КӨКТЕМ КАНТАТАСЫ

КӨКТЕМ КАНТАТАСЫ

КӨКТЕМ КАНТАТАСЫ
ашық дереккөзі
Бәріміз үшін әр маусымның өз орны бар десек те, көктем ерекше. Жер жаңарып – көк шығып, қыстың аязы кетіп – күн жылып дүние жаңғырып, жаңарып, қара жерге көктен рахым нұры жауғанда қалайша көкіректі сезім кернемейді?! «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, масатыдай құлпырар жердің жүзі; жан-жануар, адамзат анталаса, ата-анадай елжірер күннің көзі; жаздың көркі енеді жыл құсымен, жайраңдасып жас күлер құрбысымен; көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал, жалбаңдасар өзінің тұрғысымен; қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып; шаруа қуған жастардың мойыны босап, сыбырласып, сырласып, мауқын басып; түйе боздап, қой қоздап – қорада шу, көбелекпен, құспенен сай да ду-ду; гүл мен ағаш майысып қарағанда, сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су». Қазақтың осыдан екі ғасыр бұрын көктемді қалай қарсы алып, қалай қуанғанын, сонда табиғаттың қалайша құлпырып, жер бетінің қалай түрленгенін ұлы Абай осы бір шумақтары арқылы көз алдыңа әкеліп, құлағыңа сазды даусын жеткізіп, мұрныңа жұпар иісін, тіліңе шәрбат дәмін сезіндіреді. Расында, керемет-ақ емес пе?!! Күздің салқыны мен қыстың аязынан соң күннің көзі жадырап, қазақша айтқанда «алты ай қысты артта қалдырып», ақ қарды – ақ көрпесін серпіп тастаған марғау Жерге жан енгенде, көкірегін көктемнің саумал ауасы кернеген ақынның жүрегі жыр боп дүрсілдеп, көмейінен өлең төгіледі: Япыр-ай! Неткен көктем! Көктем! Көктем! Дүние-ау, Сен осылай көкпеңбек пе ең?! Қымырандай ашимын қырға шығып, Өзегiмдi жалайды өткен-кеткен. Мына дала, мына өлке – жап-жас әлi, Адамдардың жоғалды сан жасағы. Бiр ұрпаққа бiр ұрпақ жалғасады, Мына дала, мына өлке – жап-жас әлi. Япыр-ай! Неткен көктем! Көктем! Көктем! Дүние-ау, сен осылай көкпеңбек пе ең?! Мәңгi-бақи түлеген қаз қалпыңда, Табиғат керемет ең неткен, неткен?! Мұқағали сезінген көктем әсері неткен ғажап?! Күрсінісінің өзінде әуез бар, таңданысының өзінде сыр толқиды. Ақынның түлеп жатқан табиғатқа деген жыр-лебізі жаңарған жермен бірге оның ойына салмақ, бойына зіл болған тіршілік түйткілдерін де сілкіп тастап жатқандай... Ия, жаңарудың шаттығы бар. Дүниеге ғашық көзбен қараған жанның алдағы күнге деген тәтті үмітінің қуанышы алабөтен. Көктем – ақындар үшін қашанда тазалық пен пәктіктің, сұлулық пен жастықтың символы. Содан болса керек, ақындар кейде көктемнің көркіне тамсанып қана қоймай, оны еркелетіп те отырады: «Қанша жүректі нұрлантып келдің, қанша теректі ырғалтып келдің; қанша сәулеңе сүйгізіп келдің, қанша сәукеле кигізіп келдің; мына келісің – қызық-ақ келдің, қанша тырнаны тізіп ап келдің; қанша көп ектің гүлін шынардың, қанша бөбектің тілін шығарды; қанша қалаға ірге қаладың, кел-кел, аяулым, бірге барамын; қызартып келген қырқаның белін, іңкәрім менің, сұңқарым менің». Төлеген Айбергеновтің осы бір сазды лирикасын оқығанда көктеммен келер көп қуаныштың, мол ырыстың қызығына кенелгендей ойың сергиді. Көктем көрінісі дегенде еріп бара жатқан қыстың соңғы қары, сай-салаға жарыса аққан сулар, қиқулаған құстар дауысы есіңе келеді. Бірақ оны жай ғана естіп, көрудің әсері бір басқа да, сол сен сезінген не көрген көктемнің жыр тілінде шертілген сыры ерекше емес пе? Ендеше Сырбай Мәуленовтің: Сезілгенмен ақпанның салқыны әлі, Нұрлы шуақ, көктем боп бар құмары, Қар астынан қылтиған жауқазын гүл, Күн нұрына сәбидей талпынады. Нәзік гүлім! Өжет те қайсар гүлім! «Көктем келе жатыр» деп жар сал бүгін! Ақ қар еріп барады жылап ағып, Ағаштар да көзіне тамшы алды кіл...   Дауыстарды не түрлі толтыруда, Туған жердің тау-тасын, жал құмын да... Көктем аунап келеді, көктем аунап, Бұлақтардың сыңғырлы толқынында.   Нәзік сәуле дірілдеп кірпігінде, Жанарына үйірді күлкі күн де. Көктем бүрлеп келеді, көктем бүрлеп, Жарып шыққан қайыңның бүртігінде.   Қараңызшы! Тұп-тұнық таң атуда, Кең далама шұғыласын таратуда. Көктем көшіп келеді, көктем көшіп, Қайта оралған құстардың қанатында, – деп төгілген жырына қалайша риза болмайсыз? Қалайда көктем мен лириканың бір-біріне деген әсері мен ғажап үйлесімі туралы айтып тауысу қиын! Көктем – аналар мерекесі тойланып, әйел-қыздарға ерекше құрмет көрсетілетін кез! Көктем – жер беті алуан түрлі гүлдермен көмкеріліп, жұпар иіске толатын тамаша кезең! Көктем – жаңа армандардың бастауы! Көктем – жүректі қуанышқа толтыратын махаббат маусымы!