Назгүл МАҚЖАН: «АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ» СИЯҚТЫМЫН...

Назгүл МАҚЖАН: «АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ» СИЯҚТЫМЫН...

Назгүл МАҚЖАН:  «АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ»  СИЯҚТЫМЫН...
ашық дереккөзі
Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің көрігін қыздырып жүрген жандардың дені – қыз-келіншектер. Мәселен, елімізде 4 млн-нан астам әйел өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында. Олардың 30 пайызы мемлекет тарапынан қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шапағаты арқылы кәсібін өрге өрлетіп келеді. Сондай нәзікжандының бірі – энергетика саласының тыңына  түрен салуға кіріскен кәсіпкер, «Astels» ЖШС-нің бас директоры Назгүл Мақжан. Іскер әйел отандық өнім өндіруде қандай қадамға барды, оның бизнес-бастамасының жаңашылдығы неде? Біз мұны Назгүл Мақжанның өзінен сұрап көрдік. – Еңбек жолымды жарнама менеджері қызметінен бастап, «Арқа ажары» газетінде журналист ретінде жалғастырдым. Кейін ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 5 жыл абыроймен жұмыс істедім. Жауапты жұмыстың бел ортасында жүрсем де, жеке кәсіп ашу туралы ойымды «пісіре» бердім. Бизнеске бет бұрып, энергетика саласында қабілет-қарымымды байқап көргім келді. Алайда дәл осы саланың маманы болмағандықтан, тартыншақтай бердім. Жылдар бойы үміт пен күдік тайталасып жүрді. Бірде Оңтүстік Кореяның азаматтарымен бас қостық. Олар бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынды. Іс осылай басталды. Басында барлық қызметті бас менеджер атқарды. Кейін маған кәсіпті өз қолыма алу қажет болды. Ең әуелі біз нарықты зерттедік. Ұсыныс пен сұранысты сараладық. Сөйтіп осы бағыттағы әлемдік көшбасшы мемлекеттер мен Қазақстан арасында делдал болу туралы шешім қабылданды. – Технологиясы қарыштап дамыған Оңтүстік Корея елімен әріптес болу оңай емес. Жүрексінген жоқсыз ба? – Оңтүстік кореялық «LSIS» компаниясымен келісім жасап, Қазақстан аумағында өкіл болу құқығына ие болудың өзі үлкен еңбек. 1974 жылы негізі қаланған бұл шетелдік компания дүниежүзі бойынша электрмен қамтамасыз ету, автоматтандыру және жасыл технология салаларының көшбасшысы болып табылады. Сонымен қатар бұл компания әлемге «Smart Grіd» жүйесін енгізгендігімен және Ирактың энергожүйесін қалпына келтіргенімен танылған. Қазір LSIS компаниясы Малайзиядағы TNB компаниясының жобасын жүзеге асырып жатыр. Осындай беделді әрі ірі ұйыммен орнатқан әріптестігіміз нәтижелі болатынына сеніміміз зор болды. Дегенмен теңгенің еркін айналымға шығуы, кедендік тексеруден кейінгі тауар бағасының шарықтап кетуі, сатып алу мүмкіндігінің күрт төмендеуі сынды сыртқы факторлар біздің жоспарымызға үлкен өзгеріс енгізді. Біз ел аумағында вакуумды ажыратқыш өндірісін қолға алу қажеттігін түсіндік. Сөйтіп Астанада энергетика саласындағы алдыңғы қатарлы технологияның талабына жауап беретін вакуумды ажыратқыш өндірісін іске қостық. Еліміздің энергетика саласына соны серпін беру үшін бірден кернеуi 10 кВ-тық AVL-1200 атты қазақ брэнді болып табылатын вакуумды ажыратқыш өндіруге кірістік. Оның техникалық мүмкіндігі мен жарамдылығы қазір қолданылып жүрген майлы ажыратқыштан артық болды. Біздің Қазақ-стандағы трансформаторларды майлы ажыратқыштан вакуумды ажыратқышқа алмастыру туралы бастама еліміздегі беделді құрылыс, сондай-ақ аймақтық электр желілік компаниялары және Астана электротехникалық зауыты тарапынан кең қолдау тапты. Сәйкесінше өніміміздің өтімділігі артып, Қарағанды, Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Алматы қалаларының кәсіпорындарынан түскен тапсырыстарды орындай бастадық. Бүгінгі таңда түрлі кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары, құрылыс компаниялары мен трансформаторлық қосалқы стансалар, өңірлік электр желілік компаниялары, мұнай-газ секторы сынды көптеген мекемелер біз өндіріп отырған вакуумды ажыратқыштың негізгі тұтынушылары болып табылады. – Кәсіпорындардың отандық өнімге деген сұранысы бар екен ғой. Бұл қуанышты-ақ, бірақ жұрттың бәрі вакуумды ажыратқыш дегенді біле бермес... – Вакуумды ажыратқыш – жоғары қуатты үлестіру жүйесіндегі коммутациялық құрылғының заманауи