ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ДИПЛОМАТ

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ДИПЛОМАТ

ЕЛІНЕ ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ДИПЛОМАТ
ашық дереккөзі
Мемлекет, қоғам қайраткері, белгілі ғалым Сайлау Батыршаұлының аты аталғанда ең алдымен оның дипломатиялық қызметі ойға оралады. Бүгінде Қазақстандағы дипломатияның ақсақалы саналатын екі адам болса, соның бірі – Сәкең. Былтыр ардагер дипломаттың Қазақ ССР Сыртқы істер министрлігінің табалдырығын аттағанына 50 жыл толды. Қазірде зейнет жасынан асса да, халықаралық дипломатия саласындағы жас мамандарға кәсіби дипломат ретінде өз тәжірибелерімен бөлісуден жалықпайды. Сол секілді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің профессоры ретінде халық-аралық қатынастар мамандарын даярлап, шәкірттерге, магистранттарға, докторанттарға білім беруге бар күш-жігерін арнап жүрген тұлға. Өткен айдың соңында Астанадағы Сыртқы істер министрлігі мен Еуразия ұлттық университетінде Сайлау Батыршаұлының дипломатия және ғылым, білім саласындағы қызметінің 50 жылдығына және ардагер тұлғаның 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Республикасының дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және келешегі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынды ашқан Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик Ерлан Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, дипломаттың тұлғалық және ұстаздық жолы туралы баяндап берді. Оқу орны атынан шапан кигізіп, сый-сияпаттарын табыстады және кеудесіне ғылым мен білім жолында үздік еңбегі үшін ЕҰУ-дың  «Күлтегін» медалін тақты. Конференцияда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің және Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың, Президенттің көмекшісі Нұрлан Онжановтың, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың және басқа да ресми мекеме басшыларының құттықтаулары оқылды. Тәуелсіздік алған жылдары Батыршаұлымен үзеңгілес қызмет атқарған Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыс басшылары К.Көкірекбаев, Б.Сапарбаев, Қ.Көшербаев, Ж.Түймебаевтан және Алматы қаласының әкімі Б.Байбектен құттықтау хаттар келіп түсті. Конференцияға Қазақстандағы Оман, Мысыр, Украина, Белоруссия, Ливан, Ауғанстан және басқа шетел елшілері мен дипломаттары қатысты. Сәкең мемлекеттік, дипломатиялық қызмет атқарып жүргенде ғылымды қоса алып жүрді: Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында кандидаттық диссертациясын, 1993 жылы Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінде және Ленинград мемлекеттік халықаралық экономика университетінде әлемдік экономика бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Абылайхан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде, Қонаев атындағы Еуразия заң академиясында, «Астана-Тұран» университетінде және басқа жоғары оқу орындарында лекция оқыды, кандидаттық, докторлық диссертация қорғау кеңестерінің мүшесі болды. Конференцияға қатысушылар Сайлау Батыршаұлының Қазақстан дипломатиясының түрлі кезеңдегі қызметін, мемлекеттің қалыптасуы барысындағы атқарған рөлін кең көлемде атап өтті. Конференцияға мерейтой иесін құттықтау үшін көптеген қонақтар жиналды. Бұрын сыртқы істер министрі болған Т.Сүлейменов, Алматыдан келгендер  дипломатияға еңбегі сіңген қызметкер Қ.Омаров, атақты ғалым, қоғам қайраткері Ө.Сәбденов, академик Жабайхан Әбділдин, қазақтың тұңғыш ғарышкері, белгілі қоғам қайраткері Тоқтар Әубәкіров, академик Ғарифолла Есім, бұрынғы депутаттар О.Асанғазы, Е.Әбілқасымов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары А.