Зейнетақы  жүйесі  өзгере  ме?

Зейнетақы  жүйесі  өзгере  ме?

Зейнетақы  жүйесі  өзгере  ме?
ашық дереккөзі
Сонымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры шығынға ұшырағанын мойындады. Зейнетақы қорының басынан көптен бері бұлт кетпегені белгілі. Қаржы қымқырған басшылық, белгісіз инвестиция төңірегіндегі дау. Бірақ қаншама даулы жағдай болса да, қор көп мәліметті жоққа шығарып келген еді. Бірыңғай жинақтаушы зейнет-ақы қоры 9 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Қордағылар мұны әдеттегідей теңгенің құнсыздануымен түсіндіріп отыр. Қазіргі таңда 5 миллиард теңге кімнің қолында екені белгісіз. Қор жұрттың жиып-тергенін еселеудің орнына, өз есебін шығарып отырған. Ал сәтсіз инвестициялар компанияның жеке шотынан емес, зейнетақы есебінен жасалыпты. «Зейнетақыны инвестициялаймыз деп, мекеме желтоқсанда 33 миллиардқа және тағы 2 миллиард шығынға батқан. Артынша 26 миллиард теңге инвестициялық табыс тапқанымен, шығын 9 миллиард теңгеге бір-ақ жеткен», – дейді Ұлттық банк өкілдері. ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрғазиннің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында зейнетақы активтерін инвестициялаудың нәтижесі аса табысты болмады. «Бұл құнды қағаздардың құнсыздануы мен доллар бағамының бақандай 8 теңгеге қымбаттауы салдарынан болып отыр. Десе де, жалпы жылдық инвестициялық табыс бұдан азайып қалған жоқ. Ол бүгінде 531 миллиард теңгені құрайды», – деді ҚР Ұлттық банкі басқарма басшысының орынбасары. Көпшіліктің көңіліне бұл медеу бола алмас. Таяуда ғана алматылық салымшылар зейнетақы жинақтарындағы ақшаның азайғанын айтып дабыл қаққаны есте. Десе де мұндай келеңсіздіктерге қордың әу-бастан жауабы дайын. Яғни, инвестициялық табыс бірде көбейіп, бірде кеміп отырады, бұған алаңдаудың қажеті жоқ.

Сенімсіздіктің сыры неде?

Көптің көңіліне күдік ұялатқан зейнетақы қорына сенімсіздік неден туындап еді? Иә, өткен жылдың соңында Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының қызметіне тексеріс жүргізілген. Тексеру зейнетақы қорының меншікті активтерді инвестициялауға қатысты жасалған операциялары бойынша жүзеге асырылды. Тексерістің нәтижесінде белгілі болғандай, «Бузгул Аурум» ЖШС-нің құрылтайшысы Бақытжан Кенжебаев құнды қағаздарды орналастырудан түскен және компанияның депозит есепшотындағы қомақты қаражатты өз мақсатына жаратқан. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары БЖЗҚ мен «Бузгул Аурум» ЖШС-ның арасындағы келісімді тергеуде. Оның аясында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алтын қазу компаниясынан жылдық мөлшері 19 пайыз болатын құнды қағаздарды өз есебінен сатып алған. Бұл келісімге Ұлттық банк басшылығы күдікпен қараған, нәтижесінде қаржы реттеушісінің өкілдері құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Бөтеннің сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салды деген күдікпен төрт адам қамауға алынды. Кінәлары дәлелденген жағдайда олар 12 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін. Осы орайда түсініктеме берген қор өкілдері бірінші кезекте зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінде «Бузгул Аурум» құнды қағаздары жоқ екенін айтып, түсіндірді. «Қолда бар мәлімет бойынша, бұл келісім «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаевтың ықпалымен жасалғанға ұқсайды, ол осы қызметте отырып, қордың «Бузгул Аурум» құнды қағаздарын сатып алуы үшін осы мәселені жылдамдатып шешу мақсатында қоластындағыларға ықпал еткен. Ал қаржы қатерлері басқармасының басшысы Мұса Бахытов осы келісім бойынша қайталама қорытынды толтырып, компанияның құнды қағаздарын сатып алуда қатер жоқ деп көрсеткен. Өз кезегінде компания директоры Азат Найзағарин бірқатар жалған құжаттарға қол қойып өткізген», – деп пікір білдірді ҰҚК өкілдері. Ведомстводағылардың айтуынша, зейнетақы қоры мен компания арасында келісім жасау арқылы 100 пайыз мемлекеттік мекеме болып саналатын қордан 5 миллиард теңге сомасында қаражат жымқырылған. Жылдап жинаған ақшамыз бір-ақ күнде қолды болды деп дабыл қаққан жұртшылыққа бұл қордың өз қазынасынан алынған қаражат деп түсіндіргені есте. Бұл іс толық тексеріліп біткен жоқ, бірақ тергеу нәтижелеріне сенсек, жымқырылған қаражат бұдан да көп болуы мүмкін. «Ресми түрде зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінде «Бузгул Аурум» бағалы қағаздары жоқ екенін растаймыз. Зейнетақы активтерін инвестициялауды Ұлттық банк Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдары тізіміне және декларацияға сәйкес инвестиция лимиттеріне сай жүзеге асырылады»,– деп түсіндірді қордың баспасөз қызметі. Әзірге тергеу жұмыстары аяқталған жоқ. Бірақ халықтың зейнетақы қорына сенімі азайып, маңдай термен жинаған салымдары қолды болып кеткенін қаламайды. Сондықтан зейнетақы қорындағы жаңа стратегия мен реформалар Бірыңғай зейнетақы қорының жұмысын жетілдіреді деген үміт басым.

