Көлде жүзген аққудай....

Көлде жүзген аққудай....

Көлде жүзген аққудай....
ашық дереккөзі

Дене бітімі сымбатты, сұңғақ бойлы, еңсесін тік ұстап, қаздай тізіліп жүретін қазақтың сұлу қыздарын кішкентай ғана Жамбыл көшесінің бойынан жиі байқайтын едік. Сол жасөспірім қыздар 80 жылдық тарихы бар А.В.Селезнев атындағы хореографиялық училищенің шәкірттері екен. Біздің көзімізге түскен қыздар балет деген тылсым өнерді меңгеріп жүрген өнерпаздар екені  анық. Мереке қарсаңында осы училищеге бас сұғып, сәні мен сымбаты, өресі мен өнері келіскен болашақ балет әртістерімен жақынырақ таныспаққа бел будық. Өнерлі өрендерді тәрбиелейтін орда өткен жылдың мамыр айында ғана 80 жылдық мерейтойын тойлаған болатын. Білім мен өнер ордасының қатал тәртіппен жұмыс істейтіні есіктен кіре бергеннен-ақ сезіледі. Есіктен аттай бере қабырғаларға ілінген түрлі ескертулер мен ережелер бірден көзге түседі екен. Дәлізде жөнсіз жүрген жан көрінбейді. Топ-тобымен сабақтарына кіріп бара жатқан шәкірттердің дене сымбаты мен сұлулықтары келісіп-ақ тұр. Биші қыздар мен бірді-екілі жасөспірімдердің айналасына мойын бұруға да уақыты жоқ. Бірі дәлізде биін қайталап, енді бірі денесін жаттықтырып жүр. Училищенің ішіне кіру де оңай шаруа емес екен. Әуелі тіркеу бөлімінде тұрған азаматқа келген себебімізді түсіндіріп, училище директорымен байланыстыруды сұрадық. Алайда директор Бішкек қаласына іссапармен кеткен көрінеді. Басшылықпен байланыса алмағандықтан, училищедегі хореограф ұстаздар мен биші қыздармен тілдесіп көруге ұйғардық.

Тіркеу бөліміндегілер Қалжан Меңілбаева есімді ұстазды шақырып берді. Қалжан ханым осы училищедегі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Ашық жарқын ұстаз бірден хореографиялық училище жайлы әңгімесін бастап кетті: «Мен де осы училищенің түлегімін. Қазақстанның Халық әртісі Болат Аюхановтың сыныбында 8 жыл оқып, осы ордадан «балет әртісі» деген дипломды қолға алдым. Содан кейін 3 жылдай училищеде балеттен дәріс бердім де, кейіннен Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне оқуға түсіп, қызметімді тастадым. Оқу бітірген соң, тұрмысқа шықтым. Кейін өзімнің түлеп ұшқан білім ордама қайта оралдым, – деп өткен шаққа көз жүгіртіп өтті де сөзін әрі қарай жалғастырды. – Біздің хореографиялық училищеге оқушыларды 9 жастан бастап қабылдайды. Шәкірттерді 8 жыл оқытамыз. Шәкірттеріміз үшін барлық жағдай жасалған. Училищеге еліміздің түкпір-түкпірінен келген студенттер үшін жатақхана бар. Балалардың басты міндеті – оқу және би өнерін еркін меңгеру. Таңғы сағат 8-ден кешкі 8-ге дейін училищенің шәкірттері ғимараттан ешқайда шықпайды. Кешке дейін дайындықта болады», – деген Қалжан Абылайқызы соңғы кезде училищеге қабылданатын қыздардың саны ұлдардан әлдеқайда басым екендігін де айтты. Бізді аса қызықтырып тұрғаны – училищедегі балет әртістері екенін Қалжан апай да бірден түсіне қойған тәрізді. Ары қарайғы әңгімесін училищенің балет әртістерін дайындау жұмыстарына лезде ауыстырды. Балет өнерін меңгеріп шыққандарға «Хореография бөлімінің балет әртісі» деген арнайы диплом беріледі екен.

Қалжан ханым да «Балет әртісі» деген диплом иегері болғандықтан, ол бұл өнердің қиындығын да, қызығын да жақсы түсінеді. «Балет – ой мен жанның құбылысын қозғалыс, дене қимылы арқылы көрсететін би. Бұл – би өнерінің нағыз шыңы. Бидегі басты қағида – денені бірқалыпты ұстау. Балет бишілерінің дене бітімі сымбатты, омыртқалары тік, аяқтары түзу болады», – деп дәліздегі шәкірттерін нұсқады. Иә, балет әртістерінің сымбатты болатынын Қалжан ханымға да, оның шәкірттеріне де қарап бірден ұғынғандай болдық.

Ал хореографиялық училищенің 2-курсында оқитын Жұлдыз Ален есімді биші қыз әңгімесін 9 жасынан бері осында оқып жатқандығынан бастады. Бала кезінен балетке қатысуды қалаған Жұлдыз 5 жасынан бас­тап би өнеріне құмар болыпты. «Кішкентай кезімнен түрлі ұлттардың билерін өзім құрастырып, билей беретінмін. Кейін ата-анам мені осы училищеге алып келді. Осылайша балет өнеріне 5-сыныптан бастап қабылдандым. 9-сыныпқа дейін әдеттегі мектеп бағдарламасымен оқыдық. Ал 3,4-курс­тарда арнайы мамандық бойынша пәндер оқытылады. Қазір де хореографияға қатысты түрлі пәндер оқып жүрміз. Балетпен қатар, классикалық би, ұлттық би, заманауи би, шығыс биін де меңгерудеміз. Кез келген би адамның өзін көрсетуге ықпал етеді. Ал өз-өзіңді көрсету үшін батылдық қажет. Өнердің кез келген түрі сый-құрметке ие», – дейді болашақ балет жұлдызы. Қазірдің өзінде Абай атындағы опера және балет театры, Мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры, Республика сарайы сынды ірі мәдениет ошақтарының сахнасында өнер көрсетіп жүрген өнерлі қыздар балет өнерінің өте қиын екендігін, бұл өнерді меңгерудің оңай еместігін жасырмайды. «Балет өнерін бірден меңгеріп кеттім деп айта алмаймын. Кейбір элементтерді үйренуім үшін өте ұзақ уақыт жұмсадым. Бізге әуелі балеттің не екенін, қайда, қашан пайда болғанын ұғындырып, балеттің тарихымен тереңірек таныстырды. Хореографиялық училищеге келгелі көп нәрсені үйрендім. Мұнда бізді тек өнерге баулып қана қоймайды, сондай-ақ, шыдамдылыққа, еңбек етуге де үйретті. Білікті балет әртістерінен тәлім алдық. Фарида Асылбекқызы, Ақмарал Абдикаримова, Ғайникамал Мәметжанқызы сынды тәжірибелі ұстаздарымыздан үлгі аламыз, – деп ризашылығын білдірген Жұлдыз екі жылдан кейін училищені тәмамдайтынын айтып қалды. – Училищені бітірген соң, өзге мамандық таңдап, жоғары оқу орнына тапсырамын. Балетті ары қарай жалғастыратыныма сенімді емеспін. Өзімді басқа салада сынап көргім келеді», – деп аяқтады сөзін.

Жұлдыздың сөзін мұқият тыңдап тұрған жанындағы құрбысын да сөзге тартып көрмек болғанымызда Қалжан Абылайқызы әңгімеге араласып, сүйкімді қызды таныстыра бастады. Сөйтсек, Сағадат есімді 16 жасар қыз анасының өнерін жалғастырып жүрген биші ару екен. Қалжан ханым өзінің екі қызын да өзі тәлім алған хореографиялық училищеге түсіріпті. Оларды қиын өнерге бекерден-бекер сүйреп келген жоқ аналары. Қыздарының осы бір құпиясы мол өнерге деген қызығушылығын, икемін байқағандықтан жетелеп келген. Хореографиялық училищенің 2-курс студенті Сағадат Мақсұт әуелде гимнастшы болуды армандаған екен. Теледидардан Әлия Юсупованың өнерін тамашалап өскен Сағадат гимнастшы боламын деп бекінгенімен, дене бітімі сай келмегендіктен, балетті таңдағанын айтады. «Алғашында балетті меңгере алмай біраз қиналдым. Кейбір қимылдарды мүлдем түсіне алмайтынмын. Қазір ойласам, сол кезде балеттің қимыл-қозғалысын меңгеруге ойым жетпеген тәрізді. Балет өнеріне ешкім бірден бейімделіп кетпейді. Әуелде барлығы үшін қиын болған. Қазір маған балет өте қатты ұнайды», – дейді болашақ балет әртісі Сағадат. Сағадаттың сіңлісі де хореографиялық училищенің оқушысы. Өзінен кейінгі ізбасары Сымбат қазір 3-сыныпта оқиды. Әпкесінің айтуынша, Сымбаттың балетке деген икемі мен махаббаты ерекше. Балет өнерінің қыр-сырын аз да болса меңгерген Сағадат Сымбаттың аяқпен жақсы жұмыс жасайтындығын айтып, өзінің кәсіби бағасын берді. «Училищедегі концерттерде өнер көрсеткеніміздің өзі біз үшін үлкен жауапкершілік. Мұнда көп нәрсені үйрендік. Отандық театрлардан, шет мемлекеттерден, мысалы, Үндістан, Ресей, Жапониядан балет әртістері келіп, бізге арнайы шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Біз кішкентай кезімізден гастрольдік сапарларға шығып жүрміз. Осыған дейін Астана, Қарағанды, Тараз қалаларында болып қайттық. Бұйырса, алдағы уақытта Бішкек қаласына аттануымыз мүмкін», – дейді әрбір сұраққа ойланып, салмақты үн қататын Сағадат.

Сағадаттың анасы қызының белгілі балет әртісі болғанын қалайды. Өзі жетпеген жетістіктерге қызым жетсе екен деген аналық ақ тілегі де бар. Алайда Сағадат «балет өнерін ары қарай жалғастырасың ба?» деген сауалымызға тосылып қалды. Сағадат та училищені аяқтағаннан кейін өзге мамандық таңдайтынына сенімді. Өзінің бұл әрекетін Сағадат былай түсіндіреді: «Балет – өте күрделі өнер. Мен мұны жақсы түсінемін және балетті жақсы көремін. Бірақ менің бір жерде тоқтап қалғым келмейді. Балет бишісі болсам да, маған жоғары білім міндетті түрде керек. Оқудың артықтығы жоқ. Өнерлі болсаң, кез келген ортада өзіңді көрсетуге мүмкіндік бар. Кейін мықты балерина болмасаң, өмір бойы қатардағы биші болып, топ ішінде өнер көрсетіп жүре бересің. Жеке өнер көрсетпеген соң, табатын табыс та аз болады», – деген Сағадаттың келешекке деген мақсатының берік әрі айқын екеніне қуанып қалдық.

Тал бойынан бір мін табылмайтын биші арулардың өмірге деген көзқарасы да, өзіндік ой-пікірі де, батылдық пен қайсарлығы да бар екен. Міне, нағыз қазақтың ақылына көркі сай қыздары осындай болса керек!