Сәуле Жанпейісова: Ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын

Сәуле Жанпейісова: Ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын

Сәуле Жанпейісова:  Ұлттық өнерді менсінбейтіндерге  мін арта аламын
ашық дереккөзі
Ол – төл өнерге адалдығын сақтаған санаулылардың  бірі. Ұлағатты ұстаздың аманатына қиянат жасамауды,  саңлақтардың сара жолын жалғауды шәкірттік парызым деп біледі. Сананы тұрмыс билеген қиын-қыстау күндер де оны ұлттық ұстанымнан айныта алған жоқ. Сондықтан дәстүрлі әннің бүгінгі тынысы туралы сөз қозғалса, оның есімі бірінші аталуы заңдылық. Қазақтың төл өнерін насихаттап жүрген күміс көмей әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Сәуле Жанпейісованың әнін тыңдағанда қалай рақаттансаң,  әсерлі әңгімесіне құлақ түргенде де бір жасап қаласың. Өткен аптада «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өткен Батыс Қазақстан өңірінің дәстүрлі музыка кешінен кейін әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.  – Күні кеше дәстүрлі өнерге сусаған халықты «Алатау» театрына жинап, қазыналы Батыс Қазақстанның ән-жырымен сусындаттыңыздар. Концерт өзінің межелі мақсатына жетті ме? – Өткен жылдың күзінде ғана ашылған «Алатау» дәстүрлі өнер театры бірнеше күннен бері думанға кенелді. Оның бірден-бір себебі – Алатаудың баурайында, сүйікті қаламыз Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада. Бұл еліміз үшін айтулы оқиға. Спорттың ғана емес, елдің беделін көтеріп, мәртебесін биіктететін мәдениет, өнер секілді салалардың тірлігіне де жан бітірді. Елімізге әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп жатқанда Алматының әсем жерлерін көрсету, Қазақстанның тарихын таныту, қазақтың өнерін таныстыру сияқты маңызды міндеттер қойылған болатын. Бірнеше күн бойы театрымызда дәстүрлі ән, күй кештері өтті. Бірінші күні Сарыарқа ән мектебінің өнері ұсынылса, одан кейін Алтай-Тарбағатай өңірінің ән-жырлары, Сыр бойының жыраулық дәстүріне арналған кеш өтті. Ал күні кеше біз Батыс Қазақстан аймағының жыршылық-күйшілік дәстүрі бойынша «Айнамкөз» деген атпен үлкен концерт өткіздік. Кештің бағдарламасын, сценариін өзім дайындадым. Батыс өңірі – тарихы көнеден бас­тау алатын аймақ. Біздің жыраулық дәстүріміз сол өлкеден тарады деуге болады. Бұл өнердің түп-тамырына тереңдеу қиын. Біз сахна төріне XIII-XIV ғасырлардан бергі мұраларымызды алып шықтық. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Сыпыра жыраулардың шығармаларынан бастадық. Әрине, олар тек қазаққа ғана емес, сол кезеңде қазақпен біте қайнасып өмір сүрген ноғай, башқұрт, қарақалпақ секілді туыс халықтарға, түбі бір түркі елдеріне ортақ тұлғалар. Концертке біз 1-2 ай көлемінде ғана дайындалдық. Соның өзінде бұл кештің көптеген жаңалықтары, ерекшеліктері болды. Бағдарламаны тарихи хронология негізінде құрдық. Сыпыра жыраудан Ғарифолла Құрманғалиевқа дейінгі аралық қамтылды. Кештің ең басты ерекшелігі – «Қырымның қырық батыры» дастанының сахнаға шығарылуы. «Қырымның қырық батыры» – ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға мирас болып келген, батырлықты дәріптейтін көлемді тарихи жыр. Аңшыбай батыр мен Қарадөң батырдың ұрпақтарын жырлайды. Аңшыбай батыр ұрпақтарының ішіндегі ең кенжесі – Қарасай Қази туралы дастаннан үзінді орындалды. Оны шәкіртім, Құрманғазы атындағы консерваторияның түлегі Күнқожа Қайруллаев деген жас жыршы орындады. Күнқожа атақты Наурызбек жыраудың жиені болып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген осы емес пе? Өнер қанмен берілетін қасиет екеніне көзіміз жетті. Сондай-ақ, Аманқос Садықов атты жыршы «Қыз Жібекті» жырлады. Батыс Қазақстан өңірінде әншілік өнер де жақсы дамыған. Ең әуелі ұлы композитор Мұхит Мерәліұлының есімін ауызға аламыз. Одан беріде бұл топырақта қаншама әнші-ақындар туды. Маңғыстауда «Жеті қайқы», Атырауда Қиса Көпжанұлы, Ақтөбе-Ойыл өңірінде Қызыл деген әнші өткен. Олардың бар мұрасын жиып-теріп, бізге шашау шығармай жеткізген – Ғарифолла Құрманғалиев. Кешімізді сол Ғарифолла атамыздың әнімен түйіндедік. Композитордың «Сәлем, Қазақстан!» атты әнін Алатау театрының ішінен ашылған «Аманат» өнер студиясының ең кішкентей шәкірттері – Перизат пен Шұғыла менімен бірге орындады. Бұл символдық түрде көне заманнан бастау алған төл өнеріміз бүгінгі күні заңды жалғасын тапқанын, ертең де тыңдаушыға жететінін меңзейді. – 2016 жыл сіздің шығармашылығыңыз үшін табысты жыл болды. Республика сарайында «Әнім саған аманат» атты дүбірлі ән кешіңізді өткіздіңіз. Концерттен бері екі айға жуық уақыт өтті. Бәрін салмақтап, «әттеген-айы» мен «әп, бәрекелдісін» таразылаған боларсыз. Кештің артықшылығын тыңдармандарыңыз жіктеп-жіліктеп берді. Кем-кетігін өзіңіз айтсаңыз... – Дәстүрлі өнер иесіне ондай үлкен сарайда концерт өткізу оңай шаруа емес. Оның үстіне, соңғы жылдар мен үшін сынаққа толы болды. Жамбылдағы келеңсіз жағдайдан енді ес жия бергенімде әкем қайтты өмірден. Бұл концертті біраз уақыт бұрын жоспарлағанмын. Алматы қалалық әкімшілігіндегі жауапты азаматтарға жолығып, ақылдастым. «Мұндай залда сіз концерт бермегенде кім береді?», деп олар мені одан бетер шабыттандырды. Сол кешке іштей дайындалып жүргенімде әкемнің қазасы есеңгіретіп тастады. Концертті келесі жылға қалдырғаным дұрыс шығар деп ойладым. Бірақ бір істі ойға алып, алдыма мақсат қойсам, соны орындамай қоймайтын қасиетім бар. Егер осындай жауапты міндетті кейінге қалдырсам, соны ойлаумен ғана жүріп, өзімнің де, тірлігімнің де берекесі кететінін түсіндім. Кештің қамымен жүгіріп жүріп, басқа түскен қайғыны тез ұмытармын деп те ойладым. «Шешінген судан тайынбас» деп дайындыққа кірісіп кеттім. Тәубе, әкем өнердегі жетістіктерімді, ел алдындағы абыройымды көрді. Батасын берді. Әттең, аман болса, сексен жасын тойлайтын едік қой деген өкініш қана қалды көкейде. Сексен жасына тұп-тура үш ай қалғанда өмірден өтті. Концертімнің төрінде отырса деген арманым орындалмай қалды. Еңсемді көтеріп, жинақталам дегенше біраз уақыт өтіп кетті. Концертке дайындық уақыты тығыздау болғандықтан кем-кетіктер болды. Оның үстіне, үлкен залдарда дәстүрлі ән кештерін қоя алатын режиссерлердің аздығы қиындық тудырды. Бұған дейін Абай атындағы опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы драма театрында өткен концерттерім әрдайым белгілі режиссер Болат Атабаевтың режиссерлігімен ұйымдастырылатын. Болат аға шетелге кетіп қалды, басқа режиссерлермен байланысым болмады. Ол кісі барда концертім қалай өтеді деп алаңдамайтынмын. Бағдарламамды көрсетем, сценарийді қолына ұстатам – болды. Әрі қарайғы жұмысына араласпаймын. Сахнаға қалай шығасың, қай жерде тұрып ән айтасың, көпшілік сахнада жүрген өнерпаздар не істейді, кімнен кейін кім өнер көрсетеді – бәрін өзі белгілеп беретін, мен ештеңеге бас ауыртқан жоқпын. Өйткені Болат ағаның жұмысы мінсіз болатынына күмән келтірмейтінмін. Осы жолғы концертімде Болат Атабаевтың ізін жалғап жүрген Алма Кәкішева атты режиссермен жұмыс істеуге келістік. Алайда концертке дайындық бастала бергенде Астанада ол кісінің спектаклі қойылатын боп, сонда кетуіне тура келді. Ол өзінің орнына басқа режиссерді қалдырды. Бірақ істі бастан-аяқ бір адам басқармаған соң, оған қоса уақыт тығыз болғандықтан жұмысымыз біраз ақсады. Концерт болған соң оның жаңалығы болуы шарт. Көпке дейін сценарийді қиюластыра алмадым. Ойда жүрдім. Бір көкейімде ескі күндердің естелігі жылт ете қалды. 2011 жылы М.