Блох басқа мәліметті алға тартты

Осы іс бойынша қамауға алынған тұлғалардың қорғаушысы Александр Блох олардың еш кінәсі жоқ дегенді алға тартуда. «Ерденаев ешқандай да қылмыс жасаған жоқ. Қазір қандай да бір қорытынды айтуға ерте. Тергеу шаралары жүргізілген жоқ. Олардан тек тергеушілер жауап алды»,– дейді Блох. Сондай-ақ, Блох қордың өз есебінен KASE биржасы арқылы «Бузгул Аурум» ЖШС-нан 5 миллиард теңгеге құнды қағаз сатып алуына кеткен қаражаттың банк есепшотында тұрғанын және оны кез келген уақытта қайтара алатындарын айтты. «Зейнетақы қорындағы ақша жұмсалған жоқ, БЖЗҚ активтері ғана жұмсалған. Зейнетақы қоры өздерін-өзі ақшамен қамтуы тиіс, олар зейнетақы қорындағы ақшаны алмауы тиіс. Тиімді келісімшарт жасалды. Жыл сайын 19 пайыз мөлшерлеме. Мұндай инвесторды қайдан табасыздар?», – деді Александр Блох. Зейнетақы қоры екі мәрте сақтандырылған. Активтері 15 миллиард теңгеге бағаланған акционерлік қоғамнан кепілдікті міндеттеме де алынған. Егер де акционерлік қоғамның активі дефолт болса, бір жыл ішінде ақшаны қайта орнына қоюы тиіс. Осылайша 5 миллиард теңге талан-таражға түскен жоқ деп сендіруде қорғаушы. Азат Найзағаринның қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов те қорғалушыларына тағылған айыппен мүлде келіспейтінін айтты. «Оларды ақшаны иемденіп алды деп айыптап отыр, алайда олардың бұл іске еш қатысы жоқ. Біріншіден, ақшаны иемденіп алу үшін ол ақша оған сеніп тапсырылуы тиіс. Ал олар ақшаны қарызға алған болатын. Бес жылдан кейін қайтаруы тиіс болатын. Ақшаны иемденіп алу жайлы қандай сөз болуы мүмкін? Қорғауындағыларды ақша иемденіп алды деп айыптағаны үшін сотқа өтініш беруге болады», – деді Нұрпейісов.

Еуразия бестігі зейнетақы жүйесін өзгерте ме?

Еуразия бестігінде зейнетақы жүйесі өзгеруі мүмкін. Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанда жұмыс істейтін қазақстандықтардың шетелдегі еңбек өтілі зейнетақы төлеуде енді ескерусіз қалмайды. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі келісімде жазылған. Құжат жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің азаматтарын зейнетақымен қамтамасыз ету жөніндегі келісімнің талқыланғанына біршама уақыт болды. Төлемнің мөлшері әр мемлекеттің заңына сәйкес бекітілетіні белгілі. Бірақ шешімін таппаған бірнеше мәселе бар. Мысалы, зейнетақы жүйесі, еңбек өтіліне қойылатын талап әр елде әртүрлі. Айлық табыстың көлемі де бірдей емес. Статистикаға сүйенсек, ең жоғары зейнетақы Ресейде. Қазақстан да зейнеткерлерін ренжітпеуге тырысады. Үшінші орында Беларусь тұр. Ал Армения мен Қырғызстан – көш соңында. ЕЭК департаментінің директоры Паиза Суюмбаеваның айтуынша, бірінші балдық жүйені реттеу керек. «Зейнетақы алу үшін азаматтың жасы мен еңбек өтіліне қарайды. Ресейде бұған 2015 жылдың қаңтар айынан бастап ұпайлар қосылатын болды. Қартайған шағын алаңсыз өткіземін деген адамға 30 ұпай жинау керек. Бірақ Қырғызстан, Қазақстан мен Арменияда балдық жүйе жоқ», – деді ол. Осы орайда туындаған қиындықтарға байланысты ЕЭК әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Сергей Евдокимов: «Егер азаматтар Ресейден басқа шетелдерде жұмыс істесе, онда оның коэффициентін қалай санаймыз? Мәселе осында. Ресей өзге мемлекеттерде жұмыс істеп, жинаған еңбек өтіліне бір ғана коэффициент қосуды ұсынып отыр. Онымен Беларусь келіседі. Бірақ қалғандары бұл көрсеткіш екіден аз болмауын талап етуде. Әйтпесе, Ресейде еңбек ететін шетелдіктердің құқығы бірдей болмайды. Енді шетелде жұмыс істеген азаматтың сол уақыт аралығындағы зейнетақысын сол мемлекет төлейтін болады. Бұл – зейнетақы келісімінің жобасында қарастырылған норма»,– деді. Жалпы, басты мәселелердің бірі Қазақстан азаматы Мәскеуде немесе Минскіде еңбек етсе, онда зейнетақыны Ресей не Беларусь төлеп отыруы тиіс. Зейнетақы келісімі жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін. Бұл құжатта зейнетақыны төлеу тәртібі, бір елден екінші елге қоныс аударғанда азаматтардың құқықтарын сақтау секілді мәселелер де ескерусіз қалмайды.