түрі. Ол кем дегенде 25 жыл мінсіз қызмет етеді. Ал майлы және электромагнитті ажыратқыш қыста – қатады, жазда – қызады. Яғни кәсіпорын уақыттан да, қаржыдан да ұтылады. Вакуумды ажыратқыш кенеттен пайда болған жоғары кернеу кезінде қуат көзін қалыпты жағдайда ұстап тұрады және түрлі кернеуді үйлестіріп отырады. Төзімділігі мықты болуына байланысты вакуумды ажыратқыш шығынды да азайтады. Осы уақытқа дейін нарыққа 400-ден астам вакуумдық ажыратқыш шығарылды. Дәл осы ажыратқыштың сапасы өзінің әлемге әйгілі Siemens, ABB, Shnyider секілді баламаларымен бірдей. Бұған қоса ол барлық халықаралық IEC стандарттарына сай келеді. Ерекше атап көрсетерлігі, біз өндіретін өнімнің құны нарықтағы бағадан 30 пайызға арзан. – AVL – 1200 вакуумды ажыратқышы қазақ брэндіне айналып үлгерді дейсіз. Оның басқа баламаларынан қандай артықшылығы бар? – Отандық өнімнің шетелдік вакуумдық ажыратқыштан бірнеше басымдығы бар. Біріншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының қосалқы бөлшегі Кореядан әкелініп, елімізде құрастырылады. Ал басқа компаниялар шығаратын өнімдер дайын күйінде толығымен шетелден тасымалданады. Сол себепті олардың бағасы қымбат болады. Екіншіден, AVL-1200 вакуумдық ажыратқышының толымдаушылары ҚР энергетикалық заңына сай жасалады. Ал шетелде жинақталған вакуумдық ажыратқыштар бұл заңнамаға сай келмеуі мүмкін. Бұған қоса тұтынушы өзімізде өндірілетін вакуумдық ажыратқышты қосымша бөлшектермен толымдай алады, бұл – тасымалдауға жұмсалатын қаражат пен уақытты үнемдеудің тиімді әрі таптырмас тәсілі. Вакуумдық ажыратқыш қазіргі таңда энергетика саласында жоғары кернеулі коммутационды аппаратура ретінде өте маңызды рөл атқарады. Вакуумды ажыратқыш дыбыссыз жұмыс істейді, жарылу, жану қаупі жоқ. Осындай отандық өнім өндіру арқылы біз еліміздің энергетика саласын дамытуға, халықты жұмыспен қамтуға және бюджетке төленетін салық көлемін еселеуге қомақты үлес қосатынымызға сенімдіміз. Келешекте жинақтаудың қазіргіден де жоғары дәрежесіне жете отырып, ұсақ тораптық бөлшектерді өзіміз өндіруді жоспарлап қойдық. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа енгеннен бері отандық өнімді өткізетін нарықтың аясы кеңейді. Сондықтан біз алдағы уақытта кернеуi 10 кВ   автоматтандырылған ауа ажыратқыштарын да өндіруді қолға аламыз. – Биыл «Astels» ЖШС энергетика саласы бойынша еліміздегі ең үздік 10 компанияның құрамына енген көрінеді. Бұл сіздердің жұмыстарыңызға жаңа көкжиектер ашады деп санайсыз ба? – Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Былтыр Қазақстан Ұлттық бизнес-рейтингі бойынша «IMPORT EXPORT AWARD 2016» аталымында үздік кәсіпорын атандық. Қазір Инвестициялар және даму министрлігімен әріптестік орнату жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Аталмыш министрліктің назарына іліккенімізге қуаныштымыз. Біз мемлекеттік мекемемен бірлесе отырып, шетелдік компаниялармен осыған дейін орнатқан байланысымыздың тамырын тереңдете түсеміз деп үміттенеміз. – Шағын және орта кәсіпкерлік – халық үшін жұмыс көзі. Компанияның «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жүзеге асуына қосқан үлесі қандай? – Кез келген кәсіпті бастағанда маман тапшылығы болады. Сенесіз бе, біз сату бөліміне менеджер маманды 3 ай іздедік. 300-ден аса түйіндемені қарап шықтық. Сосын елордадағы жоғары оқу орнына барып, деканға жолықтым. Нәтижесінде декан ұсынған 10 студенттің төртеуін қызметке қабылдадық. Білікті кадр табыстың еселенуіне, нәтиженің артуына себепші болады. Сондықтан біз қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағдайын ерекше назарда ұстаймыз. Олардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкін болған жағдайдың барлығын қарастырамыз. Қазіргі таңда компания штатында ондаған адам еңбек етіп келеді. Олардың басым бөлігі Оңтүстік Кореяға барып, кәсіби біліктіліктерін шыңдап үлгерді. Ағылшын және кәріс тіліне жетік. Тіл үйренуге қаржыны компания бөледі. Шамамыз келсе, әр ай сайын 2 қызметкерімізді шетелге оқуға аттандыруды жоспарымызға енгіздік. Олар вакуумды ажыратқыштарды жинауды үйренеді. Бізде қазір әуе автоматы өнімін іске қосу үшін дайындық жүру үстінде. Жақында Екатеринбург қаласынан маман