Әуезов театрында «Сәуле-сарын» атты жеке кешім өткен болатын. Сол концертке режиссерлік еткен Болат Атабаев: «Сәуле, кешіңді былай бастасақ қайтеді», деп бір тамаша ұсыныс айтқан еді. Алайда халық түсінбей қалуы мүмкін деген күдікпен оның ойын құптай қоймадым. Ақыры кешім өзім қалағандай үйреншікті үлгіде өткен еді. Арада 5 жыл өткенде Болат ағаның сол кездегі ұсынысы ойыма оралды. Оның идея­сы әлі күнге дейін өзектілігін жоймапты, керісінше маңызы артып бара жатқандай. Желтоқсандағы концертімде мен соны жүзеге асырдым. Халыққа бастапқыда түсініксіздеу болғаны рас. Немістің атақты «Рамштайн» тобының шулы рок әні қойылып, даңғазаға еліріп айғайлаған, шашын жұлып, шалбарын жыртқан бір топ жас сахнаға шыға келгенде көпшілік «Біз Сәуленің кешіне келдік пе?» деп абдырап қалды. Концертке келген Зейнеп Ахметова апамыз жанындағы қызға: «Сен мені қайда алып келдің?» деп ренжіген көрінеді. Тек сахнаға Абыз шығып, айғай-шуды тоқтатқаннан кейін ғана жұрт айтпақ ойымызды түсінді. «Ұрпағым, қайда барасың?» дейді ол көпшілікке қарап. Бұрынғының абызын кейіптегенмен ол бүгінгінің абызы айтуы тиіс сөзді айтты. Егер құлағына ілетін жан болса, онда терең мағына, астарлы ой жатыр. Сол көріністен кейін кештің шымылдығы түрілді. Концерт нашар өткен жоқ деп ойлаймын. Күні бүгінге дейін кештен алған әсерінен арыла алмай жүрген кісілер хабарласып, алғысын айтып, батасын беріп жатыр. Жай ғана біреуге ілесіп келген, Сәуле тұрмақ, дәстүрлі өнердің не екенін білмеген кісілердің өзі «Домбырамен айтылған ән осыншалық әсерлі болады деп ойламаған едік» деп таңғалғанын естідім. Демек, концертті өткізудегі негізгі мақсатым орындалды. – «Алатау» театры – өзіңіз бастаған дәстүрлі өнер иелерінің қаншама жылдан бері табан тоздырып, есіктен-есік қоймай қағып жүріп қол жеткізген шаңырағы. Дәстүрлі өнерпаздардың бөлек отау тігуі ұлттың төл өнерін қарабайыр дүние, ескіліктің белгісі деп санайтындардың түсінігін өзгерте ала ма?  width= – Әрине. Оған ешқандай күмән келтірудің қажеті жоқ. Ең бастысы, біздің дәстүр – мызғымайтын болат сияқты берік дүние. Қандай күш кедергі келтірсе де тағынан түспейді, құндылығын жоймайды. Себебі бұл – ғасырлардан келе жатқан мұра. Күні кеше бір ғана Батыс өңірінің кешінде біз соны көрсете білдік. Одан бөлек қаншама аймақтың ән-жыры бар. Әрбір өңірдегі ауыз толтырып айтарлықтай керемет дүниелердің басын қоссақ, ғаламат күш болмақ. Өнердің біздің жерімізге кейіннен келген салалары: опера және балет, драма, кино, анимация болсын – бәріне тамызық болған сол ұлттық өнеріміз. Ол – біздің тамырымыз, іргетасымыз. Тамырсыз ештеңе өспейді. Өнерімізді өсіріп, гүлдетіп алдық, енді тамырымыз керек емес деп қалай айтамыз? Атадан-балаға мұра болған құндылықтарымыз, бабаларымыздың тарихы мен тағылымы, ең әуелі, ауыз әдебиеті, қисса-дастандарымыз, жырларымыз бен күйлеріміз арқылы жетті. Қазір соның бәрін спектакльдер, кино және мультфильмдер арқылы ұрпаққа көрсетіп жатырмыз. Қазақ бар жерде ұлттық өнер бірге жасайды. Оны киелі сахнадан алыстатуға ешкімнің қауқары жетпейді. Бірақ ол бәрібір өлмейді деп қам-қарекетсіз отыра беруге болмайды. Дәстүрлі өнерге көңіл бөлініп, қолдау жасалуы керек. Сол қолдаудың бірі – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ашылуы. Осы іске мұрындық болған қала әкімі Бауыржан Байбекке алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Неше жылдан бері дәстүрлі өнердің жеке шаңырағы болса деп армандадық, билік өкілдеріне өтініш жасап келдік. Сол арманымызға жеттік. Енді бұрынғы мен бүгінгіні сабақтастырып, жаңаша дүниелер жасауымыз керек. Төл өнердің дамуы біздің еңбекке ғана емес, көрерменнің қабылдауына да тікелей байланысты. Бұрынғы көрермен мен қазіргі көрерменді салыстыра алмайсың. Бұрын тыңдармандарымыз қиқулап, керек жерінде қосыла шырқап, әртісті арқаландырып отыратын. Бір жылдары Түркіменстанның бір ауылына барып, концерт қойдым. Ән айтып тұрғанымда дауысты қатты көтеретін тұста бүкіл зал маған қосылып, әуелетіп әкетті. Ондайды бұрын-соңды көрмегенмін. Көрерменнің