Ала таяқтан айырылған полицейлер

Ала таяқтан айырылған полицейлер

Ала таяқтан  айырылған  полицейлер
ашық дереккөзі
Полиция қызметкерлерінің ала таяқпен қоштасқанына бүгін он екінші күн. Тәртіп сақшылары жол жүрісін қадағалау кезінде автопатрульдеу әдісіне толықтай көшті. Ішкі істер министрлігі енгізген өзгеріс бойынша бұдан былай жаяу жүрген полицейлер көліктерді тоқтата алмайды. Жолдағы қозғалысты қызметтік көліктегі бейнетіркеу арқылы бақылап отырады. Құжаттарды тексеруге арналған рейдтердің де саны азаймақ. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері тек арнайы белгіленген жағдайларда ғана жүргізушілерді тоқтатуға құқылы. Жолдағы тәртіпті күшейтіп, жемқорлықты жою мақсатында енгізілген бұл өзгерістер саланы өрге сүйрей ала ма? 2014 жылдан, «Жол жүру туралы» Заң жобасы қарала бастағаннан бері елімізде өркениетті мемлекеттерге тән өзгерістер кеңінен қамтылды. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары болып жүргенде берген бір сұхбатында: «Жалпы, осы полиция таяғының қажеті қанша? Меніңше, бұл МАИ кезінен қалған тарихи идея», – деп, одан біртіндеп бас тарту туралы айтқаны есте. Міне, сол күн туды. Ендігі жерде полиция қызметкерлері ала таяқсыз жүреді. Жол тәртібін реттеудегі жаңа ережелерді жыл соңында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Еркін Мүсілімов түсіндірген болатын. Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігі органдарының автопатрульдеу әдісіне толықтай көшуіне ел аумағында жаппай фото және бейнетіркеу құралдарының енгізілуі ықпал етіп отыр. Сонымен қатар Әкімшілік полиция өкілі 2016 жылдан бастап қызметкерлер патрульдік автокөліктерге отырғызылғанын жеткізді. Бүгінде Қазақстан бойынша осындай 2971 көлік бар. Бұл автокөліктер еліміз аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті көрінеді. Бұрынғыдай көліктерді тоқтату үшін тәртіп сақшыларына үйреншікті ала таяқтарын қолдануға рұқсат жоқ. Оның орнына ысқырық, жарық түсіретін шам мен дауыс ұлғайтқышты пайдалануы қажет. «Ерекше жағдайда, яғни жол-көлік, төтенше жағдай, кептеліс кезінде көлік құралдары жол ережесіне сай және бір мезгілде ысқырық арқылы тоқтататын болады. Осындай талап шетелдердегі озық тәжірибелерді ескере отырып енгізілді», – дейді Мүсілімов. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, басқа ереже мен тәртіп баз баяғы қалпында. «Бұрынғы ережелер сол бағытта іске асырылады. Бұрын таяқшамен көрсетілген белгілер қазір сол қолмен көрсетіледі. Көптеген жасақтар бұдан былай қала ішінде тұрмайды. Олардың функциясы патрульдік автокөлікпен іске асырылатын болады. Полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушіні сырттай бақылап, кезекші бөлімге хабарлауға міндетті. Сол бойынша хаттама толтырылады. Жалпы ережеге сәйкес полицей екі жағдайда ғана көлікті қолмен тоқтатуға құқылы. Біріншісі, жол ережесін қиылыста реттеу кезінде. Жол апаты, кептеліс және қолайсыз жағдайлар болған уақытта жол патрульдік қызметі қолмен көрсетіп, қай бағытта жүріп, айналып кету туралы қолмен көрсетіледі. Екіншісі, қала сыртындағы бекеттерде тексеру жүргізгенде» – деп тарқатты ол.

