Керуен жолдары қайта қалпына келтіріледі

Керуен жолдары қайта қалпына келтіріледі

Керуен жолдары қайта қалпына келтіріледі
ашық дереккөзі
Түркістан қаласындағы керуен жолдары қайтадан қалпына келтіріледі. Шаһардың тарихи орталығы 2 жоба арқылы регенерацияланады. Сондай-ақ, облыстық әкімдік Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңындағы 22 гектар жерді сатып алуды көздеп отыр. Жобаның құны – 7 млрд теңге. Бұл туралы Мәдениет және спорт мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалы директорының міндетін атқарушы Сәдуақас Ағытаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. «Түркістан қаласының тарихи орталығын регенерациялау 2 жобадан тұрады. 1-жоба – оның қорғау аймағындағы жұмыстар. Ол Түркістан қаласы әкімдігінің сұрауы бойынша атқарылуда. Бұл жобаның құны – дайындалған смета бойынша 1 млрд 300 млн теңге. Негізінде бұл жоба 1970 жылдары сүріліп тасталған мәдени қабатты қайта қалпына келтіруді көздейді. Түркістандағы көптеген мәдениет ескерткіштерді халық жақсы біледі. Бірақ бірде-бір ескі тұрғын үймен таныс емес. Сондықтан біз 2 мың жылдық тарихы бар Түркістанның үйлері, керуен жолдары қандай болды деген сұраққа жауап беру үшін осы жұмысты қолға алдық. 6-7 үйді қалпына келтіреміз. Бұл қорғау аймағында атқарылатын жұмыстар. Сондай-ақ, ескі керуен жолдары қалпына келтіріледі», - деді ол.
Сәдуақас Ағытаевтың айтуынша, Түркістан қаласындағы жоғалып кеткен ескі керуен жолдары қайтадан қалпына келтіріледі. Осылайша қаланың ескі кварталдары да жаңғыртылмақ. Сондай-ақ, филиал басшысы 2-жоба бойынша қандай жұмыстар атқарылатындығын атап өтті. «Ал 2-ші жоба ТИКА ұйымының сұранысы бойынша қолға алынуда. Жобаның құны – 5-6 млрд теңге. Ол қорғанның сыртындағы қалаға қатысты жерлер. Ол аймақта тұрғын үйлер мен нысандар бар. Ұсыныс Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан түсті. Жоспар бойынша 22 гектар жерді сатып алғалы отырмыз», - деді ол. Ал Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова аталмыш жобаға қаржы бюджеттен ғана бөлінбейтіндігін мәлімдеді. «Жалпы жобаға 7 млрд теңге қажет. Қоғамдық кеңес аталмыш жобаны талқылаудан өткізді. Қаражат мәселесін Ұлттық экономика министрлігі шешеді. Бірақ жоғарыда аталған 7 млрд теңгенің барлығы мемлекет бюджетінен алынбайды. Жобаға қаржы жергілікті бюджеттен, халықаралық демеушілерден және мемлекет бюджетінен алынады», -деді басшы.