өнерге деген соншалықты ынтызарлығы шабытыма шабыт қосты. Одан кейін дәстүрлі өнердің қадірін шын түсінетін тыңдарманды қаймағы бұзылмаған Маңғыстау өлкесіне барғанда көрдім. Қайсыбір жылы Ақтауда кешімді өткізетін болдым. Қыстыңгүні 45 градус аязда Алматыдан таңертең ұшуы тиіс ұшақ түстен кейін бір-ақ ұшты. Концертке 1,5 сағат кешігіп бардым. Жиылған жұрт орындарынан тапжылмай күтіп отыр екен. Басым жерге жеткенше иіліп, халықтан кешірім сұрадым. Олардың өнерге деген құрметіне тәнті болдым. Мен сияқты жаман қара қыз көп қой қазақта. «Пәленше деген қыз келіпті, даусы жақсы екен, сұлу екен» десе, көрермен сонша уақыт күтіп отырмас еді. «Сәуле келіп, концерт бергелі жатыр» дегенді естіп, дүйім жұрт 1,5 сағат бойы қозғалмай күтті. Бүгін де дәстүрлі өнерді іздейтін көрермен бар. Зал толады, тыңдарман ұйып тыңдайды. Арасында «Ой, пәлі!», «Шап!», «Бәрекелді!» деген демеулер болады. Бірақ бұл аз. Қазақтың дәстүрлі өнері, әні мен жыры, күйі болсын, көрерменнің қиқуынсыз көкке өрлей алмайды. Көрермен қиқулап, қолдап-қолпаштап отырса, орындаушы арқаланады. Шабыттың ашылмаған есіктерінің бәрі айқара ашылады. Сол кезде әртіс бар ынты-шынтысымен өнер көрсетіп, шығармаға жаңа тыныс береді. Әсіресе, сахнаға жаңадан шығып жүрген қыз-жігіттерге мұндай демеу ауадай қажет. Жанқожа, Күнқожа, Нұрым секілді талантты шәкірттерім бар. Бірақ халық оларды танымайды. Біздің идеологияның қызығы сол, бүкіл ел Қайрат Нұртас, Ернар Айдар секілді эстрада әншілерін таниды да, дәстүрдің тереңінен сусындаған таза таланттарды, сыңғырлап тұрған күміс көмей, жезтаңдай әншілерді білмейді. Тыңдаса да мән бермейді. Оларға мән бергізу үшін, олар арқалап жүрген өнердің өрісін кеңейту үшін не істеу керек? Қанша жерден дарынды болса да, бұл жастардың оған шамасы жетпейді. Репертуары қаншалықты бай болғанымен, елдің назары болмаған соң олар бірте-бірте тойға қарай ығыса бастайды. Тойдың дүрмегімен саф өнерден алыстай береді. Халықты тәрбиелейтін не? – Эфир. Эфирден көрінбесе, қалай танылады бұл өнерпаздар? Телеарналардың күні-түні айналдыратыны – эстрада әншілері болғандықтан, көк жәшікке телміретіндердің көбі – соларды тыңдайтын жастар. Ал үлкен кісілер осы күні теледидар көруді қойған, өйткені көңілі қалған. Сондықтан концертке де келуді сиретті. Келсе де көпке дейін өз дүниесін өзі жатырқап, түсіне алмай, қабылдай алмай отырады. Кеш соңында ғана «Бізде әлі мынадай бар екен ғой, өнеріміз өлмепті-ау» деп естерін жинайды. Алайда дәстүрлі өнердің келесі концерті өткенше олар тағы қарайып қалады. Эфирге көп шыға бермейміз. Наурызда бір көрінеміз, Астана күнінде бір шығамыз, болды. Басқа кезде халық біздің қайда жүргенімізден, не істеп жүргенімізден бейхабар. Опера, драма театрларындағыдай біздің театрға да жүйелі жұмыс керек. Мәселен, көрермен драма театрларына күнде барады. Өйткені қолдарында театрдың репертуары бар. Қай күні қандай қойылым болатынын біліп, алдын-ала билет алады. Сол сияқты болашақта «Алатау» театрының да репертуарлық жоспары болады деп ойлаймын. Басшылық осы іспен айналысуда. Біз соның басы-қасынан табылып, ұжымның жұмысы жүйелі жүруіне қолдан келгенше атсалысамыз. – Эфир туралы әңгімеңізді әрі қарай өрбіткім келіп отыр. Бір кездері ұлттық арнада «Бұл әнді білесіз бе?» атты авторлық бағдарламаңыз болды. Ұлттық өнерді насихаттайтын сондай жобалар ойыңызда қазір де сайрап жатқан болар. Арналарға ұсынып көрдіңіз бе? – Өткен жылы «Хабар» мен «Қазақстан» арналарының басшылығына кіріп шықтым. Ойымда жүрген ұсыныстарды айттым. Бұл «мен керемет жүргізушімін, осындай бағдарлама жасай аламын» деп өзімді көрсету мақсатымен жасалған қадам емес. Ол кісілердің алдына елдің артқан аманатын орындау үшін бардым. Қазақстанның түкпір-түкпірінде, ауыл-ауылдарда концерт өткізіп жүргенімде көнекөз қариялардың, ақсақалдардың