Конституцияға өзгеріс енгізу – заман талабы

Конституцияға өзгеріс енгізу – заман талабы

Конституцияға өзгеріс енгізу – заман талабы
ашық дереккөзі
Татьяна БУЛГАЦЕВИЧ,  Қостанай перинаталды орталығының бас дәрігері, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты: – Қазақстандықтардың қолдауымен президенттік басқару жүйесі арқылы бүгінгі таңда біз үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық кезеңін сараласақ, ел басқарудағы алған бағытымыздың дұрыс екенін заманның өзі артығымен дәлелдеп берді, біз жаһандану үрдісіне етене кіріп, экономикамыз бен әлеуметтік жағдайымыздың қарыштап дамығанының куәсіміз. Бүгінгі күні заман талабы күн сайын өзгеруде және халқымыздың сана-сезімі де өседi. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық үрдістерді басқарудың тың жолдарын іздеу және билік жүйелерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттыру керек екенін Н.Назарбаев өзінің 25 қаңтардағы қазақстандықтарға арнаған Үндеуінде атап көрсетті. Сол себептен, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу керек екенін және Конституциямызға өзгерістер енгізу үшін бүкілхалықтық талқылауға ұсынылатынын айтты. Президент қабылдаған шешім – бүгінгі заман талабына сәйкес реформа. Дұрыс түсіне білсек, оның негізгі мақсаты – еліміздегі биліктің ел басқаруда тиімді әрі тұрақты жүйелерін енгізуге және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Үкімет пен Парламенттің атқаратын рөлдерін күшейте отырып, қоғамымыздың демократиялық үрдістерге белсене атсалысуына ықпал жасайтынын атап көрсетті. Елбасының Үндеуі реформа аясында еліміздегі саяси партиялардың да атқарар жұмыстары жаңа белестерден көрінетініне сенім артты. Президенттің қазақстандықтарға арнаған Үндеуін «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен қазақстандықтардың бірауыздан қолдайтынына сенімім мол.   Қабылқақ ҚАПЕНОВ, Технологиялық колледж директоры, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты: – Билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлісу мәселесі мемлекетіміз дамуындағы маңызды қадамдардың бірі деп есептеймін. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында күшті президенттік билікке зәру болғанымыз ешкімге де жасырын емес. Осы шақта Мемлекет басшысы бар жауапкершілікті мойнына артып алған еді. Бұл қадам өзін толықтай ақтағанын көріп отырмыз. Еліміз өсіп-өркендеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен талай жетістіктердің куәсі атандық. Қазір Президент, Парламент және Үкімет арасында өкілеттіктерді бөлісудің уақыты келіп жеткендей. Бұл реформа арқылы саяси жүйеміздің тиімділігін арттырып, жалпы мемлекеттік басқару жүйесін нығайтатынына сенімдімін.   Киікбай ЖАУЛИН, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, профессор: – Кезінде мемлекеттік басқару жүйесі шатқаяқтап тұрған уақытта тәуелсіз Қазақстанға мықты президенттік басқару тетігі керек болғанын білеміз. Ол өзін-өзі ақтады деуге толық негіз бар. Енді жаңадан басталған тәуелсіздіктің ширек ғасыры дамудың әлемдік қағидаттарына ықпалдасқан Қазақстанның жаңа дәуіріне есік ашпақ. Сондықтан Елбасы Үндеуі мемлекет шежіресіне жаңа тарих пен жаңа заман беттерін ашып, елімізді іргелі де ірі серпіліске жетелемек. Сондай-ақ бұл Үндеу Елбасының Конституцияның басты кепілі екенін кезекті рет дәлелдеп берді. Мұндай реформа – әлем елдері алдындағы Ұлы дала елінің өзіндік авторлық моделі болып, талай мемлекетке үлгі болары сөзсіз. Басты мақсат – демократиялық жолмен елдің дамуын жеделдету. Ел басқарудағы саяси жүйені нығайту, оны жетілдіру. Өйткені қоғам өзгерді, ал билік соған сәйкес болуы қажет. Әлемнің ешбір мемлекетінде елді басқару, қалыптастыру, қандай саяси жүйені пайдалану керектігіне байланысты заңдылық жоқ. Оны әр мемлекет өзінің тәжірибесіне қарай қалыптастырады. Біз де 25 жыл ішінде Елбасы бастауымен мол тәжірибе жинадық. Жаңа жүйе де қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, ұсынылған дүние деп есептеймін. Мұны біз Н.