"Халық БАҚ-тан гөрі Facebook-ке көбірек сенеді"

"Халық БАҚ-тан гөрі Facebook-ке көбірек сенеді"

"Халық БАҚ-тан гөрі Facebook-ке көбірек сенеді"
ашық дереккөзі
«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау xалықаралық қорының басшысы Тамара Калееваның айтуынша, бүгінде ақпарат және коммуникациялар саласындағы заңнамаға өзгерістерді енгізетін кез келді. Сондықтан министрлік бұл бастаманы дер кезінде көтеріп отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат. «Шыны керек, қазіргі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша барлық жұмыстар ашық жүргізіледі. Біз талай жылдар бойы құзыретті мемлекеттік органмен бірлесіп жұмыс істеуге тырыстық. Бірақ бүгінгідей ашықтық болған жоқ», - дейді Калеева. Оның айтуынша, ақпарат және коммуникациялар заңнамасына өзгерістер енгізу жұмысы аясында өзекті мәселелер көтеріліп отыр. Мәселен, басылымның мәліметтері қате жазылса, оның жұмысын үш айға тоқтатпау туралы толықтырудың маңызы зор. Бұдан бөлек, балалар құқықтарын қорғау және тағы басқа мәселелер бар. «Дегенмен, қазіргі заңнаманы қанша жаңартсақ та, ағаш соқаны жаңғыртумен бірдей боламыз. Біздіңше, ол заң толығымен ескірді. Сондықтан оны түбегейлі өзгертіп, бұқаралық ақпарат құралдарын мемлекеттік қолдаудың тетіктерін енгізген жөн. Зайырлы мемлекеттердің бәрінде ондай шаралар бар. Ақпарат саласындағы монополияға қарсы тетіктер болуы қажет. Соның арқасында xалықтың сенімі артады. Өйткені бүгінде адамдар бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, Фейсбукке көбірек сенеді», - деп атап көрсетті қор төрайымы. Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуынша, қазіргі өзгерістер - заман талабы. «Біз әлемдік трендтерді ескеруге тырыстық. Дегенмен, белгілі бір уақыттан кейін ол трендтердің өзгеретінін жақсы түсінеміз», - дейді вице-министр. Айта кетейік, ақпарат және коммуникациялар министрлігі электронды бұқаралық ақпарат құралдарында пікір қалдыратын азаматтарды ұялы телефон нөмірі арқылы тіркеп отыруды да ұсынып отыр. Жалпы, ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қатысты 200-ге жуық ұсыныс бар. Арнайы жұмыс тобы осы өзгерістердің бәрін жан-жақты зерделеп шықты.