айтатын тілегі бір. «Айналайын Сәуле, көк жәшіктің ішінен неге көрінбейсіңдер? Домбырамыз, қобызымыз қайда? Әніміз бен күйіміз қайда? Аузы-басын қисайтып, ирелең-ирелең еткен бала-шағаның әнін қашанғы тыңдай береміз? Шаршадық. Осыны қолға алатын сенен басқа адамды көрмей тұрмыз. Ауылымызға келіп тұрғанда саған айтпағанда кімге айтамыз?!», – деп аманаттарын арқалатып жібереді. Бір ауылға барғанымда тіпті «1968 жылдан бері көріп тұрған тірі әртісіміз сенсің» деді үлкен кісілер. Сол жылы соңғы рет Роза Бағланова барып, концерт қойған екен. Сонда халық не көріп отыр? Теледидардан іздегенін таппаса, ауылдарына жібі түзу әнші бармаса, ауылдағы қауым немен сусындап отыр? Сол елдің өтінішін орындау үшін телеарналардың есігін қақтым. Екі арнаның басшылығы да: «Жобаларыңыз болса, ұсыныңыз», – деді. Әсіресе «Қазақстан» телеарнасына жуырда ғана келген Кемелбек Ойшыбаев дейтін өнерге жанашыр азамат: «Өзіміз де осындай жобаларды қолға алсақ деп жүр едік. Сіздердің көмектеріңіз қажет», – деп дәстүрлі өнерді өрістетуге мүдделі екенін танытты. Мен ойда жүрген жобамды қағазға түсіріп, арнаға ұсындым. Алайда ол кісінің арна басшылығына келгенінен кеткені тез болды. Қазақтың өнеріне жаны ашитын азамат келіпті ғой деп қуанып қалып едім. Әрі қарай қалай болатыны, оның орнына келген басшы бізге қандай көзқарас танытары белгісіз. Кез келген мекемеде жұмыстың жүруі немесе жүрмеуі тікелей басшының ұстанымына тәуелді. Ұжымның бағыт-бағдарын қай арнаға бұрам десе – соның қолында. Бірақ ұлттық арнаға қандай басшы келсе де, дәстүрлі өнерге арналған бағдарламалар ашылмай қоймайды деп сенемін. Өйткені бұл қанша жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. «Сабақты ине сәтімен» деп жақсы жаңалық күтіп отырмыз. Менен бөлек тағы екі-үш азамат өз жобаларын ұсыныпты. Бәлкім олардың жобасы бекітілер, бәлкім менікін таңдар, ол жағы маңызды емес. Ең бастысы, қазақтың бас арнасында ұлттың киелі өнеріне арналған бағдарлама ашылса болғаны. – «Алатау» театрының ішінен «Аманат» атты өнер орталығын ашып, жас өнерпаздарды тәрбиелеп отырсыз. Мұндай орталық еліміздің барлық аймағына керек-ақ. Сіздің бастамаңызды ілгерілетіп, өңірлерде «Аманаттың» филиалдарын ашуға мүдделі азаматтар бар ма? «Біз жақтан да ашсаңызшы» деп ұсыныс жасап жатқандар бар. Алайда бұл оңай шар­уа емес. Өнер орталығын Алматы мен Астанадан қатар ашқандықтан қиындау соқты. Негізі Жамбыл облыстық филармониясының басшылығынан кеткеннен кейін мен Астанаға көшіп, сонда тұрақтамақшы болдым. Үй та­уып, енді қоныстанып жатқанымда Алматыдан осындай театр ашылады деген шақырту келді. Қанша уақыттан бері армандап жүрген отауымыз бой көтергенде, қалай келмейін Алматыға? Осы театрдың ішінен орталық ашып, балаларды оқытайын, ең осал тұсымызды дамытуға күш салайын деп ойладым. «Алатау» театры орналасқан Алатау ауданы қала шетінен кейіннен құрылған аудан. Орталықтан жырақтау болғанымен, өсіп-өніп келе жатқан жер. Дәл жанымыздан «Алматы Арена» спорт кешенінің ашылуы да ауданның тіршілігін жандандыра түсті. «Үйірмең тым шетте орналасқан ғой, оған кім келеді» деп бастамамды жаратпағандар да болды. Керісінше, бұл ұлттық мәдениетке сусаған нағыз қазақы аудан. Жан-жақтан көшіп келіп, қаншама халық қоныстанып жатыр. Олар балаларын күн сайын орталықтағы үйірмелерге сүйрей алмайды ғой. Өнер үйренгісі келетін балаларға жақын жерден жағдай жасағымыз келді. Бес-алты жастағы бүлдіршіндерден бастап домбыраларын құшақтап келіп жүрген жастар көп. Жастар түгілі, кезінде білім ала алмай, бойындағы өнерін тұншықтырып алған үлкен кісілерге де есігімізді айқара ашып отырмыз. «Аманат» өнер орталығының ашылғанына үш-ақ ай болды. Өнер орталығы Алматы мен Астана қалаларында жұмыс істеуде. Әзірге басқа өңірлерден үйірме ашам деп айта алмаймын. Алайда шақырған облыстардың