13 Сәуір 2015, 16:12 2432 0 Мультимедиа Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Түркі елдерінен «Жылдың ең үздігі» атанғандар марапатталды

Түркияның Адыйаман қаласында Түркі елдерінің ең үздік жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Жыл сайын ең үздік журналист, шенеунік, саясаткер, әнші т.б. арасында өткізілетін GAP Оскар сайысының биылғы жеңімпаздары анықталды.

Адыйаман университетінің салтанат залында ұйымдастырылған бұл жиында сыйлықтарды табыстау шарасын бірнеше телеарна тікелей эфирден көрсетті. Салтанатты шарада сөз алған GAP Журналистер бірлігінің басшысы Зейнел Абидин Кыймаздың айтуынша, үстіміздегі жылы сайысқа Әзірбайжан, Солтүстік Кипр Түркия мемлекеті, Болгария, Косова, Румыния, Ирак, Сирия, Шығыс Түркістан, Марокко, Албания елдерінен үміткерлер қатысқан. Қатысушылар мен жеңімпаздарды мерекемен құтықтаған Адыйаман қаласының әкімі Хүсреф Кутлу өзі басқаратын қаланың тыныштық пен ынтымақтастық мекеніне айналғанын айтты. Сонымен, «Ең үздік саясаткер» атағын биыл Адыйаман қаласынан сайланған АКР партиясының депутаты Ахмет Айдын қанжығаға байлады. Құттықтау сөзінде: «Саясаткерлердің ең жақын достарының қатарындағы журналистердің де марапатқа ие болғаны қуантады. Өйткені мен қол жеткізген табыстарда журналистердің де үлесі бар», – деді. Қала губернаторы Мамут Демирташ: «Анадолыны Мезопотамияға жалғаған Адыйаман бүгінгі керемет кешті ұйымдастырып отыр. Демократиялық мәдениеттің дамуында бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор. GAP Журналистер одағы құрылғалы бері осы бағыттан тайған емес. Тарататын ақпараттары мен хабарлары арқылы аймақтағы қиындықтар мен келеңсіздіктерді жоюға, өңірді насихаттауда зор үлес қосуда», – деді.

«Жылдың ең үздік журналисі» атағына ие болған әріптесіміз Метин Харыкчы: «Бұл сыйлықты мен бүкіл журналистердің арқасында және барлық әріптестерімнің атына алдым», – деп ағынан жарылды. «Жылдың ең үздік саясаткері» атағына ие болған – Әзірбайжан Мәжілісінің депутаты Ганире Башаева. Ал Мерджаан ТВ арнасының жүргізушісі Мұстафа Алоғлұның «Алаоғлұ мен аптаға шолу» бағдарламасы «Жылдың ең үздік телебағдарламасы» атанды.

Соңғы жаңалықтар