Қытайды таңғалдырған Димаш

Қытайды таңғалдырған Димаш

Қытайды таңғалдырған Димаш
ашық дереккөзі
Елімізде өнерлі, талантты жастар өте көп. Оларды тек танытсақ жетіп жатыр. Сондай дарын иесі, 22 жастағы әнші Димаш Құдайбергенов Қытайдағы I Am a Singer музыкалық конкурсына қатысып, жергілікті жұртты таңқалдырды. Телешоудың бірінші конкурс күнінде-ақ жеңімпаз атанған ол таяуда ғана аталмыш байқаудың екінші кезеңінен де сүрінбей өтті. Ән байқауы Қытайдың Чанша қаласында өтуде. Димаш Құдайбергеновті байқауға ұйымдастырушылардың өзі шақырыпты. Жас әнші алғашқы кезеңде SOS d›un terrien en détresse әнін француз тілінде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тіпті, әлеуметтік желіде талқыға салғандар «бұл әнді алғашқы орындаушысынан да асырып айтты» деген пікірлерін жасырмады. Ал музыка сайысының екінші аптасында Димашқа Витастың ең күрделі саналатын «Опера №2» композициясын орындау талабы қойылып, бұл кезеңде де абыройы асқақтап, бірінші орынға ие болды. Әуелден-ақ миллиардтар елін аузына қаратқан қазақ әншісі бұл жолы да өз биігінде өнер көрсетті. Димаштың ерекше дауысына сүйсінген халық таңданысын жасыра алмады. Қазақ елінің мерейін үстем еткен Димаш Құдайбергенов қолдау көрсеткен барша жандарға алғыс жаудыра келе, өзін ресейлік әнші Витаспен салыстыратындарға да іштей ренішін білдірді. «Қазақтың Витасы», «Витас сияқты айтады», «Екінші Витас» деген теңеу сөздеріңізді естіп жатамын. Әрине, Витас жақсы әнші, оны құрметтеймін, бірақ мен «Екінші Витас» емеспін! Музыкадан xабары бар мамандар мені жақсы түсінеді! Витастың дауысынан 4 модуляциямен 2 тон жоғары айтуға бел будым! Қалай болатынын бағалап көріңіздер!» – деді Димаш. Әншінің досы әрі менеджері Алпамыс Шаримовтың айтуынша, жергілікті басылымның көбі Құдайбергенов жайлы мақала жариялап, қазақтан шыққан талантты ұл туралы шағын зерттеулер де жүргізіпті. Себебі, бұл The voice емес, атақты әрі өнер жолына аяқ басқан әншілер қатысатын байқау. Қатардағы байқаулардан ерекшелігі сол, I Am a Singer байқауының бесінші маусымы Қытайдың рейтингі ең жоғары Hunan TV телеарнасынан көрсетілді. Әншінің өзі телеарнаның постерін де жариялап: «Қыран бүркіт, киелі домбыра, тұлпар, қасиетті Алланың үйі, ұлттық ою – Hunan TV арнасы осылайша менің болмысым, тыныс-тіршілігімді мына постерде бейнелеген екен!», – деп жазды Instagram желісіндегі парақшасында. «Қытай телеарналары бас қосқан медиа конференцияда сұрақтарға жауап бердім. Әр журналистің көкейінде «Қазақстаннан қалай келдің? Сен кімсің? Қазақ қалай ән айтады?» деген тектес сұрақтар болды. Бұл жобаның биыл бесінші маусымы. Өткен маусымда «Оскар» марапаттау кешінде өнер көрсетіп, шығыс пен батысты әнімен байланыстырып жүрген Коко Ли жеңіске жетті. Ал биылғы қарсыластарым да осал емес. «China music world», «MTV awards», т.б. айтулы марапаттардың бірнеше дүркін жеңімпаздары, тәжірибелі әншілер. Бұл байқаудың ерекшелігі – тек саxнада ән айтып қана қоймай, өмірлік жағдайың үнемі камера бақылауында болады», – деген пікірін білдірді. Осылайша, Димаш Құдайбергеновтің танымалдылығы күн санап арта түсуде. Қытайлық басылымдардың хабарлауынша, байқаудың түсірілім жұмыстары өз мәресіне жеткен. Алайда жобаның әлі эфирге шықпағанына қарамастан Димаштың өнеріне тәнті болғандардың қарасы көп. Тіпті қытайлықтар интернеттен Димаштың бұған дейін орындаған қытайлық танымал әнші Хан Хунның «Таң» атты және «Дайдидай-ау» әніне де жоғары баға беріпті. I аm a Singer музыкалық конкурсы корейдің танымал реалити-шоуының қытайлық нұсқасы. Оған жеті танымал музыкант қатысады, олардың әрқайсысы әлемдік жүлде алған. Ал жеңімпазды аудитория таңдайды. Екі миллиардтан астам көрермендік аудиториясы бар азиаттық байқаудың ережелері едә­уір күрделі. Әр аптада бір қатысушы шығып қалып, орнына жаңа орындаушы қосылып отырады. I am a Singer байқауына өз елдерінде кеңінен танымал және беделді халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған әртістер ғана қатыса алады. Кезекті байқау күні қатысушылар қандай әнді және қай тілде орындайтындығын ұйымдастырушылардың өздері шешеді. Жалпы байқау он төрт кезеңнен тұрады. Бағдарламадан шығып қалған қатысушылардың орнына келесі кезеңдерде жаңа әртістерді қосу мүмкіндігі бар. Ал Қазақстанның, тіпті қытайлық көрермендердің көзайымына айналған Димаш Құдайбергенов шоудың үшінші кезеңінде жаңа қарсыластармен байқауға түсуге әзір.

«Бұл жеңісімді сізге арнаймын!»

Айтпақшы, Димаш Құдайбергенов байқаудың екінші кезеңінен өткен соң, елдегі анасымен телефон арқылы сөйлесті. Ғаламторда жарияланған бейнежазбаны көріп, сүйсінгендер көп болды. Ол: «Бұл жеңісімді сізге арнаймын!» дегенде, телефонның арғы жағындағы анасының көзіне жас алғаны жүректі елжіретіп жіберді. Баласы бәйгеге шапқанда, үйде тақымын қысып отырған анасының қобалжитын жөні бар. Себебі қазірдің өзінде қазақ елін әлемге танытқан Димаш Құдайбергеновтің жеңісі – отбасының ғана емес, Қазақстанның жеңісі! Әншінің ата-анасы да өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев – Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы, анасы Светлана Айтбаева – Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты. Димашты тәрбиелеп, өсірген ата-әжесі де музыкадан хабардар. Ал жас әншінің Раушан атты қарындасы да сахнаға шығуға дайындалып жүрсе, інісі Мансұрдың болашақта қандай саланы таңдайтыны әлі белгісіз. Димаш алғаш рет сахнаға спектальде ойнағанда шыққан екен. Болашақ дарын иесі бес жасыннан бастап балаларға арналған музыкалық студияның фортепиано және вокал сыныбында оқыған. Алғаш әнін музыкалық колледждің сахнасында орындаған ол алты жасында «Фортепиано» номинациясы бойынша «Айналайын» республикалық байқауының лауреаты атанса, 10 жасында облыстық іс-шараларда жүргізуші болған. «Үйде бір пианино тұратын. Димаш сонымен дайындалатын еді. Бірақ пианиноны басқа бір жерге көшіретін болсаң, оны қайта баптау керек. Осылайша, аспапты баптау үшін үнемі маман іздейтінбіз. Бірде пианиноны басқа жаққа көшірген соң, ол жөнді істемей қалды. Содан студиядағы сабақтардың бірінде Димаш оқытушысына барып «Үйімде тұрған пианино маған мүлде ұнамайды, басым ауырып кетеді» депті. Ол кезде Димаш небәрі 5 жаста. Соның өзінде ол музыка аспабының ақауы бар екенін аңғарған», – деп еске алады Димаштың анасы Светлана Айтбаева. Бұған дейін Димаш «Айналайын», «Балдәурен», Астанада өткен «Жас Қанат» және басқа да халықаралық музыкалық байқауларға қатысып, өнері жоғары бағаланды. 2014 жылы Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде академиялық ән орындау сыныбын тәмамдаған ол серб, итальян, француз тілдерінде ән шырқайды. Қазір Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде білім алуда. Жыл басында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясының иегері атанды. Ал қазақ жұрты Димаш Құдайбергеновтей дарынды ұлы бар екенін Витебскіде өткен «Славян базары – 2015» конкурсының бас жүлдесін алғанда таныған болатын.  

Динара

 Мыңжасарқызы