бәріне барып, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрамын. Жақын арада Атырауға, Ақтөбе мен Маңғыстауға баруды жоспарлап отырмын. – Даңқты ұстазыңыз Ғарифолла Құрманғалиевтің сара жолын абыроймен жалғап келесіз. Сәуле Жанпейісованың ұстаздық жолын кім жалғайды? – Шүкір, шәкірттерім жалғап жүр. Менің ұстаздық жолым 1991 жылдан басталды. Сол жылы арнайы шақыртумен Құрманғазы атындағы консерваторияға келіп, Батыс Қазақстан өңірінің әншілік-жыршылық дәстүрі бойынша ұстаздық қызметке кірістім. Киелі шаңырақта 9 жыл жұмыс істеп, 2000 жылы Атырауға ауысатын болдым. Өзімнің орныма шәкірттерім Айгүл Қосанова мен Елдос Емілді қалдырып кеттім. Айгүл әннен, Елдос жырдан сабақ беретін болды. Консерваторияның ректоры Жәния Әубәкірова екеуін де жұмысқа қабылдады. Бірақ Елдос біраз уақыттан кейін кетіп қалды, ал Айгүл әлі де сонда ұстаздық етіп жүр. 2004 жылы Атыраудан оралған соң консерваторияға қайтып келіп, 2012 жылға дейін сабақ бердім. Жамбылға шақырту алған кезде тағы да орныма білікті маман қалдыруым керек болып, Атыраудан Эльза Қарабалина дейтін шәкіртімді шақырдым. Қазір Эльза консерваторияда да, «Аманат» өнер орталығында да шәкірт тәрбиелеп жүр. Нұрым дейтін шәкіртім де өз алдына жеке студия ашып, балаларды оқыта бастады. Атырауға барсам да, Ақтөбе мен Маңғыстауға барсам да алдымнан оқушыларым шығады. Сол өңірлердегі өнер колледждерінде, музыка мектептерінде ұстаздық етіп жүргендердің көпшілігі – менен тәлім алған жастар. Шәкірттерімнің бәріне көңілім толады. Қай-қайсысының да ұстаздық пен әншілікті қатар алып жүруге мүмкіндіктері бар. – Шәкірттеріңіздің ішінде эстрада арқылы танылғандары көп. Сізді де жаңа бағытқа бейімделуге үгіттегендер жеткілікті. Бірақ сіз домбыраны ештеңеге айырбастаған жоқсыз. Ұлттық ұстанымға адалдық қанмен берілетін қасиет пе? Жоқ, ол қасиет қанмен берілмейді. Бәрінің бойында қазақтың қаны емес пе? Өнер иесінде діттеген мақсат, берік ұстаным болуы керек. Табаны тайғанақтар жел қай бағытқа соқса, қаңбақ секілді соның ықпалына ілесе береді. Ұстанымнан айнымас үшін табанның бүрі мықты болуы керек. Әріден ойлайтын көкірек көзі ояу болуы қажет. Қазіргі уақыттың бұйырғанын орындай берсең, алысқа бармайсың. Жеңіл-желпі ән жазып алып, тойға шықсам, қыруар ақша тапсам деп бір күндік тірлігін ғана күйттейтіндер ұзаққа шаппайды. Кезінде мен де қөп қиналдым. Сол кезде тұрмысымды түзеу үшін домбырамды тастап, эстрадалық әндерді айтып кететін болсам, сахнада жүрген бүгінгі әншілерден әлдеқайда танымал, халыққа әлдеқайда өтімді болар едім. Бірақ мен ондайға бармадым. Ұстаздың артқан аманаты бар. Біріншіден, сол аманатқа қиянат жасамау үшін, екіншіден, дәстүрге адал боп қалу үшін бағытымнан тайған жоқпын. Эстрадаға бет бұрсам, зәулім үйім, қымбат көлігім болар еді. Қазіргіден әлдеқайда танымал болатын шығармын, бәлкім. Бірақ қазаққа дәл бүгінгідей қадірім болмас еді. Мені қазір көп болса 1 млн адам танитын болар бәлкім. Демек, қалған 16 млн халық дәстүрлі өнерден бейхабар деген сөз. Оларға Сәуле Жанпейісованы танымағаны үшін ренжуге қақым жоқ. Алайда ұлттық өнерді менсінбейтіндерге мін арта аламын. Әр қазақ өзінің тілі мен ділін, салты мен дәстүрін білуге міндетті. – Өкінішке қарай, сіздің атыңыз аталғанда жұрттың ойына бірден Тараздағы жағымсыз оқиға оралатын болды. Алматыдағы жақсы жұмыс, жайлы тұрмысты тастап, туған жердің өнерін өрістетсем деп барғанда бағаңызға жете алмаған жерлестеріңізді кешіре алдыңыз ба? – Қасиетті Әулиеата топырағы – кіндік қаным тамған өлке. Туған жерге перзенттік ыстық махаббатпен бардым. Дәл сондай махаббатпен қайттым. Өйткені бір қарын майды бүлдірген бес-алты құмалақ үшін жерлестерімді жеккөре алмаймын. «Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа» демей ме қазақ? Жамбылдағы қызметке кіріскенде жаныма