алдырдық. Оны жұмыспен, баспанамен қамтамасыз еттік. – Жеке кәсіпкерлікті дамыту саласы бойынша мемлекет тарапынан көрсетілетін түрлі қолдауға көбінесе қыз-келіншектер ие болады деген мәлімет бар. Өзіңіз осы жеңілдіктерді пайдаланып көрдіңіз бе? – Әзірше мемлекеттен қолдау сұраған жоқпыз. Барлық істі өз қаражатымызбен атқарып отырмыз. Өндірістік қуатымыздың артуына байланысты болашақта сіз сөз етіп отырған «жеңілдіктерге» жүгінуіміз мүмкін. – Кез келген істі бастау қиын. Алғашқы кезде кәсіби сауаттың аздығы да түрлі кедергілерге себеп болуы мүмкін. Жеке кәсіпкер ретінде қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп жүрсіз? – Басқа салалардағыдай бұл жерде бізге де Кедендік одақ түйткіл туғызады. 2012 жылға дейін еркін қойма ашып, толымдаушыларды нөлдік мөлшерлеме бойынша кедендік рәсімдеуден өткізуге болатын. Қазір мұндай мүмкіндік жоқ. Біз шеңбермен шектеуліміз, қосарланған салықтан бөлек, сертификат алу үшін де ресейліктерге жүгінуге міндеттіміз. Сондықтан тек біздің компанияның ғана емес, басқа да отандық компаниялардың дамуы үшін заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп ойлаймыз. – Үлкен істің басы-қасында жүру әйел адамға қиын емес пе? Оның үстіне энергетика саласы әйел адамға жат дүние деп санаймыз. Сізге қазір ешкім таңғалмай ма? – Отандық һәм шетелдік энергетиктер бас қосқан маңызды шараларға барсам, бәрі таңырқай қарайды. Себебі энергетиктердің жиынына көбінесе осы саланың жілігін шағып, майын ішкен ер адамдар қатысады. Өзімді «арпа ішінде бір бидай» сезінемін. Қазір энергетика саласы бойынша тәжірибе алмасып, пікір айтатын дәрежеге жеткен сияқтымын. Меніңше, «әйел адамға таңсық дүние ғой» деген пікір қасаң қағида. Ер адамның ақыл-ойы мен мүмкіндігі жеткен кез келген іске әйел адамның да қабілет-қарымы жетеді. Ең бастысы, бизнеске ниет пен ізденіс қажет. Сонымен қатар қаржыны басқаруда, нарықты игеруде, маркетинг пен сату ісінде, кадр таңдауда, стратегиялық жоспарлауда, тәуекелдерге баруда сауатты болу керек. Осыларды меңгермеген ер адам да шалқып тұрған шаруаны шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Ал қоғам әйелдер құрылыс, транспорт, шикізат өнеркәсібі, мұнай-газ және энергетика салаларын игере алмайды деген ұғымнан ажырауы тиіс деп ойлаймын. Себебі бұл өткен заманның түсінігі. Елбасының: «Кез келген елдің болашағы әйелдердің қоғамдағы орнына байланысты болады. Біз бұған үлкен мән береміз», – деп айтқаны бар. Бүгінде Қазақстан қоғамында әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық секторында, шаруашылықтың түрлі салаларында ерлермен қатар еңбекке белсене араласып, өздерінің біліктіліктері мен іскерліктерін танытып келеді. Себебі әйелдер қажет кезде керекті сөзді, әдісті, амалды тез таба біледі. Олар түсінікті тілде сөйлеседі және барынша жауапты, жинақы, тәртіпшіл бола біледі. – Назгүл, сіздің қайырымдылыққа көп көңіл бөлетініңізді естіп едік. Әлбетте, сауапты іс жасау – кез келген азаматтың борышы. Оны жалпақ жұртқа жариялау маңызды емес. Дегенмен де... – Жалғызбасты аналар мен жетімдерге, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, қарттарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сонымен қатар дағдарыс орталықтарына қол ұшын созуды әдетке айналдырып келемін. Сол арқылы «Шапағат» халықтық жобасын жүзеге асырушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, оның үздіксіз жұмыс істеуіне азды-көпті үлес қостым. Аталмыш жоба аясында әлеуметтің әлсіз тобына көмек көрсетілетіні мені шынымен қуантады. – Балалары ауыр науқасқа шалдыққан отбасының есепшотына ай сайын қомақты қаржы аударып отыратыныңызды бүгіп қалдыңыз ғой... – Кімге, қалай, қандай көмек көрсететінім маңызды емес. Ең бастысы әр адам жағдайы келсе, мұқтаж жандарға қол ұшын созуы тиіс. Шынымды айтайын, қайырымдылықты қаржым қалтама сыймай жатқаннан, асқаннан, тасқаннан жасап жүрген жоқпын. Қамкөңіл ана мен оның бауыр еті баласына әйел ретінде, ана ретінде жанашырлық танытқым келді. Себебі қайырымдылық – адамды ізгілікке тәрбиелейді. Өмір сүруге құлшындырады, жүрегің мен жаныңа тыныштық орнатады. – Әңгімеңізге рақмет! Кәсібіңіз өрге жүзе берсін!

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы