Ақтауда 6 айлық баланың жүрегіне ота жасалды

Ақтауда 6 айлық баланың жүрегіне ота жасалды

Ақтауда 6 айлық баланың жүрегіне ота жасалды
ашық дереккөзі
Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиоорталығының дәрігерлері 6 айлық Талғаттың жүрегіне сәтті ота жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Сәбидің туа біткен жүрек ақауы бар екендігін ата-анасы ол 6 айға толғанда ғана біліп, жедел дабыл қаққан. Осыдан кейін оған шұғыл арада ота жасалды. Дәрігерлер сәбиге операцияның дер уақытында жасалғандығын айтуда. «Отбасы Жаңаөзенде тұрады. Балаға дүниеге келгеннен диагноз қойылмаған, жиі суық тиіп ауырған. Оның бойы өспеген, салмақ та қоспаған. Ата-аналар қауіптеніп, 6 айлық балаларын бізге алғаш рет диагностикаға әкеліп отыр. Жүрегіне ультрадыбыстық зерттеу жүргізгеннен кейін жүрекаралық перденің айқын дефектісі, аномальді дренаж күдігі диагнозын қойды. Күдігіміз ота барысында дұрыс болып шықты. Тотальді аномальды дренаж ауыр, күрделі туа біткен жүрек ақауы саналады және 100 пайыздық хирургиялық араласуды талап етеді. Балаларға дүниеге келген алғашқы күндерінде, бірінші, екінші аптада ота жасалады. Егер ота осы мерзімде жасалмаса онда жоғары өкпе гипертензиясы дамиды. Соның салдарынан статистикаға сәйкес сәбилердің 90 пайызы 6 айға толмай шетінеп кетеді. Қалған 10 пайызы 1 жасқа, 3 жасқа дейін өмір сүреді», - деді кардиоорталықтың жетекшісі Жеңіс Қозыбаев. Оның сөзіне қарағанда, ота сәтті өтті. Сәбидің жағдайы өте ауыр болған. Ол 5 тәулік бойы реанимацияда жатқан. Бүгін пациентке экстубация жүргізіліп, өкпеге ауа беру аппаратынан шығарылды.