Түркияда Халифа Алтай туралы кітап жарық көрді

Түркияда Халифа Алтай туралы кітап жарық көрді

Түркияда Халифа Алтай туралы кітап жарық көрді
ашық дереккөзі
Алтайдан шыққан, Гималай асып, Тибеттен өтіп, Үндістан мен Пәкістан арқылы 1953 жылы Түркияға барған қазақтардан Халифа Алтайдың өмірі мен идеялары зерттеліп түрік тілінде кітап ретінде жарияланды. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы Қазақстанға бір жолата көшіп барған Халифа Алтай Кеңестік кезеңде тамырына балта шабылған рухани өмірдің қайта қалпына келуі барысында талмай атамекенінде қызмет істеді деп жазады baq.kz. 2017 жылы Халифа Алтайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты жарияланып отырған кітапта ғұламаның өмірі жан жақты баяндалғаннан кейін оның Қазақстанда дәстүрлі қазақ мұсылманшылығының терең тамыр жаюы барысында атқарған іс-қимылдары мен пікірлері де деректер негізінде келтірілген. “Анатолиядан атажұртқа рухани жетекші Халифа Алтай” деп аталған еңбектің авторы Қазыбек Исламбек осы тақырыпта 1999 жылы Ыстамбұлдағы Мәрмара Университетінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахмет Қанлыдеренің жетекшілігінде магистрлік диссертация қорғаған. Алайда диссертацияда 1999 жылдан Халифа Алтай дүние салған 2003 жылға дейінгі оқиғалар орын алған. Автордың өтініші бойынша, кітаптың соңғы тарауы болған осы оқиғаларды біз жазып еңбекті толықтырдық. Кітаптың артқы мұқаба бетінде мынадай мәліметтер берілген: “Қазақтардың Алтай тауынан бастау алған және Түркияға барып аяқталған Елісхан батыр жетекшілігіндегі 7 мың шақырымдық ұлы көштің бел ортасында жүргендердің бірі де Халифа Алтай еді. Ол, қазақ көшінің Пәкістаннан Түркияға жетуінде алдыңғы қатарда рөл атқарған. Сондықтан оның өмірі осы ұлы көштің ең маңызды бөлегінің бірі саналады. Ол сонымен қатар рухани өмірдің де жетекшілерінен. Тарихқа көз жүгірткенімізде, мұндай адам, яғни әрі қоғамдық, әрі рухани жетекшілікті өз бойында жинастырған тұлғалар некен-саяқ кездеседі. Бұлардан басқа Халифа Алтай түркі әдебиеті мен мәдениетінің жалғастырушысы болып табылады. Туғанына 100 жыл толуына байланысты 2017 жылы Қазақстан және Түркияда Халифа Алтай туралы бір қатар іс-шаралар өткізілмек. Ғұлама атамыздың қызметін халқы ешқашан ұмытпақ емес. Жатқан жері ұжмақ болғай!