Витас: Біреуді сотқа сүйреп көрген адам емеспін

Витас: Біреуді сотқа сүйреп көрген адам емеспін

Витас: Біреуді сотқа сүйреп көрген адам емеспін
ашық дереккөзі
Қытайдағы ән байқауына қатысып жатқан қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің сайыстың екінші кезеңінде орындаған "Опера-2" әніне қатысты дау әлі де толастар емес.  Үш елді дүрліктірген жанжалға қатысты ән авторы, Ресейдің белгілі әншісі Витастың өзі ресми мәлімдеме жасады. Ол желідегі парақшасында жеке өзі сотқа барып жүгінбегенін, алдағы уақытта да ондай іске бармайтынын айтты. "Құрметті достар! Ресми мәлімдеме жасағым келіп отыр. Соңғы төрт күнде әлеуметтік желілерде менің атыма көптеген түрлі пікірлер айтылып жатыр. Айтқым келгені, мен кез келген өнер адамына, шығармашылық қызметке құрметпен қараймын. Өз басым сот органдарына барып, талдау жасап, өзге біреудің шығармашылығына араласып, оны талқылап көрмеген адаммын. Алдағы уақытта да бұл мен үшін мүмкін емес нәрсе", - деп Витас бұл іске араласпағанын түсіндірді. "Заңдық жанжалдарға келер болсам, әр әртістің төңірегінде даулы мәселелердің туындап отыратыны заңды. Бірақ бұл продюсер мен оның мүддесін қорғайтын компанияның құзыретіндегі іс. Танымал әншілерге қатысты заңдық даулар мен мәселелер қашан да болады. Бірақ бұл қақтығыстарға, әртістің жеке басын қорлауға дейін бармауы керек. Барлығыңыз сабаға түсіп, маған лүпіл басыңыз", - деді әнші. Еске сала кетейік, Димаштың Қытайда орындаған Витастың репертуарындағы "Опера-2"  әніне қатысты дау туған болатын. Ресейлік әншінің продюсері қытайлық телеарнаның ғана емес, Димаштың үстінен де арызданатынын айтып доқ көрсеткен еді. Мұнымен қоймай, ол Қазақстан әншісін  "арзанқол әртіс, екінші сұрыпты фейк" деп кемсітті.