АСТАНА – БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕР АЛАҢЫ

АСТАНА – БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕР АЛАҢЫ

АСТАНА – БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕР АЛАҢЫ
ашық дереккөзі
Екі күнге болса да, Астана әлемдік дипломатия орталығына айналды. Қаңтардың 23-24 күндері қазақ жерінде ғаламдық геосаясаттағы аса маңызды келіссөздер өтті. Сириядағы алты жылдық қанды қырғыннан соң ресми үкімет пен оған қарсы қарулы топтардың өкілдері Астанада кездесті. Кездесіп қана қойған жоқ, бір үстелдің басында отырып, екі күн қатарынан Шам елінде бейбітшілік орнату үшін ортақ шешім табуға тырысты. Бұл шараның маңыздылығы сол, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары осы күндері Астанадан хабар таратты. Сарыарқаның сықырлаған аязы мен жал-жал қары да оларға тосқауыл емес. Таяу Шығыстың бітпес жарасына айналған, Еуропаны босқындарға толтырған, экстремистік ұйымдардың ойран салуына оңай жемтік болған Сирия тағдыры бүгінде ғаламдық деңгейге шықты. БҰҰ бұған дейін Женевада бірнеше жыл бойы келіссөздер өткізіп, бұл елдегі соғысты тоқтатудың жолын іздестірумен келеді. Бірақ АҚШ, Ресей, Еуропалық одақ, Араб елдері Лигасы, Таяу Шығыс елдері, Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар қатысқан кездесулер  бүгінге дейін нақты нәтижеге қол жеткізбеді. Сондықтан Ресей, Түркия мен Иран басшылары Астанада арнайы келіссөздер өткізуді ұйғарғанда, Сирия тағдырын талқылайтын тағы бір тетік іске қосылғаны белгілі болды. Ал келіссөз орны қазақ жері болғаны барлық қатысушылардың көкейінен шықты. Бірақ бұл келіссөздер жабық есік жағдайында өтті. Яғни, жер-жаһаннан келген журналистер Rixos President Astana қонақүйінің мәжіліс залында не айтылып жатқанын дәлізге шыққан делегаттардан сұрап білді. Мұндай жағдайда ауыздан шыққан әрбір сөздің мәні ерекше ауырлайтыны бар. Жабдықтан сығалаған журналистер түрлі делегация мүшелерінің қаба­ғынан, жүріс-тұрысынан, аңдаусыз әлде әдейі айтқан сөздерінен түрліше тон пішумен болды. Ақыры, екі күндік жиын аяқталды, оның қорытындысына қарап, Астаналық келіссөз жемісті өтті деп түйіндеуге болар. Сириядағы атыс-шабысты уақытша тоқтатуға қатысты келісім желтоқсан айы­ның соңғы күндері жасалған болатын. Астанада осы келісімді одан әрі созып, бейбіт бітімге келу және халыққа гуманитарлық көмекті жеткізу мәселелері талқыланды. BBC жаңалықтар қызметі Аста­надан таратқан хабарында Сирия үкіметінің мүшелері мен оппозициялық күштер өкілдерінің бірінші рет бір үстел басына жиналып, бірге отырғанын хабарлады. «Бүгін таңертең келіссөздер басталғанда біз елеусіз, бірақ өте маңызды қадамға куә болдық: (осыдан-ақ Сирия қақтығысының ауқымын бажайлауға болады): бүгін бірінші рет ел алдында Сирия үкіметінің өкілдері мен оппозиция әскерилері бір үстел басында қатар отырды және ешкім тұрып кеткен жоқ, олар бір-бірінің мәлімдемелерін тыңдады. Екі тарап та оқ атуды тоқтату шараларын бекітуді қолдады» – деп хабарлады. Осыдан-ақ Астана келіссөздерінің сәтті басталғанын бағамдауға болар. Бұған дейін бірін-бірі тек қарудың күшімен ықтырып келген қарсылас топтарды бұлайша ымыраға келтіру үшін ұйымдастырушылардың орасан көп қажыр-қайрат жұмсағаны анық. Шындығын айтқанда, бұл басқосудың кез келген сәтте шырқы бұзылуы немесе екі тараптың бірі келмей қалуы немесе келіссөздер енді басталған сәтте шорт үзілуі әбден