Елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді

Елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді

Елімізде 400 мыңнан астам сәби дүниеге келеді
ашық дереккөзі
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан мәлімет бойынша, 2016 жылы Қазақстанда сәбилер өлім-жітімі 11,6 пайызға төмендеді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда едәуір төмен. Екі жыл бұрын дүние есігін ашқан 1000 баланың орта есеппен 9,6-сы шетінесе, Мешін жылы бұл көрсет­кіш 8,6-ға дейін азайды. Көп жағдайда сәби өліміне перинаталдық кезеңнің асқынуы себеп болады. Сонымен бірге, 1 жас­қа дейінгі балалар дамуының туабітті ақаулары, тыныс алу және қан айналым органдарының сыр­қаттануы себепті де шетінейді. Республикада күн сайын 1 мыңнан астам, жыл сайын 400 мыңнан аса нәресте дүниеге келеді. Туу көрсеткіші соңғы 5 жылда 3 пайызға өсті. Елі­мізде нәресте өлімін азайтуға ба­ғыт­талған шаралардың нәти­же­сінде, салмағы 500 грамм және одан асатын шала туған балалар өмір сүруге мүмкіндік алды. 5 жылда салмағы 1500 грамға дейінгі санат­тағы балалардың тіршілікке қабілеттілігі 30 пайызға өсіп, 60 пайызға жуық көрсеткішке жетті. Атап айтқанда, перинаталды көмек көрсетуде бірегей тәсілдерді қолдануды қамтамасыз ету мақсатында 300-ден астам емха­налық хаттамалар халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, бекітілді. Сонымен бірге, медици­налық қызметкерлер оқытылып, медициналық ЖОО-да оқу және жұмыс бағдарламалары өзгертілді. Дамудың туабітті кемістіктерін уақытылы анықтау үшін генети­калық және ультрадыбыстық скрининг жасалады. Перзентхана деңгейінде нәрестелердің есту қабілеті кемістіктерін анықтау бойынша скрининг енгізілген. 2016 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдем­ақы төлеуге республикалық бюд­жеттен 30,9 млрд-тан астам теңге бөлінді. Жәрдемақының мұндай түрін алушылардың жылдық орташа саны 143,3 мың адам болды. Жәр­дем­ақының мөлшері балалардың кезегіне қарай 12 217-18 877 теңге аралығында болды. 2017 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәр­демақы төлеуге республикалық бюджетте 35,9 млрд теңге қарас­тырылған. Яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім едәуір. «Балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдем­ақылар туралы» заңға сәйкес 2016 жылы 438,1 мың азаматқа бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы беріліп, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 32,3 млрд теңге жұмсалды. Биыл осын­дай жәрдемақы төлеуге респуб­ликалық бюджеттен 32,4 млрд теңге қарастырылған. Бірінші, екінші және үшінші бала туғанда төленетін жәрдемақы мөлшері 66 621 теңге болса, төртін­ші және одан көп бала дүниеге келген жағдайда 111 035 теңге төленеді.