Ақтөбеде Әйтеке биге ескерткіш орнатылды

Ақтөбеде Әйтеке биге ескерткіш орнатылды

Ақтөбеде Әйтеке биге ескерткіш орнатылды
ашық дереккөзі
Тәуелсіздіктің арқасында та­­рихымызды түгендеп, Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек еткен би-ше­шендерімізді, елдігімізді қор­ғауда ерліктің ерен үлгісін көр­сеткен батырларымызды ба­ға­лауға қол жеткіздік.
Мұндай жаңа­лық­тар мен жақсылықтар Тәу­ел­сіздіктің 25 жылдығы аясында бұрынғыдан да көбейе түсті. Осындай бір айтулы да айшықты оқиға - Қарабұтақ ауылында Қазақ жұртының тыныштығы мен тұтастығы жолында көсемдігімен де, шешендігімен де қызмет еткен дарабоз тұлға, елдің бірлігін нығайтуға үлес қосқан атақты үш биіміздің бірі - Әйтеке би ескерткішінің ашылуы дер едік. Төле және Қазыбек билермен бірге қалың қазағының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Әйтеке би - философ, дала данышпаны, мемлекет қайраткері. Ол 25 жасында Кіші жүздің бас биі болған, Әз Тәуке хан құрған билер кеңесінің мүшесі, абыз баба, дарабоз тұлға қандай құрметке де лайық. Әйтеке биді есте қалдыру бағытында біраз шаруалар да жасалды. Облыс орталығында ескерткіші орнатылды. Оның атын­да аудан, көшелер, ауыл бар. Осы Қарабұтақ өңірінде Әйтеке бидің 350 жылдығы аталып өтті. Ғылыми-практикалық конференциялар өткізілуде. «Әйтеке би» атындағы қайырымдылық қоры жұмыс істейді, деп жазады Егемен Қазақстан. Биіктігі 7 метр болатын Әй­теке бидің ескерткіші Қара­бұ­тақ ауы­лы­н­а кіреберістегі үш жол­дың, «Батыс Еуропа - Ба­тыс Қытай» халықаралық көлік дәлі­зінің Қызылорда бағытына және Қос­танай бағытына бұрылатын ай­рығына орнатылған. Мұның өзі - үш бағытқа жүретін авто­кө­­лік жүргізушілері мен жолаушылардың назарына бірден ілігетін көрнекті орын. Бұл ескерткішті орнатуға «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе об­лыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов пен бас мердігер, «Қазавтожол» рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­орны Ақтөбе облыстық филиа­лының директоры Әкімжан Өте­мұратов бастамашы болды. «Әйтеке би бабамызға бір әдемі ескерткіш орнату көп­тен бері ойда жүр еді. Соны ақыл­д­аса келе, осы үш жолдың айры-­ғына қоюды шештік.
Мү­сін­ші Аяпберген Қарпықовтың қо­лынан шыққан ескерткіш еңселі де көрнекті. Бұл ақтөбелік жол­шылардың Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына жасаған тартуы десе де болады. Бұл бағыттағы шаруа­ларды алда да жалғастырамыз. Батырларымызды, хандарымызды және билерімізді, Алаштың айтулы тұлғаларын есте қалдыру арқылы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жастарға өнеге-үлгі ету­дің тәрбиелік мәні зор», - дейді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов. Оның айтуынша, ескерткіш маңайын көріктендіру және кө­галдандыру жұмыстары көктем шыға басталады. Ескерткіш тұғы­рына келер ұрпаққа жолдау жазылған капсул салынды. Осы жерге «Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздігіне - 25 жыл» деп жа­зылған стелла орнатылған. Ескерт­кішті Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ыбрашев пен еңбек арда­гері, Әйтеке бидің тікелей ұрпағы Сәрсенәлі Қалтаев ашты. Әйтеке би бабамызға ас беріліп, Құран бағыш­талды.