жалау, тірлігіме тілеуқор болған, бастамаларымды көтеріп алып кеткен сол өлкенің азаматтары. Өзіммен бірге ешкімді ертіп барған жоқпын. Жалғыз өзім хор айтып, жалғыз өзім оркестр бола алмаймын ғой. Сол филармонияның ұжымымен, сол өлкенің өнерге жанашыр азаматтарымен біте қайнасып жұмыс істедік. Қызметіме қолдау көрсетіп, өнердің өрістеуі үшін жасалған шараларға көмектескені үшін жамбылдықтарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Істелген істі көре алмай, іштарлықпен пасық ойларын жүзеге асырған бес-алты адамды халықпен шатастыруға болмайды. Сасық әңгімелерді бықсытып, Сәулені жаманатты қылғысы келгендердің ойы жүзеге асқан жоқ. Өйткені Тараз жұртшылығы жанымды жалдап, өнер үшін өлермендікпен жұмыс істегенімді біледі. «Баласағұн» сарайының төбесінен су сорғалағанда концерттік киімнің сыртынан ескі қамзолымды іле сап, шатырға шығып кеткенімді де ел көрді. «Ойбай, ол дискілерін шығарып, 5 мың теңгеден сатқан», «Ол Атырауды да бүлдіріп кеткен», «Өзінен асып кетеді деп қорқып, дарынды әншілерді жұмыстан қуып жіберген» деген сөздер салмақты адамның айтатын сөзі ме? «Сөз емес сөзді кісі емес кісі айтады» деуші еді апам. Өсек-аяңдарға бас ауыртқан жоқпын. Өрелерінің жеткені сол болар деп, өз ұяттарына қалдырдым. Артымнан жел сөз өргізіп, етегіме жармасқандар сол тірліктің бәрін неге мен барғанша жасамады? «Сәулесіз де Жамбылда бәрі жасалған» дейді. Қайда сол дүниелері? Болса, жарқыратып неге көрсетпеді? Кедейдің лашығындай концерт залы, жұмысқа келмейтін, той жағалап жүретін әртістер. Менің көргенім осы ғана. Мықты болса, неге көрерменді жинап, өнерлерін көрсетпеді? Неге ел жағалап, концерт қоймады? Таразға барып, креслода жайбарақат отырмағаныма ұжым куә. Бастықпын демей, инженермен бірге инженер болдым, жарық берушімен бірге жарықты реттедім. Концерт болса, сахнаға шығып, әнімді де айттым. Сол еңбегімді бағалап, атыма күйе жаққызбаған жамбылдықтарға ешқандай өкпем жоқ. Туған жерге қашанда ыстық сағынышпен барамын. – Өнерде тізім дейтін нәрсенің бар екені осы күні құпия болудан қалған. Концерттен сызылып, эфирден кесіліп қалған сәттер әртістің еңсесін езе ме, әлде керісінше, жігерін қайрай ма? – Ондай сәтсіздіктерді әркім әрқалай қабылдайды. Ондай оқиғалар өз тәжірибемде де көп болды. Концертке шығасың деп шақырып алып, шығармай қойған, шетелде өнер көрсетесің деп хабарлап, артынан басқа әншіні жіберген кездер болды. Кейде қолыңды сілтейсің. «Қойшы, сол шетелсіз де жаман болып жүрген жоқпын. Өзімнің шығатын сахналарым жетеді» деп аса мән бермейсің. Кейде жігерің құм болады, әлдекімдерге ренжисің, қараптан-қарап таусыласың. Қазір мұндай жағдайларға басқа биіктен қарайтын болдым. Мұның бәрі не үшін қажет? Өмір өтпелі дүние емес пе? Жол деген сайрап жатыр. Осы жолмен жүрмесем, көздеген биіктікке жете алмай қалам деген қорқыныш болмауы керек. Таңдаған жолың сәтсіз болды ма, бұрыл да, басқасына түс. Талаптан, ізден, қиындыққа төз. Алла тағала дүниені кең қылып жаратқан. Сол кең дүниеге сыя алмайтын пенделіктен арыла алмай жүргеніміз өкінішті. – Әнші Сәуленің өнері халықтың көз алдында. Композитор Сәуленің шығармашылығында не жаңалық? – Композитор Сәуле дегеніңіз артықтау болар. Келе-келе құлақ үйренбесе, қазір өзімді композитор деп таныстыру оғаштау естіледі. Біраз әнім бар екені рас. Көбісі Жамбылда жүргенде жазылды. Әулиетаның киелі екендігінің дәлелі болар, туған жерге барсам, басқа тың ойлар келеді, әдемі әндер туады. Таразға алғаш барғанда бір күнде бірнеше ән туатын кездер болды. Алайда әлгі жанжал басталған соң бұрынғыдай ән туған жоқ. Баяғы ақын-жырауларымыз ондаған, кейбірі тіпті жүзге тарта ән жазған деседі. Бірақ оның бәрі халыққа кең тарамаған. Мысалы, Мәдидің 4-5-ақ әні белгілі. Өзімді олармен теңестіру мүлдем ойда жоқ. Олар – қазақ ән өнерінің ізашарлары, тау