мүмкін еді. Тіпті, BBC тілшілері тамсана айтқан «бір үстелдің басына» жиналуының өзі бірталай керісулерге себеп болған. Оның мәні – кім кімнің жанына оты­рады деген мәселе. Ақыры, Сирия үкіметінің мүшелері БҰҰ өкілі мен Иран мемлекеті делегациясының ортасына жайғасты, ал Сирия оппозициясының бір жағына – АҚШ елшісі, екінші жағына – Түркия делегациясы орналасты. Сонда да Сирия оппозициясы деле­гациясының басшысы Мұхаммед Аллуш бірінші күні-ақ келіссөздің шыр­қын бұза жаздады. Өздерінің оқ атуды тоқтату туралы келісімді нығайтуға келгенін айтқан ол сириялық оппозицияның талабын санамалап берді. Олар: өздеріне қарасты қалаларды әскери құрсаудан шығару, гуманитарлық көмекті жеткізу, түрмедегі тұтқындарды босату. Бірақ Мұхаммед Аллуш «Сирия оппозциясы бейбіт бітімге келуге де, әскери қақтығысты жалғастыруға да дайын екенін» айтқан тұста үкіметтік делегация шыдамнан айырылуға шақ қалған еді. Олар бұл мәлімдемені арандатушылық және келіссөздерді болдырмаудың талпынысы деп бағалады. Осылайша үкімет пен оппозиция өкілдері қызба­лық­қа салынып, сөзбен ілінісіп қала жаз­даған. Абырой болғанда, қарсы тараптардың аптығы тез басылып, келіссөз одан әрі жалғасты. Дамаск делегациясының басшы­сы Башар Джаафари Астанаға өзде­рінің оқ атуды тоқтату жөніндегі келі­сім­дерді біржола пісіру үшін келгендерін жариялады, осылайша бір-бірімен аяусыз соғысып жатқан қарсыластардың бітімге келуіне көпір салынғандай. Дөңгелек үстел басындағы рес­ми ашылу рәсімі біте салысымен, сириялық делегациялар екі бөлек кеңсеге тарады. Бұдан кейінгі үкімет пен оппозициялық топтар арасындағы келіссөздер арадағы бітістіруші үш мемлекет өкілдері арқылы жүрген. Екінші күні қарсы тараптар ортақ ше­шім табуға бейіл екендіктерін таныт­ты. Ресей, Түркия мен Иран мем­лекеттері қол қойған қорытынды құжат қабыл­данып, Сирия Конституциясын дайындау үшін бірге жұмыс істеуге, бұдан кейінгі келіссөздерге қатысуға уәделесу, ең бастысы, Сириядағы кикілжіңнің бейбіт шешімін табуға ұмтылу – осы екінші күнгі жұмыстың нәтижесі. Астанадағы келіссөздер тура­лы CNN телеарнасы:  «Бұл – БҰҰ мұрындық болған Женева келіс­сөздеріне бәсеке емес, оны толық­ты­ратын келіссөздер» деп атап көр­сетті. Бұған қоса америкалық теле­арна осы жиынға «АҚШ тек өзінің Қазақстандағы елшісін жіберді, бұл оның осы кикілжіңді шешудегі рөлінің әлсірегенінің белгісі» деп хабарлады. Шынында да, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол бұл кездесуге бақылаушы ретінде ғана қатысып отырды. Таяу Шығыстың тағдыры талқыланып жатқанда, АҚШ-тың бақылаушы рөлінде сырттап қалуы тосын жағдай. Иран тарабы АҚШ-тың бұл жиынға араласуына қарсы болса да, Кремль Ақ үймен жақындасудың мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Оның үстіне, президент Д.Трамп өзіне дейінгі әкімшіліктің саясатынан бас тартты. Ол Б.Асадты биліктен тайдыруға ұмтылмайды. Қазіргі Ақ үй әкімшілігі тек ДАИШ террористік тобымен күресті жалғастыруға мүдделі екенін мәлімдеді. Ендеше, ең басты мәселеде – Башар Асадты орнында қалдыруда Кремльдің дегені орындалады. АҚШ президенті қазір өзінің командасын бекітіп, әкімшілік тағайындаулардың қарбаласында жүр, сондықтан бұл келіссөздерге АҚШ-тың арнайы делегация жіберуге мүмкіндігі болған жоқ. Қазақстандағы АҚШ-тың Төтенше және өкілетті елшісі Дж.