«Алтай Альпісі» – жан рахаты

«Алтай Альпісі» – жан рахаты

«Алтай Альпісі» – жан рахаты
ашық дереккөзі
Ауасы саф, табиғаты көркем Алтай таулары кез келген жанды өзіне баурап алары сөзсіз. Қаншама ақын-жазушылар «Асқақ Алтай, өр Алтай» деп табиғатына тамсанып, шығармаларын арнағаны да бекер емес. Жуықта Алтай тауларының бөктерінде орналасқан «Алтай Альпісі» тау шаңғы курортында болудың сәті түсті. Алматыдан Өскемен әуежайына түскен бетте ауа райының аяз екенін ұғындық. Алайда қаладан 25-30 шақырым жерде орналасқан тау шаңғы курортында ауа райы 2 градусқа жылырақ екенін байқап, таңғалдық. «Изумрудный» шипажайына тоқтадық.  Өр Алтайдың көзтартар табиғатына қызығып, келген бетте курорт аумағын аралауға шықтық. Ең әуелі бұл жер қысқы спортпен шұғылданатын жан үшін таптырмас жер екенін түсіндік. 7 жастағы баладан 70 жастағы қарияға дейін шаңғы тебуде. «Алтай Альпісі» деген атауының өзі әлбетте, қызықтырғаны анық. Расында Алтай таулары сұлулығынан Альпі тауларынан артық болмаса кем түспейтіні ақиқат. Сондықтан бұл атаудың өзінде үлкен мән бар екенін ұғыну қиын емес-ті. 2003 жылы ашылған бұл тау шаңғы курортында 100 адамға дейін сыяды екен. Көпшілік демалыс күндерін осы жерде өткізуді әдетке айналдырған. Бұл жердің тағы бір ерекшелігі, курорт жыл он екі ай жұмыс істейді. Тау баурайында қар ерте түскен жылдары қараша айынан бастап, сәуір айына дейін шаңғымен сырғанауға болады. Әуесқой серуеншілер, шаңғышы туристер көп шоғырланатын кешенде автокөлік қоятын арнайы орын да жасақталған. Мұнда тау шаңғысына керекті жабдықтарды жалға беретін пункт, асхана, қонақ үйі бар. Тау шаңғышылары мен демалушылардың уақыттарын көңілді өткізуіне барлық жағдай жасалған. Әсіресе, Ресейден келген туристердің көптігі таңдандырды. Ресейдің Томск қаласынан келген Роллан есімді жігітпен тілдескен едік. Ол бұл  жер салауатты өмір салтын ұстанатын жандар үшін нағыз жұмақ екенін жасырмады. Ал демалу бағасы Ресейдегі танымал курорттардан әлдеқайда арзанырақ екенін тілге тиек етті. Мейрамдарға қарай «Алтай Альпісінде» орын да таппайсыз.  «Алтай Альпісінде» демалушыларға барлық жағдай жасалған. Яғни, шаңғы мен сноубордтан бөлек, ем-домның барлық түрі бар. Яғни, жаз айларында осында демалып, панталық емдеу, түрлі массаж қызметтерін және физиотерапиялық емдерді қабылдай аласыз. Демалушыларға арнайы Wi-Fi да бар. Шаңғы тебуді үйренем деген жандар үшін жаттықтырушылар да бар.  width= Серуендеп жүргенімізде Фристайл-могулдан Ұлттық құрамамыздың жаттығуын тамашалау сәті де түсті. Сөйтсек, Ұлттық құрама да негізгі жаттығуын осында өткізетін көрінеді. Аға бапкері Виктор Рейхард табиғаты әсем жердің ерекшеліктеріне былай тоқтады: – Фристайлшылармен осында жаттығу өткіземіз. Себебі, спортшылар үшін тау бөктерілерінің орналасуы да ыңғайлы, бағасы да қолжетімді.  