Тұрақты бақылау – сапа кепілі

Тұрақты бақылау – сапа кепілі

Тұрақты бақылау – сапа кепілі
ашық дереккөзі
Нұротандықтар «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын жүйелі түрде бақылап келеді. Құрылысы жүріп жатқан нысандарды тұрақты назарда ұстау елдің үкілі үмітін арқалаған бағдарламаның нәтижелі болуына жол ашпақ. Апта басында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын модернизациялау, жылу және су жолдарын қамтуды нығайту» бағыты бойынша партиялық бақылау комиссиясының рейді өтті. Партиялықтар іс-шара барысында Ақжайық мөлтек ауданындағы Қуаныш Төлеметов көшесінде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған №69 үйге барды. №69 үйдің тұрғыны Назира Бұхарбаеваның айтуынша, жарық сөнген жағдайда кәріз жолдарының  жұмысын жақсартатын насос істен шығып кетеді екен. – Осыған байланысты №69 үйде 4 күн бойы кәріз жолдарының қалдықтары жертөлені алып жатқан. Бұл сияқты мәселелер осы көше тұрғындарының көпшіліктеріне тән жағдай, –  дейді ол. «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Нұркөз Жаңабаев бұл жағдай туралы хабарды естіп, шұғыл түрде рейд ұйымдастырылғанын айтты. – Осы мәселе бойынша Шымкент қаласы әкімдігінің өкілдері, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары, мердігер «Отаустрой» компаниясы өкілдерімен  бірлесе тексеру жұмыстарын жүргіздік. Тұрғындармен кездесіп, мәселенің шешімін табуға болатынын халыққа түсіндірдік. Мердігер мекеме канализациялық насостарды ауыстыратын болды. Жағдай қайталанбау үшін  біз мердігерге қосымша жабдықтар орнату бойынша талап қойып отырмыз, – деді депутат. Сондай-ақ, осындай мәселелердің дер кезінде шешілуін қамтамасыз ету мақсатында рейд жұмысы тұрақты жүргізілетінін айтты. Алматы облысындағы нұротандықтар да «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандар құрылысын ұдайы бақылап отырады. Партияның Қарасай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейбіт Төлеген дүйсенбі күні Қырғауылды ауылындағы 900 орындық орта мектеп жапсармасының құрылыс жұмысымен танысты. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша аудан аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын бақылау үшін «Нұр Отан» партиясының Қарасай аудандық  мәслихаты депутаттарының фракция мүшелері тарапынан арнайы комиссия құрылған. «Біз ай сайын құрылыс жұмыстары жүріп жатқан аймақта болып, жұмыс сапасы мен қаржының мақсатты жұмсалуына бақылау жасаймыз», – дейді аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Төлеген. Оның айтуынша, Қырғауылды ауылындағы 900 орындық  мектеп жапсармасының құрылысына мемлекетіміздің Ұлттық қорынан 1,7 млрд  теңге бөлінген. – Бүгінгі күні құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жаңа оқу жылына дейін мектеп ғимаратының құрылысын толық аяқтайтынымызға сенімдіміз, – деді құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер-компания «AlatauConstruction» ЖШС басшысы Сұлтан Түйебаев. Құрылыс барысымен мұқият танысқан комиссия мүшелері еңбек ұжымымен сұхбаттасып, алдағы уақытта құрылыс нысанын өз бақылауында ұстайтындарын ескертті.