Саудада – сыпайы, саясатта – жоғалмаған ұпайы

Саудада – сыпайы, саясатта – жоғалмаған ұпайы

Саудада – сыпайы, саясатта – жоғалмаған ұпайы
ашық дереккөзі

Өзбекстан тауық жылында тәуелсіздік тарихының жаңа парағын ашты. Ислам Кәрімов 27 жыл билік басында отырып, ақ өліммен аманатын тапсырған соң, өзбек халқы жаңа президентін сайлады. Алдын-ала болжанғандай, бұл жоғары лауазымға Кәрімовтің оң қолы әрі саяси «мұрагері» Шавкат Мирзияев сайланды. Бәлкім, сайланды деген аты ғана болар, электораттың 88,6 пайыз қолдауына ие болуды демократиялық мемлекеттердің «әділ сайлаудың нәтижесі» деп мойындай қоюы қиын. Бірақ «өзгелер не дер екен?» деп жалтақтау өзбектерге тән мінез емес, ішкі-сыртқы саясатын өз мүддесінің ыңғайына бұрып, өзіндік сүрлеумен өрлеп барады.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАРТЫСЫ – ӨЗБЕКТЕР

 Биылғы жылы Орталық Азияның халқы 70 миллионнан асып жығылады деген болжам бар. Халқының санының көптігіне қоса алғанда әрі жағрафиялық орналасуы бойынша бұл аймақ халықаралық саясатта елеулі мекендердің біріне айналғалы тұр. Бір жағынан Қытайдың, бір жағынан Ресейдің, ар жағынан АҚШ пен Еуропаның ықпал етуге ұмтылған стратегиялық нүктесі екені ешкімге құпия емес. Ал Орталық Азияның бес мемлекетінің ішінде Қазақстанның жөні бір басқа болғанымен, Өзбекстанның өзінше бөлек төбе болуға қабілет-қарымы жетерлік. Қазірдің өзінде 32 миллионға жететін халқы бар ел алдағы уақытта да адам саны бойынша алдыңғы қатарда бола бермек. Аймақ халқының жартысына жуығы өзбек ұлтының өкілдері болғанда, олардың тілдік, діни, әлеуметтік және рухани басымдыққа ие болуына шәк келтіру қиын. Ал экономикалық қажыр-қуаты шағын және орта кәсіпкерліктің, сондықтан экспортқа шығарар төл өнімдерінің арқасында жылдан-жылға артып келеді. Ал бүгінгі таңда өзбек халқының бірден-бір сүрінер тұсы – мемлекеттік басқару құрылымы, атап айтқанда, мемлекеттік билік басындағы адамдардың мемлекетшілдігі мен іскерлігі деуге болар. Оның өзінде, Ислам Кәрімов 27 жыл бойы авторитарлы билік құрғаны қанша сыналса да, билікті басқа адамға беру процесін бейбіт және сырттай қарағанда демократиялы жолмен жүзеге асырды. КСРО-ның кезінен бері билік тізгінін ұстап қалған буын өкілдерін ауыстыру барлық Орталық Азия елдеріне ортақ сын еді. Қырғызстан Асқар Ақаевтың қателіктерін көтере алмай, одан соң бір емес, екі рет төңкерісті бастан кешті. Түркіменстан Сапармұрат Ниязовты талай жыл ұлт көсеміндей ардақтаса да, оның көзі тая салысымен артынан тас атты, бірақ «Түркіменбашының» аты жойылса да, оның жолы «ізбасарларына» үлгі болды. Тәжікстан Эмомали Рахмонды «ұлт көсемі» атап, оның жеке билігін күшейте түсті. Түркіменстан мен Тәжікстан