Дінтанушы: Димаштың жеңісі - қытайлардың саясаты

Дінтанушы: Димаштың жеңісі - қытайлардың саясаты

Дінтанушы: Димаштың жеңісі - қытайлардың саясаты
ашық дереккөзі
Белгілі дінтанушы Мұртаза Бұлұтай Қытайдың ән байқауына қатысып, өзіне миллиондаған адамның назарын аударған қазақстандық жас әнші Димаш Құдайбергеннің жетістігіне қуанғандарды сынады. Дінтанушының пікірнше, Димашқа қытайлықтардың ерекше ықылас танытуы жақсылықтың нышаны емес. "Қазақты əлемге таныту дегенді қалай түсінеміз осы?! Қыздарымыз шетінен сұлу, ұлдарымыз шетінен жіңішке дауыспен керемет əн айтады деп пе?!? Бұл қате пікір. Біз қазақты білімділігімізбен, өнімділігімізбен, еңбекшілдігімізбен, жоғары технологиялық өнімдерімізбен, зияткерлік әлеуетімізбен ғана шынайы таныта аламыз. Егер шоу бизнеспен бір ел танылатын болса Голливудтан да көп фильм шығаратын Үндістан танылар еді, ең бай да дамыған елге айналар еді ғой. Үндістанда 700 млн адамның дəретханасы жоқ, ішетін таза суы жоқ, бірақ əнші де, биші де, кино өнері де соларда", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ, Мұртаза Бұлұтай бірнеше айға созылатын бұл байқауға Димаштың қатысуын дінтанушы қытайлардың "саясаты" деп бағалады. "Асықпаңыз, əлі бұл дода 4-5 айға ұласатын шығар, сол кезде жартылай қытай немесе қытайсүйгіш болып кеткенімізді өзіміз де байқамай қалатын шығармыз. Осы күннің өзінде "шэшэ, шэшэ" деп пост жазып жатқандар бар, бірнеше аптадан соң "нихао" деп кетеді", - деді ол. "Мəселе, Димашта да емес, оның дауысы мен талантында да емес, ол медальдің бізге көрініп тұрған жүзі. Бірақ, мына байқау арқылы Қазақстан қоғамының, əсіресе қазақтардың Қытай еліне, қытай халқына деген көзқарасы айтарлықтай өзгеріп кетті, политехнологтардың көздегені де осы болған шығар", - деп пікірін білдірді ол.