Назарбаевтың жолы десек, артық айтқандық емес. Осы тұрғыда, алдымызда үлкен саяси өзгерістердің болары анық.   Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогика институтының ректоры, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты: – Бүгінгі таңда елімізде Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуі қызу талқылануда. Біз тарихи сәтке куә болып отырмыз. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жақсаруына, сондай-ақ бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру және еліміздің әлемдегі 30 жетекші мемлекеттің қатарына кіру бойынша «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізуге оң әсер етеді. Біз Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында Мемлекет басшысының халыққа арнаған Үндеуін мұқият тыңдап, талқыладық. Институттың профессорлық-оқытушылар құрамы Елбасы қабылдаған шешімді толығымен қолдайды. Еліміздегі бірлік, тұрақтылық пен ынтымақтың арқасында бiз жаңа қоғам құруды қарқынды жүргiзудемiз. Президенттiң мемлекеттiк билiк тармақтары арасында өкiлеттiктердi қайта бөлу мәселесi жөнiндегi Үндеуi ел дамуына тың серпiлiс беретiнiне сенiміміз мол.   Светлана ЖУМКИНА, Жезқазған көлік және бизнес колледжінің директоры, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты: – Елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндеуі қоғамдағы көптеген мәселелердің түйінін шешеді деп ойлаймын. Бұл реформа біріншіден – мемлекетіміздің тұтастығы мен демократиялық дамуына бағытталса; екіншіден – мемлекеттік басқару жүйесінің маңызын айқындау, яғни, билік тармақтарының өкілеттіктерінің мемлекет алдындағы, ел алдындағы жауапкершіліктерін, беделін арттыруға бағытталған. Жүзеге асырылғалы отырған конституциялық реформа біздің мемлекет пен қоғам үшін өте маңызды. Жаңа өзгерістер мемлекеттің дамуын жаңа кезеңге шығарады. Билік тармақтарының өкілеттіктерінің ауысуы мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа бір моделін қалыптастырады. Тәуелсіз мемлекет ретіндегі 25 жылдық тарихымызды қалыптастырып, ұлтты ұлы істерге жұмылдыра білген Елбасымыздың бұл Үндеуін, мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына қызмет жасайтын салмақты саясаткердің салиқалы шешімі деп ұғамын.   Қайрат ШӘРІПОВ, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша аудандық мәслихатының хатшысы: – Президент халыққа жолдаған Үндеуінде Қазақстанда билік өкілеттіктерін қайта үйлестіру, саяси жүйесін демократизациялау процестері күтілуде деп хабарлады. Үкімет пен Парламент рөлі күшейеді, сондай-ақ жұмыс екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Әлеуметтік-экономикалық процестерін реттеу бойынша заңмен белгіленген өкілеттіліктің маңызды бөлігі Президенттен Үкіметке ауысады. Билік арасындағы қатынастар конституциялық деңгейде теңестіріледі. Берілген бағдарлама саяси жүйесінің тұрақтылығын көптеген жылға қамтиды, Үкімет пен Парламенттің рөлін арттырады, бұл қазіргі заманның сын-тегеуріндеріне жауаптың тиімді механизмін береді және Қазақстанға қажет басқару моделін құрайды. Қазақстанға алға жылжу қажет. Бұл үшін тұрақты тежемелік және тепе-теңдік жүйесі бар. Парламент пен Үкімет ие болатын өкілеттіктер атқарушы органдар жұмысын ашық етеді. Сот құрылымы да дами алады, сот қызметі неғұрлым жетілдіріледі. Әлемнің көптеген дамыған елдері мемлекеттік басқарудың өзі үшін неғұрлым қолайлы нысанын пайдаланады. Реформаның мақсаты – Қазақстандағы өмір жағдайды жақсарту. Біз өз жолымызбен жүруге тиіспіз. Бұрын қойылған міндеттерді біздің Елбасы өте тамаша орындап шықты. Жаңа тәсіл Елбасының саяси жүйені демократияландыру бағытын ұстанатынын тағы да дәлелдейді. Билік тармақтарын бөлу туралы бірегей шешімімен біз саяси мәдениетінің түбегейлі жаңа деңгейіне шығамыз.   Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ, Батыс Қазақстан облысы «Нұр Отан» партиясы филиалы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы: – Әрбір мемлекет өзін алға қарай дамыту үшін уақыт өте келе мемлекетті басқару формасын өзгертіп отырады, оған тарих парақтарындағы дәлелдер куә. Сондықтан Елбасының мемлекеттік басқару жүйесін үш билік тармақтарына бөлу туралы Үндеуін біз толықтай қолдаймыз. Біз, жастар еліміздің тәуелсіздік кезеңінде өсіп-өніп аяққа тұрдық. Еліміздің 25 жыл Тәуелсіздік кезеңінде мемлекетіміз тек тұрақты экономиканы дамытып, берік қоғам қалыптастырып қана қоймай, сондай-ақ басқа мемлекеттерге үлгі тұтар эталон мемлекетке айналды. Осы күнге дейін қолданып келген мемлекеттік басқару формасы өзін-өзі ақтады. Қазақстан қадамын нық басып, алға қарай ұмтылып келеді. Сондықтан Елбасы өкілеттік бөлігін Парламент пен Үкіметке беруді тапсырды. Мұның барлығы тек мемлекеттік атқарушы органдардың қажетті өкілеттіктерімен қатар, жауапкершіліктерін арттыра түседі. Әсіресе, Үкімет пен Парламент маңызды заңдар, бағдарламалар мен заңнамалар қабылдаған кезде өздерінің халық алдындағы үлкен жауапкершіліктерін сезінеді. Мұның барлығы халықпен келісіп жасалуы үшін, халықтың саяси өмірге араласуындағы рөлін арттыру үшін, басқару процестеріне араласып, қоғам маңызды шешімдер қабылдаған кезде бірлесіп жұмыс істеуі үшін жасалып жатыр. Осының бәрі «Ашық Үкімет» реформасы мен есепті мемлекетті қалыптастыру идеясына жатады. Елбасы айтқандай, биліктің барлық тармақтары тиімді әрі үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеуі үшін олардың арасында баланс орнатылуы тиіс.   Жандос БАЗАРТАЙ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың тәрбие жұмыстары және жастар саясаты басқармасының басшысы: – Еліміздің барлық тұрғындарының қатысуымен жүзеге асатын жаңа реформаны еліміздің жан-жақты салаларының серпінді дамуы үшін жасалып отырған стратегиялық қадам деп бағалаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуімен мұқият таныса келе, тәуелсіз мемлекетіміздің демократиялық бағытта өсіп-өркендеп келе жатқандығына кезекті рет куә болдым. Үндеуде айтылғандай, күшті президенттік вертикаль бізге мемлекетті қалыптастырудағы алғашқы қиындықтарды еңсеру кезеңінде қажет болды. Қазіргі таңда зор мақтанышпен айтып жүретін қаншама жетістіктерге қол жеткізілді. Ұлт Көшбасшысы осы жетістікпен тоқтап қалмай, саяси жүйені одан ары демократияландыру қадамын жасап отыр. Мұның өзі мемлекетті басқару жүйесінің тиімділігін барынша арттырып, еліміздің әлем алдындағы беделін бұрынғыдан да жоғарылата түсетіндігі сөзсіз.   Гулам УМАРОВ, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының мүшесі, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, №2 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары: – Осыдан аз ғана уақыт бұрын біз сіздермен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойын атап өттік. Біз сіздермен Қазақстан Республикасының Президенті Елбасымыз Н.Назарбаевтың басшылығымен орын алған үлкен өзгерістердің куәгері әрі қатысушысы болдық. Бүгінгі таңда көп өзгерістерді талап ететін «Бес институттық реформа» аясында өкілеттіліктерді қайта бөлу Отанымыздың табысты дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Үкіметтің рөлін жоғарылатып, Парламенттің рөлін күшейту уақыт талабына сай келетін мемлекеттік басқарудың тиімді, тұрақты моделін қалыптастырады.