Сақшыны келеке еткендер

Ала таяқсыз полицейлерге көпшіліктің көзі үйренгенше біраз уақыт керек сияқты. Жол тәртібіндегі жаңалық жұрт пікірін екіге жарды. Бірі бұл өзгерістен үзілді-кесілді бас тарту керек десе, екіншілері оның игілігі мол болатынына сенімді. Жол жүру тәртібін реттеу құралы ретінде пайдаланылуы тиіс ала таяқ жеке қалталардың мүддесіне қызмет ете бастағанда белгілі сатирик Оспанхан Әубәкіровтің «ТТТ» деген керемет сатирасы ел көкейіндегіні дөп басқан еді. Өйткені сақшының қолындағы «тамақ тапқыш таяқ» аталып кеткен құрал көптің ұғымында тек бір ғана мақсатта пайдаланылатындай көрінетін. Енді міне, «сиқырлы» таяқтарынан айрылған полицейлер тағы да күлкі нысанына айналды. Жол тәртібіндегі жаңалықты түрлі бейнероликке арқау еткен әлеуметтік желі белсенділері қолмен көлік тоқтатқан сақшыларды келеке етті. Ала таяқсыз полицейлерге жасалған пародиялардың бірі Instagram желісіндегі kartop.tv парақшасында жария етілді. Ал territima парақшасында полиция қызметкерлерін такси ұстап тұрған жолаушыларға теңеді. Полицейлерді әжуалағандар қатарында ztb_video парақшасы да бар. Аталған бейнероликтердің астына пікір жазғандардың көпшілігі дүрмекке қосылып, “мүмкін олар такси тоқтатып жүрген болар” деп мазақтаса, енді бір топ видео авторларын сынға алып: «Қызметтегі адамдарды келеке етуге болмайды», «Полиция қызметкерлерін әбден мазақ етіп болды. Сосын заңды кім сыйласын?» деп наразылық танытқан.

Полицейдің абыройын кеміткен кім?

Қалай десек те, соңғы кезде полиция қызметкерлеріне жұрттың көзқарасы түзу деп айта алмаймыз. Мызғымас тәртіптің кепілі саналған сақшылар бұрынғы беделін жоғалтып алғандай. Жол ережесіне бағынбайтындарды тезге салудың орнына тәртіпті өзгеден бұрын өздері бұзатын полицейлер әріптестерін талай мәрте жерге қаратты. Мәселен, жуырда қызмет бабын асыра пайдаланып, автокөлікті құжатсыз басқарған, ол аз болғандай, жеке машинасының мемлекеттік нөмірін алып тастап, қауіпсіздік белбеуді қажетсіз деп тапқан шымкенттік сақшы жауапкершілікке тартылды. Қалада арлы-берлі сайрандаған полицейді әріптестері қолға түсірген. Шымкент көшелерінің бірінде сезікті ретінде тоқтатылған жүргізуші кейіннен жол патрульдік полкінде қызмет ететіні белгілі болған. Кәсібінің абыройына нұқсан келтірген сақшы жазадан оңай құтылып кете алмады. Әріптестері оның үстінен 4 хаттама толтырып, ірі көлемде айыппұл арқалатты. 2016 жылдың маусымында жол ережесін өрескел бұзған тағы бір оңтүстікқазақстандық полицей үш адамның өмірін қиды. Көлік апаты Шардара-Абай тас жолында болған еді. «Тойота-Камри» маркалы автокөлігін тізгіндеген тәртіп сақшысы қарсы бағытқа шығып кетіп, «Дэу-Нексия» автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде алған ауыр жарақаттарынан «Дэу-Нексия» автокөлігінің үш жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал Астанада өткен жылы жол қозғалысын бұзған 9 полицей ұсталды. Елорданың жол-патруль полициясы күшейтілген қызмет атқару режиміне өтіп, «Қауіпсіз жол» республикалық арнайы шарасын ұйымдастыру барысында жол ережесіне бағынғысы келмеген әріптестеріне жаза қолдануға мәжбүр болды. Жалпыға ортақ тәртіпке мойынсұнбай, қызметтік көлігімен екі жаяу жүргіншіні қағып кете жаздаған қостанайлық тәртіп сақшысы жұмыстан қуылды. Полицейдің ережені өрескел бұзғаны өтіп бара жатқан көліктің бейнетіркегішіне түсіп қалған. Онда зор жылдамдықпен жүйткіген патрульдік машинаның бағдаршамның қызыл түсіне аялдамастан өте шыққаны анық көрініп тұр. Ала жолақтың үстімен өтіп бара жатқан екі жаяу жүргінші де сәл болмағанда тәртіп сақшысы тізгіндеген темір тұлпардың астында қалуы мүмкін еді. Заңды белшесінен басқан 30 жастағы сержант 21 мың теңге айыппұл төлеп қана қоймай, қызмет куәлігінен айрылды.

Жолдағы жемқорлыққа тұсау бар ма?