тұлғалары. Біз – солар салып кеткен соқпақпен жүріп келе жатқан ізбасарлармыз. Ән деген бойдан шығатын ерекше өнер. Қанша жерден ән жазам деп жанталасқанмен Құдай берген дарын болмаса, композитор бола алмайсың. Мысалы, консерваторияда шәкірттерді ән шығаруға, күй шығаруға міндеттейтін кейбір пәндер бар. Олар тыраштанып, ана жерден бір, мына жерден бір ұрлап, біреуге ұқсатқан болып, жазып әкеледі. Бірақ оның бәрі түбінде бос әурешілік болып шығады. Өйткені жанды қинап жазылған ән ән емес. Ән деген өздігінен бойға келіп құйылып, жанартаудан ағылған лава секілді төгіледі. Адамның бойында өзіне беймәлім қозғалыстар пайда болғанда, әннің туатынын біле қоясың. Солай біраз әнім дүниеге келді. Көпшілікке ұнағандары бар. Жазғандарымды қабылдай алмай жатқандар да бар. Әннің төрешісі әуелі халық, одан кейін уақыт. Егер уақыт пен халықтың сынынан сүрінбей өтсе, ол шығарма өміршең болады. Әндерім бүгін жазылып, бүгін айтылуы керек деген мақсат жоқ. Әр әннің өз уақыты келеді, орындаушысы табылады. Мысалы, ақын Маралтай Райымбекұлының маған арналған «Айнамкөз» деген өлеңі бар. 20 жыл бұрын жазылған. Сол өлеңге өзінен-өзі әуен туды. Әнді жазып отырғанда құлағыма қобыздың үні келді. «Айнамкөзді» қобызбен ән айтып жүрген бір жақсы әншіге ұсындым. Ол біраз уақыт өткен соң «Әпке, мен бұл әнді келтіре алмадым», – деп қайтарып берді. Бүгін айтылмаса да, «Айнамкөз» әйтеуір бір күні орындаларын сеземін. Маралтайдың өзіме арнаған өлеңін түсіну үшін маған 20 жыл уақыт керек болды. Өйткені сөздері өте ауыр, мағынасы терең. Сондай астарлы өлеңге жеңіл-желпі әуен жазылмайтыны белгілі. Ауыр ән болғандықтан, оны сіңіріп, орындауға дайын болу үшін біраз уақыт керек деп ойлаймын. Төлеген Айбергеновтің өлеңдеріне жазылған әндерім де әлі орындаушысын тапқан жоқ. Кең диапазонды, әннің иірімдерін, қиылыс-қалтарыстарын келтіре алатын, мағынасын түсініп орындайтын әнші санаулы қазақта. Солардың бірі – Төлеген ақынның сөзіне жазылған «Ақ қайың» атты әнімді жетер жеріне жеткізіп орындаған Еркін Шүкіман. Ол сияқты орындаушы аз екен деп, той әншілеріне арнап ән жазуға бет бұратын ойым жоқ. Ең бастысы, ішімдегі бұлқынған дүние сыртқа шықты. Әрі қарайғы тағдырына жалғыз мен жауапты емеспін. Бәрі уақыттың еншісінде. –  Әңгіменің соңын қазақтың темірқазығы – ауылмен түйіндейікші. Маятасқа жиі барасыз ба? – Әрине, қолым қалт етсе, барып тұруға тырысам. Ауылдағы ағайынның орны бөлек қой. Әкем барда жиі баратын едім. Ол кісі өмірден өткен соң да бірнеше рет бардым. Келесі жылы, Алла сәтін салса, әкемді еске алу кешін өткізуді жоспарлап отырмыз. Әкем Стаханшыл әдебиетші болған кісі. Ауылдың мектебінде 40 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық етті. Нағыз ұстаз болғанының белгісі шығар, Алла Тағала әкемнің жанын 25 мамыр – соңғы қоңырау соғылған күні алды. Сонда мектеп директорына ауылдағы үлкен кісілердің бірі: «Қарт ұстаздың жүрегінің соңғы қоңырауы соғылды» деп әкемнің қайтқанын естіртіпті. Әкемнің өмірден өткеніне бір жыл толу қарсаңында Жамбыл облысы, Сарысу аудандық мектеп оқушылары арасында әбеди шығармалар байқауын ұйымдастырмақшымыз. Байқау ережесін дайындап қойдық. Амангелді Сембин, Ілия Жақанов, Асанәлі Әшімов, Алдаберген Мырзабеков секілді саңлақтарды дүниеге әкелген, Маралтай, Дулыға, Саян секілді таланттарды түлетіп ұшырған Сарысу топырағында сол аталарының, аға-әпкелерінің жолын жалғап жүрген дарынды балалар көп. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, сондай жастарға қарайлай жүруіміз керек. «Жас толқын» атты балалар әбеди байқауын сол мақсатпен қолға алып отырмыз. Поэзия, прозаға қабылеті бар балалардың шығармаларын таразылап, жас дарындарды елге танытпақшымыз. – Істеріңіз сәтті болсын дейміз. Сұхбатыңызға рақмет!   Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА