Нұркен Әшіров: Ұлттық өнердің жетімсіреп қалатыны бар...

Нұркен Әшіров: Ұлттық өнердің жетімсіреп қалатыны бар...

Нұркен Әшіров: Ұлттық өнердің жетімсіреп қалатыны бар...
ашық дереккөзі
Дәстүрлі ұлттық өнердің майталман шеберлерін қанаттандырған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының тарихы тереңде. Кешегі Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедияров салған сара жолды жалғап, қарашаңырақта қасиетті ұлттық өнердің тамырын үзбей келе жатқан бір топ жастар шоғыры бар. Соның бірі – талай биікті бағындырып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүрген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы филармонияның солисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров.

Филармония – майталмандар ұстаханасы

– Сонау 1935 жылдың 14 қаңтар күні құрылған Жамбыл атындағы филармония осыдан екі жыл бұрын 80 жылдығын атап өтті. Қасиетті өнер ордасының тұңғыш директоры және көркемдік жетекшісі болған  аса көрнекті музыкатанушы ғалым, композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың еңбегі өлшеусіз. Ал өзім осы қарашаңырақта өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп келемін. Филармонияның шығармашылық ұжымы өз тарапынан тыңдармандардың рухани қажеттіліктерін жоғарғы музыкалық классикалық өнер және халық шығармашылығы негізінде, Қазақстан және шет ел композиторларының өнерін  насихаттау арқылы мүлтіксіз орындап келеді. Басында филармония қазақ ұлттық аспаптарын, қазақ хорын, би ансамблі және жеке орындаушылар – әншілер мен аспапта орындаушылар тобын біріктірді. Олардың құрамында республиканың халық әртісі Дина Нұрпейісова болғаны белгілі. Көп кешікпей, филармонияның концерттік эстрадасына вокалдық лирика жауһары, 24 жастағы атақты әншілердің бірі ретінде Кеңестер Одағының  халық әртісі Күләш Байсейітова келеді. Ал А.Жұбановтың ізімен Е.Брусиловский, Б.Байқадамов, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Амангелдиев, Т.Ибраев, А.Даутбаев, Т.Альпиев, М.Өтеуов, Қ.Оразғалиев, А.Сұлтанғалиев, А.Әбдуәиев сынды музыкалық өнердің тарихында өз орны бар есімі белгілі азаматтар филармонияға жетекшілік еткенін айта кеткен жөн. Филармонияның  алғашқы құрамында қазақ өнерінде аты аңызға айналған атақты күйшілер Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Оқап  Қабиғожин, әншілер Әміре Қашаубаев, Жамал Омарова, Ғарифолла Құрманғалиев, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришад және Мүслім Абдуллиндер, т.б. біртуар өнер шеберлері жиналып, қазақтың музыка өнерін шыңдады. Ал Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының құрамында әлемге аттары әйгілі ұжымдар: Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі,  ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі, ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы, Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті, Мемлекеттік қарағайлы-үрмелі аспаптар квинтеті бар. Сонымен қатар,  Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали  Нүсіпжанов бастаған жеке орындаушылар да көрерменнің қошеметіне бөленіп жүр.

Ұстанар бағытым – Тілендиевтен үлгі алу

– Жамбыл облысы, Пионер елді мекенінде өмірге келдім. Кішкентайымнан өнерге әкем баулыды. 1991 жылы бірінші сыныпқа барып, республикалық байқауларға қатысып, мамандардың көзіне түскеннен кейін 1997 жылы Алматыдағы А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің домбыра сыныбына түстім. Мектепте жүргенде-ақ үкіметтік концерттерге атсалыстым.  2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған шараға қатысқаным әлі есімде. Содан бері Қазақстанның шетелдегі мәдени күндері аясындағы  концерттерден қалмай, қазақтың домбырасын танытуға бір кісідей үлес қосып келемін. Алғашқы үлкен концертімді 2000 жылы 15 жасымда Тараз қаласының 2000 жылдығына арнап, 1200 орындық Баласағұн мәдениет сарайында өткіздім. Міне, ұлттық дәстүрлі өнерге деген махаббатым осы кезден басталды. Ұстазым Ұлтарақова Перизат көптеген шәкірттің бағының жануына барын салды. Ал нағыз өнер шеберлерін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның студенті болған сәттен тани бастадым. Профессор Айтжан Тоқтағановтан дәріс алғанымды мақтан тұтамын. Алғашқы еңбек жолымды 2003 жылы Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінде солист қызметінен бастадым. 19 жасымда оркестрдің бас концертмейстері, солисі болдым. Қазір Жамбыл атындағы филармонияның жеке солисімін. Мұнымен қоса А.Жұбанов атындағы республикалық музыка мектеп-интернатында ұстаздық етемін. Өнерімді шыңдау жолында майталман дәулескер күйшілермен әріптес те болдым. Он үш жасымда киелі сахнаның құдіретін сезіндім. «Құрманғазы» және «Ұлы дала» фестивалінде Мағауия Қамзин, Рысбай Ғабдиев, Сәдуақас Балмағамбетов, Бақыт Тасығараев сынды атақты күйшілермен сахнада жүргенімнің өзі үлкен бақыт. Сол кісілердің батасын алдым. Ал Қаршыға Ахмедияров ағаның жанында он бес жылға жуық жүріп, тәлімін алуым – өмірімнің сәулелі, шуақты күндері десем артық емес.  Сол сияқты күй орындау шеберлігі бойынша Нұрғиса Тілендиев ағаны қадір тұтамын. «Аққу», «Әлқисса» күйлерін орындап, көптеген байқауда оза шаптым. Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін ғана емес, симфониялық поэмаларын да меңгердім. Тіпті, кейін Нұрғиса аға еңбек еткен оркестрде жұмыс істеуім ұлттық өнерге деген махаббатымды арттыра түсті. Өзім қосымша дирижерлік мамандығынан білім алып, оркестрмен жұмыс істеп жүрмін. Жамбыл атамыз айтқандай, «Менің пірім – Сүйінбай...» дегендей, менің өнер жолымдағы темірқазығым, ұстанар бағытым – Нұрғиса Тілендиевтен үлгі алу. 20 жасымда киелі сахнаға қадам бассам, 27 жасымда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болдым. Бұл өнерге ерте келіп, аянбай еңбек еткеннің нәтижесі деп ойлаймын.