Крол келіссөз үстелінің басында тек жақсы тыңдарман рөлін атқарып отырды десек, артық айтқандық емес. Дегенмен, бақылаушы болса да, астаналық келіссөздерге АҚШ өкілінің қатысуы бұл жиынның салмағын арттыра түскені анық. АҚШ өзінің ішкі мәселелерімен әу­ре болып жатқанда, Ресей, Иран мен Түркия өздерінің Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатуға шамасы жететіндіктеріне әлемдік қауым­дастықты сендіргісі келеді. Бұған дейін алпауыт мемлекеттер БҰҰ деңгейінде шеше алмаған күрмеуді үш аймақтық держава біржола тарқатпақ. Егер бұл «үштік» бастаған келіссөздер желісі жемісті болса, онда бұл елдердің халықаралық саясаттағы ықпал-беделі өсетін болады. Ғаламдық геосаясаттағы таразы басы Еуразияға аумақ. Түркия бұған дейін Башар Асадқа қарсы суннитік топтарды қолдап келгенімен, қазіргі жағдайда Асадтың тағдырын екінші орынға ысырып, ең алдымен ДАИШ террористік тобымен және күрд топтарымен күреске көңіл бөліп отыр. Түркия Шам еліндегі соғыстың шарпуынан зардап шегіп отырған мемлекет. Себебі үш миллион сириялық босқын түрік жерін паналады. Оларды кәрі құрлыққа жібермес үшін түрік үкіметі өз жерінде паналатуға мәжбүр болды. Бірақ ақыр аяғында, Түркияның өзінің тынышы кетті: соңғы екі жылда бұл елде террористік оқиғалар көбейіп, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындады. Сондықтан Астанадағы келіссөздерге сириялық қарулы топтар өкілдерін келтіру үшін Түркия барын салды. Желтоқсан айында Алепподан айырылған оппозициялық топтар қазір әлсіреген. «The Financial Times» газеті Түркия мен Ресей оппозициялық күштерді Астанадағы келіссөздерге келтіру үшін оларға қысым жасады деп жазды. Ресей болса, Сирия соғысына 2015 жылдың қыркүйек айында бел шеше кіріскен. Башар Асадтың «шақыруымен» әскери-ғарыш күштерін кіргізіп, оппозициялық топтарды талқандауға атсалысты. Бірақ Ресейдің және АҚШ бастаған халықаралық коалициялық күштердің араласуы Сириядағы соғысты одан әрі үдетпесе, тоқтатпады. Шындығын айқанда, Батыс Ресейді қантөгісті ушықтырып, гуманитарлық дағдарысты күшейтті деп айыптайды. Енді бұл соғыстан «абыроймен» шығу үшін атыс-шабыстың тоқтауы Кремльге тиімді. Оның үстіне, бейбіт келіссөздерді ұйымдастыруға үлес қосу арқылы Ресей әлемдегі имиджін түзеп, ықпал-беделін күшейте алады. Сириядағы әскери базалары арқылы Таяу Шығысты уысында ұстап отыру ықтималдығы өз алдына. Иран әу бастан Башар Асадтың билік басында қалуын қолдап келеді. Сирия қақтығысына араласқан мемле­кет­тердің ішінде бұл елдегі өз мүддесі үшін әскерін де, ақшасын аямай жұмсап отырған ел – Иран. Себебі Сириядағы ықпалын азайту ол үшін АҚШ, Израиль, Сауд Арабиясына өз есесін қолдап бергенмен бірдей. Сол үшін Иран Сирияға өзінің элиталық отрядтарын аттандырды. Енді Сирия мәселесінің бейбіт шешімін табуда Иран аймақтық держава ретінде шет қала алмайды. Шындығында, Дамаскіні оппозициялық топтармен ымыраға келу үшін осы келіссөздерге қатысуға көндірген Тегеран болатын. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұған дейін Женева келіссөздерінің жеміссіз болғанын былайша түсіндірген еді: «Бұған дейін Сирия мәселесі туралы келіссөздерде Сирия әскери оппозициясының орнына саяси оппозицияны отырғызуға әрекет жасалды, ал бұл саяси оппозиция  баяғыда Сириядан көшіп кеткен эмигранттар болатын. Біз саяси оппозицияны процестен қумаймыз, бірақ Астана әскери отрядтардың келіссөздерге қатысуына арналады». Сондықтан Астанаға Сирияда  Башар Асадтың үкіметіне қарсы соғысып жатқан әскери оппозиция өкілдері шақырылды. Олардың бәрі – алты жылдан бері қолынан қару түспеген, қанды қырғынның ортасында жүрген әскерилер.  