Тәртіп сақшыларының беделін биіктетпей тұрған тағы бір дерт – жемқорлық. Жол тәртібін тасада тұрып қадағалайтын полицейлер ереже бұзған жүргізушілермен «ымыраға» келіп, мемлекет қазынасына түсуі тиіс айыппұлдарды қалтаға басатыны осы күні бес жасар балаға да құпия болудан қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар ұлттық бюросының мәліметінше, Астана қаласы ішкі істер органдарындағы жемқорлық қылмысты әрбір бесінші жол полиция қызметкері жасаған. Бұл туралы өткен жылдың шілде айында жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырған профилактикалық дәріс кезінде айтылды. Жол полициясының жеке құрамына пара алғаны үшін ұсталып, қазір жазаларын өтеп жатқан тәртіп сақшылары жайлы видеоролик көрсетілді. Бейнежазбада елордалық полицияның бұрынғы қызметкерлері Еділов пен Спанов жасаған істеріне қатты өкінетінін айтқан. 2015 жылы мас жүргізушіден пара алған ақтөбелік полицейдің де бармақ тістегені анық. Ереже бұзған жүргізушіні айыппұлдан босатқан сақшы сот шешімі бойынша мемлекетке 7,5 млн теңгеге жуық айыппұл төлеуге міндеттелген еді. Мұндай деректерді еліміздің барлық өңірінен келтіруге болады. Өзі басқаратын саланы жемқорлық жайлағанын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та мойындады. ҚР Парламенті Сенатында өткен «Жол қозғалысы саласындағы құқықтық реттеудің жай-күйі мен проблемалары» тақырыбындағы парламенттік тыңдау барысында сенатор Сергей Ершов жол полициясы арасындағы жемқорлықтың жоғары екендігін айта келе: «Өкінішке қарай, сіз өз баяндамаңызда бұл мәселеге тоқталмадыңыз. Ішкі істер министрлігі жемқорлық деңгейін төмендету үшін қандай шаралар қолдануда?» – деп министрді тығырыққа тіреді. Жол-патрульдік қызметтің штат санының үлкендігін, 12 мың полиция қызметкері бар екендігін айтқан Қасымов: «Біз өзіндік қауіпсіздік қызметі арқылы олардың қызметтеріне тексеру жүргіземіз. Шынымен де бұл қызметте жемқорлыққа қатысты фактілер көп. Бұған қоса, жемқорлыққа қарсы қызмет, яғни, қаржы полициясы да тексеру жүргізеді», – деді. Министрдің айтуынша, бұл қызметтегі жемқорлықты жоюдың негізгі жолы – видеотіркеу құралдарымен қамту көрсеткішін арттыру. «Қазіргі уақытта біз техникалық құралдар, видеотіркеу құралдарын енгізіп жатырмыз. Біз полиция қызметкерлеріміз, заң бұзушымен қалай сөйлесіп, қалай жұмыс істеп жатқанын көріп отыру үшін 100 пайыз видеотіркеу құралдарымен қамтылғанын қалаймыз», – дейді Қ.Қасымов.

«Айыппұл көлемін азайтуға негіз жоқ»