Қашқымбаев және басқа көптеген танымал тұлғалар Сәкеңнің өмір жолы, ғылым мен дипломатиядағы еңбегі туралы ғылыми баяндамалар жасады. Ал, Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко тәуелсіздік жолындағы дипломатиялық еңбегін атап өтті. ҚР Сыртқы саясатына жемісті еңбегі үшін оған «Еңбек ардагері» медалін тапсырды. Сонымен бірге, алқалы жиынға келген қауым дипломаттың өмірі мен дипломатия жолын, тәуелсіздік кезеңдегі күрескерлігін, қажыр-қайратын арқау еткен «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия» атты эссе-диалог кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың авторы жазушы-журналист Мұрат Алмасбек-ұлы жеті бөлімнен тұратын еңбекте Сәкеңнің өмірі, қызметі және қазақ дипломатиясы тәуелсіздік жолында қызмет еткен басқа да тұлғалар туралы, сондай-ақ тәуелсіздік, ұлт тағдыры, тіл мен дін, шеттегі қандастар жайы да кеңінен баяндалғаны туралы айтып берді. Еңбектің шығуы тәуелсіз Қазақстан Республикасының 25 жылдығы, көрнекті дипломаттың дипломатиялық, ғылыми қызметінің 50 жылдығы және 75 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақ дипломатиясының ақсақалы С.Батыршаұлы әлі де ұлт мүддесі үшін қызмет етуде. Ол Сыртқы істер министрінің штаттан тыс кеңесшісі және Еуразия ұлттық университетінде профессор. Автордың айтуынша, Сәкеңнің есімімен қатар жүретін келесі ұғым – тәуелсіздік және тәуелсіздік жолындағы темірдей ұстанымы мен еш қауіптен тайсалмайтын табанды күресі. Республика сыртқы істер министрінің орынбасары 1991 жылы Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Кеңес Одағы делегациясының мүшесі ретінде үлкен бір іске барған еді. Сол жылы 24 қазанда БҰҰ мерекесі күні Сәкең шетел журналистеріне пресс-конференция өткізіп, онда Қазақ ССР-і БҰҰ-ға мүше бола алады және Қазақстан Мемлекеттік егемендік туралы декларациямен шектелмей тәуелсіздікке қол жеткізеді деп мәлімдеме жасады. Бұл Президент Н.Ә. Назарбаевтың берген ұстанымы еді. С.Батыршаұлының тәуелсіздікке сіңірген еңбектері туралы көп айтуға болады. Оның бәрін іздеген оқырман,  ұлтжанды жасөспірім жаңа шыққан «Тәуелсіздік жолындағы дипломатия»  атты кітаптан тауып алады. Эссе-диалог кітапта еліміздің ширек ғасыр ішінде қол жеткізген жетістіктері және оның елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында мүмкін болғаны атап көрсетілді. Қазақстан осынау тарихи қысқа мерзімде экономикасы қарқынды дамыған, табысқа жетудің бірегей тәжірибесі бар саяси тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Мемлекет және қоғам қайраткері, шығыстанушы, экономика ғылымының докторы Сайлау Батыршаұлының елі үшін атқарған еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазақстанның тәуелсіздік алуына және оны одан әрі нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Елбасы Н.Назарбаев «Құрмет», «Парасат» «Барыс» ордендерімен марапаттады. Сондай-ақ Сәкең туған жері Жамбыл облысы Шу ауданының «Құрметті азаматы». Қоғамдық қызметі туралы айтар болсақ – С.Батыршаұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Басқарма мүшесі, Алматы қаласы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Бүгінде Астана қаласы «Мемлекеттік тіл қозғалысы» Басқарма төр-ағасы, «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қорының төрағасы және басқа да қоғамдық ұйымдарда белсенділік көрсетіп жүрген азамат. Көрнекті қазақ дипломаты, қоғам қайраткері, халықаралық деңгейдегі ғалым Сайлау Батыршаұлы атқарған айтулы істер нәтижесінің зор абыройымен жетпіс бестің асқарына көтеріліп отыр.  

Дамир ЕРНИЯЗОВ,

Л. Гумилев атындағы 

Еуразия ұлттық 

университетінің доценті