Шаңғы жолымен қалай құлдиласаң да ешкімге кедергі жасамайсың. Көз мөлшерімен қарасаң бірталай жер сияқты көрінгенімен, тауға көтерілуге соншалықты уақыт кетпейді. Республикалық, облыстық жарыстар да осы аумақта өткізіледі. «Алтай Альпісі» кешенінің директоры Александр Чиликинмен кездесіп, әңгімелескен едік. Ол аумақтағы шаңғы жолдарын таныстырды: – Кешендегі құрылғылар мен шаңғы жолдары барлық жағынан стандарттарға сай. Әуесқойлар мен кәсіпқойлар үшін сырғанау аумағы ұлғайтылып, жаңа беткейлер игерілді. Таудан төменге қарай спорттық құлдилау жолының есептік ұзындығы демалушылар мен спортшылардың жылдамдықты арттыруына мол мүмкіндік береді. Ал шаңғы тебуді үйренушілерге арналған ыңғайлы жолдар да бар,–деді ол.  width= Мұнда биіктігі 1000 метр болатын таудың басына жылдам көтерілу үшін салынған аспалы құрылғылы қанатты жол да жұмыс істеп тұр. Демалушылар жалға беретін өздері қалаған тау шаңғылық керек-жабдықтарды және жалпақтығы мен техникалық сырғанауы жағынан әртүрлі шаңғыны алып, көтергіш құрылғының жанына келді. Тәжірибелі нұсқаушылар  оларға шаңғымен, сноубордпен қалай сырғанау жөнінде кеңес беріп өздері де демалушылармен тау басына көтерілді. Бәрінен бұрын бұл жер қысқы туризмді дамытуға бірден-бір серпін беретін аймақ екенін ұқтық. Тіпті табиғи климаттық жағдай да бұған келеді. Шаңғышалырымз бен фристайлшыларымыз осында жаттығады. Мектептер мен жоғары оқу орындары кешеннің басшылығымен келісе отырып, бір күндің спорт акцияларын да осында өткізеді. Мұндай шаралар әлбетте, балаларды жастайынан спортқа баулуға, шаңғы мен сноубордқа қызығушылығын оятуға өз септігін тигізеді.  Алайда мемлекет тарапынан бұл мәселеге қолдау көрсетілмейтіні өкінішті жайт. Басшысы Александр Чиликиннің айтуынша, өзге елдердің туризмді дамытуға арналған бастамаларынан үлгі алу қажет-ақ. «Ешқандай өнім шығармай, таза туризммен байлыққа кенеліп отырған мемлекеттер бар. Олар алдына жан салмай туризмді дамытады. Ал бізде қалай? Қысқы туризмді дамытуға барлық жағдай бар. Ал қамқорлық жағы кемшін түсіп отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлер үшін арнайы бағдарламамен жеңілдіктер қарастырылса құба-құп» деген А.Чиликин мұнда демалу Еуропа елдеріндегі, тіпті көрші Ресейдегі курорттардан әлдеқайда қолжетімді екенін алға тартты. «Шаңғы курортына жеке қаржымды құйдым. «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген кредит алып қанат жолдарын салғанбыз. Алайда қарызды қайтару мерзімі тым қысқа. Себебі жоба өзін ақтап үлгермейді, - деп күрсінді кейін. «Қазіргі таңда инвесторсыз күнің қараңғы, болашағың бұлыңғыр» деген ойға шомылдым. Австрия мен Швейцариядағы VIP, Royal Grand, luxury, Premium шипажайлар өзіміздің Альпінің ар жақ – бер жағында емес пе?! Бағаларды салыстырыңыз, адам басына күніне 15000 теңгеге қонақ үйде жатқызып, үш рет тамақтандырып, инструкторы шаңғы тебуді үйретіп, қанатты жолы тегін пайдалануға берілетін жер бар ма шетелде? Жоқ, әрине!» деді ол. Енді неге отандық туризм ақсап тұр? Себебі жарнама мен насихат аз. Осындай жақұтты жер бар екенін Алматы мен Астана халқы тұрмақ, іргедегі өскемендіктер білмейтін болып шықты. Ал келушілер саны жылдан жылға артпаса кәсіп дөңгелемейді.Расында бұл демалыс кешені Еуропадан кем түспейді. Демалушылар арасынан жуықта ғана Германияның Кассель қаласынан келген туристер болыпты.  Табиғатымыздың әсемдігіне тамсанып, жол түссе тағы келетінін айтыпты. Осылайша Алтай Альпісінде өткен демалысымызды көзді ашып-жұмғанша өте шықты.  

Ақбота Исләмбек