Сала мамандары бейнебақылау камераларын көбейтудің нәтижесінде жол ережесін бұзған жүргізушілер есебінен мемлекет қазынасына түсетін қаражат көлемі артқанын алға тартады. Мәселен, соңғы 3 жыл ішінде Алматы қаласында қойылған 100 бейнебақылау камерасы 28,6 миллиард теңге айыппұл жинаған. Қалалық ІІД қызметкерлері анықтағандай, Алматыдағы жол ережесі көп бұзылатын аумақ – бейнебақылау камерлары көп және қоғамдық көлікке арналған жолақ орнатылған Абай даңғылының бойы. Ең жиі тіркелетін ереже бұзушылық – жол белгілерін және таңбалау талаптарын орындамау. Тәртіп бұзудың бұл түрі барлық айыппұлдардың 32 пайызын құраған. Айыппұл демекші, елімізде бір айлық есептік көрсеткіш көлемі жыл сайын ұлғайып отыратындықтан, жол ережесін бұзған жүргізушілерге салынатын айыппұл көлемі де жылдан жылға көбейіп келеді. Өткен жылдың жазында Мұхтар Тінікеев пен Нұртай Сәбильянов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары бұған наразылық білдірді. Ішкі істер министіне айыппұл көлемін азайтуды ұсынды. – Қарапайым қазақстандықтар айыппұлдың азайғанын қалайды. Өткен шақырылымда сіз айыппұлды үш күннің ішінде төлегендер үшін 50 пайыз жеңілдік жасалады дедіңіз. Бірақ жол ережесін бұзу туралы хабар үш күннің ішінде келмейді. Мәселен, жеке тұлғаларды айтпағанның өзінде, заңды тұлғаларға салынатын айыппұл 2 миллион теңгеден асады екен, – деді Мұхтар Тінекеев. Алайда Қалмұханбет Қасымов депутаттың ұсынысын құптаған жоқ: – Менің ойымша біз белгілеген айыппұл мөлшерлері тура қойылған. Біз кейбір айыппұлдардың мөлшерін көбейттік, себебі әлемдік тәжірибеге сай ол ереже бұзушылықтар жол апатына алып келіп жатады. Тәжірибеден айыппұлдардың көбеюіне байланысты жол ережесін бұзу көрсеткіші азайғанын көруге болады. Біз айыппұл мөлшерін көбейткен жерлерде қарсы бетпен жүру, жылдамдықты асыру секілді ереже бұзушылықтар аз. Сондықтан да айыппұл мөлшерін төмендетуге еш негіз көріп тұрғаным жоқ, – деді министр. Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Әсілі, ереженің бұзылмауы, талаптың орындалуы бейнебақылау құралдарының санымен немесе айыппұл көлемімен өлшенбеуі тиіс. Заң – біреу, ереже – ортақ болғандықтан жүргізушінің бәрі оған бағынуы шарт. Ханға ерек, қараға бөлек қағида жоқ. Көлік тізгіндедің бе – жол ережесін жазалау құралы деп емес, ең әуелі өзіңнің, жолаушыңның және өзің секілді миллиондаған адамның қауіпсіздігіне кепіл болатын қағида деп ұқ! Сонда ғана тас жолда апат азаяды, ұл-қызы үйге жеткенше зәресі зәр түбіне кететін ата-ананың уайымы сейіледі.
Жүргізушілер не дейді? 
Асқар Қалманбаев, кәсіпкер: – Ала таяқ жыр болғалы біраз жылдың жүзі. Ішкі істер министрлігінің оны алып тастағаны дұрыс шешім деп ойлаймын. Полицейлер көп жағдайда оны жеке мүдделеріне пайдаланып келгені ешкімге жасырын емес. Ала таяқ шиырып, шіренген сақшылар менің жолымда да талай кездесті. Енді полицейлердің де, жүргізушілердің де сақтығы артады деп ойлаймын. «Азар болса тәртіп сақшысына 1-2 мың теңге беріп, құтылып кетем» деген оймен жол ережесіне атүсті қарайтындардың дәурені аяқталуы тиіс. Саламат Жақыпов, такси жүргізушісі: – Бұл өзгерістен оң нәтиже болады дегенге сену қиын. Жаңа талапқа бастапқыда полицейлер де, жүргізуші де бағынғандай болып жүреді де, біраз уақыт өткен соң ескі әуендеріне басатын шығар. Автокресло мәселесі естеріңізде болар. Заңнан қорыққан жұрт балаларын жаппай балалар орындығына таңды емес пе? Елді әбден шулатқан талап ақыр соңында күшін жойды. Сол сияқты бұл ереже де бір күні ешкімге керек болмай қалады. «Жеп» үйренгендер техникаға телміріп отырады ғой дейсіз бе? Камераның көзін бақырайтып қойып үйреншікті істерін атқара береді. Жол ережесін елей бермейтін жүргізушілерге де сол тиімді. Айнұр Салықбаева, мұғалім: Жол тәртібін бақылау жүйесі толығымен автопатрульдеу әдісіне көшкені құптарлық. Еліміздің барлық қалаларын, елді мекендердің арасын жалғайтын ірі жолдарды мүмкіндігінше бейнебақылау құрылғыларымен жабдықтау керек. Техниканың аты – техника. Ол тұрған жерде жүргізушілер аяқтарын тартып жүреді. Өйткені пәлен мың айыппұл төлеу оңай емес. Өзінің және өзгелердің қауіпсіздігін алаңдамаса да, қалталарын ойлайтыны анық. Патрульдік көліктермен бақылау полицейлердің де жауапкершілігін арттырады. Сөйтіп бірте-бірте жолдағы жемқорлық жойылады деп сенемін. Ең бастысы, кері тартып, жаңашылдықты жатырқаудың қажеті жоқ. Қызметін атқарып тұрған ала таяқсыз полицейлерді келеке ету тіпті ұят. Жол қозғалысына қатысатын әрқайсымыз жауапкершілікті сезінбейінше тәртіп орнамайды.