Оларды «Джейш әл-Ислам» тобының жетекшісі Мұхаммед Аллуш бастап келген. Делегация құрамында орталық және солтүстік-батыс Сириядан келген он екі әскери топтың өкілдері бар. Бірақ Сирияда саяси және әскери оппозициядан бөлек, радикалды және діни топтар да бар. Шам еліндегі соғыс өртінің тамызығын толтырып отырған да солар. Астанаға жиналған оншақты топ өкілдері терроризммен күресуге уәде берді. Енді қырық құрау сириялық оппозициялық топтар бірімен бірі соғысуы әбден ықтимал. Бұл жорамалды оппозиция өкілдерінің өздері де растайды. «The Financial Times» газеті Сирия оппозициясының шейхі Айед әл-Ютайфидің мына сөзін келтіреді: «Біз қазір таңдау алдында тұрмыз: не жаңа Ауғанстан боламыз немесе этникалық соғыстың жаяу әскеріне айналамыз». Сириялық үкімет оппозициялық топтардың қаруды тастап, соғыс қимылдарын тоқтатуын қаласа, қарсы жақ Башар Асадтың биліктен кетіп, өздеріне қарасты қалаларды үкіметтік армияның қоршауынан шығарып, тұтқындарын босатуды талап етеді. Әзірге, қарсыластардың ешқайсысы өз ұстанымдарынан бас тартқан жоқ. Бірақ екі тарап та атыс-шабысты тоқтатуға келісіп отыр. Астаналық келіссөздерге қатысқан арағайын мемлекеттердің өкілдері бұл келісімді үлкен жетістік деп бағалауда. Осылайша, Ресей, Түркия мен Иран Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін тізе біріктіріп әрекет етуге шешім қабылдап, ортақ келісімге қол қойды. Келіссөздердің соңында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов осы құжаттың мазмұнын оқып берді. Онда аталған үш мемлекеттің Сириядағы бейбіт бітімді сақтау, оқ атпау келісімдерінің сақталуына кепіл болатыны айтылған. Бірақ кепіл болудың жай-жапсары, оның сақталуын бақылау механизмдері әлі нақтыланған жоқ. Шамасы, бұл мәселе алдағы Женева келіссөздерінде пысықталуы мүмкін. БҰҰ қазіргі Бас хатшысы Антонио Гуттериштің Сирия мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны байқалады. Ол Қазақстанда өтетін келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеп, оған қатысу үшін өз өкілін атандырды. БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнаулы Елшісі Стаффан де Мистура: «Біз, БҰҰ – бақылаушы рөлін атқардық.  Біз алғаш рет қантөгіс пен қақтығысты тоқтату басты бағыты болып табылатын келіссөздер үстелінде бас қосудың мүмкіндігіне көз жеткіздік. Бұл бәрінен маңызды.  Сирия халқы қантөгіске ұласқан жанжалдардың тоқтағанына зар болып отыр... Келесі аптада мен Нью-Йоркке ұшамын. Сол жерде Женевадағы келіссөздерге дайындықты бастаймыз. Астана процесінен біз үлкен потенциал көрдік. Сол үшін қуаныштымыз»,– деп жылы лебізін білдірді. Сонымен, 8 ақпанда Женевада Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында келіссөздер одан әрі жалғаспақ. Астанадағы екі күндік басқосу Женева келіссөздерінің қайта жандануына әсер етті. Бәлкім, бұдан кейінгі кездесулердің жемісті болуына себепші болған шығар. Астанаға келген әскери оппозиция өкілдері енді Женеваға шақырылды. Бұл әскери оппозиция өз жеріндегі террористік топтармен күресуге және Сирия конституциясын дайындауға атсалысуға әзір екендіктерін айтты. Ендеше, астаналық келіссөздердің жемісі – Женевалық келіссөздерді «тірілтіп», оған қатысатын сириялық оппозицияның құрамын кеңейтуге үлес қосқаны.