еске аламыз. Сондай-ақ, футбол сайысынан бас жүлдені қазақ құрамасы жеңіп, бір-бірімізге тамаша көңіл-күй сыйлаған едік. Жылда осы дәстүрден қол үзбейміз. Ұлыстың ұлы күні ескерусіз қалған емес. Биыл да бұл шараға ерекше ынта-ықыласпен дайындық жүруде. Париж қаласында жергілікті қазақтардың басын қосатын «Қорқыт» қоғамы бар. Ұлттық мерекені өз деңгейінде атап өту үшін ұйымдастыру шараларын қолға алатын қоғамның арқасында қазақ бауырлар кездесіп тұрамыз. Мұрат Есжан,  Сан-Франциско  қаласындағы Өнер академиясының магистранты:

  width=Америкада да қой сойылып, қазан  көтеріледі

– Біз Калифорния штатының Bay Area, яғни, Бей аймағы деп аталатын бөлігінде тұрамыз. Ол – Солтүстік Калифорниядағы Сан-Франциско, Сан-Хосе, Окланд, Беркелей секілді бір-бірімен жапсарлас жатқан жиырма шақты қаланы қамтитын, 6-7 миллион халық тұратын үлкен бір өңір. Әдетте мұндағы Наурыз тойына осы Бей аймағының әр жерінен қазақтар жиналады. Наурыздың жыл сайынғы тұрақты ұйымдастырушысы – Стенфорд университетінің профессоры Алма Құнанбаева апайымыз. Ол кісі қасына алдымен ерікті жастарды жинап, ұйымдастыру жұмыстарына ерте қамданады. Арнайы сахнасы, тамақтануға қолайлы үстелдері бар орын жалдайды. Өнерлі жастарға интернеттегі тобымыз арқылы сұрау салынып, концерттік бағдарлама түзіледі. Ас мәзірі мен жалға алынған жердің ақысы өтелу үшін келушілерден жарна жиылады. Үйден ас әзірлеп әкелем немесе өнер көрсетем деген жандардан жарна талап етілмейді. Осылайша, наурыз айының соңын ала, қолайлы бір «уикендте» дүркіреп Наурыз тойланады. Ән айтылады, жыр оқылады. Қазақтар мен қонаққа келген өзге ұлт өкілдері наурыз көже мен етке, бауырсақ пен қуырдаққа тойып қайтады. Наурыз тойына Қазақстаннан жетім балаларды асырап алған америкалық отбасылардың қатысуы да дәстүрге айналған. Бұдан бөлек, Калифорнияның астанасы Сакраменто қаласында да жыл сайын Наурыз тойланады. Онда тұратын бір шоғыр ағайын, ақсақалымыз Рәшид ағаның басшылығымен, Наурыз тойын табиғат аясында ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Қой сойылып, қазан асылады. Самауырда сақырлап шәй қайнайды. Сол үшін қайбір жылы ерінбей елден самауыр көтеріп келген екен. Ән-жырдың аяғы арқан тартыс пен күреске ұласады. Соңында кейуанамыз Тәрбие апаның тәлімді батасын алып тарқасамыз. Жанар  Төребаева,  Ренн қаласының тұрғыны:  width=Абайдың рухы Реннде асқақтады   – Францияға 1999 жылы қыркүйекте Эндокринология мамандығы бойынша Ренн қаласындағы медицина университетіне келгенмін. Сосын 4 жыл резидентурадан өтіп, француз дәрігерінің дипломына мемлекеттік байқау тапсырдым. 2011 жылы желтоқсан айында медицина докторы дәрежесін қорғадым. Халықаралык гериатрия қауымының мүшесімін. Ренн қаласы Алматы қаласымен 25 жылдан бері бауырлас қала. Мұнда келген күннен бастап сол комитетке мүшелікке кіріп, Қазақстаннан қол үзбедім. 2012 жылы сол комитеттің вице-президенті, 2013 жылдан бері президентімін. Бауырластық комитетінде менен басқа 30 француз бар. Ренн қаласы 2011 жылы біздің бауырмашылықтың 20 жылдық құрметіне «Алматы бағын» ашқан болатын. Ал 2016 жылдың қазан айында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, сол бақтан ұлы Абай атамызға ескерткіш ашылды. Алматы және Ренн қаласының әкімі кездесіп, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты, мәдениетті жақындастырған үлкен той жасадық. Бұл менің бастамамды толық қолдаған екі елдің әкімдігінің, екі елдің елшіліктерінің көмегімен өткен ұлы той. Біз осы бақта көктеммен бірге келетін Наурыз мейрамын атап өтеміз. Абай атамның әруағы риза деп ойлаймын. Енді ақын рухы Реннде де асқақтайтын болады. Туған жерімді, Отанымды сағынған кезде Абай ескерткішіне барып, дұға етемін. Маңайын қоқыстан тазалап тұрамын. Ренн Халықаралық үйінде жылына 4 рет Қазақстан жайлы көрмелер мен конференциялар ұйымдастырамыз. Екі қаланың экономика және коммерциялық жоғары оқу орындарының арасын байланыстыратын меморандумға қол қойылды. Былтыр Алматыға барып №44 және №122 мектептен француз тілі сыныбын аштық. Келешекте екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыта береміз деп сенемін. Арман Өмір, Стамбұл  қаласының  тұрғыны:

 width=Ата-анам тек қазақша сөйлеуді  талап етті

 - Аталарым Түркияға 1952 жылы келіпті. 21 отбасыны, яғни, 106 адамды Түркияға алып келген Құсайын Тайжы деген ақсақал екен. Ата-бабамның кіндік қаны тамған жер – Семейдің Мақаншы, Аягөз, Тарбағатай өңірі. Олар әу баста Алтай өңіріне келіп, 1936-1949 жылдары Қытайдың қатаң саясатынан Түркияға жол тартыпты. Ал өзім осы Стамбұлда дүниеге келдім. Алайда ата-анамыз қазақ екендігімізді туғаннан үнемі еске салып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты бойымызға сіңіре тәрбиеледі. Жырақта жүрсек те, жүрегіміз «еліміз» деп соғады қашан да. Ата-анам үйде тек қазақша сөйлеуді талап етті. Қазір өзім де балаларыммен қазақ тілінде әңгімелесемін. Ал наурызды ата-анамыздың үйінде жиналып, қарсы аламыз. Міндетті түрде ақ дастарқан жайылады. Бауырсақ пісіріліп, қазанда ет асылады. Ұлттық сусын – қымызды да табуға тырысамыз. Анамыз жеті түрлі дәмнен жасалған наурыз көжені алдымызға қояды. Бұдан кейін әкімшіліктің саябақтарда ұйымдастырған шараларына қатысамыз. Балаларға да Наурыз мейрамының қадір-қасиетін шама-шарқымша түсіндіремін. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қазақ, түрік және басқа да түркітілдес ұлттардың өкілдері қатысып, бір-бірімізді құттықтаймыз. Әрине, мұнда Наурыз мерекесіне ресми демалыс бермесе де, сол кездескеннің өзіне қуанып қаламыз.   Акбар Қажы Аюби, Дания, Орхус қаласының тұрғыны:

 width= Биылдан бастап Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтеміз

– 1972 жылы Ауғанстанның Герат қаласында дүниеге келдім. Ал Данияның Орхус қаласына 1988 жылы Иран арқылы өттік. 2010 жылдан бері жергілікті «Vestas» компаниясының бас кеңсесінде бизнес-сарапшы болып   жұмыс істеймін. 2 балам бар. Жұбайым Назгүл де – қазақ. Ата-бабамның мекен еткен жері – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы. Атам – Базар Бұхарада білім алып, молда болады. Аумалы-төкпелі заманда, яғни 1928 жылы Өзбекстан арқылы Ауғанстанға келген. Әжемнің айтуынша, сол жылдары Ауғанстанға шамамен 500 отбасы келіпті. Алғашқы кезде оларды Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы каналдың құрылыс жұмысына жеккен көрінеді. Аптап ыстықта қаншама адам көз жұмыпты. Ал бұл азаптан аман қалған ата-әжем Иранның қазақтар көп тұратын Горган қаласына қоныс аударады. Мұнда да жағдай мәз болмаған соң, 1988 жылы Данияға көшуге рұқсат алдық. Міне, содан бері Орхус қаласында тұрып келеміз. Əз Наурыз мейрамы – Орта Азия­дағы елдердің ежелден келе жат­қан ортақ дәстүрі. Көктем келіп, таби­ғаттың түрленуінің өзі мереке емес пе?!  Еуро­падағы қазақтар аз шоғырланған жерлерде де Наурыз мейрамы кеңінен атап өтіледі. Ал кейде Даниядағы қазақтар бір-бірімізді тауып алып, бас қосамыз. 2017 жылдан бас­тап түркітілдес халықтарға ортақ осы ұлы мерекені Еуропа және Еуропаның сыртынан келетін қазақ бауырлармен бірге тойлауды дәстүрге айналдырсақ деймін. Бұл жобаны өткен жылдан бастап Финляндиядан Айкен, Германиядан Назым, Швейцариядан Серік, Бельгиядан Ақмарал және Даниядан өзім қолға алдым. Шамамен 150 адам Германияның Нюрнберг қаласына жиналатын болдық. 25 наурыз күні Нюрнберг қаласынан бір мейрамхананы жалға алып, ұлттық нақышқа сай безендіріп, Ұлыстың ұлы күнін тойлаймыз. Наурыз көже ішіледі, қазақтың домбырасынан ән-күй төгіледі, «Қара жорға» биленеді. Келешекте   жыл сайын қазақтардың басын қосып, Наурыз мейрамын өткізу және 5 жыл ішінде қатысушы санын 500-ге жеткіземіз деген мақсатымыз  бар. Мұндай басқосудан қазақтардың арасында тығыз байланыс орнап, ауызбіршілік арта түседі деп сенемін. Елден жырақта балалар да жат болып кетпей, салт-дәстүрді сақтасын деген ниеттен туған жұмыс қой.

Жанарбек Ақби, Баян-Өлгий аймағының тұрғыны:

 width=Наурыз мейрамында жаппай ұлттық киім киеміз

– Моңғолиядағы қазақтың көп бөлігі шоғырланған Баян-Өлгий аймағында Наурыз мейрамы ресми түрде 27 жыл қатарынан тойланып келеді. Моңғолияда кеңес билігі тұсында 70 жылдан аса тыйым салынған Наурыз мейрамын халық тек 1987 жылдан бастап әр өлкеде атап өте бастады. Баян-Өлгийде наурыздың 20-21-і күндері ақындар айтысы ұймдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда қазақша күрес, бәйге, көкпар, тоғызқұмалақтан сайыс өтеді. Сол күндері әрбір мекеме алдын ала наурыз көже пісіріп немесе ойын-сауық бағдарламаларын ұйымдастырады. Бір-бірін құттықтап, сый-сыяпатын беріп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Ұланбатыр қаласындағы студенттер  наурыз көжеден дәм татқызып, қазақ халқының өнері мен салт-дәстүрін дәріптейді. 22 наурыз күні, таңғы 9-да орталық алаңға жиырма шақты киіз үй тігіліп, жиналған көпшілікке наурыз көже таратылады. Баян-Өлгий басшылары мен 1700 шақырым қашықтықтағы Ұланбатырдан келген Үкіметтің ресми өкілдері қазақ халқын төл мерекесі – Наурыз мейрамымен арнайы құттықтайды. Бұндай шараға кей жылдары ел президенті, кейде үкімет басшысы немесе парламент төрағасы арнайы келеді. Ал президент Баян-Өлгийге келе алмаса, Ұланбатырда өтетін Наурыз мейрамына міндетті түрде қатысады. Бұдан кейін мерекелік шеру басталады. Бұл күні мемлекеттік ұйымдар тайлы-тұяғы қалмай жыл он екі айдың мүсінін жасап, шеруге қатысады. Әр мекеме тарихтан сыр шертетін шағын қойылым сахналайды. Баян-Өлгий халқына жаппай түрде ұлттық киім кию міндеттеледі. Ел билігін ұстаған басшылардан бастап, үйдегі қария мен бала-шағаға дейін ұлттық киім киеді. Наурыз шеруін Баян-Өлгий бүркіт­шілері бастап жүреді. Ал көшпенділер өмірін сомдаған түйелі көштің өзі ше­руге ерекше сән береді. Аттың құла­ғында ойнаған қыз-жігіттер мен ұлттық киіммен шеруге шыққан мектеп оқушылары өнерлерін ортаға салады. Алаңға келген әр адам мерекелік шарадан кейін қазақтың ежелгі салты бойынша ауыл-аймақты аралап, бір-біріне қонаққа барып, амандық-саулық, жақсылық тілеп, наурыз көже ішеді. Әр әулеттің шаңырағы шаттыққа толады. Бұдан бөлек  Баян-Өлгий аймағының  Орталық ұлттық музыкалық театрында Наурыз мерекесіне арнайы дайындаған мерекелік концертті тамашалаймыз. Айта кету керек, Ұланбатыр қаласында соңғы 10 жыл көлемінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шараларды өткізу дәстүрге айналған. Оған Моңғолия президенті Ц.Элбэгдорж мырзаның өзі арнайы қатысып, Ұланбатырда оқып жатқан талантты қазақ студенттері мен Баян-Өлгийлік әртістердің өнерін тамашалайды. Сондай-ақ, бұл күндері қазақтың қолөнер шеберлерінің бұйымдары көрмеге қойылып, ерекше дәріптеледі. Жарқын Өтешова, Мәскеудегі Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттің дамуын қолдау «Астана» қорының президенті:

 width=Ұлттық мереке киіз үйде өтеді

–  2008 жылы өз жұмысын бастаған «Астана» қорының мақсаты – қанатының астына ұлтына қарамай Мәскеудегі барлық қазақстандықтарды жинай отырып, халқымыздың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін ұрпақ бойына сіңіру, сақтау. Бұдан бөлек Мәскеуде қазақстандықтардың басын қосатын тұрақты мәдени орталық, кітапхана, мұражай ашу. Мәскеу және Мәскеу өңіріндегі қазақстандықтардың ескерткіштерінің тізімін жасап, мемлекеттік дәрежеде қорғауға алу. Ресей Сыртқы істер министрлігіне қарасты жерде орналасқан «Меридиен кантри клаб» атты гольф-клубы бар. xОсы жерде ҚР Президенті сыйлаған қазақтың киіз үйі тұр. Сол киіз үйді «Астана» қоры қамқорлыққа алып, сол жерде «Наурыз» т.б. ұлттық мерекелерді өткізіп келеміз. Оған сол жақта тұрып жатқан қазақ, түрік, өзбек, әзірбайжан, т.б. түркітілдес ұлттардың өкілдері де қатысады. «Астана» қорының жанынан «Ақсақалдар кеңесі» ашылған. Ондағылар – сонау елуінші жылдарда Мәскеуге келіп орналасқан ағаларымыз бен апаларымыз. Кезінде СССР Жоғарғы Кеңесінде қызмет жасаған Фахир Абдухалықов, Ұлы Отан соғысының ардагері, полковник Хәкімжан Мұхамеджанов ағаларымыз әр уақытта ақыл қосып, қордың жұмысына көмектесіп отырады. Сонымен қатар Мәскеу мен Мәскеу төңірегіндегі қазақ халқының атақты тұлғалары - Абай Құнанбаев, Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұловаға қойылған ескерткіштерді деf заңды түрде қорғауға алар уақыт келген сияқты.