экономикалық қарқынының саябырлығынан әлі еңсе тіктей алмай жүр. Әсіресе, Түркіменстан былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өте ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіріп отырғаны мәлім болды. Мұның бір себебі түркімен ұлтының байлығы – табиғи газ бағасының екі есе төмендеуі болатын. Мұнай-газ саласындағы жаппай қысқартудың салдарынан елде жұмыссыздық белең алды. Жалақының уақытылы төленбей, халық тұтынатын тауарлардың, оның ішінде ұн, қант, май сияқты азық-түліктің жетіспеушілігі белең алғанына қарамастан, президент Гурбангулы Бердымұхаммедов Түркіменстан «алтын ғасырда өмір сүріп отыр» деп құрғақ насихат айтудан айнымай келеді. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 2015 жылы желтоқсан айында ғана Парламенттің қолдауымен ресми түрде «бейбітшілік пен ұлттық тұтастықтың негізін қалаушы, ұлт көшбасшысы» деген атақты иеленді. Былтыр өткен референдумда Э.Рахмон шексіз мәрте президент болып сайлану құқығын заңдастырды. Тәжік экономикасы сыртқа кеткен мигранттардың ақшасына тәуелді екені жасырын емес. Бірақ Ресейдегі дағдарыстың салдарынан еңбек мигранттарының есеп-шотынан келіп түсетін қаражат көлемі былтыр екі есе азайып кеткен. Ал жергілікті үкімет экономиканы өркендетіп, өндірісті дамытудың орнына оппозициялық күштермен күресті күшейтіп, жеке билікті нығайтумен айналысумен әуре. Тәжік жерінде орналасқан әскери базасы арқылы Ресей бұл елде өз ықпалын жүргізіп отыр. Бірақ Қытай да шекаралас Тәжікстандағы есесін жібере қоймас, онысын ең әуелі ауған жерінен төніп тұрған экстремизммен күрес желеуімен байланыстырады. Ал Еуразиялық экономикалық одаққа қосылған Қырғызстан тұрмысын аздап болса да түзей бастағандай. Әсіресе, Ресейдегі еңбек мигранттарының ақшалай аударымдарының көлемі артты. Алдағы ақпан айында Гурбангулы Бердымұхаммедов тағы да президенттік сайлауға түседі. Шамасы, үшінші мәрте сайлануы ғажап емес, себебі Түркіменстан конституциясында оның қайта сайлануына шек қойылмаған. Қырғызстанда да биыл президент сайлауы өтуі тиіс. Алмазбек Атамбаев Конституция талабына сәйкес, бір реттен артық президенттікке сайлана алмайды, ендеше бұл елде жаңа басшы саясат сахнасына шығуы тиіс. Ал Өзбекстан болса, ешкімнің үлгісін де, өнегесін де қайталамастан, Кәрімовтен кейінгі кезеңге ың-шыңсыз өте салды. Демократиялы десеңіз – демократиялы, бейбіт десеңіз – бейбіт, мұрагерлік десеңіз – мұрагерлік әрі ізбасарлық жол. Ешкімнің таласы да жоқ, көз алартуына анық себеп-сылтауы да жоқ. Әйтсе де, қазіргі Өзбекстан үшін Кәрімовтің кезіндегі Өзбекстан «мұрасы» ретінде қордаланып қалған өзекті мәселелер жетерлік. Оның бірі – дін мен мемлекет қарым-қатынасын реттеу.

ИСЛАМҒА ТОСҚАУЫЛ БОЛҒАН ИСЛАМ-АКАНЫҢ ЖОЛЫ

Шындығын айтқанда, Ислам Кәрімовтің тұсында Өзбекстанда дін мен мемлекеттің арасы ушығып кетті. Діни экстремизммен күрес желеуімен мемлекет діннің қызметін шектеді, мемлекеттік қызметкерлерге жұма намазға баруға тыйым салды, кәмелет жасына толмаған жастарға мешіттерге баруға шектеу қойылды, ал мешіттердегі уағыздардың мәтінін ұлттық қауіпсіздік қызметі қадағалап отырады. Былтыр Өзбекстан мұсылмандар Діни басқармасы Рамазан айы кезінде мейрамханаларда, дәмханалар мен асханаларда ұжымдық ауызашар өткізуге тыйым салды. Бұл тыйым Ташкенттің мешіттері мен тұрғын үйлерге де қатысты. Осылайша, билік мұсылмандардың қасиетті айында топтанып бас қосып, діни құлшылықты бірге жасауына тосқауыл жасап отыр. Өзбек­с­тан мұсылмандарының Діни басқармасы «Бұл – мемлекеттің саясаты емес, Ислам дінінің тарихына сүйене отырып жасаған біздің нұсқауымыз» деп түсіндірді. Жалпы, ауызашарға тыйым салу әрекеті сонау 2005 жылғы Андижан оқиғасынан кейін басталды. Бірақ кейінірек үлкен мешіттерде ифтар ұйымдастыру қайтадан жандана бастағандай еді. Әйтсе де, былтыр мешіттердегі ауызашарларға тыйым салу қайта жанданып, тұрғындардың өз үйлеріндегі ауызашар дастарқанына жиырма адамнан артық кісі шақырылмасын деген шектеу қойылды. Ауызашармен қатар Рамазан айында жамағатпен оқылатын тауарих намаздарына да тыйым салынды. Бұған қоса бірнеше жылдан бері өзбек билігі әйелдердің хиджаб киюіне қарсы саясат жүргізіп, көшеде басына орамал салып жүрген қыз-келіншектердің сөмкесін тінтіп, өздерін тергеуге алып, қудалауды әдетке айналдырған. Бұл аз болғандай, өзбек телевидениесінде Алланың атын атауға тыйым салынған. Мұның жарқын мысалы ретінде айталық, Рио олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған Руслан Нуриддиновтің «Аллаға мадақ!» деген сөзін жергілікті спорт телеарнасы қиып алып тастаған. Сондай-ақ, радио және телехабарлар барысында Алланың атына қатысты айтылған ауызекі сөздер үшін редакторлар мен журналистер жазаға тартылып, мұндай сөздер ішкі цензураға ұшырайтыны қалыпты жайтқа айналды. Кейбір журналистердің айтуынша, «Алла» сөзін эфирден айтуға салынған тыйым Шавкат Мирзияев үкімет басына келгеннен кейін тіпті күшейе түскен. Ендеше, діни наным-сенімге жасалған қысым алдағы уақытта азаяды деп үміттенуге себеп аз. Түптің түбінде, өзін бағзыдан мұсылман санайтын өзбек халқын діни сенімнен алшақтату, оның діни бостандығын шектеудің рухани және әлеуметтік салдарлары қандай боларын уақыт көрсетеді. Осы уақытқа дейін Ислам Кәрімовтің ширек ғасырдан аса билік басындағы тындырған ісі ретінде діни экстремизмді ауыздықтағаны насихатталып келді. Бірақ экстремизм жеке терроризммен күрестің тепкінімен халықтың дәстүрлі діні – Ислам дініне тұсау салынғаны айтыла бермейді. Өзбекстанның өз іші террорлық әрекеттерден тыныш болғанымен, экстремистік топтардың ықпалын біржола жойып жіберді деудің реті жоқ. Әсіресе, Кәрімовтің өлімінен соң бұл топтардың қайтадан күш алу қаупі бар. Мысалы, жаңа жыл түні Стамбул қаласындағы түнгі клубта жарылыс ұйымдастырып, 39 адамды өлтіріп, 69 адамды жаралаған содырдың Өзбекстаннан шыққаны мәлім болып отыр. Түркияның «Хурриет» газетінің жазуынша оның аты-жөні Абдуқадыр Машарипов. Ол «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымының тапсырмасы бойынша әрекет жасаған. Өзбекстанның өз ішінде террористік ұйымдарға қатысы бар деген адамдарды ұстау, жазаға кесу оқиғалары аз емес. Ендеше, діни экстремизмнің нышандары мен салдарларымен қанша күрессе де, оны түп-тамырымен жоюға жергілікті билік қауқарсыз.

