Жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік

Жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік

Жұмыссыздарға жаңа мүмкіндік
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Іс-шара «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру мәселелеріне арналды. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі ережелерін және Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы басымдықтарды орындау мақсатындағы акция аясында ха­лықтың еңбекке белсенділігін арттыруға, экономиканың нақты секторында жұмысқа орналасуға жәр­дем­десуге бағытталған шара өткізілді. «Бұл іс-шараның мақсаты мем­ле­кет­тік органдар жұмыссыз аза­мат­тарды, жастарды, әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасыларын, мүм­кіндігі шектеулі азаматтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған Алматы тұрғындарын жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту бойынша халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізетін диалогтық алаңдарды ұсыну болып табылады», – дейді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев. Сондай-ақ, бұл шараға Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығы директорының орынбасары Керімқұл Жәкетаев, Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Жанат Естаев, «Даму» кәсіпкерлердің даму қоры» АҚ жетекшісі Зәуре Кәрменова қатысты. «Бүгінде біз жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша негізгі басымдықты оқытуға береміз. Бірқатар жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарда белгілі бір мамандық жоқ. Сондай азаматтар 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап біздің бағдарламалар бойынша тегін оқытылып, жұмыспен қамтылатын болады. Бұл сондай-ақ, қысқа мерзімді курстардан өтіп, жұ­мыс­шы мамандығын алғандарға да қа­тысты», – деп атап өтті Керімқұл Жәкетаев. Алматы қалалық халықты жұ­мыс­пен қамту орталығының ақпаратына сүйенсек, 2017 жылғы 10 наурыздағы жағдай бойынша еңбекпен қамту мәселесі бойынша барлығы 4500-ден астам адам өтініш білдірген. Қазіргі таңда 1800-ден астам адам жұмысқа орналасқан, ал 700-ден астамы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Бүгінде қалада 2717 жұмыссыз адам тіркеуге алынған. Оның ішінде 1605-і – әйелдер, 587-сі – жастар. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында да «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру бойынша азаматтарды бірыңғай қабылдау күні өтті. Акцияға Маңғыстау облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар бас­қар­масының, кәсіпкерлік және сауда бас­қармасының, «Жаңа серпін» бағ­дарламасының, «УПП» ЖШС-нің өкіл­дері қатысты. Қоғамдық қабылдауға Маңғыстау облысының жұмыссыз жүрген азаматтары жазылған болатын. Оларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылдың 29 желтоқсанындағы қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарла­ма­сының» кейбір ережелері түсін­дірілді. Қоғамдық қабылдауда күні бүгінге дейін жұмысқа тұра ал­маған азаматтарға өздерінің мақ­сат­тарына жетудің жолдары айтыл­ды. Бүгінгі таңда тұрғындарға қолжетімді жұмысты жұмыспен қамту орталықтары ұсынып отыр. Олар облыс тұрғындарына 70 мың теңге айлығы бар уақытша қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарды ұсынады. Бірақ, өкінішке қарай, адамдар мұндай жұмыстарға барғысы келмейді, сондықтан қабылдауға келгендерге жоғары санаттағы слесарь, дәнекерлеуші, ағаш ұстасы сияқты жұмысшы мамандықтарына арыз жазу ұсынылды. Олар кейін қала мекемелеріне, негізінен «УПП» ЖШС-ға жолдама алатын болады. Жас үміткерлерге алдымен қоғамдық жұмыстарда бағын сынап көру, дайындық курстарынан өтіп, артынан қазіргі уақытта бос жұмыс орындары бар мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, қабылдау кезінде ағымдағы жылдың сәуір айында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі болатындығы, онда оралмандарға Қазақстанның басқа аймақтарына қоныс аудару ұсынылатындығы туралы айтылды. Басқа аймаққа қоныс аударғандарға жалға үй берілетіндігі, оның ақысын бір жыл бойы мемлекет төлейтіндігі, жақсы жалақысы бар тұрақты жұмысқа орналасатындығы жөнінде түсіндірілді. Қоғамдық қабылдауда Иран Республикасынан келген үш оралман бұл ұсыныстарға келісуге дайын екендіктерін білдірді. Жалпы, «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясына облыс бойынша 110 адам қатысты. Аталмыш акцияға Атырау облы­сы­ның азаматтары да белсенді қатысты. Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы саласында ауыз толтырып айтар іс көп. Сондықтан да болар, республикалық акция аясында өткен қабылдауға шалғай ауылдар мен қала тұрғындары көп келді. Жастарды, жұмыссыздар мен аз қамтылған, өз бетінше жұмыс істейтін азаматтарды тарту жөніндегі бірлестіктер жұмыстарын ұйымдастыру үшін пікір алмасу алаңын ұсынған акция кезінде көптеген атыраулық тұрғынның өз кәсібін ашып, шағын бизнеске бет бұрғысы келетініне куә болдық. Айталық, бүгінде Атырау қаласында тұратын мал дәрігері Наурызғали Жұмағалиев жер телімін алып, мал шаруашылығымен айналысқысы келетінін айтты. Баласының үлкені – мал дәрігері. Отбасын осы кәсіпке бағыттағысы келген Н.Жұмағалиевке облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Серік Сәрсекенов тұшымды кеңесін берді. Оның айтуынша, ауыл ша­руа­­шылығы үшін жер телімі аукцион арқылы және инвестиция қарастырылған жобасы бар азаматтарға беріледі. Наурызғали Жұмағалиевтың жағдайында, балалары «Бастау» бағдарламасы арқылы білім алып нақты іспен айналысуға ниетті болса, ойлаған мақсатқа қол жеткізуге болады. Бұдан өзге жолы, кооператив мүшесі болу арқылы да мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік бар. Ең бастысы білім мен талап ұштасса, кәсіппен айналысуға даңғыл жол ашық. Облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­трия­лық инновациялық даму бас­­­қармасы мен «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» АҚ облыс­тық филиалының мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңесшісі Әсел Құсайыноваға қала тұрғыны Алмагүл Бердібекова жер телімінде кезекте тұрғанын, мүмкіндік болса, сол жер кезегін жылжытып, егінмен айналысуға ықпал етуге көмек болатын қандай да кеңес сұрады. Өз кезегінде Әсел Құсайынова жеке тұлғаның кәсіппен айналысуы үшін алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бизнес жобасына қаражат салу және ол қаражатты тиімді пайдаланып, кәсіпті дөңгелетіп әкетудің жолдарын айтып берді. «Нұр Отан» партиясы өкілдері, облыстық еңбек және жұмыспен қамту әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік, өндірістік және білім беру басқармалары өкілдері қатысқан республикалық акция аясында өткен қабылдау күнінде әр саланың өкілдеріне кеңес сұрауға келгендердің дені зейнеткерлікке шыққан соң отбасына табыс әкелетін кәсіппен айналысуды мақсат еткендер мен жұмыссыз жүргендер болды. Олардың барлығына кеңес беріліп, өтініштері қатталып, тұрғындардың жұмыссыз қалуына, тұрмысының төмендеуіне жол бермейтін тығырықтан шығар тиімді шешімдер айтылды.