Жаһандық қауіпсіздік: Қазақ елі атқарар жаңа міндет

Жаһандық қауіпсіздік: Қазақ елі атқарар жаңа міндет

Жаһандық қауіпсіздік:  Қазақ елі атқарар жаңа міндет
ашық дереккөзі
Жаңа жылдың басында Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің алғашқы отырысына қатысып, Кеңестің тұрақты емес мүшесі ретінде өз жұмысын бастады. Қазақстан делегациясына ҚР Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Садықов жетекшілік етті. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бірін­ші отырысында қаңтар айын­да жүзеге асырылуы тиіс жұмыс бағдар­ламасы бекітілді. Кеңес мүше­лері – АҚШ, Боливия, Жапония, Италия, Қазақстан, Қытай, Мысыр, Ресей, Сенегал, Украина, Уругвай, Ұлыбритания, Франция, Швеция және Эфиопия елдерінен келген делегация басшыларының бас қосуы өтті. Кеңес отырысында сөз алған ҚР Уақытша сенімді өкілі Барлыбай Сады­қов ядролық қаруды таратпау, даулы жағдайларды ретке келтіру, халықаралық терроризмге қарсы шара қолдану мәселелеріне тоқ­тал­ды. Делегация жетекшісі атал­мыш түйткілдердің Қазақстан Респуб­ликасы үшін басымдыққа ие мәселелер екенін де тілге тиек етті. Одан әрі дипломат 2045 жылы БҰҰ құрылуының 100 жыл­дығына ядролық қарусыз, соғыс­сыз және дау-жанжалсыз әлем құруға бірігіп күш-жігер жұм­сау қажеттігі жөнінде сөз қоз­ғады. Айта кетейік, Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сай­лануына байланысты үндеуінде: «Дүние созылмалы жанжалдармен қатар, қауіпсіздікке қатердің бұрын-соңды болып көрмеген кең ауқымымен бетпе-бет келіп отыр. Біз жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосатын боламыз. Біз жаһандық қоғамдастықтың назарын бұған дейінгі көкейкесті бас­тама­ларымызға аудару ниетіндеміз. Олар ядролық қару мен соғыс вирустары және жанжалдардан азат әлем құруға бағытталған. Қазақстан осы ізгілікті мақсаттарына БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толатын 2045 жылға қарай қол жеткізу үшін жұмыс істейтін болады. Біз менің БҰҰ-ның 2015 жылы өт­кен Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында жариялаған терроризмге қарсы бастамамды ілгерілетумен айналысамыз. Қазіргі заманғы шетін проблемаларды шешуге қатысу біздің алдымыздан көптеген елдермен және өңірлермен қарым-қатынастарымызды дамыту үшін мүмкіндіктер ашады», – деген болатын. Айта кетейік, 2016 жылғы мау­сы­мның 28-і тәуелсіз Қазақстан үшін ел өміріндегі ерекше маңызды дата ретінде тарихта қалды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Азия тобы мемлекеттерінің атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал қазақстандық өті­ні­м­нің жалғыз бәсекелесі – Таиланд корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген еді. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің уақытша мүшесі болу жөніндегі бастама алғаш рет 2013 жылы Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне 20 жыл толуы қарсаңында көтерілген еді. Елбасының тапсырмасына орай, Қазақстанның БҰҰ құрылымдық бөлімшелерімен жемісті әрі тығыз қарым-қатынастары есепке алына келе, сондай-ақ, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы рөлі ескеріле отырып, мемлекет өз алдына БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретінде сайлану міндетін қойған болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Тәуелсіздік тұғырын­да­ғы тұңғыш шешімі – Семей ядро­лық полигонын жабу және әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту туралы жарлық болды. 2009 жылы Орталық Азияда Ядролық қарудан еркін аймақ құру туралы келісімге қол қойды. Осы бастамалардың өзі Қазақстанның беделін арттырып, халықаралық қауіпсіздік саласын­дағы тың бастамаларды одан әрі жүзеге асыруға жол ашты. Ядролық қауіпсіздік бағытындағы қазақстандық бастамалар елімізді сөзсіз көшбасшыға айналдырды. БҰҰ мүше мемлекеттерінің Қазақстан кандидатурасын жақтап дауыс беруі де соның айғағы. Кеңес отырысында бекітілген жоспар­лардың бірі – 10 қаңтарда өтетін БҰҰ ҚК-нің «Дау-жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті сақтау» атты жоғары деңгейлі ашық пікірталастары. Аталған пікірталастарға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары қатысады. Қатысушылардың қатарында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та бар. Бекітілген жоспар бойынша 17 қаңтар күні Таяу Шығыстағы ахуал, әсіресе, Палестина мәселесі жөнінде тоқсан сайынғы дәстүрлі ашық пікірталастар өтеді. 2017 жылдың алғашқы айында Йемен, Конго Демократиялық Республикасы, Орталық Африка Республикасы (ОАР), Судан (соның ішінде Дарфур және Абьей провинцияларындағы) және Оңтүстік Судан, Батыс Африка және Сахель, Мали, Чад, Сомали, Кипр, Колумбия елдері мен аймақтарындағы қалыптасқан жағдай, Иран ядролық бағдарламасы бойынша 2231 қарарын орындау мәселелері талқыланбақ. Айта кетейік, Кипрдегі және Оңтүстік Африка Республикасындағы ахуал, сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің арасында ортақ келісім болған жағдайда Сирия Араб Республикасындағы химиялық қарумен байланысты ахуал бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің жоспарлы қарарлары қабылданады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі Қазақстан Республикасының төрағалығымен Сомали мен Эритрея жөніндегі және террористік топтармен күрес жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі комитеттерінің отырыстары өтпек. 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретінде сайланған Қазақстан алдағы уақытта Кеңес отырыстарында көш­бас­шылық  ұстанымын одан сайын белсенді түрде ілгерілететін болады. Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайлануы аймақтың шиеленісті жағдайларына әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, мемлекеттің халықаралық бастамаларын іске асыруға, Астананың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, «Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылық факторы» ретінде Қазақстанның имиджін көтеруге себеп болмақ.