24 Ақпан 2017, 11:51 2363 0 Заң Анар ЛЕПЕСОВА

Қамауға алынған күдіктілерге күш көрсеткен полицейлер 12 жылға сотталмақ

Елімізде ресми 27 мыңнан астам нашақор тіркелген деп хабарлайды khabar.kz. 

Бұл - полицияның қолына түсіп, емделгендер саны. Есірткі саудасымен күресетін мамандардың айтуынша, нашақорлар одан да көп болуы мүмкін. Сондықтан заңды қатаңдату ұсынылды. Ішкі істер министрлігінде бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Алдағы уақытта тиісті заң жобасына өзгерту енгізіліп, Парламентке ұсынылмақ.

Құқық қорғау саласындағы тағы бір өзгеріс - адвокаттар енді тергеу изоляторлары мен түзету мекемелерінде бейнебақылау мен куәгерсіз айыпталушымен істің мән-жайын талқылай алады. Ол үшін қорғаушы мен күдіктіге арнайы орын беріледі. Тиісті меморандумға қол қойылды. Тараптардың айтуынша, бұл – адам құқықтарын қорғауға негізделген қадам.

Ал Бас прокурор Жақып Асанов полицейлердің жұмысын бақылауды күшейтуді тапсырды. Азаматтардың арын аяққа басып, құқығын таптап, аяусыз ұрып-соғу түрмелерде тиылмай тұр.

Түрме реформасының IV форумында «Азаптаусыз қоғамға қарай» жобасы таныстырылды. Қазақстан азаптау деректерін зерттеуде халықаралық тәжірибеге сүйенбек. Жылда жәбірленушілерден 700-дей өтініш түседі екен.  Соңғы 5 жылда 140 лауазымды тұлға күш көрсетіп, дәйек алғаны үшін сотталған. Алайда аталған деректердің тек 2 пайызы сотқа жететін көрінеді. Азаптаудың алдын-алу үшін енді тергеу кабинеттері әйнектен жасалып, ішіне бейнекамералар орнатылмақ.  Ал ұсталған адамның денесінен жарақат табылса, құқық қорғау органдары қызметкерлері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Соңғы жаңалықтар