Түркістандағы емделушілері жаппай туберкулез жұқтырған психоневрологиялық емдеу мекемесінің басшылары қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.
"КТК" арнасының хабарлауынша, ақыл-есінде ауытқуы бар жандарға туберкулез науқастардың бірінен жұққан. Ал мекеме қызметкерлері мұның алдын алмақ түгілі, қарапайым тазалықтың өзін сақтамапты.
"Бұл әлеуметтік-медициналық мекемеде эпидемиологиялық ережелер мүлдем сақталмаған. Сол үшін залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Және осы жайтқа байланысты басшыларын да жұмыстан шығардық", - дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Қаңтар айында пациенттерді жоспарға сай тексеру кезінде мекемеде өкпе құртын жұқтырған 7 емделуші анықталған. Жағдайды жоғарыға баяндап, Астана мен Шымкенттен келген арнайы комиссия 502 пациенттің 61-не аталмыш дерт жұққанын, ал оның жартысы ашық түрімен ауыратынын біліпті. Науқастардың үшеуі осы аурудан көз жұмған. Қазір науқастардың барлығы арнайы мекемелерде ем қабылдауда. Еліміздің бас санитары мен вице-министр бастаған мамандар мәселені жіті бақылауға алған.