Шетелдіктер түпнұсқаны құрметтейді

– Талай шетелді көрдім. Кейбір қазақ диаспорасы аз немесе мүлдем жоқ жердің өзінде қонақтар қазақ өнерінен тамаша әсер алып, оң пікірмен қайтатындығына куә болдым. Тіпті, жанымызға келіп, домбыраны қолына ұстап, суретке түсуге өтініш жасайды. Аудармашы арқылы сұхбат алған кездері де болды. Ал концерттің өту барысында залда отырған көрермендердің шынайы ықыласы бірден аңғарылады. Қазақтың төл өнеріне, оның ішінде күйіне, қобыз үніне, оркестрдің өнеріне деген қызығушылығы зор. Ілтипатпен қабылдап, қошемет көрсетіп жатады. Әсіресе, АҚШ, Жапония, Германия­да өткен мәдениет күндері аясында сұрақ пен суретке түсудің астында қалғанымыз бар. Бұл шетелдіктердің біздің мәдениетке, руханиятқа деген құрметінің белгісі. Ал «өз елімізде ұлттық дәстүрге қалай көңіл бөлінеді?» дегенге келсем, екіұшты пікірім бар. Отандық телеарналарда  алтыбақан, жетісаз, мың күй, жүз күйге арналған бағдарламалар көрсетілетін еді. Қазір тоқтап қалды. Неге? Телеарна басшылары «мұның бәрі көрерменнің сұранысына байланысты» деген уәж айтады. Қазір телеарнаның бәрі арзан, жеңіл-желпі немесе әншілердің өміріне арқау болған арзанқол бағдарлама иек артып кетті. Кейде ұлттық идеология жүргізу барысында халықтың санасына күшпен әрекет ету керек сияқты. Ұлттық өнердің кейде жетімсіреп қалатыны бар. Бірақ қолдайтын да, іздейтін де халықтың өзі. Мысалы, жеке домбырашы ретінде филармонияда концерт қойсам, күй кештеріне халық өте аз келеді. Қанша жиі қойсаң да солай. Мүмкін, форматты өзгертіп, басқаша жасау керек пе?! Мұны да ойластырып жатырмыз. Кейде халық аумалы-төкпелі кезеңде күйбең тірлікпен мұны ойлайтындай деңгейден алшақтап кеткен шығар дейсің. Бірақ қазір халық есін жиып, керегін түгендеп жатқан сияқты. Балаларын ұлттық өнерге баулып келеді. Сұраныс та артуда. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Ал шетелде сенің түпнұсқа материалыңа, күйіңе ғана қызығады, көңіл бөледі. Салыстырмалы түрде «қазақтан басқа ешбір ұлт күй түсінбейді» деп айтамыз ғой. Бірақ Австрияда, Германияда, Францияда жеке күй кешін ұйымдастырғаным бар. Келген қонақтардың 90 пайызы жергілікті ұлт өкілдері мен тұрғындары. Бәрі үлкен әсермен шықты. Ризашылығын білдіріп, тілегін жеткізіп жатады. Домбыраны ұстап көріп, дыбысына құлақ түріп жатады. Сондай кезде музыкада шекара жоқ екенін мойындайсың. Ән, өлең жолдары жеткізе алмайтын дүниені күй жеткізе алады. 2014 жылы қараша айында Парижде өткен кезекті конференциясында қазақтың күй өнері, киіз үйін әлемдік материалдық емес мәдени құндылықтар қатарына енгізуге атсалыстық. ЮНЕСКО-ның залына жиналған жұрт алдында Құрманғазы оркестрінің домбырашысы Батыржан Мықтыбаев екеуміз күй өнерінің құдіретін көрсеттік. Олар бірауыздан маңызы зор тізімге күй өнерін енгізді. Бұл да бір бақыт.  

Классикалық құралдарды меңгеру өте қиын

– Жамбыл атындағы филармонияда 2011 жылдан бері тұрақты солисі ретінде жылда концерт өткізу міндеттеледі. Бірақ қазір жеке домбыраның орындауында емес, әр түрлі нұсқаларын ұсынып жүрмін. Бойымда біраз музыка жазатын қабілет болғандықтан, оркестрмен үлкен концерттер ұйымдастырдық. Наурызда өткен концертте оркестрдің атын «Талас» деп қойып, жаңа бағдарлама жасадық. Эстрадалық-фольклорлық бағытта форматы бөлек концерттің барлық шығынын өзім көтердім. 24 адамға киім тіктіртіп, сахнаның безендірілуі, дыбыс аппараттары, жарық қойылуы, тіпті билеттің салытуына да өзім мұрындық болдым. Өзімнің және  ұстазым Қайырғазы Төленнің өңдеген шығармаларын балалар жаңаша бағытта қамтып, тамаша сый жасадық. Біздің жағдайды эстрада әншілерімен салыстыруға болмайды. «Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады» дегендей, Алла тағала бойға осы қасиетті дарытқаннан кейін, оны болашақ ұрпаққа үйретіп, халыққа насихат етпеу үлкен күнә шығар. Кейде тастап кеткің келетін ой мазалайтыны жасырын емес. Кейбіреулер сияқты дүкен, мейрамхана ашқың келеді. Бірақ іштегі туа біткен өнер жібермейді. Қанға сіңген нәрсе. Мен өнермен ауырады екенмін. Өнер жолы – ауыр жол. Әсіресе, клас­сикалық құралдарды меңгеру өте қиын. Әрі оның табысы да аз. Шоу-бизнес өкілдерінің табысының он пайызына да жуымайды. Соған қарамастан балаларымның біреуін скрипкаға, бірін фортепианоға тәрбиелеп жатырмын. Өнер баланың рухани болмысын сақтап, ішкі «менін» қалыптастырады.  

Жазып алған

Динара Мыңжасарқызы