ТУРИЗМДІ ДАМЫТПАҚ, БІРАҚ ШЕТЕЛДІКТЕРДІ КІРГІЗБЕЙДІ

Қазіргі Өзбекстан үшін өзекті мәселелердің бірі – туризмді дамыту. Қазіргі өзбек билігі турзим саласын дамытуды басым бағыттардың бірі ретінде қарастыратыны мәлім. Әзірге қағаз және құжат түрінде солай. Бірақ іс жүзінде «Өзбек Республикасының туризм саласын жеделдете дамыту шаралары туралы» жарлығының қалай жүзеге асатыны түсініксіз. Биылғы жылдың 1 сәуір айынан бастап 15 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз жүйе енгізілуі тиіс болатын. Бірақ Ш.Мирзияев президенттік құзыретіндегі алғашқы жарлықтарының біріне қол қойып, визасыз жүйені кейінге ысырды. Анығын айтқанда, ол 27 мемлекеттің азаматтарына Өзбекстанға визасыз келуіне рұқсат беру мерзімін тағы төрт жылға кешеуілдетті. Бұған дейін біржақты түрде визасыз жүйе орнату туралы хабар жер-жиһанға тарағанда, оны жақсылыққа жорығандар көп болған. Британдық «The Financial Times» газеті Өзбекстанды 2017 жылдағы туристер үшін ең тартымды мемлекеттер рейтингісіне қосып, оны екінші орында деп жариялаған болатын. Ал «Ферғана» ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, визасыз жүйе енгізуге Өзбекстан әлі дайын емес. Өзбекстанның түрлі министрліктері мен ведомстволары визасыз жүйені енгізуді тоқтата тұруды сұраған. Оған себеп ретінде айтылған ресми желеу – мұндай іске қажетті материалдық-техникалық базаның жоқтығы, шетелдік туристер мен республика тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйенің қалыптаспағаны делінеді. Ашығын айтқанда, Өзбекстан шетелдік туристерге шекарасын айқара ашып, сырттан қонақ қабылдауға дайын емес, бәлкім, құлықты емес. Енді 27 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз жүйе мен Ташкент, Самарқан, Бұқара, Үргеніш әуежайларында шетелдік азаматтар үшін «жасыл дәліз» бен электронды виза жүйесі 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін болды. Бұған қоса, Өзбекстан 15 мемлекеттің, оның ішінде Ұлыбритания, Германия, Канада, Жапония елдерінің азаматтарына және АҚШ, Қытай, Франция сияқты 12 мемлекеттің жасы 55-ке толған азаматтарына виза беру сол кезеңге дейін шегерілді. Бұл шектеуді енгізген жарлықта жоғарыда аталған мемлекеттермен ара-қатынас визасыз жүйе енгізуге әсер етуі мүмкін екені жазылған. Яғни, Өзбекстанмен екіжақты сауда-саттықта, сыртқы саясатында тиімді шарттар ұсына алса, ондай елдің тұрғындарына визасыз жүйе қайта енгізілуі мүмкін деген сөз. Осылайша, Шавкат Мирзияев өзбек шекарасынан өтудің өзін екіжақты байланыстарда өз елінің мүддесі үшін саудалап отырғандай көрінеді. Әлде Ислам Кәрімовтің кезіндегідей етек-жеңді қымтай ұстап, өзгелерден оқшау отыруға үйренген әдет пе екен?

МИРЗИЯЕВ НЕГЕ ОРЫСША СӨЙЛЕДІ?

Былтыр 4 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде президенттікке сайланған Шавкат Мирзияев 14 желтоқсаннан бастап ресми түрде өз қызметін атқаруға кірісті. Жалпы, Мирзияев өзбек билігінде «жаңа» тұлға емес екенін бұған дейінгі талдауымызда жазғанбыз. Ол бұған дейін аттай он үш жыл бойы премьер-министр қызметін атқарды. Басқаша айтқанда, өзбек экономикасының қиындық-кедергісінің ешбірі ол үшін таңсық емес. Оның үстіне, Өзбекстанды ширек ғасыр бойы билеген Ислам Кәрімовтың көлеңкесі қазіргі билікті әлі де қалқалап тұрғандай. Осындай кезде билік эшелонында бейбіт жолмен ауыс-түйіс өткізіп, «советтік» кадрларды жаңа буынмен алмастыру әрекеті дер шағында жасалды деуге болар. Халықаралық валюта қоры өзбек экономикасының биылғы өсімі 6,9 пайыз болады деп болжап отыр. Халықтың еңбекпен қамтылуы 94,9 пайыз болғанда, жұмыссыздық көрсеткіші 5,1 пайыз деп көрсетілген. Жаңа билік сырттан келетін қаржылық-материалдық көмектен дәмелі. Мирзияев шетелдік инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ Ресей болмаса, Батыс елдері Өзбекстанның демократиялы даму даңғылын таңдағанына да, нарықтық экономика жолына түскеніне де сеніңкіремей отыр. Кейбір деректерге қарағанда, Өзбекстанда жанармай қат, қуат тапшылығы бар, сондай-ақ жалақы да уақтылы төленбейтін көрінеді. Шавкат Мирзияевтің президент қызметіне кірісер тұста берген көп уәделерінің бірі – валюта нарығын реттеу. Қазіргі таңда қара нарықта доллардың ұлттық валюта – сомға шаққандағы бағамы ресми банктік айырма бағамынан екі есе қымбат. Шавкат Мирзияев президент болып сайланысымен ішкі билік дәліздерінде бірқатар өзгерістер жасады. Оның кадрлық саясаты сырт елдердің таңданысын тудырды. Бұған дейін америкалық дипломаттар «өзбек мафиясының басшысы» деп атаған Салим Абдууалиев жақында ғана Өзбекстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің төрағасының орынбасарлығына тағайындалды. Ал бұған дейін «Өзбекмұнайгаз» компаниясын басқарған Әлішер Сұлтанов комитет төрағасы қызметіне тағайындалды. Бірақ «WikiLeaks» құжаттарында әшкере болғанына қарамастан, Салим Абдууалиевтің өз еліндегі беделіне нұқсан келмеді. Кеше Президент сайлауында «Салимбай» деп аталған С.Абдууалиев әлеуметтік желілерде «Менің президентім!» деген жазуы бар Шавкат Мирзияевтің суреті басылған кеудеше киіп отырған фотосуреті жарияланды. Осы фотоайғақтың өзі Мирзияев пен «өзбек мафиясының басшысының» арасындағы қарым-қатынастың қандай екенінен хабар береді. Желтоқсан айының ортасында Шавкат Мирзияев жаңа үкімет құрамын бекітті. Премьер-министр қызметіне Абдулла Арипов тағайындалды. Ал Кәрімовтің кезінде қаржылық жанжалдармен аты шыққан Ұлыгбек Розықұлов премьер-министрдің орынбасары қызметін атқаратын болды, бұған қоса ол елдің машина жасау, электр қуаты өнеркәсібі және стандарттау салаларында жетекші рөлге ие болды. Жалпы, Шавкат Мирзияев жоғары билік тізгіні өз қолына тиісімен, бұрын Кәрімов кезінде қудалауға ұшыраған бизнесмендер, шенеуніктер мен өнер қызметкерлерін қайтадан қатарға қосуға кірісті. Тіпті, Ислам-аканың тұсында сахнадан қуылғандар ортаға оралды. Шағын және орта кәсіпкерліктерге жеңілдіктер енгізіле бастады. Өзбек азаматтығынан шығуға рұқсат берілді. Шавкат Мирзияев ең әуелі сыртқы саясатында құдайы көршілері – Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасын жақсартуды қолға алды. Қырғызстан мен Тәжікстанмен ара-қатынасындағы кейбір түсініспеушіліктерді шешудің жолын табуға ұмтылысы байқалады. Мирзияев президенттікке сайланған соң бұл елге алғашқы ресми сапар жасаған мемлекет басшысы Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев болғандығы көп жайтты аңғартады. Ал одан соң Ауғанстанның сыртқы істер министрлігінің арнайы дипломатиялық делегациясы, екіжақты келіссөздер жүргізу үшін осы аптада Ташкентке ат басын тіреді. Мұның бәрі Мирзияевтің сыртқы саясатта тыңнан түрен салмаса да, дара жол салуға талпынатынын көрсетеді. Ал Оңтүстік Қазақстан әкімшілігінің хабарлауынша, 2006 жылы жабылған Өзбекстан мен Қазақстан арасын жалғап жатқан M-39 трассасы қайта ашылатын болды. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан арасын жалғайтын бұл жол Қазақстанның Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облысы жерлерін басып өтеді. Енді Ташкенттен шыққан жолаушы Қазақстанның Мақтаарал ауданы арқылы Самарқанға тікелей қатынай алатын болады. Қазақстанның түстік халқы үшін де бұл жолдың ашылуы сауда-саттық, алыс-берісті арттырып, табыс табудың тың көздерін табуға сеп болмақ. Биылғы жыл Өзбекстанда «Халықпен диалог және адам мүддесінің жылы» деп аталды. Өзбек­­­станның жаңа кезеңіне бастап отырған Шавкат Мирзияевтің өзбек халқын Жаңа жылмен құттықтап, әуелі орысша, сосын барып өзбекше сөйлегені назар аударуға тұрарлық жайт. Біріншіден, марқұм Кәрімовтің құттықтауын бұрын телеарна дикторлары оқып беретін, ал Шавкат Мирзияев өзбек халқын өзі құттықтады. Екіншіден, Кәрімовтің құттықтауы әуелі өзбекше, сосын ғана орысша оқылатын, ал Мирзияев әуелі орысша сөйледі. Мұның өзі қазіргі өзбек билігінің Кремльмен жақындаса түсуіне байланысты болуы мүмкін. Онсыз да бұған дейін Ш.Мирзияев «Кремльдің адамы» екені ашық айтылып жүргені белгілі.